"Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 17 қыркүйектегі № 158-1639 қаулысы. Астана қаласының Әділет департаментінде 2015 жылы 16 қазанда № 953 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңының 17-бабының 7) тармақшасына және «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы» 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
      2. Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы» Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 158-1084 қаулысының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2015 жылғы 11 тамызда № 933 болып тіркелген, «Астана ақшамы» газетінің 2015 жылғы 15 тамыздағы № 90 (3295) және «Вечерняя Астана» газетінің 2015 жылғы 15 тамыздағы № 90 (3313) нөмірлерінде жарияланған) және Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы «Астана қаласының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы» (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2015 жылғы 29 қаңтарда № 879 болып тіркелген, «Астана ақшамы» газетінің 2015 жылғы 3 ақпандағы № 12 (3217) және «Вечерняя Астана» газетінің 2015 жылғы 3 ақпандағы № 12 (3235) нөмірлерінде жарияланған) № 370-89 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
      3. «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Әбуева Ләззат Еркентайқызына осы қаулыны, әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған интернет-ресурста және қала әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің орынбасары А.И. Лукинге жүктелсін.
      5. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласының әкімі                     Ә. Жақсыбеков

Астана қаласы әкімдігінің
2015 жылғы 17 қыркүйектегі
№ 158-1639 қаулысымен  
бекітілген қосымша   

«Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік
қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы
Ереже 1. Жалпы ережелер

      1. «Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Астана қаласының аумағында халықты жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік басқару қызметтерін жүзеге асыруға уәкілетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы және штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, индекс 010000, Астана қаласы, Алматы ауданы, Шолпан Иманбаева көшесі, № 16.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы – «Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттерінен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері,
функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: Астана қаласының халқын өнімді жұмыспен қамтиды, әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттырады, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.
      15. Міндеттері: гендерлік теңдік қағидатына сәйкес Астана қаласының халқын еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.
      16. Функциялары:
      1) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қалалық ведомствоаралық комиссиялардың жұмысын үйлестіру;
      2) еңбек нарығының жағдайын талдау және болжау;
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 162 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамту 2020 жол картасы шеңберінде жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша іс-шараларды әзірлеу және іске асыру;
      4) шетелдік жұмыс күшін қолдануды реттеу жолымен ішкі еңбек нарығын қорғауды қамтамасыз ету;
      5) азаматтарға қолайлы жұмыс таңдауға, жұмыс берушілерге бос жұмыс орындары мен бос лауазымдарға қажетті жұмысшыларды іріктеуге жәрдемдесу;
      6) жұмысқа орналасу мәселелері бойынша жүгінетін азаматтарды тіркеу және есепке алу, оның ішінде халықтың нысаналы топтарының құрамына кіретін еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету;
      7) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру;
      8) оралмандарды қабылдау және орналастыру;
      9) Астана қаласындағы еңбек нарығының жағдайы туралы тиісті органдарды және халықты хабардар ету;
      10) атқарушы билік органдарымен бірлесіп – әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру және олардың орындалуын қамтамасыз ету;
      11) «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру;
      12) «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру бойынша жұмыстарды үйлестіру;
      13) кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі тұлғаларға қатысты, сондай-ақ олардың мүліктеріне және сот шешімімен хабар-ошарсыз кеткендер мен қайтыс болғандардың мүліктеріне қатысты қорғаншылық және қамқоршылық органының функцияларын жүзеге асыру;
      14) мүгедектер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен соларға теңестірілген адамдар, тыл еңбеккерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандары, көп балалы отбасылар, оралмандар және жасы бойынша зейнеткерлер жөнінде деректер банкін қалыптастыру;
      15) халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық, жартылай стационарлық, үйде қызмет көрсету, уақытша келу және арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету бойынша жұмыстарды үйлестіру және арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну туралы шешім қабылдау;
      16) Оралмандарды уақытша орналастыру орталығында этникалық көшіп-қонушылардың уақытша болуы үшін жағдай жасау;
      17) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектерді әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз ету;
      18) Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған әлеуметтік төлемдерді тағайындау мен төлеу және жергілікті бюджет қаражаты есебінен өзге әлеуметтік көмек түрлерін көрсету;
      19) Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес Басқарма қатысуы міндетті істердің жекелеген санаттары бойынша сот жұмысына қатысу;
      20) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды тiркеу және есепке алу;
      21) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу;
      22) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
      23) жұмыс берушiлер ұсынған ұжымдық шарттардың мониторингiн жүзеге асыру;
      24) өндірістік жарақаттанудың, кәсіптік аурулардың, кәсіптік уланулардың себептеріне талдау жүргізу және олардың профилактикасы жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      25) өндірістегі жазатайым оқиғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тергеп-тексеру;
      26) жұмыс берушілерде еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдардың білімін тексеруді жүргізу;
      27) еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау нормативтерiн жетiлдiру мәселелерi бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушiлердiң уәкiлеттi өкiлдерiмен өзара iс-қимыл жасау;
      28) қызметкерлердiң, жұмыс берушiлер мен олардың өкiлдерiнiң еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау мәселелерi жөнiндегi өтiнiштерiн қарау;
      29) өндiрiстiк объектiлердiң еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау мониторингiн жүзеге асыру;
      30) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тексерулер жоспарларын әзiрлеу және бекiту;
      31) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға мерзімді есептердi, сондай-ақ еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі жөнiндегi ақпараттық жүйе базасында еңбекті қорғау мен еңбек қауiпсiздiгiнің жай-күйi мониторингiнiң нәтижелерiн ұсыну;
      32) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбек қатынастары бойынша қажеттi ақпаратты беру;
      33) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) әлеуметтік көмекке үміткерлерден Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті құжаттарды сұрату, сондай-ақ ұсынылған құжаттардың растығын тексеруді жүзеге асыру;
      2) мемлекеттік органдардан, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдар мен кәсіпорындардан, және жеке тұлғалардан Басқармаға жүктелген функциялар мен қызметтерді орындау үшін қажетті ақпаратты сұрау;
      3) жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар, қорытындылар беруге, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар мен қаулылар толтыруға, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жазалар қолдану;
      4) ұйымдардың, жекелеген өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындарының қызметін және жабдықтардың, тетіктердің пайдаланылуы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сай келмейтіні анықталған жағдайда, оларды үш күннен аспайтын мерзімге, көрсетілген мерзім ішінде міндетті түрде сотқа талап-арыз бере отырып, тоқтата тұру (тыйым салу);
      5) жұмыс орындарында белгіленген талаптарға сай келмейтін арнаулы киімнің, арнаулы аяқ киімнің және басқа да жеке және ұжымдық қорғану құралдарының берілуі мен пайдаланылуына тыйым салу;
      6) жұмыс берушіге (оның өкіліне) хабарлай отырып және тиісті акт жасау арқылы арнаулы киім үлгілерін, пайдаланылатын немесе өңделетін материалдар мен заттарды талдау жасау үшін алу;
      7) өндірістегі жазатайым оқиғаларды белгіленген тәртіппен тергеп-тексеру;
      8) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан, нұсқау беруден, білімін тексеруден өтпеген қызметкерлерді жұмыстан шеттету үшін жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар беру;
      9) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі білімді тексеруге қатысу;
      10) шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру кезінде белгіленетін айрықша талаптардың орындалуына тексеру жүргізу;
      11) жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылау жүргізуінің толықтығы мен дәйектілігін бақылауды жүзеге асыру;
      12) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша түсіндіру жұмысын жүргізу;
      13) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу, мемлекеттік еңбек инспекторларының актілерін жұмыс берушілердің орындамауы фактілері бойынша тиісті құқық қорғау органдарына және соттарға ақпарат, талап-арыздар және өзге де материалдар жіберу;
      14) Қазақстан Республикасының еңбек қатынастары саласындағы талаптардың сақталуына белгіленген тәртіпте және өз құзыреті шегінде тексерулер жүргізу және өзге де нысандағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
      15) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
      16) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының орындалуын тексеруді уақтылы және сапалы жүргізу;
      17) анықталған еңбек заңнамасын бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды қабылдау мақсатында осындай бұзушылықтар туралы жұмыс берушілерді (олардың өкілдерін) хабардар етуге, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту жөнінде ұсынулар енгізу;
      18) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін уақтылы қарау;
      19) еңбек заңнамасының бұзылуына әкеп соғатын себептер мен мән-жайларды анықтау, оларды жою және бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру жөнінде ұсынымдар беру;
      20) өндірістегі жазатайым оқиғаларды және кәсіптік ауруларды тергеп-тексеруге қатысу;
      21) еңбек заңнамасының бұзылу себептерін жинауды, талдауды, қорытуды жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы бұзылуының алдын алу жөніндегі жұмысты күшейтуге бағытталған іс-шараларды әзірлеу мен қабылдауға қатысу;
      22) мемлекеттік құпияны, еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеу;
      23) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыру кезінде азаматтармен және қызметкерлердің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасасу;
      24) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарманың басшысын Астана қаласы әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Басқарма басшысының өкілеттігі:
      1) өз орынбасарлары мен Басқарма бөлімдері басшыларының,  ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларының, басшылардың орынбасарларының және бас есепшілерінің міндеттерін анықтайды және жауапкершілік деңгейін белгілейді;
      2) Басқарма басшысының орынбасарларын, қызметкерлерін және ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын, басшылардың орынбасарларын және бас есепшілерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және босатады;
      3) Басқарма басшысының орынбасарларына, қызметкерлеріне, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларына, басшылардың орынбасарларына және бас есепшілеріне заңнамада белгіленген тәртіппен ынталандырады және тәртіптік жаза қолданады;
      4) өз құзыреті шегінде Басқарма қызметкерлері үшін орындауға міндетті бұйрықтар шығарады;
      5) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Басқарма мүддесін білдіреді;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Басқарма басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Басқарманың мүлкі

      23. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      24. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі

      1. Астана қаласы әкімдігінің «Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
      2. Астана қаласы әкімдігінің «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
      3. Астана қаласы әкімдігінің «Психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
      4. Астана қаласы әкімдігінің «Қарттар мен мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.
      5. Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
      6. Астана қаласы әкімдігінің «Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
      7. Астана қаласы әкімдігінің «Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған дағдарыс орталығы-баспанасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.