"Қазақстан Республикасы азаматының паспортына ата-аналарымен бірге шетелге шыққан жағдайларда он алты жасқа дейінгі балалар туралы фотосуреттері жапсырылған жазба" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 20 қарашадағы № 945 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 желтоқсанда № 12607 болып тіркелді

Қолданыстағы

      «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған «Қазақстан Республикасы азаматының паспортына ата-аналарымен бірге шетелге шыққан жағдайларда он алты жасқа дейінгі балалар туралы фотосуреттері жапсырылған жазба» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Iшкi істер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясы департаменті (С.С. Сайынов):
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгiнде заңнамада белгіленген тәртіпте мемлекеттік тiркеудi;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға оның көшірмелерін жолдауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Iшкi істер министрлiгiнiң интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Iшкi істер министрiнiң орынбасары Е.З. Тургумбаевқа және Қазақстан Республикасы Iшкi істер министрлiгiнiң Көшi-қон полициясы департаментіне (С.С. Сайынов) жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Ішкі істер министрі                        Қ. Қасымов

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      _____________________Е. Досаев
      2015 жылғы 30 қараша

Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 20 қарашадағы
№ 945 бұйрығымен   
бекітілген      

«Қазақстан Республикасы азаматының паспортына ата-аналарымен
бірге шетелге шыққан жағдайларда он алты жасқа дейінгі балалар
туралы фотосуреттері жапсырылған жазба» мемлекеттік
көрсетілетін қызмет стандарты

1. Жалпы ережелер

      1. «Қазақстан Республикасы азаматының паспортына ата-аналарымен бірге шетелге шыққан жағдайларда он алты жасқа дейінгі балалар туралы фотосуреттері жапсырылған жазба» мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).
      2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірледі.
      3. Мемлекеттік қызметті Министрліктің аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
      Өтініш қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру көрсетілетін қызметті беруші арқылы жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі

      4. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдері:
      1) көрсетілетін қызметті берушіге құжаттардың топтамасын тапсырған сәттен бастап – 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей;
      2) көрсетілетін қызметті алушының құжаттар топтамасын тапсыруы үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 20 (жиырма) минут;
      3) көрсетілетін қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 15 (он бес) минут.
      5. Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны: қағаз түрінде.
      6. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – визалық мөрмен және көрсетілетін қызметті берушінің қолымен куәландырылған Қазақстан Республикасы азаматының паспортына он алты жасқа дейінгі балалары туралы жазбаны олардың фотосуреттерін жабыстыра отырып жазу, балалары ата-анасымен бірге шетелге шыққан жағдайда.
      Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін ұсыну нысаны: қағаз түрінде.
      7. Мемлекеттік қызмет жеке тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) ақылы негізде көрсетіледі.
      Мемлекеттік қызмет көрсеткені үшін мемлекеттік баж алынады, ол «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» (Салық кодексi) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы кодексінің 540-бабына сәйкес мемлекеттік баж төлеу күніне белгіленген  айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 10 (он) пайызын құрайды.
      Мемлекеттік қызметті көрсету үшін төлем қолма-қол ақшалай немесе қолма-қол емес екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
      8. Көрсетілетін қызметті берушінің жұмыс кестесі – дүйсенбiден бастап жұма аралығында сағат 13-00-ден 14-30-ға дейiнгi түскi асқа үзiлiспен сағат 9-00-ден 18-30-ға дейiн, сенбі күні 9-00-ден 13-00-ге дейiн, демалыс – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жексенбі және мереке күндері.
      Құжаттарды қабылдау және көрсетілетін қызметтің нәтижесін беру қызметті берушімен дүйсенбiден бастап жұма аралығында сағат 13-00-ден 14-30-ға дейiнгi түскi асқа үзiлiспен сағат 9-00-ден 17-30-ға дейiн, сенбі күні 9-00-ден 13-00-ге дейiн жүзеге асырылады.
      Көрсетілетін қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусiз кезек тәртiбiмен көрсетіледі.
      9. Көрсетілетін қызметті алушы жеке өтініш білдірген кезде мемлекеттік қызмет көрсетуге қажетті құжаттар тізбесі:
      1) баланың ағылшын тілінде тегі мен атының қажет етілген жазуы көрсетіле отырып, ата-анасының бірінің еркін нысандағы жазбаша өтініші;
      2) ата-анасының бірінің Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
      3) баланың туу туралы куәлiгі;
      4) құжатты ресімдеген сәтте көрсетілетін қызметті алушының жасына сәйкес келетiн өлшемi 3,5 х 4,5 сантиметр фотосурет ұсынады.
      Фотосурет бiр негативтен қалың фотоқағазға фото басып шығару әдiсiмен орындалады, қатаң түрде жарық жерде алдынан түсiрiлген, бейтарап бет көрінісімен және аузы жабық түскен, бетi фотосуреттiң жалпы ауданының 75% жуығын алатындай болып жасалады. Көзі ашық және анық көрінуі, шашпен жабылмауы тиіс. Компьютерлiк сканерлеу, модельдеу немесе ксерокөшiрме әдiсiмен дайындалған суреттердi пайдалануға жол берiлмейдi;
      5) әр жазбаға бөлек мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек (мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар растайтын құжаттар ұсынады).
      Құжаттарды қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға дайын құжаттарды беру көрсетілетін қызметті алушыға тұрғылықты тіркелген жері бойынша, сондай-ақ оның нақты келген жері бойынша жүзеге асырылады.
      Құжаттар қабылданғаннан кейін көрсетілетін қызметті алушыға осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына қосымшаға сәйкес нысан бойынша көрсетілетін қызметті алушыдан құжаттар алынғаны туралы қолхат беріледі.
      Дайын құжаттарды беру тисті құжаттарды қабылдау туралы қолхаттың негізінде өзінің (не нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілінің) жеке куәлігі ұсынылған кезде жүзеге асырылады.

3. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша
орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ көрсетілетін
қызметті берушілердің және (немесе) олардың лауазымды
адамдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      10. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша Министрліктің, көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану: шағым осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 13-тармағында көрсетілген мекенжай бойынша көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына не 010000, Астана қаласы Тәуелсіздік даңғылы, 1 мекенжайы, телефоны: 8 (7172) 71-40-33, 71-40-03 бойынша Министрлік басшысының атына беріледі.
      Шағым пошта арқылы жазбаша нысанда не көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің кеңсесі арқылы қолма-қол беріледі.
      Көрсетілетін қызметті алушының шағымында оның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), пошталық мекенжайы көрсетіледі. Шағымға көрсетілетін қызметті алушы қол қояды.
      Шағымның қабылданғанын растау көрсетілетін қызметті берушінің, немесе Министрліктің кеңсесінде шағымды қабылдаған адамның тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда), берілген шағымға жауап алудың мерзімі мен орнын көрсете отырып, оны тіркеу (мөртаңба, кіріс нөмірі және күні) болып табылады.
      Көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Шағымды қарау нәтижелері туралы дәлелді жауап көрсетілетін қызметті алушыға почта арқылы жіберіледі не көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің кеңсесінде қолма-қол беріледі.
      Көрсетілетін мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгіне алады.
      Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
      11. Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар.

4. Мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктерін ескере
отырып қойылатын өзге де талаптар

      12. Ата-анасынсыз басқа адамдармен бірге жол жүрген балаларға Қазақстан Республикасы азаматының паспорттары ресімделеді.
      13. Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары Министрліктің – www.mvd.gov.kz интернет-ресурсында, «Министрлік туралы» бөлімде, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөліністерінің веб-ресурстары» кіші бөлімде орналастырылған.
      14. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты көрсетілетін қызметті берушінің анықтама қызметтері, сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығы арқылы алу мүмкіндігі бар.
      15. Мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері жөніндегі анықтама қызметтерінің байланыс телефондары Министрліктің www.mvd.gov.kz сайтында орналастырылған. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс-орталығы: 1414.

«Қазақстан Республикасы азаматының
паспортына ата-аналарымен бірге 
шетелге шыққан жағдайларда он алты
жасқа дейінгі балалар туралы  
фотосуреттері жапсырылған жазба»
мемлекеттік көрсетілетін қызмет 
стандартына қосымша      

Нысан

Көрсетілетін қызметті алушыдан құжаттарды қабылдау туралы
қолхат

      Осы қолхат _______________________________________ берілді және
      (тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда) көрсету)
«Қазақстан Республикасы азаматының паспортына ата-аналарымен бірге
шетелге шыққан жағдайларда он алты жасқа дейінгі балалар туралы
фотосуреттері жапсырылған жазба» мемлекеттік көрсетілетін қызмет
стандартын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер
министрлігінің 2015 жылғы 20 қарашадағы № 945 бұйрығымен бекітілген
мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағына сәйкес
Қазақстан Республикасы азаматының паспортына он алты жасқа дейінгі
балалары туралы жазбаны олардың фотосуреттерін жабыстыра отырып
жазуды ресімдеу үшін құжаттардың қабылданғанын растайды.
      Осы қолхат әрбір тарап үшін бір-бірден 2 данада жасалды.

Орындаушы: Т.А.Ә. (ол болған кезде)______________
Телефоны________________________________________
Алдым: Т.А.Ә. (ол болған кезде) / көрсетілетін қызметті алушының қолы

20___ жылғы «___» ___________