Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы

Қостанай облысы Қостанай қаласы мәслихатының 2015 жылғы 9 ақпандағы № 291 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 10 наурызда № 5400 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97-бабына сәйкес Қостанай қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы бекітілсін.
      2. Қостанай қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын, қосымшаға сәйкес (қоса берілген).
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы,
      № 20 сайлау округі
      бойынша депутаты                           А. Уралбаева

      Қостанай қалалық
      мәслихатының хатшысы                       Н. Халықов

Мәслихаттың      
2015 жылғы 9 ақпандағы
№ 291 шешіміне қосымша

Қостанай қалалық мәслихатының күші жойылды
деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Мәслихаттың "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы туралы" 2010 жылғы 9 шілдедегі №313 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №9-1-152 тіркелген, 2010 жылдың 24 тамызында және 2010 жылдың 26 тамызында "Костанай" газетінде жарияланған).
      2. Мәслихаттың "Мәслихаттың 2010 жылғы 9 шілдедегі № 313 "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2011 жылғы 11 қарашадағы №470 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №9-1-174 тіркелген, 2011 жылдың 15 желтоқсанында "Костанай" газетінде жарияланған).
      3. Мәслихаттың "Мәслихаттың 2010 жылғы 9 шілдедегі № 313 "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2012 жылғы 28 наурыздағы №30 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №9-1-187 тіркелген, 2012 жылдың 17 сәуірінде "Костанай" газетінде жарияланған).
      4. Мәслихаттың "Мәслихаттың 2010 жылғы 9 шілдедегі № 313 "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2012 жылғы 12 қазандағы №78 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №3875 тіркелген, 2012 жылдың 13 қарашасында "Наш Костанай" газетінде жарияланған).
      5. Мәслихаттың "Мәслихаттың 2010 жылғы 9 шілдедегі № 313 "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2014 жылғы 7 ақпандағы №207 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №4463 тіркелген, 2014 жылдың 6 наурызында "Наш Костанай" газетінде жарияланған).
      6. Мәслихаттың "Мәслихаттың 2010 жылғы 9 шілдедегі № 313 "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2014 жылғы 6 қазандағы №260 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №5135 тіркелген, 2014 жылдың 6 қарашасында "Наш Костанай" газетінде жарияланған).
      7. Мәслихаттың "Мәслихаттың 2010 жылғы 9 шілдедегі № 313 "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2014 жылғы 28 қарашадағы №272 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №5238 тіркелген, 2014 жылдың 25 желтоқсанында "Наш Костанай" газетінде жарияланған).

Мәслихаттың       
2015 жылғы 9 ақпандағы 
№ 291 шешімімен бекітілген

Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы

1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қостанай қаласының әкімшілік аумағында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі – қызметті алушы):
      1) жекешелендірілген тұрғынжайларда тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарды;
      2) тұрғынжайдың меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желiсiне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлiгiнде байланыс қызметтерін тұтынуына;
      3) жергiлiктi атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысын төлеуге беріледі.
      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабыданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
      2. Тұрғын үй көмегін "Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалары бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - уәкілетті орган) көрсетеді.
      Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) "Халыққа қызмет көрсету орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалының Қостанай бөліміне (бұдан әрі - ХҚО) немесе www.egov.kz "электрондық үкіметтің" веб-порталына (бұдан әрі - портал) балама негізде өтініш береді және "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 185 қаулысымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
      3. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсету нәтижесін ХҚО-ға құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап, сондай-ақ порталға өтініш берген кезде ұсынады - күнтізбелік 10 (он) күн.
      Құжаттар топтамасын ХҚО-ға тапсыру күні тұрғын үй көмегін көрсету мерзіміне кірмейді, бұл ретте уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсету нәтижесін мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін бір күн бұрын ұсынады.
      4. Тұрғын үй көмегі өтініш беру айынан бастап тағайындалады және жылыту маусымының соңына дейін тағайындалатын жылдың бірінші тоқсанын қоспағанда, қызметті алушы өтініш жасаған ағымдағы тоқсанға көрсетіледі. Зейнеткерлер мен мүгедектерге тұрғын үй көмегін тағайындау бүкіл жылыту маусымына жүзеге асырылады.
      5. Қызметті алушы тұрғын үй көмегі мөлшерінің өзгеруіне негіз бола алатын мән-жайлары, сондай-ақ оның дұрыс есептелмеген жағдайлары туралы уәкілетті органға хабарлайды.
      6. Тұрғын үй көмегі мөлшеріне ықпал ететін мән-жайлар туындаған жағдайда, (қызметті алушы қайтыс болуын қоспағанда) көрсетілген мән-жайлар түскен күннен бастап қайта есептеу жүргізіледі.
      7. Көрсетілетін қызметті алушымен ұсынылған табыстардың сәйкессіздігі анықталған жағдайда мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған табыстар туралы мәліметтер есепке алынады.
      8. Жалғыз тұратын қызметті алушы қайтыс болған жағдайда, тұрғын үй көмегін төлеу қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
      Қызметті алушы отбасы мүшесінің бірі қайтыс болған жағдайда қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап қайта есептеу жүргізіледі.
      Қайтыс болғанға байланысты төлемдерді тоқтату немесе қайта есептеу уәкілетті органмен азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органынан ай сайын сұратып алатын қайтыс болған адамдардың тізімі негізінде немесе отбасы мүшелері беретін мәліметтер бойынша жүргізіледі.
      9. Тұрғын үй көмегін көрсету мәселелері жөнінде туындаған келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету
мөлшерін анықтау

      10. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлiгiнде байланыс қызметтерін тұтынуға, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысына жұмсалатын шығыстарға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
      11. Уәкілетті органмен отбасының (азаматтың) жиынтық табысы қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үй көмегін тағайындау үшін өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанына есептеледі.
      12. Белгiленген нормалар шегiндегi шектi жол берiлетiн отбасының (азаматтың) шығыстар үлесi жиынтық табыстың он пайызы мөлшерiнде белгiленедi.
      13. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде алаңның нормасы есепке алынады:
      1) бір отбасы мүшесіне – көп бөлмелі тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін пайдалы алаңының 18 шаршы метрі және отбасына 9 шаршы метрін қосымша; бір бөлмелі тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін – тұрғынжайдың жалпы алаңы;
      2) жалғыз тұратын азаматтар үшін – пайдаланатын алаңына қарамастан нақты алаңынан асырмай 30 шаршы метрі, осы норма жатақханалар үшін де қолданылады.
      14. Есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін өтемақылық шаралармен қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленеді. Егер шығыстарға нормативтер мен тарифтер заңмен белгіленген тәртіпте анықталмаса, шығындарды өтеу нақтылы шығыстар бойынша жүргізіледі.
      15. Коммуналдық қызметтерді тұтынатын есептегіш құралдары бар тұтынушыларға есеп айырысу үшін алынатын шығыстар өткен тоқсанның немесе қызмет толық көлемде көрсетілген соңғы тоқсандағы есептегіш құралдардың көрсеткіштері негізінде, бірақ есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін белгіленген коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларынан аспайтын нақтылы шығындармен анықталады.
      16. Электр қуатын төлеу бойынша шығыстарды өтеу бір адамға 100 киловатт, электр плитасы, электр су жылтқыштары бар жатақханалар мен үйлерде бір адамға 130 киловатт есебінен, бірақ нақты шығыстардан асырмай жүргізіледі.
      17. Телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің көтерілуіне өтемақы "Әлеуметтік тұрғыдан корғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің ережесіне сәйкес жүргізіледі.
      18. Осы Қағидамен белгіленген нормалардан тыс ақысы тұрғын үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерімен немесе жалдаушыларымен (қосымша жалдаушыларымен) жалпы негізінде жүргізіледі.

3. Қаржыландыру және тұрғын үй
көмегін төлеу тәртібі

      19. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ ағымдағы нысаналы трансферттер қаражаты есебінен (олар бөлінген жағдайда) жүзеге асырылады.
      20. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен қызметті алушының өтініші бойынша екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы, қызметті алушының, қызметтерді көрсетушілердің, кондоминиум объектілерін басқару органдарының банктік шоттарына есептелінген сомаларды аудару жолымен жүзеге асырылады.
      Шоттарға ақшалай сомаларды аудару уәкілетті органмен ай сайын жүргізіледі.