Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2015 жылғы 28 шілдедегі № 626 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 27 тамызда № 11958 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 46-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін мерзімдік баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Денсаулық сақтау және


әлеуметтік даму министрінің


міндетін атқарушы

Б. Нұрымбетов


  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
міндетін атқарушының
2015 жылғы 28 шілдедегі
№ 626 бұйрығымен
бекітілген

Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 46-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және медициналық ұйымдарда азаматтарға консультациялық-диагностикалық көмек көрсету тәртібін анықтайды.

      2. Консультациялық-диагностикалық көмекті:

      1) консультациялық-диагностикалық орталықтар;

      2) консультациялық-диагностикалық емханалар;

      3) консультациялық-диагностикалық бөлімшелер көрсетеді.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бейінді маман – жоғары медициналық білімі, белгілі бір мамандық бойынша сертификаты бар медицина қызметкері;

      2) жоғары мамандандырылған медициналық көмек – диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың ең жаңа технологияларын пайдалануды талап ететін аурулар кезінде медициналық ұйымдарда бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек;

      3) консультациялық-диагностикалық көмек (бұдан әрі – КДК) – тәулік бойы медициналық бақылау жасалмайтын, мамандандырылған немесе жоғары мамандандырылған медициналық көмек;

      4) мамандандырылған медициналық көмек – диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың мамандандырылған әдістерін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін, оның ішінде телемедицина құралын пайдалана отырып көрсететін медициналық көмек;

      5) медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігері - тәулік бойы медициналық бақылау жасамайтын, білікті медициналық көмек көрсететін жалпы практика дәрігері, учаскелік терапевт немесе педиатр;

      6) пациент – медициналық қызметтер көрсетудің тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке тұлға.

2. Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету тәртібі

      4. Пациенттерге КДК-ны медициналық ұйымдар еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізуді қамтитын медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы болған жағдайда профилактикалық, диагностикалық және емдеу қызметтерін ұсыну арқылы көрсетеді.

      5. Бейінді маманның пациентке КДК көрсетуі жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету жағдайларын қоспағанда, медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) дәрігерінің немесе басқа бейінді маманның жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.

      6. Барлық деңгейде КДК алу үшін пациентті жіберу кезінде МСАК дәрігері немесе басқа бейінді маман "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) (бұдан әрі – Бұйрық) № 001-4/е нысан бойынша жолдаманы және № 027/е нысан бойынша медициналық картадан көшірмені толтырады.

      7. Республикалық деңгейде КДК алу үшін пациенттерді жолдау "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысымен бекітілген консультациялық-диагностикалық қызмет түрлерімен сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде жүзеге асырылады.

      8. Республикалық деңгейде КДК алу үшін пациенттерді жолдау меншік нысанына қарамастан облыстардың, Астана және Алматы қалаларының медициналық ұйымдарынан, медициналық ұйымдарда (бұдан әрі – МҰ Комиссиясы) және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармаларында (бұдан әрі – ДСБ Комиссиясы) құрылған Комиссиялар жүзеге асырады.

      МҰ Комиссиясының құрамына ЖПД немесе учаскелік дәрігер, сондай-ақ бейінді маман (қажет болған жағдайда) міндетті түрде енгізіледі.

      9. МҰ Комиссиясы 2 жұмыс күнінің ішінде республикалық деңгейде КДК алуға пациенттің құжаттарын тексереді және жолдау немесе бас тарту (көрсетілімдер болмаған жағдайда) жөнінде шешім қабылдайды.

      10. МҰ Комиссиясы республикалық деңгейде КДК алуға пациентті жолдауға оң шешім қабылдағанда 2 жұмыс күнінің ішінде пациенттің құжаттарын ДСБ Комиссиясына жолдайды.

      11. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармалары пациенттің құжаты түскен сәттен бастап 3 жұмыс күнінің ішінде, ДСБ Комиссиясының шешімінің негізінде медициналық ұйымға немесе пациентке бұйрықпен бекітілген № 021/е нысаны бойынша жоғары мамандандырылған консультациялық-диагностикалық көмек алуға жолдама береді.

      Пациентке республикалық деңгейде КДК көрсетуден бас тартқан жағдайда облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармалары 3 жұмыс күнінің ішінде жолдама берген медициналық ұйымға немесе пациентке жазбаша дәлелденген бас тартуды қоса бере отырып, құжаттарды қайтарады.

      12. ТМККК шеңберінде республикалық деңгейдегі медициналық ұйымға жіберу:

      диагнозды растау үшін күрделі, анық емес оқиғаларды сараланған диагностикалау;

      сирек кездесетін, орфандық ауруларды диагностикалау;

      зерттеп-қарау, емдеу тәсілін, сондай-ақ еңбекке жарамсыздықты сараптамалық бағалау тәсілін айқындауда даулы жағдайларды шешу;

      шетелде ем алуға жіберу үшін көрсетілімдердің болуын айқындау;

      халықтың әлеуметтік осал топтарынан аурудың ауыр ағымымен пациенттерді емдеу тәсілін анықтау;

      аурулардың жиі рецидивтері мен декомпенсациясы жағдайларында пациенттерді зерттеп-қарау және емдеу тәсілін айқындау;

      МСАК деңгейінде өткізілген емдеу іс-шараларының тиімсіздігі кезінде диагностикалау және емдеу қажет болған жағдайларда жүзеге асырылады.

      13. КДК көрсеткен бейінді маман пациентті консультацияға жіберген МСАК дәрігеріне немесе басқа бейінді маманға өткізілген тексеріп-қарау мен емдеудің қорытындылары көрсетілген, сондай-ақ пациентті бұдан әрі емдеу бойынша ұсынымдар көрсетілген, бұйрықпен бекітілген № 071/е нысан бойынша медициналық қорытындыны (бұдан әрі – консультациялық-диагностикалық қорытынды) ұсынады.

      14. МСАК дәрігері немесе басқа бейінді маман КДК көрсеткен бейінді маманның ұсынымдарына сәйкес консультациялық-диагностикалық қорытындыны алғаннан кейін пациентті одан әрі бақылауды жүзеге асырады.

      15. Көрсетілімдер болған жағдайда КДК көрсетуді жүзеге асырушы медициналық ұйымның бейінді маманы науқасты Кодекстің 47-бабының 3-тармағының негізінде стационарлық ем алуға жібереді.

      16. КДК көрсеткен бейінді маман көрсетілімдер болған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және (немесе) анықтаманы береді немесе ұзартады, ал еңбекке жарамдылығын тұрақты жоғалтқан жағдайда медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу үшін құжаттарды рәсімдеуге ұсынымдар береді.

      17. КДК көрсеткен бейінді маман жоғарыда көрсетілген бұйрыққа сәйкес бастапқы медициналық құжаттама жүргізуді, "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 наурыздағы Заңымен және "Денсаулық сақтау субъектілерінің әкімшілік деректерін жинауға арналған нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 6 наурыздағы № 128 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8421 болып тіркелген) белгіленген нысандар, түрлер бойынша, көлемде, тәртіпте және мерзімде есептерді ұсынуды қамтамасыз етеді.

      18. Республикалық деңгейдегі медициналық ұйымдарда КДК көрсетуге облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармалары:

      медициналық ұйымдарға КДК көрсетуге бөлінетін көлемдерді бөлуді жүргізуі;

      КДК көрсетуге көлемдерді игеру жөніндегі жұмыстарды орындау мониторингін жүргізуі қажет.