Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарды басқару қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 229 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 маусымда № 11475 болып тіркелді

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 17-бабының 38-8)-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарды басқару қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Қалдықтарды басқару департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы энергетика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Энергетика министрі                    В. Школьник

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрі
      Б. Сұлтанов_____________
      14 мамыр 2015 ж.

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық экономика министрі
      Е. Досаев_____________
      04 сәуір 2015 ж.

Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 20 наурыздағы
№ 229 бұйрығымен   
бекітілген       

Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз
қауіпті қалдықтарды басқару қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарды басқару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 17-бабының 38-8) тармақшасына сәйкес әзірленді және сот шешiмiмен республикалық меншiкке түстi деп танылған иесiз қауiптi қалдықтарды (бұдан әрі – қалдықтар) басқару тәртiбiн айқындайды.
      2. Қалдықтарды республикалық меншікке беру сот шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
      3. Қалдықтарды республикалық меншікке беру үшін облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы немесе қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) немесе оның аумақтық бөлімшесі комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрады, оның құрамына уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органның, уәкілетті органның, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ведомстволық органның және ведомстволық бағынысты ұйымының (бұдан әрі – ұйым) өкілдері кіреді.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      4. Иесіз қауіпті қалдықтарды басқаруды ведомстволық бағынысты ұйым жүзеге асырады.
      5. Иесіз қауіпті қалдықтарды басқару – бұл қалдықтарды бағалау, есепке алу, одан әрі пайдалану, сату, кәдеге жарату және жою бойынша қызмет.
      6. Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған, құрамында жойылуы қиын органикалық ластауыштар бар қалдықтарға халықаралық конвенциялардың ережелері (Қазақстан Республикасының
2007 жылғы 7 маусымдағы № 259 Заңымен ратификацияланған Орнықты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясы, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 20 наурыздағы № 239 Заңымен ратификацияланған Халықаралық саудадағы жекелеген қауіпті химиялық заттар мен пестицидтерге қатысты алдын ала негізделген келісім рәсімі туралы Роттердам конвенциясы, Қазақстан Республикасының 2003 жылғы
10 ақпандағы № 389 Заңымен ратификацияланған Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясы) қолданылады.
      6-1. Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған радиоактивті қалдықтарға оларды есепке алу, бағалау, әрі қарай пайдалану және сату бойынша осы Қағидалардың нормалары қолданылмайды. Радиоактивті қалдықтар көмілуге жатады.
      Ескерту. 1-тарау 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      6-2. Осы Қағидалардың 6 және 6-1-тармақтарында көрсетілген қалдықтардан басқа сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған қауіпті қалдықтар бойынша осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген рәсімдерді жүргізу қорытындылары бойынша уәкілетті органның шешімімен «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес немесе осы Қағидаларға сәйкес әрі қарай оларды сату және қолдану тәсілі анықталады.
      Ескерту. 1-тарау 6-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған
иесіз қауіпті қалдықтарды басқару тәртібі

1-параграф. Қалдықтарды есепке алу және бағалау

      7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамасына сәйкес ұйым дербес немесе қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензиясы бар жеке және (немесе) заңды тұлғаларды тарта отырып:
      1) қалдықтардың қауіпті қасиеттерін зерделеу;
      2) олардың қауіптілік деңгейін анықтау;
      3) Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 31 мамырдағы № 169-п бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4775 тіркелген) Қалдықтар сыныптауышының негізінде, Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 30 сәуірдегі № 128-п бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4720 тіркелген) нысан бойынша қауіпті қалдықтар паспортын жасай отырып, кодын анықтау жұмыстарын жүргізеді.
      Сонымен қатар ұйым Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнамасына сәйкес бағалау қызметі саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензиясы бар жеке және (немесе) заңды тұлғаларды тарта отырып, қалдықтардың құнын анықтау жұмыстарын жүргізеді.
      Ұйым жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 ақпанына дейін өндіріс және тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрында есепке алу үшін уәкілетті органға қалдықтардың көлемi, түрлерi, орналасқан жерi, жай-күйi және оларды басқару жөнiндегi қабылданып жатқан шаралар туралы ақпаратты электрондық және қағаз тасымалдағыштарда есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша береді.
      8. Халықтың қалдықтарға қолжетімдігін болдырмаудың алдын алуды, оларды оқшаулауды, олардың топырақ жамылғысына, су ресурстары мен атмосфералық ауаға теріс әсерiн азайту жөнiндегі шараларды ұйым қамтамасыз етеді.
      9. Егер Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы қолданыстағы заңнамасына сәйкес қалдықтардың қорытынды құны нөлге тең деп анықталса, онда мұндай қалдықтар осы Қағидаларда көзделген тәртіппен әлеуетті сатып алушы мәлімдеген бағамен сатылады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-параграф. Қалдықтарды одан әрі пайдалану және сату тәртібі

      10. Қалдықтарды ұйым заңды және жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы қолданыстағы заңнамасына сәйкес анықталатын бағалау құнынан төмен емес баға бойынша конкурс өткізу арқылы сатады.
      11. Конкурсты дайындауды және өткізуді ұйым жүзеге асырады. Уәкілетті орган ұйымның, уәкілетті органның, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін қоса отырып конкурстық комиссияның құрамын қалыптастырады.
      12. Конкурсты өткізу шарттарын уәкілетті орган анықтайды.
      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      13. Ұйым еркін нысандағы жазбаша өтініш негізінде конкурсқа әлеуетті қатысушыларға конкурсқа қойылатын қалдықтар объекті бойынша құжаттар пакетінің көшірмелерін ақысыз ұсынады.
      Құжаттар пакетін ұйым қалыптастырады және ол конкурстық ұсыныс әзірлеу үшін өтініш берушіге қажетті мынадай ақпараттан тұрады:
      1) қалдық туралы тарихи анықтама;
      2) қалдықтардың сандық-сапалық сипаттамасы туралы ақпарат;
      3) қалдықтардың қауіпті қасиеттері туралы ақпарат;
      4) қоршаған ортаға әсері туралы ақпарат;
      5) шарттары уәкілетті органмен келісілетін Қауіпті қалдықтарды сату туралы келісімшарт жобасы (бұдан әрі – Келісімшарт).
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      14. Конкурс қатысушылардың аясы шектелмеген тобы арасында және ашық тәсілмен өткізіледі. Ашық конкурс өткізу туралы хабарландыру Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияланады.
      Конкурсты өткізу мерзімін ұйым конкурс жарияланып отырған қалдықтар объектісінің ерекшелігіне қарай, бірақ конкурсқа қатысуға конкурстық ұсыныстарды қабылдау аяқталғанға дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей анықтайды. Хабарландырулар уәкілетті органның және ұйымның интернет-ресурсында бір мезгілде орналастырылады.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      15. Конкурс өткізу туралы хабарландыру мыналарды қамтиды:
      1) конкурсты ұйымдастырушының атауы және қалдықтарды сату жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінімді қабылдау орнының мекенжайы;
      2) өткізу уақыты мен орны;
      3) қалдықтарды сату жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінім беру мерзімі;
      4) конкурстың негізгі шарттары;
      5) конкурсқа шығарылатын қалдықтар объектісінің орналасқан жері мен қысқаша сипаттамасы;
      6) ақы төлеу үшін деректемелерді көрсете отырып, конкурсқа қатысу құқығы үшін қалдықтар объектісін бағалау құнының бір пайызын құрайтын жарнаның мөлшері.
      16. Қалдықтарды сату жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінімдерді (бұдан әрі – өтінім) қабылдауды ұйым мерзімді баспа басылымдарында конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күнінен бастап жүзеге асырады және конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау күніне үш күнтізбелік күн қалғанда аяқтайды.
      17. Әлеуетті қатысушылар өтінімдерін осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша беттері нөмірленіп, тігілген түрде ұсынады, соңғы бетіне олардың қолдары қойылып, мөр басылып куәландырылады.
      Конкурсқа әлеуетті қатысушы қажет болған жағдайда конкурс шарттарының талаптарына сәйкес жұмысты орындау немесе қызмет көрсету үшін қосалқы мердігерлерді (бірге орындаушы) тартады, бірақ қызмет, жұмыс көлемінің үштен екі бөлігінен артық болмауы тиіс.
      18. Конкурсқа қатысушы өтінімдерді қараудың белгіленген мерзіміне үш жұмыс күні қалғанға дейін ұйымға жазбаша түрде хабарлай отырып, өз өтінімін кері қайтара алады.
      19. Қарау қорытындысы бойынша комиссия өтінімдерді қабылдау немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Өтінімдерді қарау күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде ұйым өтінім берушіге конкурсқа қатысуға жіберілгені туралы жазбаша хабарлама немесе дәлелді бас тарту жолдайды.
      20. Ұйым мынадай жағдайларда өтінім қабылдаудан бас тартады:
      1) осы Қағидалардың талаптарын бұза отырып өтінім беру;
      2) өтінім беруші өтінімінде жалған немесе дұрыс емес мәліметтер беруі;
      3) өтінімде өтінім берушінің қалдықтарды қауіпсіз кәдеге жарату (қайта өңдеу) үшін, сондай-ақ конкурстың және Келісімшарттың шарттарын орындау үшін техникалық, басқарушылық және қаржы мүмкіндіктері (Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2008 жылғы 29 желтоқсандағы № 622 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5446 болып тіркелген) нысан бойынша салық, міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті кәсіби зейнетақы жарналары мен әлеуметтік салымдар бойынша берешектiң (бар) жоқ екендiгi туралы анықтама, қаржы мүмкіндіктерін растайтын құжат) бар екені туралы құжат түрінде растаманың болмауы.
      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      21. Конкурсқа қатысуға дайындық бойынша шығынды қоса алғанда, конкурсқа қатысушылардың жұмсаған шығындары қайтаруға не өтелуге жатпайды. Ұйым конкурстың қорытындысы жарияланған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде жеңімпаз деп танылмаған конкурсқа қатысушыларға жарналарын қайтарады.
      22. Конкурсқа жіберілген өтінім беруші конкурстық ұсыныс жасайды, оны ұйымға конверттерді ашу рәсіміне бір сағатқа дейінгі уақыттан кешіктірмей ұсынады. Ұйымға келіп түскен және конкурсқа жіберілген конкурстық ұсыныстар конкурсқа қатысушыларға кері қайтарылмайды.
      23. Конкурсқа қатысу үшін конкурстық ұсыныстар мыналарды қамтиды:
      1) өтінім берушінің конкурс өткізу тәртібіне және өтінім берушінің міндеттеріне қатысты осы Қағидалардың шарттарымен танысқандығы туралы растауы;
      2) жарғы көшірмесі (заңды тұлғалар үшін);
      3) әлеуетті қатысушының бірінші басшысын тағайындау (сайлау) туралы құжаттың көшірмесі;
      4) жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлердің тізбесі, қосалқы мердігерлерге берілген жұмыстардың көлемі мен түрлері (жұмысқа тартылған жағдайда);
      5) конкурсқа қатысу құқығына төленген жарна төлемін растайтын құжат;
      6) әлеуетті қатысушының қолы қойылған баға ұсынысы;
      7) жобаны іске асыру технологияларды қолдануға, қаржылық мүмкіндіктерге, 2007 жылдың 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) және «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 176 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10936 тіркелген) (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) талаптарының сәйкестігіне бағытталуы тиіс бағдарлама.
      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      24. Әлеуетті қатысушы конкурстық ұсынысты беттері нөмірленген, тігілген түрде ұсынады және соңғы парағына оның қолы қойылып, мөр басылып куәландырылады.
      25. Конкурстық ұсыныстар әлеуетті қатысушыға грамматикалық немесе арифметикалық қателерді түзету қажет болған жағдайды есепке алмағанда, тармақтардың арасында ешқандай да бір артық жазусыз, өшірусіз немесе қоса жазуларсыз ұсынылады.
      26. Әлеуетті қатысушы конкурстық ұсынысын конвертке мөр соғып бекітеді. Конвертте әлеуетті қатысушының атауы және заңды мекенжайы көрсетіледі.
      27. Конкурстық ұсыныстарды конкурстық комиссия конвертті ашқан күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде бағалайды.
      Конкурстық комиссияның шешімі хаттама түрінде ресімделеді. Хаттамаға конкурстың комиссия мүшелері қол қояды.
      28. Конкурстық комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және ол қатысып отырған конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берген кезде қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда конкурстық комиссияның төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептелінеді.
      Конкурстық комиссияның кез келген мүшесі конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда өз пікірін білдіріп, оны жазбаша баяндайды және ол конкурс қорытындысының хаттамасына тіркелінеді.
      29. Конкурс жеңімпазын конкурстық комиссия мынадай негізгі өлшемшарттар жиынтығы негізінде анықтайды:
      1) бағдарламаның іс-шаралары жобаны іске асыруды, технологияларды қолдануды, қаржылық мүмкіндіктерді Кодекстің және Санитариялық қағидалардың сәйкестігін қамтамасыз етуі тиіс;
      2) ең жоғары баға.
      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      30. Конкурстың нәтижелері сол конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған баспа басылымдарында жарияланады, сондай-ақ уәкілетті органның және ұйымның интернет-ресурсында шұғыл түрде орналастырылады.
      31. Конкурсқа бір ғана өтінім беруші қатысқан жағдайда, конкурс өткізілген жоқ деп танылады.
      32. Конкурс өткізілген жоқ деп танылған кезде конкурстық комиссия объектіні конкурстан алып тастайды немесе конкурс өткізуді қайта белгілейді. Тек бір ғана өтінім берушінің қатысуына байланысты конкурс қайта өткізілген жоқ деп танылған кезде, ұйым конкурстық комиссияның ұсынысы бойынша мұндай өтінім берушімен келіссөздер және уәкілетті органға тиімді шарттар негізінде ұйым үшін тиімділігі конкурстық ұсыныста олар ұсынғаннан кем болмайтын жағдайда келісімшарт жасайды.
      33. Конкурс талаптарына сәйкес келетін бірде бір жоба ұсынылмаған жағдайда да конкурс өткізілген жоқ деп танылады.
      34. Конкурс жеңімпазымен Келісімшарт жасалады. Келісімшарт қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу кезінде Кодекстің және Санитариялық қағидалардың талаптарын сақтау және жалпы қауіпсіз жұмыс жүргізу бойынша, сондай-ақ конкурс жеңімпазының ұйым бекіткен үлгісімен орындаған жұмыстары туралы есеп беруі бойынша міндеттемелерді қарастырады.
      Есеп ұйымға тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың оныншы күніне дейін ұсынылады.
      Келісімшарт талаптары сақталмаған жағдайда ұйым оны Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен бұзады және конкурс өткізуді қайта жариялайды.
      Ескерту. 34-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      35. Конкурс екі рет өткізілген жоқ деп танылған жағдайда, ұйым осы Қағидаларда көзделген тәртіппен әлеуетті сатып алушылар мәлімдеген баға бойынша қалдықтарды сату үшін конкурс өткізеді.
      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      36. Қалдықтарды сатудан тапқан ұйымның қаражаты мемлекет кірісіне жіберіледі.

3-параграф. Қалдықтарды кәдеге жарату және жою

      37. Әлеуетті сатып алушылар мәлімдеген бағамен қалдықтарды сату бойынша конкурс өткізілген жоқ деп танылған кезде қалдықтар талап етілмеген деп саналады.
      Ұйым талап етілмеген қалдықтарды қауіпсіз кәдеге жарату және жоюды Кодекске және Санитариялық қағидаларға сәйкес республикалық бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырады.
      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      38. Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтардың объектілері орналасқан аумақтарды қалпына келтіру істері, олар сатылғаннан, кәдеге жаратылғаннан және жойылғаннан кейін Қазақстан Республикасының жер заңнамасындағы талаптарыға сәйкес жүргізіледі.

3. Қорытынды ережелер

      39. Республикалық меншiкке түскен қауiптi қалдықтармен жұмыс iстеу процесінде Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген талаптар сақталады.

Сот шешімімен республикалық   
меншікке түсті деп танылған иесіз
қауіпті қалдықтарды басқару   
қағидаларына 1-қосымша     

Нысан

Иесіз қауiптi қалдықтарды республикалық меншiкке беру туралы акті

20__жылғы «___»________________               ______________________
(жасалған уақыты)                              (акт жасалған орын)

Комиссия құрамында
_____________________________________________________________________
__________________________________________________________________
20____ жылғы «____» _________ № _____ сот шешiмiнiң негiзiнде
республикалық меншiкке мынадай құрамдағы:

Қалдық түрi

Саны
(тонна, м3, га ауданы)

Қалдықтың қауіптілік деңгейі және коды (қалдықтар сыныптамасы бойынша)

Орналасқан жері

Қалдықтардың жай-күйi туралы түсiндірме






иесiз қауiптi қалдықтардың қабылданғаны туралы осы актiнi жасады.

      Комиссия мүшелерi (Т.А.Ә., қолы):

      Мөрдің орны

Сот шешімімен республикалық   
меншікке түсті деп танылған иесіз
қауіпті қалдықтарды басқару  
қағидаларына 2-қосымша     

Нысан

Қалдықтарды сату жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінім

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 18.10.2016 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1. __________________________________________________________________
                    өтініш берушінің атауы
2. __________________________________________________________________
        өтініш берушінің заңды мекенжайы және негізгі
                   қызмет орнының мекенжайы
3. __________________________________________________________________
      мемлекеттік тиістілігі (заңды тұлғалар үшін), азаматтылығы
                      (жеке тұлғалар үшін)
4. __________________________________________________________________
      заңды тұлғалардың иелері немесе басшылары және өтініш берушінің
      мүддесін білдіретін адамдар туралы деректер
5. конкурстың және Келісімшарттың шарттарын орындауға қажетті өтініш
берушінің мүмкіндіктері туралы құжатпен расталған деректер қоса
беріледі:
5.1. техникалық мүмкіндіктер (ҚР аумағында қалдықтарды қайта өңдеудің
ұсынылған технологиясы бойынша жабдықтың ҚР заңнамасына сәйкес
пайдалануға рұқсат құжатымен болуы);
5.2. басқарушылық мүмкіндіктер (тиісті растайтын құжаттары бар
білікті персоналдың, еңбек, ресурстарының болуы);
5.3. қаржылық мүмкіндіктер (салықтық берешектiң жоқ екендiгi туралы
анықтама, ақшалай қаражаттың болуы туралы банк анықтамасы).

_______________________                            _______
   (ұйымның атауы)                                  (қолы)
      (Т.А.Ә.)