Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 7 тамыздағы № 436 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 4 қыркүйекте № 12021 болып тіркелді

Жаңартылған

      «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 387 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті туралы ереже бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті (Қ.Е. Баеділов) заңнамада белгіленген тәртіппен мыналарды:
      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Б. Сұлтанов

Қазақстан Республикасы
Қаржы Министрінің 
2015 жылғы 7 тамыздағы
№ 436 бұйрығымен  
бекітілген   

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің
Қазынашылық комитеті туралы ереже

1. Жалпы ереже

      1. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті (бұдан әрі - Комитет) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ведомствосы болып табылады, ол орталық атқарушы органның құзыреті шегінде республикалық бюджеттің атқарылуы мен жергілікті бюджеттердің атқарылуына, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына қызмет көрсету саласында іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады.
      2. Комитет өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Комитет мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгінiң қазынашылық органдарында шоттары және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнде (бұдан әрі – Бюджет кодексі), Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де шоттары болады.
      4. Комитеттің мемлекеттiк мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын және тарататын аумақтық органдары бар, оларға: Комитеттің бақылауындағы және оған есеп беретін облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша қазынашылық департаменттері, аудандық, қалалық, қалалардағы аудандық қазынашылық басқармалары жатады.
      5. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан кіреді.
      6. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен жеке қолданылатын құқықтық актілер шығарады, олар Комитет төрағасының немесе оның міндетін атқарушының бұйрықтарымен ресімделеді.
      7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      8. Комитеттің заңды мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Жеңіс даңғылы, 11.
      9. Комитеттің толық атауы – «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттiк мекемесi.
      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Комитеттің қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      12. Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      13. Егер Комитетке заңнамалық актiлермен кірістер әкелетін қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осы қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жіберіледі.

2. Комитеттің мiндеттерi, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Комитеттің міндеттері:
      1) республикалық бюджеттің атқарылуы мен жергілікті бюджеттердің атқарылуына, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына қызмет көрсету;
      2) мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, республикалық бюджет бойынша түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын қалыптастыру және бекiту;
      3) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің республикалық, жергілікті бюджеттердің, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының және Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі - ЕЭО) мүше мемлекеттердің бюджеттерінің арасында бөлінуін және әртүрлі деңгейлердегі бюджеттерге есепке жатқызылуын қамтамасыз ету;
      4) республикалық бюджеттің атқарылуы, жергілікті бюджеттердің атқарылуына қазынашылық қызмет көрсету, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына қызмет көрсету сапасын арттыруға, қазынашылық ақпараттық жүйелерінің іркіліссіз жұмыс істеуі мен қазынашылық ақпараттық жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қазынашылық ақпараттық жүйелерін жетілдіру;
      5) бюджеттік есепке алудың жүргізілуін қамтамасыз ету;
      6) республикалық және жергілікті бюджеттер бойынша қаржылық есептілікті шоғырландыру;
      7) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелерін республикалық және жергілікті бюджеттер бойынша бюджеттік есептілікпен қамтамасыз ету;
      8) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастық;
      9) Еуразиялық экономикалық одақ бойынша Комитеттің құзыреті шегінде халықаралық шарттардың жобаларын дайындауда қатысу;
      10) Бюджеттің ақшасын басқару;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындау.
      15. Комитеттің функциялары:
      1) қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын және бюджет заңнамасында көзделген шоттарды ашу, жүргiзу және жабу;
      2) Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ұсынған Түсiмдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, республикалық бюджеттің мiндеттемелері бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын қалыптастыру кезінде мiндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының (сыртқы қарыз алу мен кредиттеуді ескерусіз) жобаларын Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы қаулысына сәйкестігі тұрғысынан қабылдап алу және тексеру;
      3) өзгерістері мен толықтыруларын ескере отырып, республикалық және жергілікті бюджеттер бойынша түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын қазынашылықтың интеграцияланған ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі - ҚААЖ) енгізу;
      4) жылдық сомаларды қоса алғанда, түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістері мен толықтырулар енгізу;
      5) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша есептік деректерді тұрақты және жүйелі жеткізу бөлігінде бюджеттiк мониторингтi және міндеттемелерді уақтылы қабылдамау, республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша (сыртқы қарыз алу мен кредиттеуді ескерусіз) төлемдерді уақтылы жүргізбеу себептерін анықтау мақсатында республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінен ақпарат жинауды жүзеге асыруда қатысу;
      7) ҚААЖ–да Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жүргізу;
      8) ҚААЖ–да Мемлекеттік мекемелердің анықтамалығын жүргізу;
      9) Мемлекеттік мекемелердің азаматтық-құқықтық мәмілелерін тіркеу;
      10) түсімдердің әртүрлі деңгейлердегі бюджеттерге, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге бөліну нормативтерін ҚААЖ-да жүргізу;
      11) түсімдердің бөлінуін қайта есептеу (облыстардың мәслихаттары шешімі бойынша нормативтердің өзгеруі нәтижесінде);
      12) түсiмдердi бiрыңғай қазынашылық шотқа есепке жатқызу;
      13) кейіннен тиісті қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына есепке жатқыза отырып, түсімдердің сомаларын бюджеттер деңгейлерінің арасында, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына және ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына бөлу;
      14) түсімдердің сомаларын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының қолма-қол ақшаны бақылау шотынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі шотына аудару;
      15) ақшалай қаражатты ЕЭО-ның қолма-қол ақшаны бақылау шотынан ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі ашқан шоттарына аудару;
      16) бюджетке түсетін түсімдер бойынша есептіліктерді қалыптастыру және салыстыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мүдделі құрылымдық бөлімшелеріне, Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары мен ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына есептіліктерді ұсыну;
      17) мемлекеттiк мекемелер мен квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң міндеттемелері бойынша аударым операцияларын жүзеге асыру және есепке алу;
      18) түсімдердің артық (қате) төленген сомаларын бюджеттен қайтару және (немесе) есепке жатқызу жөніндегі мемлекеттік кірістер органдарының төлем тапсырмаларын орындау;
      19) инкассолық өкімдердің атқарылуына қызмет көрсету;
      20) мемлекеттiк мекемелер жүргізген төлемдерді қайтару кезінде кассалық шығыстарды қалпына келтіруді жүзеге асыру;
      21) бюджет заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттiк мекемелерді қолма-қол ақшамен қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
      22) ай сайын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт қажеттілігінің көлемін болжамдау;
      23) сомасын көрсете отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке кепілдендірілген және нысаналы трансферт аудару туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне өтінім жіберу;
      24) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң депозиттерiне республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң уақытша бос бюджеттiк ақшаларын орналастыру және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң депозиттерi бойынша республикалық бюджетке сыйақылар (мүдде) көлемiн болжамдау;
      25) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу есебіне жеке тұлғалар мен мемлекеттiк мекемелердің өкілдерінен қабылданған ақшаны есепке жатқызу бойынша агенттің көрсеткен қызметтеріне ақы төлеу және агенттің көрсеткен қызметтеріне ақы төлеу бойынша республикалық бюджеттен жұмсалатын қаражатты болжамдау;
      26) ҚААЖ-да операциялық күнді жабу (ұлттық және шетел валюталарындағы шоттар бойынша банктік үзінділерге тексеруді жүзеге асыру);
      27) шетел валютасында шоттар бойынша операцияларды жүзеге асыру және олардың есебін жүргізу;
      28) мемлекеттiк мекемелерде бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті жасау тәртібін айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      29) бюджеттік есеп пен есептілікті күн сайын қалыптастыру;
      30) республикалық және жергілікті бюджеттер бойынша шоғырландырылған қаржылық есептілік жасау;
      31) мемлекеттiк және жергiлiктi бюджеттер бойынша тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi) өткiзуден түскен ақша түсiмдерi мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы, демеушiлiк және қайырымдылық көмектен түскен ақшаның түсуi мен жұмсалуы жоспарларының орындалуы туралы есептерді жасау және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелеріне ұсыну;
      32) мемлекеттiк және жергiлiктi бюджеттердің атқарылуы туралы деректерді дайындау және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелеріне ұсыну;
      33) мемлекеттiк және жергiлiктi бюджеттердің дебиторлық және кредиторлық берешектері туралы жиынтық есептерді жасау және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелеріне ұсыну;
      34) үкіметтік сыртқы қарыз шоттарының, байланысты гранттардың, республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру мен бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес қазынашылық органдарында ашылған сыртқы қарыз арнайы шоттарынан қаражат алуға бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өтінімдерін қарау және келісу;
      35) үкіметтік сыртқы қарыздар мен байланысты гранттар қаражатының түсуі мен жұмсалуы жөнінде ай сайын жиынтық есептілікті қалыптастыру. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қалыптастыру үшін есепті кезеңдегі тиісті деректерді ҚААЖ-ға енгізу. Сыртқы қарыздардың игерілуі мен республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру қаражатының жұмсалуы бойынша тоқсан сайынғы есептілікті қалыптастыру;
      36) кредиттік шарттар бойынша төлеуге жататын сыйақы сомаларын есептеу жүргізу мен республикалық бюджетке негізгі борыштың, сыйақылар мен басқа да төлемдердің тиесілі сомаларын Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың тиісті кодтарына төлеу туралы қарыз алушыларды хабардар ету;
      37) бюджеттік кредиттеу нәтижесінде туындайтын үкіметтік талаптар бойынша, оның ішінде мемлекет кепілдіктері мен кепілгерліктері бойынша міндеттемелерін мемлекеттің орындауымен байланысты талаптар бойынша борыштық міндеттемелерді есепке алуды қамтамасыз ету;
      38) бюджеттік кредиттер мен олардың қалдықтары бойынша қарыз алушылардың республикалық бюджет алдындағы берешектерін өтеуі жөнінде ай сайынғы, тоқсан сайынғы, жыл сайынғы жиынтық ақпаратты қалыптастыруы және осы ақпаратты тиісті пайдаланушыларға нәтижелерді бағалау және мониторинг жүргізу үшін беру;
      39) Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарынан бюджеттік кредиттер бойынша мерзімі өткен міндеттемелерді өндіріп алу жөнінде іс-шаралар ұйымдастыру;
      40) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң борыштық міндеттемелері бойынша төлемдерді жүргізу рәсімдерін жүзеге асыру және есепке алу (қазынашылық ақпараттық жүйесінде төлемдердің ай сайынғы кестесін бекіту, төлеуге берілетін шоттарды алу және қалыптастыру, төлеуге берілетін қорытындыларды ресімдеу, құжаттарды қалыптастыру және келісу және т.б.);
      41) мемлекеттік қарыздарды (Қаржы министрлігі шығарған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қысқа мерзімді ноталарын қоспағанда), мемлекеттік кепілдіктерді, мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерліктерін, мемлекет кепілгерлігімен берілген қарыздарды, сондай-ақ қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер мен Қаржы министрлігі жасасқан кредиттік шарттар мен оларға қосымша шарттарды тіркеу;
      42) республикалық және жергілікті бюджеттердiң атқарылуы жөніндегі есептілікті және бюджет заңнамасына сәйкес өзге де есептілікті мүдделі мемлекеттік органдарға ұсынуы;
      43) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақша қозғалысы туралы есепті дайындау және ұсыну;
      44) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдері мен пайдаланылуы туралы есепті жасау;
      45) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы жылдық есепті жасау;
      46) ҚААЖ-ның төлем жүйелерімен өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
      47) қазынашылық ақпараттық жүйелерінің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
      48) қазынашылық ақпараттық жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      49) мемлекеттiк мекемелер ұсынатын қаржылық құжаттардың бюджет заңнамасына сәйкестігіне алдын ала және ағымдағы бақылау;
      50) мемлекеттiк мекемелердiң жеке қаржыландыру жоспарларының жиынтық қаржыландыру жоспарына сәйкестiгiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кодтарына сәйкестігін бақылау;
      51) тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi) өткiзуден түскен ақшаны есепке жатқызудың дұрыстығын бақылау;
      52) мемлекеттiк мекемелер ұсынатын мiндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларының, түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарларының, мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарларының, жеке қаржыландыру жоспарларына, түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарларына, мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерiстер енгiзу туралы анықтамалардың, төлем тапсырмаларының, төлеуге ұсынылатын шоттардың, азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң бюджет заңнамасына сәйкес келуiн тексерудi жүзеге асыру;
      53) квазимемлекеттiк сектор субъектiлерi ұсынатын төлем тапсырмаларына тексерудi жүзеге асыру;
      54) тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi) өткiзуден түскен ақшаның жұмсалуы жөніндегі операциялардың жүргізілуін бақылау;
      55) шетелдік валюталарды айырбастауға, қайта айырбастауға мемлекеттiк мекемелер ұсынатын өтінімдерді, шетелдік валютада ақша аударуға берілген өтініштерді бюджет заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан тексеруді жүзеге асыру;
      56) республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң және республикалық бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелердiң тоқсандық және жылдық бюджеттiк есептiлiктерiн қабылдауды және тексерудi жүзеге асыру;
      57) ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарынан алынған кеден баждарының сомалары жөніндегі ақпаратты салыстыруды жүзеге асыру;
      58) аумақтық қазынашылық бөлімшелерінің жұмыс істеуі кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау;
      59) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң және қабылдануы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнде көзделген бюджеттiң атқарылу тәртiбiн айқындайтын басқа да нормативтiк құқықтық актiлер талаптарының бұзылуы кезiнде мемлекеттiк мекемелер төлемдерiнiң жүзеге асырылуын тоқтата тұру;
      60) бағалы қағаздардың ішкі нарығында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарын шығару;
      61) капиталдың сыртқы нарығында мемлекеттiк бағалы қағаздар шығару бойынша іс-шараларды ұйымдастыру;
      62) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ішкі борышын өтеу және оған қызмет көрсету бойынша төлемдер жүргізу;
      63) республикалық бюджеттің атқарылуы мен жергілікті бюджеттердің атқарылуына, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына қызмет көрсету саласында, сондай-ақ құзыреті шегінде ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің Қазақстан Республикасында ратификацияланған халықаралық шарттарын орындау саласында аумақтық қазынашылық органдарының қызметін үйлестіру, бюджет заңнамасы нормаларының сақталуы мәселелері бойынша аумақтық органдарға тексерулер жүргізеді, сондай-ақ аумақтық органдардың өздеріне белгіленген тәртіппен жүктелген функцияларды тиісінше орындауына бақылауды жүзеге асырады;
      64) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
      16. Комитеттің құқықтары мен міндеттері:
      Құқықтары:
      1) мемлекеттiк мекемелерден республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуын ұйымдастыру үшін қажетті ақпарат пен мәліметтерді алу, ал оларды уақтылы ұсынбаған жағдайда бухгалтерлік есептілікті сұрату;
      2) қаржылық тәртіпті сақтауға, мемлекет қаражатын мақсатқа сай және тиімді пайдалануға бағытталған ұсыныстар енгізу;
      3) бірыңғай қазынашылық шоттары болуы және теңгемен және шетелдік валютада банктік шоттары болуы;
      4) инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жауапты мемлекеттік органдардан үкіметтік сыртқы қарыз қаражатының түсуі (игерілуі) және жұмсалуы туралы есептер сұрату және алу;
      5) шетелдік елдердің қазынашылық жұмыстарының тәжірибесін практикалық пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      6) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен келісу бойынша түсімдердің болжамды көлемін ескере отырып, бюджеттік бағдарламалар бойынша төлемдерді жүзеге асырудың ай сайынғы кестесіне өзгерістер енгізу;
      Міндеттер:
      7) мемлекеттік мекемелердің қаржылық құжаттарында бұзушылықтар айқындалған кезде оларды тиісті органдардың қарауына жіберу;
      8) республикалық бюджеттің атқарылуы мен жергілікті бюджеттердің атқарылуы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына қызмет көрсету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарау;
      9) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық бөлімшелерінің қызметтеріне тексеруді жүзеге асыру, оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;
      10) түсуi мен жұмсалуы ұлттық және шетелдік валютада (оларды жүзеге асыруға үшінші тұлғаларға өкілеттік беру құқығынсыз) мынадай: мемлекеттік бюджетке қатысты және оның есебінен, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi) өткiзуінен түскен ақшаға; Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олар алатын, мемлекеттік мекемелер үшін демеушiлiк, қайырымдылық көмектен түскен ақшаға; Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қайтарымдылық не белгілі бір жағдайлар туындағанда тиісті бюджетке немесе үшінші тұлғаларға аудару шартымен мемлекеттік мекемелерге беретін ақшаларына; тиісті қаржы жылына арнап республикалық бюджет туралы заңда не жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімінде квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң жарғылық капиталдарын ұлғайту және оларды инвестициялық жобаларды іске асыруға;
      қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын және бюджет заңнамасында көзделген шоттарды ашу, жүргiзу және жабуға;
      аударым операцияларына: мемлекеттік мекемелердің төлеуге берілетін шоттарының, мемлекеттік кірістер органдары мен квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң төлем тапсырмаларының негізінде төлемдер жүргізуге пайдалану үшін көзделген ақшаға қатысты банктік операцияларды жүзеге асыру;
      аккредитив ашу, ол бойынша міндеттемелер орындау және жабу.

3. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      17. Комитет аумақтық бөлімшелерге басшылық етуді жүзеге асырады.
      18. Комитетті Қазақстан Республикасы Қаржы министрі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
      Комитет төрағасының екі орынбасары болады, оларды заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      19. облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша қазынашылық департаменттерінің басшыларын Комитет төрағасының ұсынуымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Төраға Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және басқарады және Комитетке жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалмағаны үшін дербес жауапты болады.
      21. Комитет төрағасы мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
      1) өз орынбасарларының, Комитеттің аумақтық органдары басшыларының және құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
      2) заңнамаға сәйкес мыналарды:
      Комитет қызметкерлерін;
      Облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша қазынашылық департаменттері басшыларының орынбасарларын;
      Облыстар және Алматы қаласы бойынша қазынашылық департаменттерінің аудандық, қалалық, қалалардағы аудандық қазынашылық басқармаларының басшыларын;
      Облыстар бойынша қазынашылық департаменттерінің ведомстволық бақылау қызметінің басшыларын лауазымға тағайындайды және қызметтен босатады;
      3) заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады;
      4) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы, облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша қазынашылық департаменттері туралы, облыстар және Алматы қаласы бойынша қазынашылық департаменттерінің аудандық, қалалық, қалалардағы аудандық қазынашылық басқармалары туралы ережелерді бекітеді;
      5) Комитеттің штат саны лимитінің шегінде штаттық кестені бекітеді;
      6) белгіленген тәртіппен Комитет қызметкерлері мен Облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша қазынашылық департаменттерінің басшыларын іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақы төлеу және сыйлықақылар беру мәселелерін шешеді;
      7) құзыретінің шегінде Комитеттің нормативтік құқықтық және құқықтық актілеріне қол қояды;
      8) заңнамаға сәйкес Комитетті барлық мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда білдіреді;
      9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша дербес жауапты болады;
      10) Комитеттің заң бөлімшесіне жетекшілік етеді;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 02.03.2016 № 95 (алғаш ресми жарияланғаннан күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      22. Комитет төрағасы болмаған кезде оның міндеттерін Комитет төрағасы айқындайтын өзінің орынбасарларының бірі атқарады.
      23. Комитет қазынашылық органдарының қызметтерінің мәселелерін қарайтын және консультативтік-кеңес органы болып табылатын алқа құруы мүмкін. Алқаның саны мен дербес құрамын Комитет төрағасы бекітеді.

4. Комитеттің мүлкі

      24. Комитеттің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      25. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      26. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Комитеттің өзіне бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Комитеттің қайта ұйымдастырылуы және таратылуы

      27. Комитеттің қайта ұйымдастырылуы және таратылуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.