Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 16 қаңтардағы № 32 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 19 ақпанда № 13142 болып тіркелді.

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңы 5-1-бабының 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаменті (А.Ү. Әбдіғалиев):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділем министрлігінің Республикалық құқтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-лейтенанты М.Ғ.Демеуовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр


полиция генерал-полковнигі

Қ. Қасымов


  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2016 жылғы 16 қаңтардағы
№ 32 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 28.04.2021 № 244 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген.

      2. Қағидалар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери, арнаулы оқу орындарында (бұдан әрі – ІІМ білім беру ұйымдары) оқу процесін қашықтан оқыту (бұдан әрі – ҚО) бойынша білім беру технологияларын қолдана отырып ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      3. ҚО ІІМ білім беру ұйымдарында мынадай түрлері: телевизиялық технология, желілік технология және кейс-технология бойынша жүзеге асырылады:

      1) желілік технология – оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуді, білім алушылардың оқытушылармен және бір-бірімен интерактивтік өзара іс-қимыл нысандарын, сондай-ақ Интернет желісін пайдалану негізінде оқу процесіне әкімшілік етуді қамтитын технология;

      2) кейстік технология – қағаз, электронды және өзге де тасымалдағыштарда оқу-әдістемелік материалдар жиынтығына (кейстерге) және оларды білім алушыларға өздігінен зерделеу үшін таратуға негізделген технология;

      3) телевизиялық технология – телевизияның эфирлік, кәбілдік және спутниктік жүйелерін қолдану негізіндегі технология.

2-тарау. Білім беру технологияларын пайдалана отырып оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      4. Білім беру технологияларын пайдалана отырып оқу процесін ұйымдастыру үшін ІІМ білім беру ұйымдары:

      1) білім алушылар үшін оқу-әдістемелік және ұйымдастыру-әкімшілік ақпараты бар білім беру порталын;

      2) телекоммуникация желісіне (Интернет, спутниктік телевидение) шығатын жабдықты;

      3) мультимедиялық сыныптар және электронды оқу залдарын;

      4) оқу контентін;

      5) тестілеу кешенін;

      6) оқытуды басқарудың желілік жүйелерін (Learning Management System) пайдаланады.

      5. Білім алушыларды оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету үшін ІІМ білім беру ұйымдары ҚО қолдана отырып іске асырылатын оқу жоспарының барлық пәндері бойынша электрондық оқу-әдістемелік кешендер жасайды.

      Электрондық оқу-әдістемелік кешендерді дайындауды бекітілген оқу бағдарламалары бойынша курс әзірлеушісі жүзеге асырады.

      6. Пәннің электрондық оқу-әдістемелік кешені міндетті және қосымша жинақтардан тұрады.

      7. Міндетті жинақ:

      1) пәннің мазмұнын, тақырыптық жоспарды, ұсынылатын әдебиеттер (негізгі және қосымша) тізімін, пәндерді модульдерге бөлуді қамтитын силлабустан;

      2) дәрістің электрондық конспектісінен;

      3) практикалық және семинар сабақтарының материалдарынан;

      4) білім алушының өзіндік жұмысының және оқытушының басшылығымен жүргізілетін өзіндік жұмыстарының тапсырмаларынан;

      5) аралық бақылауды ұйымдастыру материалдарынан (бақылау жұмыстары, тестілік тапсырмалар, жеке тапсырмалар);

      6) қорытынды бақылауды ұйымдастыру материалдарынан (тестілеу емтихандық тапсырмалар, емтихан сұрақтары, билеттер, емтихандық бақылау жұмыстары);

      7) қашықтан консультациялар жүргізу кестесінен тұрады.

      8. Қосымша жинақты білім беру ұйымы дербес анықтайды.

      9. ҚО-ны енгізетін ІІМ білім беру ұйымында білім алушылардың деректер базасын (білім алушыларды қабылдау, ауыстыру, қайта қабылдау туралы бұйрықтар, олардың ағымдағы үлгерімі туралы мәліметтер) қамтитын ақпараттық басқару жүйесі құрылады.

      10. ІІМ білім беру ұйымдарында ҚО-ны қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыруды тиісті білім беру бағдарламаларын іске асыратын құрылымдық бөліністер жүзеге асырады.

      11. ҚО-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлініс ҚО-ны қолдана отырып оқу процесін жоспарлайды және ұйымдастырады, ҚО-ға байланысты құжаттаманы жүргізеді.

      12. ҚО-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлініс электрондық оқулықтар, мультимедиалық курстар, әдістемелік құралдар әзірлеуді, сатып алуды және игеруді жүзеге асыруға консультативтік көмек көрсетеді, білімді бақылаудың тестілеу жүйесіне және басқа да білімді бақылау құралдарына әкімшілік етеді, ҚО үшін ақпараттық ресурстарды пайдалану әдістемесін әзірлейді.

      13. ҚО-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлініс қашықтықтан оқытудың бағдарламалық, ақпараттық және техникалық құралдарын әзірлеуге, игеруге және пайдалануды қолдауға белсене қатысады.

      14. ҚО-ны қолданатын білім беру ұйымы оқу процесіне қатысушылардың барлық қолжетімді қазіргі заманғы телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып, өзара іс-қимыл жасасуы арқылы білім алушыларға әдістемелік көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.

      15. Білім беру қызметінің барлық түрлері:

      1) ҚО-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлініс қызметкерінің немесе оқытушының білім алушылармен телекоммуникациялық құралдарды пайдалану немесе ІІМ білім беру ұйымында тікелей байланыс орнату арқылы (білім алушының бастамасы бойынша) қарым-қатынаста болуы;

      2) білім алушының оқыту құралдарымен өзіндік жұмысы (оқу-әдістемелік кешен, қосымша әдебиет) арқылы жүзеге асырылады.