Астана қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары туралы

Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 448/62-V шешімі. Астана қаласының Әділет департаментінде 2016 жылы 29 қаңтарда № 999 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңына сәйкес, Астана қаласының мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Астана қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары бекітілсін.
      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласы мәслихаты
      сессиясының төрағасы                       Б. Солсанов

      Астана қаласы мәслихатының
      хатшысы                                    С. Есілов

      Келісілді:
      «Астана қаласының Ауыл
      шаруашылығы басқармасы»
      мемлекеттік мекемесінің басшысы
      _____________Ә. Құрманғалиев
      2015 жылғы 23 желтоқсан

Астана қаласы мәслихатының
2015 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 448/62-V шешімімен  
бекітілген       

Астана қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды
аулау және жою қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Астана қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-2 тармақшасына және «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 23) тармақшаларына сәйкес әзірленді.
      2. Қағида қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулаудың және жоюдың тәртібін анықтайды және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстарына ветеринарлық-санитарлық талаптарды белгілейді.
      3. Қағидада келесі ұғымдар қолданылады:
      1) қаңғыбас жануарлар – иелерін анықтау мүмкін болмаған, иелерінен қашып кеткен, иесі немесе жануарға жауапты тұлға тарапынан қараусыз жүрген иттер мен мысықтар;
      2) мамандандырылған ұйым – Астана қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығында «Астана ветсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны;
      4. Қағида меншік нысанына қарамастан, иттерді, мысықтарды күтіп ұстайтын барлық заңды және жеке тұлғаларға қолданылады.

2. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою тәртібі

      5. Қаңғыбас жануарларды аулауды, уақытша ұстауды, тасымалдауды және жоюды мамандандырылған ұйым жүзеге асырады.
      6. Аулауды жүргізу мамандандырылған ұйымның қаңғыбас жануарларды аулау жоспарына сәйкес және тұрғындардың өтініші бойынша жүзеге асырылады.
      7. Қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстарына медициналық тексеруден өткен, құтыруға қарсы алдын алу екпелерін алған (вакциналаудан өткен), психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерде есепте тұрмаған тұлғалар жіберіледі.
      8. Аулауда рұқсат етілген құралдарға: құрық, тиісті сертификаты бар әрекетке қабілетсіз ететін дозаланған препараттарды қолданатын пневматикалық қару, торлар, тор-қақпандар, сондай-ақ жануарларды аулау кезінде олардың өліміне жол бермейтін басқа да құралдар және құрылғылар жатады.
      9. Аулауға қоғамдық орындарда (көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, тынымбақтарда және басқа да орындарда) жауапты тұлғаның қарауынсыз жүрген, байлауда қалдырылған жануарлардан басқа қаңғыбас жануарлар жатады.
      10. Ауланған қаңғыбас жануарлар күнтізбелік 3 (үш) күннен аспайтын мерзімге уақытша ұсталатын оқшаулағышқа жеткізіледі.
      11. Ауланған қаңғыбас жануарлар туралы ақпарат мамандандырылған ұйымның байланыс деректерін қамти отырып, бұқаралық ақпараттар құралдарында және мамандандырылған ұйымның интернет-ресурстарында орналастырылуы тиіс.
      12. Мамандандырылған ұйым қызметкерлеріне ауланған жануарларды өзіне қалдыруына немесе басқа тұлғаларға беруіне жол берілмейді.

3. Ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтарды тасымалдау

      13. Ауланған қаңғыбас жануарлар техникалық жарамды, арнайы темір торлармен жабдықталған, мамандандырылған ұйымның белгісі мен телефон нөмірі бар автокөлікпен (бұдан әрі – арнайы автокөлік) тасымалданады.
      14. Арнайы автокөлік қаңғыбас жануарларды аулауға (құрық, пневматикалық қару, торлар және тор қақпандар, сондай-ақ аулау кезінде жануарлардың өліміне әкелмейтін басқа да құрылғылар мен құрал-жабдықтар) және өлген иттер мен мысықтардың өліктерін жинауға қажетті (күрек, қап, тірі жануарлармен байланыстырмайтын қорап) барлық құралдармен және құрылғылармен жабдықталуы тиіс.
      15. Ауланған қаңғыбас жануарларды тасымалдауда ит немесе мысыққа олардың денсаулығына жарақат немесе басқа да зиян келтірмейтін әдістермен жүргізіледі.
      16. Күнделікті жұмыс аяқталғаннан кейін арнайы автокөліктің шанағына, сондай-ақ барлық құралдар мен темір торларға санитарлық тазалау мен зарарсыздандыру жасалады.

4. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша оқшаулағышта ұстау

      17. Ауланған қаңғыбас жануарлар уақытша ұстау оқшаулағышына орналастырылады.
      18. Қаңғыбас жануарларды тіркеу, ұстау, азықтандыру, тексеру, жою және уақытша оқшаулағышты керекті құрылғылармен қамтамасыз ету шараларын мемлекеттік тапсырыс аясында кәсіпорын жүзеге асырады.
      19. Уақытша ұстау оқшаулағышында ауланған қаңғыбас жануарларға тіркеу және клиникалық зерттеу жүргізіледі.
      20. Уақытша ұстау оқшаулағышы темір торлармен қамтамасыз етілуі тиіс.
      21. Әр торға 1 (бір) қаңғыбас жануар орналастырылады.
      22. Ауланған қаңғыбас жануарлар қажетті деңгейде күтіледі және тамақтандырылады, темір торларда күнделікті механикалық тазалау және зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

5. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды қайтару тәртібі

      23. Жануарларды қайтару жөнінде өтініш берген кезде иелері:
      жеке куәлігін;
      иттер мен мысықтардың ветеринарлық паспортын;
      оларды ұстауға кеткен шығындардың төленгендігі туралы құжатты ұсынуы тиіс.

6. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою тәртібі

      24. Сұраныс болмаған қаңғыбас жануарлар туралы ақпараттар бұқаралық ақпараттар құралдарында және мамандандырылған ұйымның интернет-ресурстарында орналастырылғаннан кейін күнтізбелік 3 (үш) күн өткен соң жойылуға жатады.
      25. Қаңғыбас жануарлар жойылмас бұрын, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған препараттармен, медикаментоздық жолмен жансыздандырылуға жатады.
      26. Қаңғыбас жануарлардың өлекселерін жою арнайы пеш қойылған мамандандырылған ұйымның өндірістік базасында жүзеге асырылады.
      27. Өндірістік базаның аумағы мен құралдары ветеринарлық-санитарлық нормаларға және талаптарға сәйкес ұсталуы тиіс.
      28. Жануар иелеріне қаңғыбас жануарлардың өлекселерін (қалдықтарын) лақтыруға және рұқсат етілмеген орындарда көмуге жол берілмейді.
      Қаңғыбас жануарлардың өлекселері (қалдықтары) мамандандырылған ұйымға жою үшін берілуі қажет.

7. Қағиданың талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік

      29. Қағиданы бұзған айыпты тұлғалар «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексiне сәйкес жауапкершілікке тартылады.