"Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет Министрінің 2015 жылғы 12 ақпандағы № 78 бұйрығына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 2 қарашадағы № 569 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 11 қарашада № 12270 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 12 қаңтардағы № 25 бұйрығымен.

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Әділет министрінің 12.01.2017 № 25 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жұмысын ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының1-тармағына сәйкес, "Әділет органдары туралы" 2002 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет Министрінің 2015 жылғы 12 ақпандағы № 78 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10342 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 6 наурызда жарияланған) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

      аталған бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Регламенті:

      мынадай мазмұндағы 5-1-тараумен толықтырылсын:

      "5-1. Құқықтық мониторингті жүргізу кезінде құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың өзара іс-қимылы

      32-1. Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдары Министрлік қабылдаған және (немесе) Министрлік әзірлеушісі болып табылған нормативтік құқықтық актілерге қатысты, сондай-ақ Министрліктің құзыретіне қатысты актілерге құқықтық мониторингті жүзеге асырады, ол Нормативтік құқықтық актілер туралы Заңға және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 тамыздағы № 964 қаулысына (бұдан әрі - № 964 Қағида) сәйкес жүзеге асырылады.

      32-2. Алдағы күнтізбелік жылға Нормативтік құқықтық актілерге мониторинг жүргізу кестесін (бұдан әрі - Кесте) қалыптастыру үшін Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысындағы ұйымдар ағымдағы күнтізбелік жылдың 20 қарашасына дейін "Қазақстан Республикасының Заңнама институты" (бұдан әрі - Институт) мемлекеттік мекемесіне алдағы күнтізбелік жылға құқықтық мониторинг жүргізілетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесін ай сайын бөліп көрсете отырып, ақпаратты жібереді.

      Институт ағымдағы күнтізбелік жылдың 20 желтоқсанына дейін берілген ақпарат негізінде Кестені қалыптастырады және бекіту үшін Министрге кіргізеді.

      Институт бекіткен Кесте Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі корпоративтік порталының "Нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі" (бұдан әрі – Корпоративтік портал) кіші жүйесінде орналастырылады.

      32-3. Институт ведомстволық бағыныстағы ұйымдарға және аумақтық әділет органдарына қолданыстағы заңнама нормаларын жетілдіру бойынша ұсыныстар беру туралы сұрау салу жібереді.

      Институт келіп түскен ақпаратты жинақтайды және мемлекеттік органдар мен Министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне өздері әзірлеушілері болып табылатын нормативтік құқықтық актілерге және өз құзыретіне жататын актілерге қатысты ақпаратты жібереді.

      32-4. Министрліктің құрылымдық бөлімшелері Институттан ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың және аумақтық әділет органдарының ұсыныстарына қатысты алған ақпаратты талдайды және қолданыстағы заңнама нормаларын жетілдіру бойынша ұсыныстар түскен күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде негіздей отырып бас тартады не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу бойынша шаралар қабылдайды.

      Министрліктің құрылымдық бөлімшелері нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу қажеттігі туралы шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде Институтқа хабарлама жібереді.

      32-5. Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысындағы ұйымдары құқықтық мониторинг жүргізілген әрбір нормативтік құқықтық актіге қатысты талдамалық анықтама жасайды және оны Корпоративтік порталда орналастырады.

      32-6. Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысындағы ұйымдары нормативтік құқықтық актілерді қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру мақсатында, талдамалық анықтаманың Корпоративтік порталда орналастырылған кезінен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен олардың күші жойылды деп тану бойынша шаралар қабылдайды.

      32-7. Министрліктің құрылымдық бөлімшелері немесе ведомстволық бағыныстағы ұйымдары сәйкес келмейтін, қайшы келетін, сыбайлас жемқорлық нормаларын немесе Министрліктің осы құрылымдық бөлімшесінің немесе ведомстволық бағыныстағы ұйымының құзыретіне кірмейтін мәселелерді реттейтін ескі нормаларды анықтаған кезде Министрліктің осы нормаларды реттеу қызмет нысанасы болып табылатын құрылымдық бөлімшесіне үш жұмыс күні ішінде тиісті ұсыныстар жібереді.

      Министрліктің ұсынысты алған құрылымдық бөлімешесі өз кезегінде 10 күнтізбелік күн ішінде негізделген бас тартуды ұсынуға тиіс не өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен олардың күшін жою жөнінде шаралар қабылдайды.

      32-8. Мониторинг жүргізудің кестеде көрсетілген мерзімдеріне қарамастан Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары жоғары тұрған деңгейдегі жаңа нормативтік құқықтық актілерді қабылдау кезінде жоғары деңгейдегі жаңа нормативтік құқықтық актілерді реттеумен байланысты заңға тәуелді актілерге үш жұмыс күні ішінде талдау жүргізеді.

      Заңға тәуелді актілердің жоғары тұрған деңгейдегі жаңа нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдары жоғары тұрған деңгейдегі жаңа нормативтік құқықтық актілер күшіне енген күннен бастап бір ай мерзім ішінде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен олардың күшін жою жөнінде шаралар қабылдайды.

      32-9. Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының нормалары жоғары тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларына қайшы келетін заңға тәуелді актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді не олардың күшін жоюды көздейтін нормативтік құқықтық атілерді қабылдау жөнінде қабылдаған шаралары туралы ақпарат осы актілер қабылданғаннан кейін бір апта мерзім ішінде Институтқа беріледі.

      32-10. Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдары нормативтік құқықтық акті қолданысқа енгізілгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заңнама департаментіне (заңнамалық актілер бойынша), Заңға тәуелді актілер департаментіне (Үкіметтің актілері бойынша), Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу департаментіне (Министрліктің актілері бойынша) бірыңғай тізілімге енгізу үшін тиісті хабарлама жібереді.

      32-11. Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдары 20 наурызға, 30 маусымға, 30 қыркүйеккке, 30 желтоқсанға дейін тоқсан сайын Заңнама департаментіне (заңнамалық актілер бойынша), Заңға тәуелді актілер департаментіне (Үкіметтің актілері бойынша), Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу департаментіне (Министрліктің актілері бойынша) бірыңғай тіркеліммен салыстыру үшін тіркелімге енгізілген нормативтік құқықтық актілер туралы әрбір актінің нысаны бойынша ақпарат беріп отырады.

      32-12. Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдары атқарған жұмыстарының қорытындылары бойынша Институтқа жыл сайын 20 маусымға және 20 желтоқсанға дейін мониторинг жүргізілген нормативтік құқықтық актілердің тізімі қоса беріліп, № 964 Қағидаларға сәйкес нысан бойынша жеке түрде ақпарат жібереді.

      Институт ұсынылған ақпарат негізінде Министрлік жүргізген құқықтық мониторингтің қорытындыларын қалыптастырады.

      Министрлік жүргізген құқықтық мониторингтің қорытындыларын Институт жыл сайын 30 маусымға және 30 желтоқсанға дейін Корпоративтік порталда орналастырады.

      32-13. Уәкілетті мемлекеттік органдар нормативтік құқықтық актілерге жүргізген құқықтық мониторингтің қорытындылары бойынша ақпаратты қалыптастыру мақсатында 20 шілде және 20 ақпан мерзімге дейін Заңнама департаменті (заңнамалық актілер бойынша), Заңға тәуелді актілер департаменті (Үкіметтің актілері бойынша), Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу департаменті (орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың актілері бойынша) Институтқа жібереді.

      32-14. Институт ұсынылған ақпаратты талдап, жинақтайды және заңнама департаментімен, заңға тәуелді актілер департаментімен және нормативтік құықтық актілерді тіркеу департаментімен келіскеннен кейін № 964 Қағидалардың 31-тармағына сәйкес тиісті ақпаратты 15 наурызға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.";

      159-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "159. Министрдің қатысуымен өтетін кеңестің (отырыстың) күн тәртібінде қаралатын мәселелер бойынша "Қазақстан Республикасының Заңнама институты" мемлекеттік мекемесімен бірлесе отырып, СЖҰТЖД тиісті талдамалық материалдарды дайындайды.".

      2. "Қазақстан Республикасының Заңнама институты" мемлекеттік мекемесі:

      1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;

      2) мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялау үшін мерзімді баспасөз басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне осы бұйрықтың жіберілуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау Әділет Министрінің орынбасарлары З.Х. Баймолдинаға, Б.Ж. Әбдірайымға, Э.А. Әзімоваға және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жауапты хатшысы

      М.Б. Бекетаевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Әділет Министрі

Б. Имашев