Техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар үшін өтемақылар төлеу арқылы қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 677 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 20 қаңтарда № 12894 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 43-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар үшін өтемақылар төлеу арқылы қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.

      2. Экономика және қаржы департаменті (Т. Нұрғожаева) Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, халықаралық ынтымақтастық (С. Өмірбаев), Кәсіптік-техникалық және орта білімнен кейінгі білімді жаңғырту (Д. Қаленова) департаменттерімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімдік баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Т.О. Балықбаевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Білім және ғылым министрі

А. Сәрінжіпов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі

      __________________ Т. Дүйсенова

      2015 жылғы 21 желтоқсан

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      __________________Б. Сұлтанов

      2015 жылғы 22 желтоқсан

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және спорт министрі

      __________________ А. Мұхамедиұлы

      2015 жылғы 9 желтоқсан



  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы 4 желтоқсандағы
№ 677 бұйрығымен бекітілген

Техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары
бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда
мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар үшін
өтемақылар төлеу арқылы қысқы және жазғы каникул кезеңінде
қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде
жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету қағидалары

      1. Осы Техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар үшін өтемақылар төлеу арқылы қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 13-тармағына сәйкес әзiрленген және бiлiм алушылардың жол жүруiне өтемақы төлеу тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Қағидада мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      білiм алушылар - студенттер, магистранттар, даярлық бөлiмдерiнiң тыңдаушылары;

      жол жүру өтемақысы - мемлекеттік бiлiм беру тапсырысы негiзiнде білім алушыларға қалааралық темiржол және автомобиль көлiгiнде (таксиден басқа) қысқы және жазғы каникулдар кезеңiнде жол жүру құнының бөлiгiн өтеу үшін берілетін ақшалай төлем;

      өтемақы төлеу жөнiндегi ұйымдар - республикалық бюджет есебiнен жоғары білімдi және республикалық және жергілiктi бюджеттер есебiнен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі бiлiмдi мамандар даярлауды іске асыратын білім беру ұйымдары.

      3. Жол жүру өтемақысы республикалық және жергілiктi бюджеттер қаражаты есебiнен төленедi.

      4. Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырысты орындайтын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жыл сайын республикалық және жергілiктi бюджеттердiң жобаларын әзiрлеу кезiнде білім алушыларға жол жүру үшін ақшалай өтемақыларды төлеуге арналған қаражатқа қажеттiлiк есебiн бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық және жергілiктi уәкілеттi органдарға ұсынады.

      5. Жол жүру өтемақысы мемлекеттік бiлiм беру тапсырысы бойынша бiлiм алушылардың мынадай санаттарына:

      техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарының күндiзгi оқыту нысанында білім алушыларға жылына екi рет, қысқы және жазғы каникулдар кезеңiнде, тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын бекiтiлетiн 2 еселенген айлық есептiк көрсеткiш (бұдан әрi - АЕК) мөлшерiнде;

      техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарын бiтiрушiлерге - жылына бiр рет 2 еселенген АЕК мөлшерiнде;

      жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарға жылына екi рет, қысқы және жазғы каникулдар кезеңiнде 4 еселенген АЕК мөлшерiнде;

      жоғары оқу орындарының даярлық бөлiмдерiнiң тыңдаушыларына - жылына бiр рет 4 еселенген АЕК мөлшерiнде;

      жоғары оқу орындарын бiтiрушiлерге - жылына бiр рет 4 еселенген АЕК мөлшерiнде төленедi.

      6. Білiм алушыларға жол жүру өтемақыларын төлеудi өтемақы төлеу жөнiндегi ұйымдар жыл сайын ақпан және маусым айларында қаражатты бiлiм алушылардың карт-шотына аудару жолымен немесе қолма-қол төлемдермен жүргiзедi.

      7. Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес қаржы жылы аяқталғаннан кейiн өтемақы төлеу жөнiндегi ұйымдар белгiленген тәртiппен бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жол жүру өтемақыларын төлеуге арналған бюджеттiк қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп бередi.