"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 83) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен;
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет - ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күнінің ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметті ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.
4. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Министр | Т. Дүйсенова |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қыркүйектегі № 766 бұйрығымен бекітілген |
Азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес (бұдан әрі – Кодекс) әзірленген және Қазақстан Республикасының азаматтарын дәрілік заттармен қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы субъектілер – фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
2) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы объектілер – Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылы 31 шілдеде № 11801 болып тіркелген, "Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы объектілердің үлгілік ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 535 бұйрығымен бекітілген үлгілік ережелерге сәйкес жұмыс істейтін дәріхана, алғашқы медициналық-санитариялық және (немесе) консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәріхана пункті, шалғайдағы ауылдық жерлерге арналған, дәріханадан ұйымдастырылған жылжымалы дәріхана пункті, дәріхана қоймасы, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы уақытша сақтау қоймасы, оптика дүкені, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар дүкені, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар қоймасы, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндіру жөніндегі ұйымдар;
3) дәрiлiк формуляр – Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5900 болып тіркелген, "Денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларын әзірлеу және келісу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 23 қарашадағы № 762 бұйрығымен бекітілген тәртіппен денсаулық сақтау ұйымының басшысы бекіткен, ТМККК көрсету үшін жеткілікті мөлшерде болуға міндетті, денсаулық сақтау ұйымдарының бейіні ескеріле отырып қалыптастырған дәрілік заттар тізбесі;
4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі фармацевтикалық қызмет – дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы субъектілердің дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды, тасымалдауды, сақтауды, өткізуді және есепке алуды қоса алғанда, олармен халықты қамтамасыз етуге байланысты қызметі.
3. Қазақстан Республикасының халқын дәрілік заттармен қамтамасыз ету:
1) ТМККК шеңберінде тегін және жеңілдікті негізде;
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7306 тіркелген, "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 4 қарашадағы № 786 бұйрығымен бекітілген (бұдан әрі – Тізбе) азаматтардың жекелеген санаттарын белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесіне сәйкес амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде;
дәрілік формулярға сәйкес жедел (кезек күттірмейтін, шұғыл) медициналық көмек, жұқтыру қаупі кезінде эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша антирабикалық көмек, көрсетілімдер бойынша санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы көмек, иммунопрофилактикалық (вакцинация), стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде;
2) заңды және жеке тұлғалардың қаржы қаражаты есебінен ақылы негізде жүзеге асырылады.
4. Азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру:
1) дәрілік заттарға қажеттілікті анықтауды;
2) дәрілік заттарды, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды, бөлуді (қайта бөлуді);
3) дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз етуді
4) ТМККК шеңберінде жедел, стационарлық, стационарды алмастыратын көмекті көрсету кезінде дәрілік заттарды ұтымды пайдалануды (тағайындауды), сақтауды, есепке алуды қамтиды.
2. Дәрілік заттардың қажеттілігін айқындау
5. Дәрілік заттарға жалпы қажеттілікті облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың денсаулық сақтау басқармалары (бұдан әрі – Басқармалар) және республикалық маңызы бар медициналық ұйымдар медициналық ұйымдардың жиынтық қажеттілігі негізінде жоспарланған алдыңғы жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде қалыптастырады.
Басқармалардың дәрілік заттарға қажеттілігі тиісті өңірдің медициналық ұйымдарының қажеттілігі негізінде қалыптастырылады.
Дәрілік заттарға қажеттілік есебі:
медициналық ұйымдардың дәрілік формулярына сәйкес;
өңірдегі сырқаттанушылық динамикасының деректерінің, сондай-ақ науқастардың болжамды саны бойынша статистикалық деректердің негізінде;
емделіп шыққан науқастардың тіркелімі ескеріле отырып;
алдыңғы жылдың дәрілік заттарды нақты тұтыну, келесі қаржы жылына 1 қаңтарға болжамды қалдығы есепке алына отырып жүзеге асырылады.
ТМККК шеңберінде дәрілік заттарды сатып алуға өтінімді дәрілік заттарға қажеттілік негізінде халықаралық патенттелмеген атауларымен, дозасы мен дәрілік нысанын көрсете отырып Басқармалар мен медициналық ұйымдар, соның ішінде республикалық маңызы бар ұйымдар қалыптастырады.
3. Дәрілік заттарды, фармацевтикалық қызметтерді сатып алу, бөлу (қайта бөлу)
6. ТМККК шеңберінде дәрілік заттарды сатып aлу "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына сәйкес жүргізіледі.
7. Дәрілік заттарды бөлуді Басқармалар Тізбеде көрсетілген аурулардың түрлері бойынша елді мекендердің аумағында тұратын науқастардың болжамды санына және азаматтардың жекелеген санаттарына қарай жүргізеді.
8. Тиісті бағдарламалар шеңберінде жергілікті және республикалық бюджеттердің қаражаты есебінен сатып алынған дәрілік заттарды сырқаттанушылық динамикасы өзгерген, науқас ауыстырылған немесе тұрғылықты жерін ауыстырған, қайтыс болған, медициналық ұйым таратылған және медициналық қызметтерді көрсету бейіні өзгерген жағдайда тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің келісімінен кейін медициналық ұйымдар арасында қайта бөлуге жол беріледі.
4. Дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету
9. Халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 2) тармақшасында белгіленген тәртіппен дәріханаларда, дәріхана пункттерінде, жылжымалы дәріханалық пункттерде және медициналық ұйымдарда көтерме саудаға лицензия алған не жұмыс істеуінің басталғаны туралы хабарлама алған дәрілік заттардың айналысы саласындағы субъектілер жүзеге асырады.
Аудан орталығынан шалғайдағы, дәріханалар жоқ елді мекендерде дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды өткізуді жеке және заңды тұлғалар алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәріхана пункттері және жылжымалы дәріхана пункттері арқылы жүзеге асыра алады.
Дәріхана пункттері болмаған жағдайда дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды бөлшек саудада өткізуді 2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің 69-бабының 6-тармағына сәйкес алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары арқылы жүзеге асыруға болады.
Құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлары бар дәрілік заттарды босату "Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы" 1998 жылғы 10 шiлдедегi Қазақстан Республикасы заңының 15-бабының 1), 3) тармақшаларына сәйкес есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымымен байланысты қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар дәрілік заттардың айналысы саласындағы заңды тұлғалар арқылы жүзеге асырылады.
Елді мекенде есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар дәріханалар болмаған жағдайда қамтамасыз ету есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар медициналық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
10. Халыққа дәрілік заттарды босату амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде Тізбеге сәйкес науқастың жеке басын куәландыратын құжатты немесе оның көшірмесін көрсеткен кезде дәрігердің рецептісі бойынша тегін немесе жеңілдікті ТМККК шеңберінде фармацевтикалық қызметтерді көрсететін дәріханалар, дәріхана пункттері мен жылжымалы дәріхана пункттері арқылы жүзеге асырылады.
Тізбеге сәйкес ТМККК шеңберінде дәрілік заттармен тегін қамтамасыз ету кезінде фармацевтикалық қызметтердің шығындарын Басқармалар фармацевтикалық қызметтерді берушіге толық өтейді.
ТМККК шеңберінде жеңілдікті негізде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кезінде азаматтар дәрілік заттардың босатылатын бағасы мен Басқармалар фармацевтикалық қызметтерді берушіге өтейтін соманың арасындағы айырманы төлейді.
Елді мекенде дәріханалар, дәріхана пункттері және жылжымалы дәріхана пункттері болмаған жағдайда ТМККК шеңберінде дәрілік заттарды босату медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар медициналық ұйымдар арқылы жүргізіледі.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда, ТМККК шеңберінде фармацевтикалық қызметтерді жүзеге асыратын дәрілік заттардың айналысы саласындағы объектілерде көрнекі ақпарат ілінетін орындарында пациенттерге арналған мынадай ақпарат:
ТМККК шеңберінде фармацевтикалық қызметтерді жүзеге асыратын дәрілік заттардың айналысы саласындағы объектілердің тізбесі мен мекенжайлары;
амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдардың мекенжайлары;
фармацевтикалық қызметтерді көрсету үшін тапсырыс берушілердің мекенжайы мен телефоны орналастырылады.
ТМККК шеңберінде амбулаториялық емдеу кезінде туберкулез ауруымен ауыратын науқастар туберкулезге қарсы мекемелер арқылы туберкулезге қарсы дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етіледі. Елді мекенде туберкулезге қарсы мекеме болмаған жағдайда қамтамасыз ету алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
Нәрестелерге ана мен бала дәрі қобдишасын беру перзентханадан шығарған кезде фармацевтикалық қызметті берушілерге рұқсат етіледі. Ана мен бала дәрі қобдишасының берілгені туралы белгі Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген, "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген (бұдан әрі - № 907 бұйрық) № 097/е нысаны педиатр дәрігердің күнделігіне енгізіледі.
11. ТМККК шеңберінде жедел, (кезек күттірмейтін, шұғыл) медициналық көмек, жұқтыру қаупі кезінде эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша антирабикалық көмек, көрсетілімдер бойынша санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы көмек, иммунопрофилактикалық (вакцинация), стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде медициналық ұйымдарда дәрілік заттармен қамтамасыз ету тегін жүзеге асырылады.
12. Амбулаториялық-емханалық көмекті ақылы негізде көрсету кезінде халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын дәрілік заттардың айналысы саласындағы объектілер арқылы жүзеге асырылады.
5. ТМККК шеңберінде жедел, стационарлық, стационарды алмастыратын көмекті көрсету кезінде дәрілік заттарды ұтымды пайдалану (тағайындау), сақтау, есепке алу
13. Дәрілік заттарды ұтымды пайдалану (тағайындау) және дәрілік формулярды қалыптастыру дәрілік заттардың дәлелденген клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігіне негізделеді.
Медициналық ұйымдардың басшылары тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрады, ол тоқсанына бір реттен кем емес стационарлық және амбулаториялық деңгейде дәрігерлік тағайындаулардың талдауын жүргізеді.
Дәрілік заттарды ұтымды пайдалану (тағайындау) және азаматтардың қамтамасыз етілуін талдау мақсатында Басқарма ведомстволық бағынысты медициналық ұйымдарында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ақпараттық жүйесінің жұмысын, соның ішінде деректердің уақтылы енгізілуін және олардың дұрыс болуын ұйымдастырады.
14. ТМККК шеңберіндегі дәрілік заттар стационарлық, стационарды алмастыратын және амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде ТМККК шеңберінде медициналық құжаттамада сомалық және сандық мәнде және дәрілік заттарды пайдалануды есепке алудың автоматтандырылған бағдарламасында есепке алынуы тиіс.
15. Стационарлық, стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету № 907 бұйрықпен бекітілген стационардағы пациенттің медициналық картасы, № 004-1/е нысаны бойынша дәрігердің тағайындау парағына сәйкес жүзеге асырылады. Дәрігердің тағайындау парағы стационардағы пациенттің (санаторийлік-курорттық картасына) науқастың (сауығушының) медициналық картасына тігіледі.
Амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде дәрілік заттарды тағайындау № 907 бұйрықпен бекітілген № 025/е нысаны бойынша пациенттің медициналық амбулаториялық картасында көрсетіледі.
16. Жедел медициналық көмек көрсету кезінде пайдаланылған дәрілік заттардың атаулары мен көлемдерін көрсете отырып, көрсетілген жедел көмек туралы ақпарат № 907 бұйрықпен бекітілген № 110-1/е нысаны бойынша учаскелік дәрігердің белгілеу парағында көрсетіледі және науқастың тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымға беріледі.
17. Ақылы медициналық қызметтер көрсету үшін дәрілік заттар тағайындалған кезде тағайындау парағында "Ақылы медициналық қызметтер" деген белгі, ал пациенттің медициналық картасында (санаторийлік-курорттық картасында) "Ақылы медициналық қызметтер" деген жазба жазылады.
18. Берілген (пайдаланылған) дәрілік заттарды № 907 бұйрықпен бекітілген № 004-1/е нысаны бойынша медицина персоналы стационарлық науқастың медициналық картасының дәрігердің тағайындау парағында көрсетеді.
19. ТМККК шеңберінде жедел, стационарлық, стационарды алмастыратын көмек көрсету үшін келіп түскен дәрілік заттар медициналық ұйымының атауы, оның мекенжайы көрсетіле отырып, медициналық ұйымның мөртаңбасымен және "Тегін" деген белгімен белгіленеді.
20. ТМККК шеңберінде медициналық көмек және ақылы қызметтер көрсету үшін сатып алынатын дәрілік заттар бөлек сақталуы және есепке алынуы тиіс.
21. ТМККК шеңберінде жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсететін медициналық ұйымдарда кемінде бір айға дәрілік заттардың қоры жасалады.
22. Жылына кемінде бір рет медициналық ұйымдарда сақталатын дәрілік заттарды түгендеу жүргізіледі.