Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 7-1/370 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 шілдеде № 11591 тіркелді

Қолданыстағы

      «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 42) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария және тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Мамытбеков

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      ______________ Е. Досаев
      2015 жылғы 8 маусым

Қазақстан Республикасы   
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 27 сәуірдегі  
№ 7-1/370 бұйрығымен    
бекітілген         

Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын
союды ұйымдастыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
      2. Сою алдында ауыл шаруашылығы жануарлары сою алдындағы ветеринариялық қарап тексеруге және ұшалары мен ағзаларын союдан кейінгі ветеринариялық-санитариялық сараптауға жатады.
      3. Союдан кейінгі ветеринариялық қарап тексеру нәтижелері бойынша ұшаға «алдын ала қарап тексеру» таңбасы қойылады.
      4. Ауыл шаруашылығы жануарларын сою алдындағы ветеринариялық қарап тексеру мен ұшалар мен ағзаларды союдан кейін ветеринариялық қарап тексеру нәтижелерін ветеринариялық дәрігер «Ветеринариялық есеп пен есептілік нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 25 ақпандағы № 16-07/114 бұйрығына (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9342 болып тіркелген) сәйкес бекітілген нысан бойынша, сойылатын жануарларды қарап тексерудің және сою пункттерi (алаңдары) мен ет комбинаттарында ет және ет өнiмдерiн ветеринариялық-санитариялық сараптау нәтижелерiн есепке алуы журналына тіркейді.

2. Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын
союды ұйымдастыру тәртібі

      5. Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын сою Заңның 8-бабының 46-14) тармақшасына сәйкес бекітілетін ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу қағидаларын (бұдан әрі – ветеринариялық-санитариялық сараптама) және Заңның 8-бабының 9) тармақшасына сәйкес бекітілген ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды сақтай отырып, Заңның 8-бабының 44) тармақшасына сәйкес бекітілетін ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) нормаларға және Заңның 8-бабының 46-2) тармақшасына сәйкес бекітілетін жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (жануарларды сою), сақтауды, өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға (бұдан әрі – ветеринариялық талаптар) сәйкес келетін сою пункттерінде немесе ет өңдеу кәсіпорындарында жүзеге асырылады.
      Сондай-ақ ет өңдеу кәсіпорындары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексінің 144-бабының 6-тармағына сәйкес бекітілген халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келуі керек.
      6. Сою пункттері немесе ет өңдеу кәсіпорындары болмаған кезеңде ауыл шаруашылығы жануарларын сою және жануар мен оның сойылған өнімін ветеринариялық қарап тексеру белгіленген ветеринариялық талаптарға сәйкес келетін сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) жүзеге асырылады.
      7. Ауыл шаруашылығы жануарларын сою сою пункттерінде, ет өңдеу кәсіпорындарында немесе «Жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмірлер беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 7-1/37 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 10466 болып тіркелген) бекітілген Жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне есептік нөмірлер беру қағидаларына сәйкес берілетін есептік нөмірлері бар сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) жүзеге асырылады.
      8. Жануарларды сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) сойған кезде ветеринариялық дәрігер:
      ауыл шаруашылығы жануарында жеке нөмірінің, ветеринариялық паспортының және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда немесе одан алынған үзінді-көшірмеде өткізілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулер туралы мәліметтердің болуын тексеруді;
      ветеринариялық қағидаларға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын сою алдында ветеринариялық қарап тексеруді және ұшалар мен ішкі ағзаларды союдан кейін қарап тексеруді, ұшаларды таңбалауды жүргізеді.
      Ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) сойған кезде ұшасы Заңның 8-бабының 46-4) тармақшасына сәйкес бекітілетін Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларына (бұдан әрі - Ветеринариялық құжаттарды беру қағидалары) және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарға сәйкес жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестігін анықтау жөніндегі өндірістік бақылау бөлімшесінің аттестатталған ветеринариялық дәрігері немесе жергілікті атқарушы орган құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы маманы берген, жануарды сою алдында ветеринариялық қарап тексеру және ұшалар мен ағзаларды союдан кейін ветеринариялық қарап тексеру нәтижелері көрсетілген тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағының салауаттылығы туралы ветеринариялық анықтамамен бірге жүреді.
      Ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңында) сою нәтижесінде алынған ұшалар мен ағзалар өткізудің алдында ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтеді.
      9. Сою пункттерінде немесе ет өңдеу кәсіпорындарында сойған кезде ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасының немесе өндірістік бақылау бөлімшесінің ветеринариялық дәрігері:
      ауыл шаруашылығы жануарында жеке нөмірінің, ветеринариялық паспорттың және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда немесе одан алынған үзінді-көшірмеде өткізілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулер туралы мәліметтердің болуын тексеруді;
      ветеринариялық қағидаларға және «Сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 7-1/19 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 10410 болып тіркелген) бекітілген Сараптама актісін беру қағидаларына (сынақ хаттамасы) сәйкес жануарды сою алдында ветеринариялық қарап тексеруді және ұшалар мен ішкі ағзаларды союдан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптауды, сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беруді, ұшаларды таңбалауды жүргізеді.
      Ауыл шаруашылығы жануарларын сою пункттерінде немесе ет өңдеу кәсіпорындарында сойған кезде ұшасы ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасының немесе өндірістік бақылау бөлімшесінің сараптама актісі (сынақ хаттамасы) негізінде Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларына сәйкес берілген ветеринариялық анықтамамен бірге жүреді. Ветеринариялық анықтамада сараптама актісің (сынақ хаттамасының) берілген күні мен нөмірі көрсетіледі.
      10. Жануарлардан алынатын өнімдер (ет және ет өнімдері) мен шикізатты ішкі сауда объектілерінде өткізуге ауыл шаруашылығы жануарының осы Қағидалардың талаптарына сәйкес сойылғандығын растайтын ветеринариялық құжаттар болған кезде ғана жол беріледі.