Тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің тізбесін қалыптастыру және ішкі мемлекеттік аудит жүргізу кезінде қолданылатын тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 597 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 24 желтоқсанда № 12490 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 14-бабы 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 18.09.2023 № 989 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің тізбесін қалыптастыру және ішкі мемлекеттік аудит жүргізу кезінде қолданылатын тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп пен аудит әдіснамасы департаменті (А.Т. Бектұрова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық оның мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы Министрі
Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 30 қарашадағы
№ 597 бұйрығымен
бекітілді

Тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің тізбесін қалыптастыру және ішкі мемлекеттік аудит жүргізу кезінде қолданылатын тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің тізбесін қалыптастыру және ішкі мемлекеттік аудит жүргізу кезінде қолданылатын тәуекелдерді басқарудың үлгілік жүйесі (бұдан әрi – Үлгi жүйе) "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 10) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 18.09.2023 № 989 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Үлгі жүйе ішкі мемлекеттік аудит органдарына тәуекелдерді басқарудың жүйесі бойынша әдістемелік негізін жасауға арналған және мақсаты тиісті жылға мемлекеттік аудит объектілерінің тізілімін қалыптастырудың, ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының (бұдан әрі – ішкі мемлекеттік аудит органдары) мемлекеттік аудит және өзге де іс-шаралары өткізудің тиімділігін арттыру болып табылады.

      3. Үлгі жүйені пайдалану кезінде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) балл – тәуекелді есептеудің сандық өлшемі;

      2) балл кестесі – әр Тәуекел көздері индикаторлары мәнінің критерийлері және /немесе интервалдарын рәнжірлеу арқылы тәуекел деңгейін анықтау;

      3) ден қою шаралары – мемлекеттік аудит объектілері тәуекелдерінің алдын алу, оларды барынша азайту және жою мақсатында мемлекеттік аудит объектілеріне қатысты мемлекеттік аудит органдары қабылдайтын іс-шаралар;

      4) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың мәні (бұдан әрі – мемлекеттік аудит мәні) – мемлекеттік органдардың қызметі, соның ішінде мемлекеттік қаржыны басқару, мемлекеттік, салалық және бюджеттік бағдарламалар, мемлекеттік органдардың даму жоспарлары, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарлары;

      5) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері (бұдан әрі – мемлекеттік аудит объектілері) – мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ бюджеттік қаражатты алушылар;

      6) сараптамалық талдау – мамандардың (сарапшылардың) біліктілігі мен біліміне негізделген талдау әдісі.

      7) тәуекел – Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасын сақтамаудың, мемлекеттік аудит объектiсiне оқиғаның немесе iс-қимылдың тигiзетiн жағымсыз әсерiнiң ықтималдылығы, ол қаржылық бұзушылықтарға, бюджет қаражатының ұрлануына (ысырап болуына) әкелiп, мемлекетке экономикалық зиян шектiруi мүмкiн, сондай-ақ бағдарламалық құжаттарда және мемлекеттік органдардың даму жоспарларында қарастырылған нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізбеу және толық көлемде орындамаудың ықтималдығы;

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 18.09.2023 № 989 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Тәуекелдерді басқару жүйесінің негізгі кезеңдері

      4. Тәуекелдерді басқару жүйесіні келесі кезеңдерге жүктейді:

      1) ақпарат жинау;

      2) тәуекелдерді сәйкестендіру;

      3) тәуекелдерді бағалау;

      4) ден қою шаралары;

      5) тәуекелдер мониторингі.

      5. Тәуекелді бағалауды өткізу үшін мемлекеттік аудиттің объектілерінен және басқа да ресми көздерден алынған қаржылық және бюджеттік есептіліктерден ақпарат жинау.

      Мемлекеттік аудиттің объектілер мен мәндері бойынша дерекқорды қалыптастыру және жүйелеу.

      Ақпаратты жинау, өңдеу және сақтау процесстері барынша автоматтандырылады және алынған деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігін жасайды.

      Ақпаратты жинау және өзектендіру мерзім сайынғы негізде тиісті есептік ақпаратын қалыптастыру кезеңдігіне қарай жүзеге асырылады.

      6. Тәуекелдер және олардың өлшемшарттарын анықтау үшін мемлекеттік аудиттің объектілері мен мәнін зерделеу, әлеуетті және шынайы қауіп пен қатерлерді, олардың туындау себептерін айқындау тәуекелдердің сәйкестендіруі өткізіледі.

      Тәуекел критерийлері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, бюджет деңгейіне тәуелді жүктелген функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес, ішкі мемлекеттік аудит ұйымдары үшін тәуекелдердің біршама болу мүмкіндігін анықтау үшін оптималды жағдайларда анықталады.

      Тәуекелді сәйкестендіру жүргізу кезінде тәуекелді басқару үшін негізгі өлшемдер белгіленеді, қолдану аясы, тәуекел көздері бұзушылық түрлері анықталады.

      Ішкі мемлекеттік аудит органдары өздеріне жүктелген функциялар мен өкілеттіктерге сай тәуекелдерді айқындау үшін келесі бағыттарын пайдаланады:

      1) бюджеттің шығыстар бөлігі саласындағы тәуекелдер, тәуекелді бағалаудың 2 деңгейінен тұрады:

      мемлекеттік аудит мәні бойынша (бағдарламалық құжаттар, бюджеттік бағдарламалары);

      мемлекеттік аудит объектісі бойынша (бюджеттік бағдарламалар әкімшісі және басқа да мемлекеттік мекемелері).

      2) бюджеттің кіріс бөлігі саласындағы тәуекелдер мыналар бойынша:

      салықтық түсімдер;

      салықтық емес түсімдер айқындалады.

      3) квазимемлекеттік сектор субъектісі бойынша тәуекелдер.

      7. Тәуекелдерді бағалау сандық және сапалық әдістердің негізінде олардың ықтималдығы және ықпалына сүйене отырып есептеледі.

      Тәуекелдерге бағалау жүргізу үшін тәуекелдер мен олардың өлшемдерінің тізілімі құрылады. Тәуекелдер тізіліміне тәуекелдің атауы, әсері, туындауы, деңгейі және тәуекелді бағалаудың басқа да көрсеткіштері көрініс табады.

      Тәуекелдер-матрицадағы тәуекелдерді айқындаудың нәтижесі бойынша мемлекеттік аудит объектілер мен мәні тәуекелдер дәрежесі бойынша бөлінеді:

      1) жоғары;

      2) орта;

      3) төмен.

      Мемлекеттік аудит объектілері мен мәндері бойынша айқындалған критерийлер сәйкесінше тәуекел бағалау өткізіледі.

      8. Мемлекеттік аудиттің объектілері және мәні, өлшемшарттары, басымдықтары, тәуекел топтары және ден қою бөлінісінде тәуекелдерді бағалау нәтижесі бойынша шығыс нысандарын ресімделеді.

      Ішкі мемлекеттік аудит органдарымен қолданылған шаралар тәуекелдердің алдын алу, оларды барынша азайту, жоюды қамтамасыз етеді.

      Ішкі мемлекеттік аудит органдарымен тиісті талдау жасау арқылы қолданыстағы ден қою шараларының тиімділігін арттыру бойынша мерзім сайын шаралар өткізіледі.

      Тәуекелдерге ден қою шаралары мына санаттарға бөлінеді:

      1) Алдын ала ден қою шаралары:

      мемлекеттік аудит объектісінен тәуекелдердің туындау себептері туралы ақпарат алу;

      тәуекелдердің алдын алу және барынша азайту – орта тәуекелдер дәрежесі бар мемлекеттік аудит объектілері бойынша аудиторлық іс-шараларын өткізбей, мемлекеттік аудит объектісіне жоғары дәрежелі әлеуетті тәуекелдерге әкелетін шарттардың туындауы туралы ескертулер (хабарламалар) және оларға жол бермеу бойынша ұсынымдар (ұсыныстар) беруден тұратын кешенді іс-шаралар;

      оларды жоғары дәрежелі тәуекелдерге әкелетін шарттар сақталған жағдайда мемлекеттік аудит объектісі бойынша аудиторлық іс-шараларын өткізу жөніндегі мәселені қарастыру.

      2) нұсқамалық ден қою шаралары - жоғары дәрежелі тәуекелдері және орта дәрежелі тәуекелдер бар мемлекеттік аудит объектілері бойынша (ішкі мемлекеттік аудит органының мемлекеттік аудит өткізу туралы шешімі болған жағдайда) мемлекеттік аудит өткізу арқылы тәуекелдерді жою

      3) тәуекелдер дәрежесі төмен мемлекеттік аудиттің объектісі бойынша ішкі мемлекеттік аудит органдары тәуекелдер дәрежесінің өсуін уақытында анықтау мақсатында және тиісті шаралар қабылдау үшін тәуекелдердің мониторингін жүргізеді.

      9. Тәуекелдер мониторингі:

      1) Тәуекелдердің тиімділігі мен өзектілігін және тәуекелдер дәрежесінің өзгеруін (қалдық тәуекелдерді айқындау) анықтау мақсатында мерзімді негізде мониторинг өткізіу;

      2) расталғанның тиімсіздігі немесе өзекті еместігі анықталған жағдайда тәуекел жоқ болып саналады.

      Мемлекеттік аудит органдары жыл сайынғы негізде тәуекелдерді айқындау мен бағалаудың дұрыстығына, рәсімдердің олардың орындалуы сәйкестігіне талдау жүргізеді.

      Мемлекеттік аудит органдары тоқсан сайынғы негізде алдын ала ден қою шараларының шеңберіндег іс-шаралардың іске асырылуы тиімділігіне талдау жүргізеді.

3. Тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып тиісті жылға мемлекетік аудит объектілері тізбесінің жобасын қалыптастыру

      10. Мемлекетік аудит объектілері тізбесінің жобасын қалыптастыру жоғары және орташа тәуекел деңгейлері бар мемлекеттік аудиттің объектілері және мәні жүйесімен тәуекелдерді бағалау негізінде іріктеп алу іске асырылады.

      11. Мемлекеттік аудит объектілері мен мәндерін бағалау ол тәуекелдің әрбір критерийі бойынша маңызының жиынтығы негізінде есептелген, қорытынды балл мен тәуекел деңгейін анықтау.

      12. Тәуекелдер критерийі интервалдарға бөлінеді, әрбір интервалға балл беріледі.

      13. Ішкі мемлекеттік аудит органдарымен жүктелген функциялары мен өкiлеттiктерiне сәйкес осы Үлгі жүйеге 2 қосымшаға сәйкес базалық критерийлердің негізінде тәуекелдер критерийі әзірленеді.

      Сонымен қатар, Ішкі мемлекеттік аудит органдарымен мемлекеттік аудиттің объектілері мен мәнінің қосымша тәуекелдер критерийлері әзірленуі мүмкін.

      14. Әзірленген критерийлер тәуекелдер тізбесінде қалыптастырылады және ішкі мемлекеттік аудит органы басшысымен бекітіледі.

      15. Ішкі мемлекеттік аудит органдары мерзімді негізде тәуекел критерийлерінің тиімділігіне (өзектілігіне) мониторинг жүргізеді, соның нәтижелері бойынша критерийлер алынып тасталады немесе тәуекелдер тізбесіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жолымен өзгертіледі.

4. Ішкі мемлекеттік аудит органдары қызметінің басқа бағыттары бойынша шұғыл ден қою тәуекелдерінің бейіні негізінде тәуекелдерді басқару жүйесін басқару.

      16. Шұғыл ден қою тәуекелдерінің бейіні (бұдан әрі - Бейін) мемлекеттік аудит объектілерімен автоматтандырылған ақпараттық жүйені пайдалана отырып, уақытында бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау құралы болып табылады және оның нәтижелері ескерту – профилактикалық сипатта болады.

      17. Тәуекелдерді басқару жүйесі шұғыл ден қою тәуекелдерінің бейіні негізінде сонымен қатар камеральды бақылау жүргізу кезінде пайдаланылады.

      18. Бейін құру үшін тәуекелдер мен бұзушылықтардың тізбесін қалыптастыру қажет. Мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру үшін деректерді таңдау шарттарын жинауды анықтаумен, бейін белгілі бір тәуекел/ бұзушылыққа әзірленеді.

      19. Бейінді әзірлеу дегеніміз мемлекеттік аудит объектілерінің қызметі туралы зерделеу, талдау және деректерді салыстыру, соның ішінде ақпараттық жүйелерден деректер, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері.

      20. Әзірленген бейіндер тәуекелдер бейінінің тізілімінде қалыптасады, онда рет саны, бейін атауы, күні, тәуекел/бұзушылықтың сипатталуы және басқа да деректер мазмұндалады және ішкі мемлекеттік аудит органының басшысымен бекітіледі.

      21. Ішкі мемлекеттік аудит органдары жұмыс істелген бейіндердің нәтижелерінің нақтылығын тексереді (тәуекел/бұзушылық расталды/расталған жоқ).

      22. Егер тәуекелдер/бұзушылықтар расталған жағдайда, ішкі мемлекеттік аудит органдарымен мемлекеттік аудит объектісіне қатысты тиісті ден қою шараларын қолдану туралы шешім қабылданады:

      мемлекеттік аудит жүргізу, соның ішінде жоспардан тыс;

      хаттарды, тәуекел/бұзушылықтарды жою туралы және/немесе орындаушының жауапкершілігін қарау туралы, алдағы уақытта оларға жол бермеу бойынша шаралар қолдану туралы хабарламалар жіберу және басқалар;

      тәуекелдер/бұзушылықтар туралы мәліметтерді басқа да құзыретті органдарға жіберу.

      23. Ішкі мемлекеттік аудит органдары мерзімді негізде тәуекел критерийлерінің тиімділігіне (өзектілігіне) мониторинг жүргізеді, соның нәтижелері бойынша критерийлер алынып тасталады немесе тәуекелдер тізбесіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жолымен өзгертіледі.

  Тиісті жылға арналған
мемлекеттік аудит және қаржылық
бақылау объектілерінің тізбесін
қалыптастыру және ішкі
мемлекеттік аудит жүргізу кезінде
қолданылатын тәуекелдерді
басқарудың үлгілік жүйесіне
1 Қосымша

      Тәуекел матрицасы

     


  Тиісті жылға арналған
мемлекеттік аудит және
қаржылық бақылау
объектілерінің тізбесін
қалыптастыру және ішкі
мемлекеттік аудит жүргізу
кезінде қолданылатын
тәуекелдерді басқарудың
үлгілік жүйесіне
2-қосымша

Тәуекелдердің базалық өлшемшарттары 

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 18.09.2023 № 989 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері (бұдан әрі – ББӘ) бойынша өлшемшарттар

Көрсеткіштердің атауы

Қол жеткізілмеген нысаналы индикаторлардың, олардың жалпы санына шаққандағы үлесі, пайызбен (бұдан әрі – %)

Орындалмаған іс-шаралардың, олардың жалпы санына шаққандағы үлесі, %-бен

Жалпы санына шаққанда, бастапқыда бекітілген мемелекеттік органның дамыту жоспарында (бұдан әрі – даму жоспары) көзделген бюджеттік бағдарламалардың қол жеткізбеген түпкілікті нәтиженің көрсеткіштерінің үлесі, %-бен

Бастапқы бекітілген даму жоспарында көзделген мәндерге жетпеген бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижесі көрсеткіштерінің үлесі, жалпы санына шаққанда, %-бен

Даму жоспарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың жиілігі, саны

Мемлекеттік органды қаржыландырудың жылдық көлемі, миллион (бұдан әрі – млн.) теңге

Соңғы 2 (екі) жылда бөлінген, бюджет қаражатының жалпы көлеміне шаққанда бақылаумен қамтылған бюджет қаражатының үлесі, %-бен

Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қаржыландыру көлемінің өсуі/төмендеуі, %-бен

Кезеңнің соңында бюджет қаражатының игерілуі, %-бен

Осы мемлекеттік органмен іске асырып отырған бюджеттік инвестициялық жобалардың саны, бірлік (бұдан әрі – бірл.)

Тиісті кезеңнің шығыстар көлеміне шаққандағы бұрынғы бақылаумен анықталған қаржылық бұзушылықтардың көлемі, %-бен

Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда дебиторлық берешек көлемінің өсуі, %-бен

Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда кредиторлық берешек көлемінің өсуі, %-бен

Соңғы жүргізілген кешенді тексерудің күні, жылы

Үкімет резервінің есебінен іске асырылатын, бюджеттік бағдарламалардың саны, бірл.

Бюджет қаражаттарын басқару тиімділігін бағалау нәтижелері, балл

МҚБ стандарттарына сәйкес келетін ішкі аудиторлық қызметтердің (бұдан әрі – ІАҚ) аудиторлық есептердің көлемі, %-бен

Соңғы 2 (екі) жылда бақылау іс-шараларының қорытындылары бойынша қылмыстық істер қозғаумен, құқыққорғау органдарына тапсыру фактілерінің болуы, % -бен

Құқыққорғау органдарының қаулыларымен іске асырылған бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша расталған фактілердің болуы, %-бен

Орталық мемелекеттік органдарды және жергілікті атқарушы органдарды ІАҚ-мен бақылау материалдарының Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес келмеуі бойынша анықталған жағдайлар

ББӘ және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының жосықсыз өнім берушілер тізіліміне қосылған, өнім берушілермен бекітілген шарттарының болуы.

Есепті кезеңнің сатып алуды жүзеге асырудың жалпы көлемінде бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу үлесі, %-бен

Мемлекеттік мекемелер (бұдан әрі – ММ) бойынша өлшемшарттар

Мемлекеттік мекемемен іске асырылып жатқан бюджеттік бағдарламалардың саны, бірл.

Мемлекеттік органды қаржыландырудың жылдық көлемі, млн. тенге

Соңғы екі жылда бөлінген, бюджет қаражатының жалпы көлеміне шаққанда бақылаумен қамтылған бюджет қаражатының үлесі, %-бен

Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда қаржыландыру көлемінің өсуі/төмендеуі, %-бен

Кезеңнің соңында бюджет қаражатының игерілуі, %-бен

Тиісті кезеңнің шығыстар көлеміне шаққандағы бұрынғы бақылаумен анықталған қаржылық бұзушылықтардың ауқымы, %-бен

Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда дебиторлық берешек көлемінің өсуі, %-бен

Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда кредиторлық берешек көлемінің өсуі, %-бен

Соңғы жүргізілген кешенді тексерудің күні, жылы

Соңғы 2 (екі) жылда бақылау іс-шараларының қорытындылары бойынша қылмыстық істер қозғаумен, құқыққорғау органдарына тапсыру фактілерінің болуы, %-бен

Құқыққорғау органдарының қаулыларымен іске асырылған бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша расталған фактілердің болуы, %-бен

Бақылаумен қамтылған, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің санына шаққанда әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкелген, мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманың сақталуын бұзушылықтардың үлесі

Өңірдің бастамашы бюджеттік бағдарламалары

Өңірдің жүзеге асырылған инвестициалық жобалары

ММ ақылы қызметтерін жүзеге асырудан түскен қолма-қол ақшаның бақылау шоттары

Уақытша орналастырылған қолма–қол ақшаны бақылау шоты.

Демеушілік және қайырымдылық көмектен түскен қолма-қол ақшаны бақылау шоттары.

Күрделі шығыстар бойынша міндеттемелерді тіркеу, млн.тңг

15 (он бес) күннен кем емес мерзімдегі азаматтық-құқықтық жауапкершілік келісім шарттарын тіркеу

Жобалау-сметалық құжаттамада көзделген мерзімнен кем, орындалу мерзімімен жұмыстарды орындау бойынша шарттарды тіркеу

Есепті кезеңнің сатып алуды жүзеге асырудың жалпы көлемінде бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу үлесі, %-бен

Квазимемлекеттік сектор субъектілері бойынша өлшемшарттар

Жарғылық капитал мөлшерінің өсуі/төмендеуі, %-бен

Еншілес және қауымдастырылған ұйымдардың бар-жоғы, бірлік

Шығыстардың жалпы көлеміне шаққанда әкімшілік шығыстардың үлесі, %-бен

Соңғы тексерудің жүргізілген күні, жылы

Қаржылық есептілікті уақытында тапсырмау, %-бен

Мониторинг нәтижелері бойынша каржылық есеп жасауда бұзушылықтардың болуы, %-бен

Соңғы 2 (екі) жылдағы қаржыландыру көлемі, соның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша (тапсырыс көлемінен 100 %)

Соңғы 2 (екі) жылда алдыңғы тексерулер қорытындылары бойынша тауар-материалдық құндылықтардың және ақшалай қаражаттың жетіспеушілігі (анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасының 2 (екі) %-ы)

Бірнеше қаржы кезеңдеріндегі бухгалтерлік есептілікте шығындардың көрсетілуі

Соңғы 2 (екі) жылда алдыңғы бақылау қорытындылары бойынша анықталған қаржылық бұзушылықтардың ауқымы

Бақылаумен қамтылған, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің санына шаққанда әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкелген, мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманың сақталуын бұзушылықтардың үлесі

Есепті кезеңнің сатып алуды жүзеге асырудың жалпы көлемінде бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу үлесі, %-бен

Мемлекеттік бағдарламалар бойынша өлшемшарттар

Қол жеткізілмеген нысаналы индикаторлардың, олардың жалпы санына шаққандағы үлесі, %-бен

Орындалмаған іс-шаралардың, олардың жалпы санына шаққандағы үлесі, %-бен

Жалпы санына шаққанда, бастапқыда бекітілген даму жоспарында көзделген, бюджеттік бағдарламалардың қол жеткізбеген тікелей нәтиженің көрсеткіштерінің үлесі, %-бен

Жалпы санына шаққанда, бастапқы бекітілген стратегиялық жоспарда көзделген мәндерге жетпеген бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижесі көрсеткіштерінің үлесі, %-бен

Даму жоспарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың жиілігі, саны

Кезеңнің соңында бюджет қаражатының игерілуі, %-бен

Соңғы 2 (екі) жылда анықталған қаржылық бұзушылықтардың үлесі, %-бен

Соңғы 2 (екі) жылда "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғалардың саны

Алдыңғы бақылаумен анықталған, мемлекетттік сатып алу қорытындысына әсері тиген, анықталған мемлекеттік сатып алулар туралы бұзушылықтардың ауқымы

Бюджеттік бағдарламалар бойынша өлшемшарттар

Кезеңнің соңында бюджет қаражатының игерілуі, %-бен

Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда дебиторлық берешек көлемінің өсуі, %-бен

Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда кредиторлық берешек көлемінің өсуі, %-бен

Соңғы 2 (екі) жылда анықталған қаржылық бұзушылықтардың үлесі, %-бен

Соңғы екі жылда бөлінген, бюджет қаражаттарының жалпы көлемінен, бақылаумен қамтылған бюджет қаражаттарының үлесі, %-бен

Тиісті кезеңнің шығыстар көлеміне шаққандағы бұрынғы бақылаумен анықталған қаржылық бұзушылықтардың ауқымы, %-бен

Соңғы жүргізілген кешенді тексерудің күні, жылы

Орталық мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламалар мақсаттары мен көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері, %-бен