Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізудің қағидалары мен әдістемесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істері министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1094 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 желтоқсанда № 12713 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 54-1-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізудің қағидалары мен әдістемесі (бұдан әрі - Қағидалар) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаменті (А.Ү. Әбдіғалиев) заңнамада бекітілген тәртіпте:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне қосу үшін «Заң» деректер базасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорынға жолдауды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны осы тармақтың 1), 2), 3), 4) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің комитеттерінің төрағалары, департаменттері мен дербес басқармаларының бастықтары, ішкі істер департаменттерінің, төтенше жағдайлар, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің, ІІМ білім беру ұйымдарының бастықтары қоса беріліп отырған Қағидалардың талаптарын зерделеуді және орындауды қамтамасыз етуді ұйымдастырсын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-лейтенанты М.Ғ. Демеуовке, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаментіне (А.Ү. Әбдіғалиев) жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Ішкі істер министрі
      полиция генерал-полковнигі                 Қ. Қасымов

Қазақстан Республикасы  
Ішкі істер министрінің  
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 1094 бұйрығымен    
бекітілген        

Ішкі істер органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізу қағидалары мен әдістемелері

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар «Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 06 қаңтардағы Заңы 54-1-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген және ішкі істер органдары бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізудің тәртібі мен әдістемесін (бұдан әрі - Қағидалар).
      2. Мониторинг мынадай мақсатта жүргізіледі:
      1) ІІО қызметкерлері қызметінің тиімділігін арттыру;
      2) ІІО қызметкерлерінің кәсіби және басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану;
      3) ІІО қызметкерлерінің басқарушылық құзыреттерін кәсіби дамыту және жетілдіру;
      4) қызметкерлердің еңбек мотивациясын арттыру, қызметтік жұмысты ұйымдастыру, басқару процесін оңтайландыру, бөлімшелердің ұйымшылдығын арттыру;
      5) проблемалық бөлімшелерді анықтау, қарым-қатынастар құрылымын анықтау;
      6) ІІО бөлімшелеріндегі психологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі іс-шараларды әзірлеу.
      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:
      1) басқару стилі – басқару функцияларын тиімді және сапалы орындау мақсатында басшылықтың ұжымға әсер ету тәсілдерінің, әдістерінің, тұтас, салыстырмалы түрде тұрақты жүйесінің жеке-типтік ерекшеліктері;
      2) кәсіби қызмет – еңбек түрі, оны саралау салдары. Кәсіби қызмет табысы оның операциялық, ұйымдастырушылық, психологиялық және моральдық жақтарын, сондай-ақ психологиялық тараптардың иелігін, сондай-ақ жинақталған кәсіби білімін игеруді және еңбек міндеттерін орындаудың оңтайлы тәсілдерін іске асыруға дайындығын көздейді;
      3) қадағалау – табиғи жағдайларда зерттелінетін объектінің мінез-құлқын мақсатты және ұйымдастырушылық қабылдау мен тіркеуден тұратын сипаттау, психологиялық, зерттеу әдісі;
      4) қанағаттанушылық – айналадағы шындықты, адамдарды, өмір салтын, жеке қатынастарды, жетістіктерді және адамдардың жеке мақсатына қол жеткізгеннен кейінгі эмоционалдық жай-күйін субъективті (оң) бағалау;
      5) моральдық-психологиялық ахуал – тұлғааралық қатынастың сапалы жағы, жемісті бірлескен қызметке және жеке тұлғаның топта жан-жақты дамуына ықпал ететін немесе кедергі келтіретін психологиялық жағдайлар жиынтығы;
      6) моральдық-психологиялық ахуал мониторингі – бұл ішкі істер органдары ұжымдарындағы әлеуметтік-психологиялық құбылыстарды анықтаудың, талдаудың және бағалаудың, оның ішінде өзара деструктивті қарым-қатынастарды болжау мен алдын алудың кешенді жүйесі;
      7) сауалнама жүргізу – респонденттерден мәліметтерді жинау құралы ретінде арнайы ресімделген коммуникативті әдіс, онда сұрақтар тізімі - сауалнама қолданылады;
      8) ұжым – бірлескен әлеуметтік-мақсатты қызмет процесінде дамудың жоғары деңгейіне қол жеткізген, ортақ мақсаттарымен және міндеттерімен бірлескен адамдар тобы.

2. Ішкі істер органдарының бөлімшелеріндегі
моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы
социологиялық мониторинг жүргізудің тәртібі

      4. Социологиялық мониторингті ішкі істер органдарының бөліністерінде күнтізбелік жылдың төртінші тоқсанында кадр бөлінісінің психологы жыл сайын, ерікті негізде, құпия түрде, зерттеуді жүргізудің тәртібін қатаң сақтай отырып, зерттелетін адамға зерттеудің мақсаты мен құпиялығын алдын ала түсіндіру арқылы, қызметкердің қалауы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде, негізінен күннің бірінші жартысында өткізіледі, бұл ретте сауалнаманы өткізу ұзақтығы жиырма минуттан алпыс минутқа дейінгі уақытты құрайды.
      Зерттеудің нәтижелерін оңтайлы бағалау үшін қызметкерлердің нақты санының кемінде 70% қатысуы қажет.
      Социологиялық мониторингті ашу, өңдеу және талдау жасауды кадр бөлімшелерінің психологтары немесе уәкілетті тұлғалар жүргізеді.

3. Ішкі істер органдарының бөлімшелеріндегі
моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы
социологиялық мониторинг жүргізудің әдістемесі

      5. Мониторинг мынадай кезеңдерден тұрады:
      1) мониторингті дайындау мен ұйымдастыру;
      2) зерттеу міндеттерін қою және мәнін таңдау;
      3) ұйымдастырушылық жұмыс (жеке құрамды жинау);
      4) сауалнамаларды таңдау;
      5) зерттеу деректерін жинау;
      6) жиналған ақпараттың сапасын бақылау;
      7) алынған деректерді өңдеу. Алынған деректерді сандық және сапалық талдау;
      8) талдау және жалпылау. Теориялық түсіну. Анықтамалар мен ұсыныстарды дайындау.
      6. Сауалнаманы жүргізу кезінде социологиялық мониторингті өткізу уақыты мен орны мониторинг жүргізілетін ішкі істер органы бөлімшелерінің басшысымен келісіледі.
      7. Социологиялық мониторинг стандартталған әдістемелердің біреуін қолдана отырып қызметкерлерден жауап алу нысанында жүргізіледі.
      8. Респондент өздігінен жауаптардың нұсқаларын оқиды, оның ішінен оның ұстанымына басқаларына қарағанда анағұрлым сәйкес келетінін таңдайды.
      9. Мониторинг нәтиежелерін пайымдау қызметкердің оның қызметіндегі жағдайға:
      1) әріптестеріне деген қарым-қатынасына;
      2) еңбек қызметімен қанағаттануына;
      3) басқару стиліне;
      4) топтық нормалар мен жеке қабылдау және бағалау, өзара пікір алмасу негізіндегі құндылықтарға қатынасы мен субъективті пікірінің негізінде қалыптасады.
      10. Жағымды ахуалдың негізгі өлшемшарттары:
      1) кәсіби іс-әрекетке жоғары және ортадан жоғары қанағаттануы;
      2) пікірлер үйлесімдігінің жоғары және ортадан жоғары деңгейі;
      3) басшы мен қызметкердің жағымды қарым-қатынасы болып табылады.
      11. Жағымсыз ахуалдың жанама өлшемшарттары:
      1) мамандардың тұрақтамауы, кәсіби іс-әрекетіне деген құлшынысының өзгеруі, кәсіби бағаланбау (соның ішінде жеке жетістіктер редукциясы), кәсіби денсаулықтың төмендеуі, кәсіби жұмысымен қанағаттанудың төмен бағалануы, жұмыстағы дамудың болмауы, еңбектің қиын шарттары, еңбек ақының төмен деңгейі, әлеуметтік қорғаудың төмендігіне байланысты;
      2) ұжымның қызметтік іс-әрекетінің тиімсіздігі, қызметкерлердің кәсіби дайындаудың төмен деңгейі, ұжымды басқарудағы авторитарлық стиль, орындаушылық тәртібінің төмен деңгейі;
      3) қызметкерлердің толеранттылығының төмен деңгейі мен қақтығыстық жағдайлар болып табылады.
      12. Толтырылған сауалнамаларды жинау арнайы контейнерлерде жүргізіледі. Контейнер кадр бөлімшесі басшылығының қатысуымен мөрленеді және ашылады, сауалнамалар саналады және бөлімшенің психологына өңделу үшін беріледі.