Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау туралы Қағиданы бекiту туралы

Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха аудандық мәслихатының 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 29-2-V шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 23 ақпанда № 3695 болып тіркелді

Қолданыстағы
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 1-тармағы 15) тармақшасына, "Тұрғын үй қатыныстары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңының 97-бабына, "Әлеуметтiк тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерiн көрсеткенi үшiн абоненттiк төлемақы тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеудiң кейбiр мәселелерi туралы" 2009 жылғы 14 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң № 512 қаулысына, "Тұрғын үй көмегiн көрсету ережесiн бекiту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң № 2314 қаулысына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" 2014 жылғы 5 наурыздағы № 185 қаулысына сәйкес Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Аталған шешімнің 1 қосымшасына сәйкес "Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" Қағида бекітілсін.
      2. Бородулиха аудандық мәслихатының 2014 жылғы 29 қазандағы № 27-6-V "Бородулиха ауданының аз қамтылған отбасыларына (азаматтарына) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2014 жылғы 26 қарашадағы 3560 нөмірімен тіркелген, аудандық "Аудан тынысы" газетінің 2014 жылғы 9 желтоқсандағы № 95, "Пульс района" газетінің 2014 жылғы 9 желтоқсандағы № 95 сандарында жарияланды) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы А. Әубәкіров
      Аудандық мәслихат хатшысы У. Майжанов

  Бородулих аудандық
мәслихатының 2015 жылғы
26 қаңтардағы № 29-2-V
шешіміне 1 қосымша

Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау туралы
Қағида

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау туралы Қағида (бұдан әрі – Қағида) "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 1-тармағы 15) тармақшасына, "Тұрғын үй қатыныстары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңының 97-бабына, "Әлеуметтiк тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерiн көрсеткенi үшiн абоненттiк төлемақы тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеудiң кейбiр мәселелерi туралы" 2009 жылғы 14 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң № 512 қаулысына, "Тұрғын үй көмегiн көрсету ережесiн бекiту туралы" 2009 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң № 2314 қаулысына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" 2014 жылғы 5 наурыздағы № 185 қаулысына сәйкес әзірленді және аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындайды.
      2. Осы қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегiн алуға құқығы бар адамдар;
      2) коммуналдық қызметтер - тұрғын үйде (тұрғын ғимаратта) көрсетілетін және сумен жабдықтауды, кәрізді, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқысты әкету мен лифт қызметін көрсетуді қамтитын қызметтер;
      3) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар – үй жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінің жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесiн күтiп ұстауға, коммуналдық қызметтердi тұтынуды есептеудiң үйге ортақ аспаптарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және салыстырып тексеруге, кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтердi төлеуге, сондай-ақ кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн немесе оның жекелеген түрлерiн болашақта жүргізілетін күрделi жөндеуге ақша жинақтауға арналған шығыстарының міндетті сомасы;
      4) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы - тұрғын үй көмегiн тағайындауға өтiнiш бiлдiрiлген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кiрiстерiнiң жалпы сомасы;
      5) уәкiлеттi орган - жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен қаржыландыратын, тұрғын үй көмегiн тағайындауды жүзеге асыратын Бородулиха аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.
      3. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен осы елдi мекенде тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      1) жекешелендірілген тұрғынжайларда тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкiн күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарына;
      2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;
      3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.
      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      4. "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызметін Бородулиха аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі көрсетеді.
      5. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат, не сенімхат бойынша оның өкілі) тоқсан сайын Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму жөніндегі министрлігінің "Халыққа қызмет көрсету орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - ХҚКО) немесе "электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы өтініш береді және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" 2014 жылғы 05 наурыздағы № 185 қаулысымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызметі стандартының 9-тармағына сәйкес құжаттар тізбесін ұсынады.
      6. Тұрғын үй көмегі тоқсандағы құжат өткізген уақытына қарамастан тоқсан сайын көрсетіледі және тоқсанға тағайындалады. Алғаш өтініш жасаған кезде тұрғын үй көмегі, қажетті құжаттар тізбесімен қоса өтініш берген айдан бастап тағайындалады.
      7. Тұрғын үй көмегі:
      1) жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (үйі, пәтері) бар немесе тұрғын үй-жайларын жалға берген;
      2) құрамында жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті органда тіркелмеген тұлғалары бар, келесі тұлғаларды қоспағанда: бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, 18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларды, сексен жастан асқан тұлғаларды күтетін тұлғаларды, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеумен айналысатын аналарды;
      3) құрамында заңды некеде тұрған, бірақ жоқ жұбайының тұрғылықты жерін білмейтін (көрсетпейтін) және осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарына өтініш жасамаған тұлғалары бар;
      4) егер ата-аналары ажырасқан және өздерімен бірге тұратын балаларына алимент өндіру туралы талап бермеген отбасыларға көрсетілмейді.
      8. Құрамында зейнеткерлер, мүгедектер, мүгедек балалар, жетімдер, қамқорлықтағылар, төрт және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында тұрғын үй көмегін есептегенде кіріс Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен уақыттың сәйкес кезеңіне белгіленген екі айлық есептік көрсеткішке түзетіледі (кемітіледі).
      9. Уәкілетті органның шешімі тұрғын үй көмегін тағайындаудың негізі болып табылады.
      10. Тұрғын үй көмегiн алушылар он жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органға өз тұрғын үйiнiң меншiк нысанының, отбасы құрамының, оның жиынтық табысы мен мәртебесiнiң кез-келген өзгерiстерi туралы хабардар етедi.
      11. Тұрғын үй көмегiнiң негiзсiз алынған соммалар алушымен ерiктi түрде, ал бас тартқан жағдайда заңнамамен белгiленген тәртiпте қайтарылуға жатады.

3. Тұрғын үй көмегінің мөлшері, тұрғын үйді ұстау және коммуналдық
қызметтердi тұтыну нормативтерi

      12. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
      13. Отбасының шектi жол берiлетiн шығыстарының үлесi отбасының жиынтық табысына қарай тоғыз пайыз мөлшерiнде белгiленедi.
      1) алаңдар нормасы:
      жалғыз тұратын азаматтар үшін – 30 ш. м,
      екі адамнан тұратын отбасылар үшін – 36 ш. м,
      үш немесе одан да көп адамдардан тұратын отбасылар үшін - әр адамға 15 ш. м, бірақ 38,52 ш. м аспауы керек;
      2) көгілдір отын шығындары:
      - орталық газбен жабдықтау үйлерінде тұратын отбасылар үшін – бір адамға айына 5,5 кг;
      - жер үй-жайларда тұратын отбасылар үшін – айына бір баллон;
      3) электр энергиясы жүйесін пайдалану нормасы:
      жалғыз тұратындар үшін – 72 кВт,
      екі адамнан тұратын отбасылар үшін – 114 кВт,
      үш адамнан тұратын отбасылар үшін – 50 кВт әрқайсына.
      14. Жергілікті жылу жүйесімен жылытылатын жеке меншік үй-құрылысында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегі жылына бір рет ұсынылады.
      15. Тұрғын үй-құрылысының жалпы алаңының 1 шаршы метріне көмірдің шығыны - 129,8 килограмм, алайда бір үйге 5000 килограмм мөлшерінен аспау қажет.
      16. Сумен жабдықтау, кәріз, газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, қоқысты әкету, лифт қызметі және телекоммуникациялық қызметтер үшін шығындар қызмет көрсетушілердің тарифтерімен ескеріледі.
      17. Көмір құнын есептеу үшін облыстық статистика басқармасы ұсынған және тұрғын үй көмегін есептеген тоқсанның алдындағы тоқсанның соңғы айындағы жағдаймен алынған аудан бойынша орташа баға қолданылады.
      18. Жергілікті жылу жүйесімен жылытылатын жеке меншік үй құрылыстарында қолданылатын басқа отын түрлерінің құны мен шығын нормасы тұрғын үй көмегін есептегенде көмірдің құны мен шығын нормасына балама ретінде есептеледі.
      19. Көмір сатып алудың маусымдылығына байланысты тұрғын үй көмегін есептеген кезде тұрғын үйге арналған көмір шығынының (көмірдің құны) барлық нормасы өтініш берілген тоқсандағы үш ай үшін бір рет есептеледі.
      20. Тұрғын үй көмегін есептеген кезде отбасы көмірді сатып алған бағаға қарамастан (факт бойынша) алынған көмірдің мөлшерін көрсететін есепті (немесе басқа құжатты) ұсынады.

4. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер азаматтардың (отбасының) жиынтық
табысын есептеу реті

      21. Отбасының (азаматтың) жиынтық табысы "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 бұйрығына сәйкес (Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінде 2012 жылы 6 ақпанда № 7412 тіркелді) есептеледі.

5. Тұрғын үй көмегін төлеу

      22. Тұрғын үй көмегін төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы алушылардың дербес шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.

6. Қорытынды ережелер

      23. Осы Қағидалармен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.