Инфекциялық, паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланулар жағдайларын тіркеу, есепке алуды жүргізу қағидаларын және олар бойынша есептілікті жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 24 маусымдағы № 451 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 19 қыркүйекте № 12083 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 151-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Инфекциялық, паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланулар жағдайларын тіркеу, есепке алуды жүргізу қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Инфекциялық, паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланулар бойынша есептілікті жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. "Инфекциялық, паразиттік, кәсіптік аурулар мен улануларды тіркеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 12 қарашадағы № 706 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5908 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында 2010 жылғы № 3 жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ұлттық экономика


министрі

Е.Досаев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Әділет министрі

      _______________ Б. Имашев

      2015 жылғы 14 тамыз

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау

      және әлеуметтік даму министрі

      _______________ Т. Дүйсенова

      2015 жылғы 24 маусым



  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 24 маусымдағы
№ 451 бұйрығына
1-қосымша

Инфекциялық, паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланулар жағдайларын тіркеу, есепке алуды жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Инфекциялық, паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланулар жағдайларын тіркеу, есепке алуды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес әзірленген және халық арасындағы инфекциялық, паразиттік, кәсіптік аурулар және уланулар жағдайларын тіркеу, есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды.

2. Инфекциялық және паразиттік аурулар жағдайларын тіркеу және есепке алу

      2. Халық арасындағы инфекциялық және паразиттік аурулар жағдайларын тіркеу және есепке алу науқастың тұрақты тұратын жеріне қарамастан, аурудың анықталған орны бойынша жүргізіледі.

      3. Осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес тіркеуге және есепке алуға жататын халықтың арасындағы инфекциялық және паразиттік аурулардың тізбесіне сәйкес инфекциялық және паразиттік аурулар медициналық ұйымдар мен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінде жеке есепке алынуға жатады.

      Жеке есепке алынуға жататын аурудың (күдікті) әрбір жағдайына Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылы 21 желтоқсанда № 6697 болып тіркелген "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген (бұдан әрі – № 907 бұйрық) № 058/е нысаны бойынша шұғыл хабарлама толтырылады, ол 12 сағат ішінде аурудың тіркелген жері бойынша (науқастың тұратын жеріне қарамастан) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне жіберіледі. Ақпарат телефон арқылы 12 сағат ішінде хабарланады.

      4. Обамен, тырысқақпен, сары қызбамен, Денге қызбасымен, Батыс Ніл қызбасымен, Конго-Қырым геморагиялық қызбасымен, шұбар қызбамен, Эбола қызбасымен, шистозомоздармен, туберкулезбен, адамның иммунитет тапшылығы вирусынан туындайтын аурумен (бұдан әрі – ЖИТС) сырқаттану жағдайларын тіркеу және есепке алу мынадай схема бойынша жүргізіледі:

      1) адамның обамен, тырысқақпен, сары қызбамен, Денге қызбасымен, Батыс Ніл қызбасымен, Конго-Қырым геморагиялық қызбасымен, шұбар қызбамен, Эбола қызбасымен, шистозомоздармен сырқаттануының және оларға күдікті әрбір жағдай туралы науқасты анықтаған медицина қызметкері № 907 бұйрығымен бекітілген № 058/е шұғыл хабарлама (бұдан әрі – № 058/е шұғыл хабарлама) жасайды, ол 3 сағат ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне жіберіледі. Сондай-ақ денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органына кезектен тыс хабарлама жібереді;

      2) барлық оқшаулану түріндегі өмірінде алғаш рет қойылған белсенді туберкулезбен ауыратын әрбір науқасқа № 907 бұйрығымен бекітілген № 089/е нысаны бойынша хабарлама (бұдан әрі – № 089/е хабарлама) толтырылады, ол күнтізбелік 3 күн ішінде аудандық (қалалық) туберкулезге қарсы диспансерге (бөлімшеге, кабинетке) және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне жіберіледі.

      Туберкулездің бациллярлық түрімен ауыратын науқастарды анықтаған жағдайда, туберкулездің белсенді емес түрімен ауыратын науқастарда бацилла бөлу пайда болған кезде, сондай-ақ тірі кезінде есепке тұрмаған науқастар туберкулезден қайтыс болған жағдайда № 058/е шұғыл хабарлама толтырылады, ол 24 сағат ішінде науқастың тұратын жері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне жіберіледі.

      Аудандық (қалалық) туберкулезге қарсы диспансер (бөлімше, кабинет) ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың екінші күніне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне алынған № 058/е шұғыл хабарлама және № 089/е хабарламалар негізінде белсенді туберкулезбен ауыратын жаңадан анықталған науқастардың саны туралы жиынтық мәліметтерді салыстыру үшін жібереді.

      3) адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудырған симптомсыз инфекциялық мәртебе (бұдан әрі – АИТВ-инфекциясы) жағдайларын және ЖИТС-пен ауыратын науқастарды есепке алуды және тіркеуді АИТВ/ЖИТС профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары (бұдан әрі – ЖИТС орталықтары) жүргізеді.

      Облыстық, қалалық (Астана және Алматы қалалары) ЖИТС орталықтары ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың екінші күніне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне жаңадан пайда болған АИТВ-инфекциясы жағдайларының және ЖИТС-пен ауыратын науқастардың саны туралы жиынтық мәліметтерді хабарлайды.

      5. Медициналық ұйымдарда жеке есепке алынуға және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінде жиынтық есепке алынуға: тұмау, жоғарғы тыныс алу жолдарының оқшаулануы көптеген немесе нақтыланбаған жіті инфекциялары, функционалдық диарея жатады.

      Тұмаумен, орналасуы көптеген немесе нақтыланбаған жоғарғы тыныс алу жолдарының жіті инфекцияларымен, функционалдық диареямен ауырған жағдайға № 058/е шұғыл хабарлама берілмейді, оларды есепке алу амбулаториялық-емханалық ұйымдарда жүргізіледі. Амбулаториялық-емханалық ұйымдар есептік кезеңнен кейінгі айдың екінші күніне ай сайын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне телефон арқылы науқастардың саны туралы жиынтық деректерді хабарлайды.

      6. № 058/е шұғыл хабарламаны ауруды анықтаған немесе оған күдіктенген дәрігер немесе орта медицина қызметкері меншік нысанына және ведомcтволық тиістілігіне қарамастан, мына медициналық ұйымдарда толтырады:

      1) ауру анықталған кездегі жағдайларға қарамастан, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда (емханаға жүгінген кезде, науқастың үйіне барған кезде, профилактикалық қарап тексеру кезінде және басқа кезде);

      2) инфекциялық ауру диагнозы стационарда қойылған кездегі жағдайларда стационарларда (науқас емхана ұйымының жолдамасынсыз түсті, инфекциялық ауру диагнозы басқа ауру диагнозының орнына қойылды, ауруханаішілік инфекция жағдайы, секцияда анықталған ауру);

      3) сот-медициналық сараптама ұйымдарында;

      4) меншік нысанына қарамастан, ұйымдардың кабинеттерінде;

      5) бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында.

      7. Фельдшерлік-акушерлік пункттің медицина қызметкерлері № 058/е шұғыл хабарламаны екі данада жасайды, бірінші данасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне, екіншісі - қарамағында осы фельдшерлік-акушерлік пункт бар медициналық ұйымға (учаскелік, аудандық, қалалық ауруханаға, амбулаторияға, емханаға және басқаға) жіберіледі.

      8. Білім беру ұйымдарына баратын балалар арасындағы ауруларды есепке алу мынадай тәртіппен жүргізіледі:

      1) білім беру ұйымына қызмет көрсететін медицина персоналы № 058/е шұғыл хабарламаны тек осы ұйымның персоналы ауруды алғаш рет анықтаған (күдіктенген) жағдайда ғана халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне жібереді;

      2) медициналық ұйымдардың медициналық персоналы білім беру ұйымдарына баратын балаларда инфекциялық аурулар анықталған (күдіктенген) кезде № 058/е шұғыл хабарламаны халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне жібереді;

      3) жазғы кезеңде қаланың сыртындағы аймаққа шыққан балалардың сауықтыру ұйымдарына қызмет көрсететін медицина қызметкерлері № 058/е шұғыл хабарламаны жазғы кезеңдегі сауықтыру ұйымының уақытша орналасқан жері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне жібереді.

      9. Жедел медициналық көмек станциясының инфекциялық ауруды анықтаған немесе оған күдіктенген медицина қызметкерлері анықталған науқас туралы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне және қызмет көрсету ауданында науқас тұратын емханаға (амбулаторияға) хабарлайды. Науқас емдеуге жатқызылмаған жағдайларда № 058/е шұғыл хабарламаны халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне емхананың науқастың үйіне баратын медицина қызметкері, науқас емдеуге жатқызылған жағдайларда – стационардың медицина қызметкері жібереді.

      10. Инфекциялық аурулармен ауыратын (инфекциялық ауруға күдікті) науқастардың стационарлық емдеуге келіп түсуі, инфекциялық ауру диагнозын нақтылау немесе өзгерту туралы ақпаратты ұсыну мынадай тәртіппен жүргізіледі:

      1) инфекциялық аурухана (инфекциялық бөлімшесі бар аурухана) ауданында науқасты емдеуге жатқызуға жіберген медициналық ұйым орналасқан халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне науқас келіп түскен сәттен бастап 12 сағат ішінде инфекциялық аурулармен ауыратын науқастардың түсуі туралы хабарлайды;

      2) диагнозды нақтылаған немесе өзгерткен медициналық ұйым № 058/е шұғыл хабарламаны жасайды және өзгертілген (нақтыланған) диагнозды, оны қойған күнді, бастапқы диагноз бен зертханалық зерттеу нәтижелерін көрсете отырып, 12 сағат ішінде оны халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне жібереді.

      11. Барлық медициналық ұйымдарда, меншік нысанына қарамастан ұйымдардың медициналық кабинеттерінде № 907 бұйрығымен бекітілген № 060/е нысан бойынша науқас туралы мәліметтер енгізілетін инфекциялық ауруларды тіркеу журналы жүргізіледі.

      12. Медициналық ұйымдарда инфекциялық және паразиттік ауруларды тіркеу, есепке алу үшін жауапты:

      1) медициналық ұйымда - бас дәрігер;

      2) білім беру ұйымдарында, сауықтыру ұйымдарында - осы ұйымның медицина қызметкері болып табылады.

      13. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінде инфекциялық және паразиттік ауруларды есепке алу одан әрі № 058/е шұғыл хабарламамен расталатын инфекциялық аурудың (күдіктенудің) анықталуы туралы жедел хабарлау негізінде жүргізіледі.

      14. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі өзінің аумағында басқа өңірлерден келген адамдарда инфекциялық ауру жағдайы анықталған кезде аурулардың ошақтарында тиісті санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу үшін науқастардың тұрғылықты тұратын жері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесін хабардар етеді.

3. Кәсіптік аурулар мен уланулар жағдайларын тіркеу және есепке алу

      15. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінде жіті және созылмалы кәсіптік аурулар мен уланулар № 058/е шұғыл хабарлау негізінде тіркеуге және есепке алуға жатады.

      16. Жіті кәсіптік ауру мен уланудың әрбір жағдайына осы ауруды анықтаған немесе күдіктенген дәрігер № 058/е шұғыл хабарламаны толтырады да, оны 12 сағат ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне және ұйымның басшысына (жұмыс берушіге) науқастың (зардап шеккеннің) жұмыс істейтін жері бойынша жіберіледі.

      17. Диагноз нақтыланған немесе өзгерген кезде медициналық ұйым жаңа № 058/е шұғыл хабарламаны толтырады және 24 сағат ішінде науқастың (зардап шеккеннің) жұмыс істейтін жері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне және ұйымның басшысына (жұмыс берушіге) жібереді, бұл ретте өзгерген (нақтыланған) диагноз, оның қойылған күні, бастапқы диагноз көрсетіледі.

      18. Жіті және созылмалы кәсіптік аурулар мен уланулар жағдай туралы № 058/е шұғыл хабарламаны уақытылы жіберуге, диагнозды өзгертуге, күшін жоюға жауаптылық диагнозды анықтаған (күшін жойған) медициналық ұйымның басшысына жүктеледі.

      19. Алғаш рет анықталған созылмалы кәсіптік ауру (интоксикация) туралы № 058/е шұғыл хабарлама кәсіптік патология орталықтарында және кәсіптік аурулар клиникаларында толтырылады. Түпкілікті диагноз қойылғаннан кейін күнтізбелік 3 күн ішінде № 058/е шұғыл хабарлама науқастың (зардап шеккеннің) жұмыс істейтін жері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне және науқастың (зардап шеккеннің) жұмыс орны бойынша ұйымның басшысына (жұмыс берушіге), сондай-ақ науқасты (зардап шеккенді) жолдаған медициналық ұйымға жіберіледі. Алғаш рет анықталған созылмалы кәсіптік ауру (интоксикация) туралы № 058/е шұғыл хабарлама науқастың зиянды өндірістік факторлармен байланыста болған соңғы жұмыс орны бойынша жіберіледі.

      20. Кәсіптік аурулар мен уланулар жағдайларын тіркеуді және есепке алуды науқастың (зардап шеккеннің) зиянды өндірістік факторлармен байланыста болған негізгі жұмыс орны бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері жүргізеді.

      21. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 10 шілдеде № 11626 болып тіркелген "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы есепке алу мен есеп құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 мамырдағы № 415 бұйрығымен (бұдан әрі – № 415 бұйрық) бекітілген нысан бойынша Кәсіптік ауруды (улануды) есепке алу картасын жүргізеді.

      22. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінде, медициналық ұйымдарда, кәсіптік патология орталықтарында № 415 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша кәсіптік ауруларды (улануларды) тіркеу журналы жүргізіледі.

  Инфекциялық, паразиттік, кәсіптік
аурулар мен уланулар жағдайларын
тіркеу, есепке алуды жүргізу
қағидаларына
қосымша

Қазақстан Республикасында тіркеу мен есепке алуға жататын халықтың арасындағы инфекциялық және паразиттік аурулардың
тізбесі

      1) тырысқақ (А00);

      2) іш сүзегі (А01.0);

      3) А, В, С қылауы (А01.1-А01.4);

      4) басқа да сальмонеллез инфекциялары (А02);

      5) шигеллез (бактериялық дизентерия) (АОЗ);

      6) басқа да бактериялық ішек инфекциялары (А04.0-04.5; А04.7-А04.9);

      7) Yersіnіa enterocolіtіca тудырған энтерит (иерсиниоз) (А04.6; А28.2);

      8) басқа да бактериялық тамақтан уланулар (А05);

      9) ротавирусты энтерит (А08.0);

      10) вирусты және басқа да нақтыланған ішек инфекциялары (А08);

      11) туберкулез (А15-А19);

      12) оба (А20);

      13) туляремия (А21);

      14) күйдіргі (А22);

      15) бруцеллез (А23);

      16) лептоспироз (А27);

      17) пастереллез (А28.0);

      18) листериоз (А32);

      19) сіреспе (А33-А35);

      20) дифтерия (А36);

      21) көкжөтел (А37);

      22) жәншау (А38);

      23) менингококк инфекциясы (А39);

      24) легионерлер ауруы (А48.1);

      25) мерез (А50-(А53);

      26) гонококк инфекциясы (А54);

      27) хламидий инфекциясы (А55; А56);

      28) Лайм ауруы (А.69.2);

      29) орнитоз, пситтакоз (А70);

      30) риккетсиоздар (А75-А79);

      31) жіті полиомиелит (А80);

      32) құтырма (А82);

      33) кене вирусты энцефалит (А84);

      34) буынаяқтылар арқылы берілетін вирусты қызбалар мен вирусты геморрагиялық қызбалар (А90-А99);

      35) сары қызба (А95);

      36) желшешек (В01);

      37) қызылша (В05);

      38) қызамық (В06);

      39) аусыл (В08.8);

      40) вирусты гепатит (В15-В19);

      41) адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудырған ауру (В20-В24);

      42) эпидемиялық паротит (В26);

      43) безгек (В50-В54);

      44) лейшманиоз (В55);

      45) гельминтоздар (В65-В83);

      46) педикулез (В85);

      47) қышыма (В86);

      48) орналасуы көптеген немесе нақтыланбаған жоғарғы тыныс алу жолдарының жіті инфекциялары (J06);

      49) тұмау (J10-J11);

      50) функционалдық диарея (К59.1- К59.9);

      51) көбіне босанғаннан кейінгі кезеңмен байланысты асқынулар (О85; О86; О90.0; О90.1; 091);

      52) перинатальдық кезеңге тән инфекциялық аурулар (Р-36-Р39);

      53) хирургиялық және терапиялық араласу асқынулары (Т.80.2; Т.80.8; Т.80.9; Т.81.3; Т.81.4; Т.82.6; Т.82.7; Т.83.5; Т.83.6; Т.84.5-Т.84.7; Т.85.7);

      54) профилактикалық егулерге әдеттен тыс реакциялар, егуден кейінгі асқынулар (Т88.7);

      55) жануарлардың тістеуі, сілекейлеуі, тырнауы (W54; W55);

      56) адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИТВ) тудырған симптомсыз инфекциялық мәртебе (Z21);

      57) іш сүзегінің қоздырғышын тасымалдаушылық (Z22.0);

      58) сальмонеллез қоздырғышын тасымалдаушылық (Z22.1);

      59) дизентерия қоздырғышын тасымалдаушылық (Z22.1);

      60) дифтерия қоздырғышын тасымалдаушылық (Z22.2);

      61) безгек қоздырғышын тасымалдаушылық (Z22.8).

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 24 маусымдағы
№ 451 бұйрығына
2-қосымша

Инфекциялық, паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланулар бойынша есептілікті жүргізу қағидалары

      1. Осы Инфекциялық, паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланулар бойынша есептілікті жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес әзірленген және халық арасындағы инфекциялық, паразиттік, кәсіптік аурулар және уланулар жағдайларын тіркеу, есепке алуды жүргізу тәртібін белгілейді.

      2. Инфекциялық, паразиттік аурулар бойынша есепті ұсыну Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 10 шілдеде № 11626 болып тіркелген "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы есепке алу мен есеп құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 мамырдағы № 415 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша мынадай тәртіппен жүргізіледі:

      1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық аудандық бөлімшелері ай сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 3-күніне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының облыстық аумақтық бөлімшесіне инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша есеп береді;

      2) басқа министрліктер мен ведомстволардың санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары ай сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 3-күніне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының облыстық аумақтық бөлімшесіне инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша есеп береді;

      3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының облыстық аумақтық бөлімшелері ай сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің "Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына (бұдан әрі – СЭСМҒПО) және денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың облыстық органын инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша есеп береді;

      4) СЭСМҒПО ай сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 8-күніне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосына инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша есеп береді.

      3. Халық арасындағы кәсіптік аурулар мен уланулар бойынша есеп ұсыну мынадай тәртіппен жүргізіледі:

      1) кәсіптік патология орталықтары және кәсіптік аурулар клиникалары ай сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 10-күніне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының облыстық аумақтық бөлімшесіне алғаш рет кәсіптік ауру диагнозы анықталған науқастардың тізімін көрсетіп есеп береді. Есепте науқастың (зардап шеккеннің) тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, жұмыс орны, анықталған диагнозы, диагноз анықталған күні көрсетіледі;

      2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының облыстық аумақтық бөлімшелері ай сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 12-күніне ай сайын СЭСМҒПО-ға кәсіптік аурулар мен уланулар бойынша есеп береді;

      3) СЭСМҒПО ай сайын есептік кезеңнен кейінгі айдың 15-күніне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосына кәсіптік аурулар мен уланулар бойынша есеп береді.