«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 26-бабының 12-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаментінің бастығы заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми жариялауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі И. Тасмағамбетов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Сәрінжіпов
2015 жылғы «__»____________
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2015 жылғы 11 маусымдағы
№ 328 бұйрығымен
бекітілген
Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің кәсіптік оқу
бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс
министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидалары 1. Жалпы ережелер
1. Осы Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі, «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетіне (бұдан әрі – ҰҚУ) қабылдау тәртібін айқындайды.
2. ҰҚУ магистратурасында оқыту мынадай басқару деңгейлері бойынша жүзеге асырылады:
1) жедел-тактикалық басқару деңгейі – «Әскери және әкімшілік басқару» мамандығы бойынша бейіндік және ғылыми-педагогикалық магистратура;
2) стратегиялық және жедел-стратегиялық басқару деңгейі – «Әскери және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша бейіндік және ғылыми-педагогикалық магистратура.
ҰҚУ докторантурасында «Әскери іс және қауіпсіздік» мамандықтар тобы бойынша жедел-тактикалық, стратегиялық және жедел-стратегиялық басқару деңгейлерінде ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жүргізіледі.
3. ҰҚУ-ға қабылдау үшін оқуға түсушілерді алдын ала іріктеуді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекіткен қабылдау жоспары негізінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті жүргізеді. Қабылдау жоспарын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Білім және ғылым департаменті (бұдан әрі – БҒД) әзірлейді.
4. Алдын ала іріктелген оқуға түсушілердің тізімі БҒД-ға және ҰҚУ-ға жолданады.
5. ҰҚУ-ға осы Қағидалардың талаптары негізінде қабылдау жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының офицерлері қабылданады.
Басқа мемлекеттердің офицерлері халықаралық уағдаластықтар мен келісімдер негізінде ұсынылған өтінімдерге және қабылдау жоспарында айқындалған орындар санына сәйкес қабылданады.
2. ҰҚУ-ға қабылдау тәртібі
6. Оқуға қабылдау жылының 15 маусымына дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ҰҚУ бастығы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлерінің бас қолбасшылары, Кадрлар департаментінің, Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының бастықтары БҒД-ға оқуға қабылдау жылының 1 шілдесіне дейін әзірленетін қабылдау комиссиясының құрамын бекіту туралы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бұйрығының жобасына қосу үшін өкілдер жөніндегі мәліметтерді ұсынады.
7. ҰҚУ бастығының бұйрығымен ҰҚУ мамандықтары бойынша емтихан комиссияларының құрамы бекітіледі.
8. Қабылдау комиссиясының төрағасы ҰҚУ бастығы болып табылады. Емтихан комиссиясының төрағасы ҰҚУ бейіндік кафедрасының немесе факультетінің бастығы болып табылады.
9. Емтихан комиссияларының құрамы оқуға түсу емтихандарына шығарылатын пәндердің оқытушыларын қамтиды.
10. Қабылдау комиссиясының төрағасы оқуға түсу жылының 30 шілдесіне дейін оқуға түсу жылының 1-10 тамызын қоса алғандағы кезеңінде оқуға түсу емтихандарын тапсыру кестесін бекітеді.
11. Оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшін оқуға түсушілерге оқу демалысы беріледі. Оқуға түсушілердің ҰҚУ-ға келуі – оқуға түсу жылының 31 шілдесі.
12. ҰҚУ қабылдау комиссиясы оқуға түсушілердегі мынадай құжаттардың түпнұсқаларын тексереді:
жеке куәлік;
офицер куәлігі;
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі 8-бабының 12) тармақшасына сәйкес бекітілетін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу ережесіне сәйкес қызмет өткерген орны бойынша әскери-медициналық мекеме ресімдеген оқуға жарамдылығы туралы әскери-дәргерлік комиссия қорытындысымен медициналық куәландыру туралы анықтама;
Ү-45 нысанындағы анықтама (әскери оқу орындарына оқуға түсушілер үшін анықтама «Қызмет бабында пайдалану үшін» шектеу белгісінсіз жасалады және сыртқы бетінен бөлім командирінің қолымен және елтаңбалы мөрмен расталады, құпия емес іс жүргізуде тіркеледі және тіркеу журналына қол қойғызумен беріледі);
өлшемі 3х4 төрт фотосурет.
13. Оқуға түсу емтихандарына рұқсатнама алу үшін оқуға түсушілер «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі дене дайындығы жөніндегі нормативтерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2014 жылғы 5 мамырдағы № 195 бұйрығымен белгіленген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеудің тізбесінде № 9518 тіркелген) дене дайындығы жөніндегі нормативтерді тапсырады және кәсіптік-психологиялық тестілеуден өтеді.
Дене дайындығы бойынша нормативтерді тапсырмаған немесе кәсіптік-психологиялық тестілеу нәтижесі бойынша ұсынылмаған оқуға түсушілер оқуға түсу емтихандарын тапсыруға жіберілмейді.
14. ҰҚУ-ға қабылдау ҰҚУ бастығы бекіткен бағдарламаларға сәйкес екі оқуға түсу емтиханының нәтижелері бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Жалпыәскери пәндер бойынша бірінші емтихан тестілеу нысанында, бейін бойынша екінші емтихан – жазбаша-ауызша нысанында өткізіледі. Оқуға түсу емтихандарына шығарылатын пәндердің тізбесі осы Қағидаларға 1-қосымшада келтірілген.
Емтихан комиссиясы тестілеуді өткізу үшін оқуға түсу емтихандары басталуынан бір ай бұрын пән бағдарламасына сәйкес тест сұрақтарының базасын жасайды. Әрбір сұрақтың 5 жауап нұсқасы және күрделілік деңгейі бар (жеңіл, орташа немесе күрделі), оның тек біреуі ғана дұрыс. База 100 сұрақтан тұратын 5 және одан көп сұрақ нұсқаларын жасауға арналған кемінде 500 тест сұрағынан құралады. Сұрақтың әрбір нұсқасында жеңіл, орташа және күрделі деңгейдегі сұрақтар саны тең бөлінеді. Тестілік емтиханда барлық оқуға түсушілер дәрісханаға бір уақытта отырғызылады. Отырғызу сұлбасы оқуға түсушілердің өзара тілдесу мүмкіндігін болдырмайды. Оқуға түсушілердің өздерімен бірге жеке куәлігі болуы қажет. Дәрісханаға тек қалам алып кіруге рұқсат етіледі. Бұдан кейін әрбір оқуға түсушіге қабылдау комиссиясы мөр басқан сұрақ нұсқаларының бірі және жауап парағы беріледі. Оқуға түсушілер жауап парағына қол қояды және тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) көрсетеді. Жауап парағын толтыру кезінде әрбір сұраққа тек бір жауап нұсқасын белгілеу қажет. Сұрақтың әрбір дұрыс жауабы 1 бал болып бағаланады. Жауаптың екі немесе одан көп жауап нұсқасы белгіленген жағдайда балдар есептелмейді. Тестілеуде барынша жоғары бал 100 балды құрайды. Бағаларды 100 балдық меже бойынша ауыстыру кестесі осы Қағидаларға 2-қосымшада келтірілген. Тестілеуге 150 минут беріледі.
Бейіні бойынша жазбаша-ауызша емтихан билет жүйесі бойынша тестілеуден кейін екі күнтізбелік күннен кейін өткізіледі. Әр билет екі теориялық сұрақты және емтиханның толық бағдарламасынан бір практикалық тапсырманы қамтиды. Емтихан 100 балдық меже бойынша бағаланады. Әр теориялық сұрақ 30 балмен, практикалық тапсырма 40 балмен бағаланады. Емтихан үшін баға жауаптың жазбаша және ауызша бөліктерінің бағасынан тұрады. Емтиханға дайындалуға және оны тапсыруға 60 минут беріледі.
Емтихан комиссиясының ұсынуы бойынша қабылдау комиссиясы үш билеттер жиынтығын құрастырады, пакеттерге бөліп салады және оларды қабылдау комиссиясының төрағасы мөрлейді. Әр жиынтықта билеттер саны кемінде емтихан тапсыратын оқуға түсушілер санынан 20%-ға артық болуы тиіс. Билеттер жиынтығындағы сұрақтар қайталанбайды. Емтихан басталар алдында емтихан тапсыратын оқуға түсушілердің бірі бір пакетті таңдайды және пакеттің тұтастығы мен бұзылмаған мөрлерінің болуына көз жеткізіп, оны көпшілік алдында ашады. Емтихан комиссиясы ашу хаттамасын жасайды. Емтихан өткізілетін дәрісханада бір уақытта тапсыратын оқуға түсушілердің саны 5 адамнан аспауға тиіс. Оқуға түсушілерге өзімен бірге тек қаламның болуына рұқсат етіледі. Емтиханда отырғызу оқуға түсушілердің өзара тілдесу мүмкіндігіне жол бермейді. Пайдаланылған билеттер шетке қойылады.
Оқуға түсу емтиханын тапсыру тәртібі бұзылған жағдайда оқуға түсуші емтиханнан шеттетіледі. Оқуға түсу емтиханын қайта тапсыруға жол берілмейді.
Оқуға түсу емтихандарын тапсыру нәтижелері келесі күнтізбелік күні екінші емтиханды тапсырғаннан кейін жарияланады.
Оқуға түсу емтиханын тапсыру нәтижелері бойынша әрбір оқуға түсушіге хаттама жасалады.
Қабылдау комиссиясының мүшелері оқуға түсу емтихандарына оқуға түсушілердің білімін бағалау құқығынсыз қатысады.
15. ҰҚУ-ға қабылдау комиссиясының жұмыс істеу кезеңінде апелляциялық комиссия құрылады.
Апелляциялық комиссияның құрамы ҰҚУ бастығының бұйрығымен бекітіледі.
Апелляциялық комиссиялар оқуға түсу емтихандарының нәтижелерімен келіспейтін оқуға түсушілердің өтініштерін қарау үшін құрылады.
Апелляцияға өтініш апелляциялық комиссия төрағасының атына оқуға түсу емтихандарының нәтижелері жарияланғаннан кейінгі келесі күнтізбелік күні сағат 10-ға дейін қабылданады және сол күнтізбелік күні қаралады.
Апелляциялық комиссия әрбір оқуға түсушімен жеке тәртіппен жұмыс істейді. Апелляциялық комиссия отырысына оқуға түсуші келмеген жағдайда оның апелляцияға өтініші қаралмайды.
Апелляциялық комиссия оқуға түсу емтиханының нәтижелеріне шағымданатын оқуға түсушіге балдар қосу туралы шешім қабылдайды.
Апелляциялық комиссияның шешімі комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар саны тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Апелляциялық комиссияның жұмысы комиссия төрағасы мен мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
16. Оқуға түсу емтихандарын тапсыру хаттамалары негізінде қабылдау комиссиясы конкурстық іріктеуді жүргізеді және ҰҚУ-ға қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту хаттамасын ресімдейді. Конкурстық іріктеуге оқуға түсу емтиханынан қанағаттанарлықсыз баға алған оқуға түсушілер жіберілмейді.
17. Оқуға түсу емтихандарын оң тапсырған оқуға түсушілер рейтингілік балына сәйкес мамандықтар бойынша конкурстық іріктеуге жіберіледі.
Рейтингілік балын есептеу кестесін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Білім және ғылым департаменті оқуға түсу жылының 1 тамызына дейін ҰҚУ-ға жолдайды.
18. ҰҚУ-ға қыбылдау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен жүзеге асырылады.
19. Қабылдау комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейін ҰҚУ бастығы БҒД-ға жүргізілген қабылдау туралы есепті ұсынады.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің
кәсіптік оқу бағдарламаларын іске
асыратын Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлігінің әскери оқу
орындарына қабылдау қағидаларына
1-қосымша
Оқуға түсу емтихандарына шығарылатын пәндер тізбесі
Р\с № |
Пәндер атауы |
Өткізу нысаны |
«Әскери және әкімшілік басқару» мамандығы бойынша магистратура |
||
1. |
Жалпыәскери пәндер бойынша тестілеу (жалпы тактика, жалпыәскери жарғылар) |
Тестілеу |
2. |
Бейіні бойынша емтихан |
ауызша-жазбаша |
«Әскери және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша магистратура |
||
1. |
Қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы басшылық құжаттар білімін тестілеу |
тестілеу |
2. |
Бейіні бойынша емтихан |
ауызша-жазбаша |
«Әскери іс және қауіпсіздік» мамандықтар тобы бойынша докторантура |
||
1. |
Қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы басшылық құжаттар білімін тестілеу |
тестілеу |
2. |
Мамандық бойынша емтихан |
ауызша-жазбаша |
Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің
кәсіптік оқу бағдарламаларын іске
асыратын Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлігінің әскери оқу
орындарына қабылдау қағидаларына
2-қосымша
Бағаларды 100 балдық бағалау межесі бойынша ауыстыру кестесі
100 балдық бағалау межесі |
4 балдық бағалау межесі |
95-100 |
Үздік (5) |
90-94 |
|
85-89 |
Жақсы (4) |
80-84 |
|
75-79 |
|
70-74 |
Қанағаттанарлық (3) |
65-69 |
|
60-64 |
|
55-59 |
|
50-54 |
|
0-49 |
Қанағаттанарлықсыз (2) |