Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 7-1/370 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 шілдеде № 11591 тіркелді.

Жаңартылған

      "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 42) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария және тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

А. Мамытбеков

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ______________ Е. Досаев

      2015 жылғы 8 маусым



  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 27 сәуірдегі
№ 7-1/370 бұйрығымен
бекітілген

Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын
союды ұйымдастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.10.2020 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Сою алдында ауыл шаруашылығы жануарлары сою алдындағы ветеринариялық қарап тексеруге және ұшалары мен ағзаларын союдан кейінгі ветеринариялық-санитариялық сараптауға жатады.

      3. Союдан кейінгі ветеринариялық қарап тексеру нәтижелері бойынша ұшаға "алдын ала қарап тексеру" таңбасы қойылады.

      4. Ауыл шаруашылығы жануарларын сою алдындағы ветеринариялық қарап тексеру мен ұшалар мен ағзаларды союдан кейін ветеринариялық қарап тексеру нәтижелерін ветеринариялық дәрігер "Ветеринариялық есеп пен есептілік нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 25 ақпандағы № 16-07/114 бұйрығына (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9342 болып тіркелген) сәйкес бекітілген нысан бойынша, сойылатын жануарларды қарап тексерудің және сою пункттерi (алаңдары) мен ет комбинаттарында ет және ет өнiмдерiн ветеринариялық-санитариялық сараптау нәтижелерiн есепке алуы журналына тіркейді.

2-тарау. Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союды ұйымдастыру тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.10.2020 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын сою Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11940 болып тіркелген) бекітілген ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар (бұдан әрі – ветеринариялық қағидалар) сақтай отырылып, Заңның 8-бабының 44) тармақшасына сәйкес бекітілетін ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) нормаларға және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 18 қыркүйектегі № 7-1/832 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12208 болып тіркелген) бекітілген жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (жануарларды сою), сақтауды, өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға (бұдан әрі – ветеринариялық талаптар) сәйкес келетін сою пункттерінде немесе ет өңдеу кәсіпорындарында жүзеге асырылады.

      Сондай-ақ, ет өңдеу кәсіпорындарының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 94-бабының 4-тармағына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келуін қамтамасыз ету қажет.

      Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес келмейтін орындарда союға жол берілмейді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.10.2020 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Сою пункттері немесе ет өңдеу кәсіпорындары болмаған кезеңде ауыл шаруашылығы жануарларын сою және жануар мен оның сойылған өнімін ветеринариялық қарап тексеру белгіленген ветеринариялық талаптарға сәйкес келетін сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) жүзеге асырылады.

      7. Ауыл шаруашылығы жануарларын сою Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 7-1/37 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 10466 болып тіркелген) бекітілген Жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмірлер беру қағидаларына сәйкес берілген есептік нөмірлері бар сою пункттерінде, ет өңдеу кәсіпорындарында немесе сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) жүзеге асырылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.10.2020 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) жануарларды сойған кезде ветеринариялық дәрігер:

      союға түскен ауыл шаруашылығы жануарларына (немесе жеке жануарға) ілеспе ветеринариялық құжаттың (ветеринариялық анықтама немесе ветеринариялық сертификат) болуын, және ауыл шаруашылығы жануарларын (немесе жеке жануарды) ілеспе ветеринариялық құжатқа сәйкестігін тексеру (жануарларды өндіруді, дайындауды (союды), жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты сақтауды, қайта өңдеуді және жүзеге асыру бірыңғай технологиялық циклде жүзеге асыратын ұйымдар үшін талап етілмейді);

      ауыл шаруашылығы жануарында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11127 болып тіркелген) бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларына (бұдан әрі – Бірдейлендіру қағидалары) сәйкес берілген жеке нөмірінің, ветеринариялық паспортының және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2010 жылғы 2 маусымдағы N 367 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6321 болып тіркелген) бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру жөнiндегi деректер базасын қалыптастыру және жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру қағидаларына (бұдан әрі – Деректер базасын қалыптастыру және жүргізу қағидалары) сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда немесе одан алынған үзінді-көшірмеде өткізілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулер туралы мәліметтердің болуын тексеруді;

      ветеринариялық қағидаларға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын сою алдында ветеринариялық қарап тексеруді және ұшалар мен ішкі ағзаларды союдан кейін қарап тексеруді, ұшаларды таңбалауды жүргізеді.

      Ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) сойған кезде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11898 болып тіркелген) бекітілген Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларына және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарға (бұдан әрі – Ветеринариялық құжаттарды беру қағидалары) сәйкес жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестігін анықтау жөніндегі өндірістік бақылау бөлімшесінің ветеринариялық дәрігері немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы маманы берген, жануарды сою алдында ветеринариялық қарап тексеру және ұшалар мен ағзаларды союдан кейін ветеринариялық қарап тексеру нәтижелері көрсетілген тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағының саламаттылығы туралы ветеринариялық анықтама ұшамен бірге жүреді.

      Сою алаңында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңында) ауыл шаруашылығы жануарларын сою нәтижесінде алынған ұшалар мен ағзалар өткізу алдында ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.10.2020 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Сою пункттерінде немесе ет өңдеу кәсіпорындарында сойған кезде ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасының немесе өндірістік бақылау бөлімшесінің ветеринариялық дәрігері:

      союға түскен ауыл шаруашылығы жануарларына (немесе жеке жануарға) ілеспе ветеринариялық құжаттың (ветеринариялық анықтама немесе ветеринариялық сертификат) болуын, және ауыл шаруашылығы жануарларын (немесе жеке жануарды) ілеспе ветеринариялық құжатқа сәйкестігін тексеру (жануарларды өндіруді, дайындауды (союды), жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты сақтауды, қайта өңдеуді және жүзеге асыру бірыңғай технологиялық циклде жүзеге асыратын ұйымдар үшін талап етілмейді);

      Ауыл шаруашылығы жануарында Бірдейлендіру қағидаларына сәйкес берілген жеке нөмірінің, ветеринариялық паспорттың және Деректер базасын қалыптастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорда немесе одан алынған үзінді-көшірмеде өткізілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулер туралы мәліметтердің болуын тексеруді;

      ветеринариялық қағидаларға және "Сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 7-1/19 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10410 болып тіркелген) бекітілген Сараптама актісін беру қағидаларына (сынақ хаттамасы) сәйкес сою алдында термометрия жүргізе отырып, жануарды ветеринариялық қарап тексеруді және ұшалар мен ішкі ағзаларды союдан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткізуді, сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беруді, ұшаларды таңбалауды жүргізеді.

      Сою пункттерінде немесе ет өңдеу кәсіпорындарында ауыл шаруашылығы жануарларын сойған кезде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің диагностикасы және ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелері бойынша ветеринариялық зертханалардың сараптама актісінің (сынақ хаттамасы) негізінде Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларына сәйкес берілген ветеринариялық анықтама ұшамен бірге жүреді. Ветеринариялық анықтамада сараптама актісінің (сынақ хаттамасының) берілген күні мен нөмірі көрсетіледі.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы мамандарына немесе жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестігін айқындау жөніндегі өндірістік бақылау бөлімшесінің ветеринариялық дәрігерлеріне осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген объектілерде сойылмаған, Кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларының ұшасына, сойылған өнімдеріне ветеринариялық анықтама беруге жол берілмейді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.10.2020 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Жануарлардан алынатын өнімдер (ет және ет өнімдері) мен шикізатты ішкі сауда объектілерінде өткізуге ауыл шаруашылығы жануарының осы Қағидалардың талаптарына сәйкес сойылғандығын растайтын ветеринариялық құжаттар болған кезде ғана жол беріледі.