Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібінің айқындау Қағидасын бекіту туралы

Шығыс Қазақстан облысы Үржар аудандық мәслихатының 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 29-342/V шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 12 ақпанда № 3682 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабы 2 тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабы 1 тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі N 512 "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 185 "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Үржар аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібінің айқындау Қағидасы 1 қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      2. Үржар аудандық мәслихаты шешімдерінің күші 2 қосымшаға сәйкес жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 
 

      Сессия төрағасы

Г.Горковенко

      Үржар аудандық
      мәслихатының хатшысы

М.Бітімбаев


Үржар аудандық мәслихатының
2015 жылғы 22 қаңтардағы
№ 29-342/V шешіміне
1 қосымша

Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабы 2 тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабы 1 тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі N 512 "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 185 "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындайды.
      2. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен осы елдi мекенде тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      1) жекешелендiрiлген тұрғынжайларда тұратын немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй - жайларды (пәтерлердi) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарды;
      2) тұрғын үйдiң меншiк иелерi немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтердi және телекоммуникация желiсiне қосылған телефонға абоненттiк төлемақының өсуi бөлiгiнде байланыс қызметтерiн тұтынуына;
      3) жергiлiктi атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.
      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.
      3. Тұрғын үй көмегi тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған ай сайынғы және нысаналы жарналардың мөлшерiн айқындайтын сметаға сәйкес, тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеуге жеткiзушiлер ұсынған шоттар бойынша көрсетiледі.
      Коммуналдық қызметтердi жеткiзушiлер "Үржар ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" ММ (бұдан әрі – уәкілетті орган) табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiлген коммуналдық қызметтерге тарифтердi, олардың өзгерiстерiн ұсынады. Тұрғын үй көмегiн есептеу кезiнде қызмет көрсетушiлер ұсынған жылудың шығындалуы тұрғын үй алаңының әлеуметтiк нормалары шегiнде есепке алынады.
      Көмірдің құнын есептеу үшін тұрғын үй көмегін есептеген тоқсанның алдындағы тоқсанның соңғы айындағы жағдай бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ұсынған аудан бойынша орташа баға қолданылады.
 

2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      4. "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызметін уәкілетті орган көрсетеді.
      5. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат, не сенімхат бойынша оның өкілі) тоқсан сайын Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму жөніндегі министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің "Халыққа қызмет көрсету орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорныны (бұдан әрі – ХҚКО) немесе "электронды үкімет" www.egov.kz веб-порталына (бұдан әрі – портал) өтініш береді және "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 185 қаулысымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызметі стандартының 9 тармағына сәйкес құжаттар тізбесін ұсынады.
      6. Алғаш өтініш жасаған кезде тұрғын үй көмегі қажетті құжаттар тізбесімен бірге өтініш берген айдан бастап тағайындалады.
      7. Өтініш беруші тұрғын үй көмегін тағайындауға тоқсан сайын өтініш жасаған кезде, тұрғын үй көмегі өтініш жасаған тоқсанда құжаттарды ұсыну мерзімінен тәуелсіз тоқсанға тағайындалады. Егер алдыңғы тоқсанда құжаттар ұсынылмаған жағдайда тұрғын үй көмегін есептеу өтініш берген айдан бастап жүзеге асырылады.
      8. Жергiлiктi жылумен жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегi өтiнiш берген айдан тәуелсiз жылына бiр рет тоқсанға тағайындалады.
      9. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін құжаттар ағымдағы тоқсанның соңғы айының 25-не дейін қабылданады.
      10. Тұрғын үй көмегі:
      1) жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (үйі, пәтері) бар немесе тұрғын үй-жайларын жалға берген;
      2) құрамында жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті органда тіркелмеген тұлғалары бар, келесі тұлғаларды қоспағанда: бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, 18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларды, сексен жастан асқан тұлғаларды күтетін тұлғаларды, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеумен айналысатын аналарды;
      3) мүгедектік тобы жоқ, туберкулез және онкологиялық диспансерлерде есепте тұрған тұлғаларды;
      4) 50 жасқа толған тұлғаларды (жынысына байланыссыз);
      5) құрамында заңды некеде тұрған, бірақ жоқ жұбайының тұрғылықты жерін білмейтін (көрсетпейтін) және осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарына өтініш жасамаған тұлғалары бар;
      6) егер ата-аналары ажырасқан және өздерімен бірге тұратын балаларына алимент өндіру туралы талап бермеген отбасыларға көрсетілмейді.
      11. Отбасының жұмыссыз мүшелері ұсынған жұмыстан немесе жұмысқа орналасудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, өз еркімен қоғамдық жұмыстарға қатысуды, оқуды немесе қайта оқуды тоқтатқан отбасылар жұмысқа орналасуды, оқуды және қайта оқуды қайта бастағанға дейін тұрғын үй көмегін алу құқығынан айырылады.
      12. Тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға, электр жүйесiмен, газбен қамтамасыз етуге, лифттерге қызмет көрсетуге арналған шығыстар өтiнiш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға орта есеппен ескерiледi. Сумен қамтамасыз ету, су бұру, жылу энергиясы, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, телекоммуникация қызметтерi үшiн шығыстар қызмет көрсету-шiлердiң тарифтерi бойынша ескерiледi.
      13. Жылу энергиясын тұтынуды үйге ортақ есепке алу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығындар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша үйге ортақ есепке алу құралдары бар үйлерді жылытуға жылу энергиясын тұтыну нормалары шегінде анықталады.
      14. Суық және ыстық сумен қамтамасыз етуді, газбен қамтамасыз етуді тұтынуды есепке алу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығындар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша белгіленген тарифтер шегінде анықталады.
      15. Үйлерде орталықтандырылған жылыту болмаған жағдайда жылытуға және ыстық сумен қамтамасыз етуге төлем мөлшері электр энергиясына есептелген сомадан үйге ортақ есепке алу құралдары бар үйлерді жылытуға жылу энергиясын тұтыну нормалары және ыстық сумен қамтамасыз етуге белгіленген тарифтер шегінде есептеледі. 
      16. Құрамында зейнеткерлер, мүгедектер, мүгедек балалар, жетімдер, қамқорлықтағылар, төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй көмегін есептегенде кіріс Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен уақыттың сәйкес кезеңіне белгіленген екі айлық есептік көрсеткішке түзетіледі (кемітіледі). 
      17. Тұрғын үй көмегін тағайындаған кезде келесі шарттар қолданылады:
      1) өтініш беруші заңды некеде тұрса, бірақ зайыбы сол мекен - жай бойынша тіркелмеген болса – ерлі-зайыптылардың екеуінің де табыстары есептеледі және тұрғын үй көмегі туралы өтініш берген зайыбының мекен-жайы бойынша тұрғын үй көмегі тағайындалады;
      2) өтініш берушінің үйінде ата - ана құқығынан айырылмаған және басқа жерде тіркелген ата-анасы бар 18 жасқа дейінгі бала тіркелген жағдайда , баланың ата - анасының табыстары есептеледі.
      18. Тұрғын үй көмегін ұсыну үшін негіз уәкілетті органның шешімі болып табылады.
      19. Тұрғын үй көмегін алушылар 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органды өз тұрғын үйінің меншік нысанының, отбасы құрамының, оның жиынтық табысы мен мәртебесінің кез келген өзгерістері туралы хабардар етеді.
      Өтініш берушілер ұсынылған мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн заңнамамен белгіленген тәртіпте жауапты болады.
      20. Негізсіз алынған тұрғын үй көмегiнің сомалары алушымен ерiктi түрде, ал бас тартқан жағдайда заңнамамен белгіленген тәртіпте қайтарылуға жатады.
 

3. Тұрғын үй көмегінің мөлшері және тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері

      21. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
      22. Отбасының шектi жол берiлетiн шығыстарының үлесi отбасының жиынтық табысына қарай 11 % мөлшерiнде белгiленедi.
      23. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін есептеу кезінде келесі нормалар ескеріледі:
      1) алаң нормалары:
      жалғыз тұратын азаматтар үшін – 18 шаршы метр;
      2 адамнан тұратын отбасы үшін – 27 шаршы метр;
      3 адамнан тұратын отбасы үшін – 36 шаршы метр;
      4 адамнан тұратын отбасы үшін - 45 шаршы метр;
      5 немесе одан да көп адамнан тұратын отбасы үшін –54 шаршы метр;
      2) кондоминиумның ортақ мүлігін пайдалануға шығыстар – 1 кв.м. 30 тенге;
      3) электр қуатын тұтыну нормалары:
      жалғыз тұратын азаматтар үшін – 52 квт;
      2 адамнан тұратын отбасы үшін – 72 квт;
      3 адамнан тұратын отбасы үшін – 100 квт;
      4 адамнан тұратын отбасы үшін - 120 квт;
      5 немесе одан да көп адамнан тұратын отбасы үшін –130 квт;
      4) тұрғын үй құрылысының жалпы ауданының 1 шаршы метріне көмірдің шығыны – 129,8 кг, бірақ бір үйге 5000 кг артық емес.
 

4. Тұрғын үй көмегін төлеу

      24. Тұрғын үй көмегін төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы алушылардың дербес шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.
 

5. Қорытынды ережелер

      25. Осы Қағидалармен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.
 


Үржар аудандық мәслихатының
2015 жылғы 22 қаңтардағы
№ 29-342/V шешіміне
2 қосымша

Үржар аудандық мәслихаттың күші жойылды деп танылған шешімдерінің тізбесі

      1. Үржар аудандық мәслихатының 2012 жылғы 25 қыркүйектегі № 6-53/V "Тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2012 жылдың 10 қазанында 2699 нөмірімен тіркелген, аудандық "Уақыт тынысы/Пульс времени" газетінің 2012 жылғы 18 қазандағы № 90-91 санында жарияланды), соның ішінде:
      1) Үржар аудандық мәслихатының 2013 жылғы 05 наурыздағы № 11-103/V "Тұрғын үй көмегін көрсету Ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 25 қыркүйектегі № 6-53/V шешімге толықтырулар енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2013 жылдың 04 сәүірінде 2923 нөмірімен тіркелген, аудандық "Уақыт тынысы/Пульс времени" газетінің 2013 жылғы 11 сәүірдегі № 35 санында жарияланды);
      2) Үржар аудандық мәслихатының 2013 жылғы 23 желтоқсандағы № 22-211/V "Тұрғын үй көмегін көрсету Ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 25 қыркүйектегі № 6-53/V шешімге өзгерістер енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2014 жылдың 16 қаңтарында 3168 нөмірімен тіркелген, аудандық "Уақыт тынысы/Пульс времени" газетінің 2014 жылғы 30 қаңтарындағы № 14-15 санында жарияланды);
      3) Үржар аудандық мәслихатының 2014 жылғы 20 ақпандағы № 23-234/V "Тұрғын үй көмегін көрсету Ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 25 қыркүйектегі № 6-53/V шешімге өзгерістер енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2014 жылдың 17 наурызында 3204 нөмірімен тіркелген, аудандық "Уақыт тынысы/Пульс времени" газетінің 2014 жылғы 03 сәүіріндегі № 42-43 санында жарияланды).
      2. Үржар аудандық мәслихатының 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 28-328/V "Үржар ауданының аз қамтылған отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсету қағидаcын бекіту туралы".