Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 352 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 маусымда № 11460 тіркелді

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының 1-тармағының 41-61) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов):
      1) заңнамада белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 7-тармағы 2) тармақшасының тоғызыншы абзацын және 8-тармақтың 10) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 

Қазақстан Республикасының
 


Инвестициялар және даму
 


министрінің міндетін атқарушы
 

Ж. Қасымбек
 

      "КЕЛІСІЛГЕН"
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      _______________ Е. Досаев
      2015 жылғы 27 мамыр
 


Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушының
2015 жылғы 27 наурыздағы
№ 352 бұйрығымен бекітілген

Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын
орындауға рұқсат беру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының 1-тармағының 41-61) тармақшасына сәйкес әзірленді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) жергілікті (облысішілік) коммерциялық әуе жолаушылар тасымалдары – бір облыс шегіндегі елді мекендер арасында жүзеге асырылатын коммерциялық әуе жолаушылар тасымалы;
      2) өңірлік (республикаішілік) коммерциялық әуе жолаушылар тасымалдары – әр облыста орналасқан елді мекендер арасында жүзеге асырылатын немесе елді мекендерді республикалық маңызы бар қалалармен, астанамен байланыстыратын коммерциялық әуе жолаушылар тасымалы.
      3. Авиакомпанияға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру туралы шешімді қабылдауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырады.
      4. Авиакомпанияға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарының түрлері бойынша жүзеге асырылады.
      5. Рұқсат беру үшін тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдары мынадай түрлер бойынша жіктеледі:
      1) жергілікті (облысішілік) коммерциялық әуе жолаушылар тасымалдары;
      2) өңірлік (республикаішілік) коммерциялық әуе жолаушылар тасымалдары.
      6. Авиакомпанияға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат бір немесе екі тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарының түрлері бойынша беріледі.
 

2. Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын
орындауға рұқсат беруге қойылатын біліктілік талаптары

      7. Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру үшін мынадай біліктілік талаптары белгіленеді:
      1) жергілікті (облысішілік) коммерциялық әуе жолаушылар тасымалын орындау үшін:
      уәкілетті органмен берілген пайдаланушы сертификатының болуы;
      авиакомпания белгілеген кесте бойынша (резервте сақтауды есепке ала отырып) ұшуды орындау үшін қажетті мөлшерде қолданыстағы ұшу жарамдылығы сертификаттары, бірақ жолаушылар сыйымдылығы бірдей кемінде екі әуе кемесі бар әуе кемелер паркінің болуы (жеке меншіктегі немесе кемінде үш жыл мерзімге жалға алынған (лизингтегі));
      жергілікті (облысішілік) коммерциялық әуе жолаушылар тасымалдары жоспарланатын әрбір әуежайда персоналдың болуы;
      2) өңірлік (республикаішілік) коммерциялық әуе жолаушылар тасымалдарын орындау үшін:
      уәкілетті органмен берілген пайдаланушы сертификатының болуы;
      авиакомпания белгілеген кестеге сәйкес (резервте сақтауды есепке ала отырып) ұшуды орындау үшін қажетті мөлшерде ұшу жарамдылығы сертификаттары, бірақ жолаушылар сыйымдылығы бірдей кемінде үш әуе кемесі болатын әуе кемесі паркінің болуы (жеке меншікте немесе кемінде үш жыл мерзімге жалға алынған (лизингтегі));
      әуе кемелерінің типтері бойынша шектеулері бар әуеайлақтарға ұшуды орындауды қоспағанда, тұрақты емес тасымалдарды орындау немесе жергілікті (облысішілік) жолаушылар авиатасымалдарын орындау бойынша кемінде бір жыл жұмыс тәжірибесінің болуы;
      автоматтандырылған броньдау және әуе тасымалдарды сату жүйесінде ресурстарды орналастыру бойынша персоналдың болуы;
      өңірлік (республикаішілік) әуе жолаушылар тасымалдарын орындау жоспарланатын әрбір әуежайда персоналдың болуы;
      авиамаршрутты пайдалану сәтінен бастап болжанатын авиамаршрут (авиамаршруттар) бойынша ұсынылған кестеге сәйкес кірісті есепке алмағанда отыз күнтізбелік күн ішінде авиакомпанияның ұшуды орындау қабілеттілігін білдіретін қаржылық ресурстардың болуы және жеткіліктігі;
      тасымалдау құжаттарын электрондық және қағаз нысанында ресімдеуді қоса алғанда, автоматтандырылған әуе тасымалдарын сату жүйесінің бірінде ресурстарды орналастыруға жасасқан шарттың болуы;
      онлайн-броньдауды және авиабилеттерді сатуды ұсынатын өз интернет-ресурсының болуы;
      ұшуды орындау жоспарланатын кемінде екі қалада авиабилеттерді сату офистерінің болуы.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 18.08.2016 № 616 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
 

3. Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын
орындауға рұқсат беруге қойылатын біліктілік талаптарына
сәйкестігін растайтын құжаттар

      8. Өңірлік (республикаішілік) коммерциялық әуе жолаушылар тасымалдарын орындауға рұқсат алу үшін өтініш беруші авиакомпанияның осы Қағидалардың 7-тармағымен белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) өтініш беруші үміттеніп отырған тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдар түрлеріне рұқсаттарды және пайдаланушының қолданыстағы  сертификатының болуы туралы мәліметтерді көрсете отырып авиакомпанияның бірінші басшысы қол қойған еркін нысандағы өтінішті;
      2) мыналарды көрсете отырып, әуе кемелерінің паркі туралы анықтама:
      ұшу жарамдылығы сертификаттарының жарамдылық мерзімін көрсете отырып, жеке меншіктегі және (немесе) жалға алынған (лизингтегі) әуе кемелерінің саны;
      әуе кемелерін жалға алу (лизинг) туралы жасалған шарттың нөмірі және күні, жасалған шарттардың жарамдылық мерзімі;
      3) авиакомпания белгілеген кесте бойынша әуе кемелерінің айналым кестесі;
      4) тасымалдау құжаттарын электрондық және қағаз нысанында рәсімдеуді қоса алғанда, автоматтандырылған броньдау және әуемен тасымалдауларды сату жүйесінде ресурстарды орналастыру туралы келісімнің көшірмесі;
      5) автоматтандырылған броньдау және әуемен тасымалдауларды сату жүйесінде ресурстарды орналастыру бойынша авиакомпания персоналының дайындығы туралы куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      6) соңғы қаржылық жылдағы, сондай-ақ ағымдағы уақытқа бухгалтерлік теңгерім;
      7) соңғы қаржылық жылға аудиторлық есеп;
      8) авиамаршрут (авиамаршруттар) бойынша ұсынылған кестеге сәйкес, авиамаршрутты пайдалану сәтінен бастап болжанатын кірісті есепке алмағанда, отыз күнтізбелік күн ішінде ұшуды қамтамасыз ету үшін қажет мөлшерде шотында шетелдік немесе ұлттық валютадағы қаржы қаражатының болуы туралы банктің анықтамасы;
      9) тұрақты ұшуды орындау жоспарланатын авиамаршруттар тізбесін және отыз күнтізбелік күн ішінде ұсынылған кестеге сәйкес авиамаршрут (авиамаршруттар) бойынша жоспарланған жүктемені есепке ала отырып, авиамаршрут (авиамаршруттар) бойынша ұшуды орындау шығындарының есебі;
      10) алып тасталды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 18.08.2016 № 616 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен;
      11) тұрақты ішкі рейстерді ашу жоспарланатын әрбір әуежайда персоналды жалға алу туралы анықтама;
      12) авиабилеттерді онлайн-броньдау және сату мүмкіндігін ұсынатын өз интернет-ресурсының болуын көрсететін анықтама;
      13) ұшуды орындау жоспарланатын кемінде екі қалада авиабилеттерді сату офистерінің болуын көрсететін анықтама.
      Жергілікті (облысішілік) коммерциялық әуе жолаушылар тасымалдарын орындау үшін осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген құжаттар ғана ұсынылады.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 18.08.2016 № 616 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
 

4. Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе
тасымалдарын орындауға рұқсат беру тәртібі

      9. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар бір данада, тігілген түрде, нөмірленген парақтармен ұсынылады, соңғы парағы заңды тұлғаның (авиакомпания) мөрімен куәландырылады.
      Уәкілетті орган өтініш берушінің құжаттарын қабылдаған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Ұсынылған құжаттардың толық еместігі анықталған жағдайда уәкілетті орган көрсетілген мерзімдерде өтінішті одан әрі қараудан жазбаша дәлелді бас тартуды береді.
      10. Уәкілетті органда құжаттарды алған сәттен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігіне бағалауды уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген тұрақты жұмыс істейтін комиссия (бұдан әрі – комиссия) жүргізеді.
      Комиссия мүшелерінің саны тақ болуы және жеті адамнан кем болмауы тиіс. Комиссияны комиссия төрағасы, ол болмаған кезде төраға орынбасары басқарады. Комиссия шешімі отырысқа қатысушылардың көпшілік дауысымен қабылданады және комиссия мүшесі болып табылмайтын комиссия хатшысы әзірлейтін хаттамамен ресімделеді.
      Дауыстар тең болған жағдайда, конкурстық комиссияның төрағасы дауыс берген шешім қабылданған болып есептеледі. Дауыс беру рәсіміне комиссия мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда комиссия шешімі заңды болып танылады.
      Комиссия төрағасы, егер ол болмаған жағдайда, төраға орынбасары комиссия қызметін басқарады, комиссия отырыстарына төрағалық етеді, жұмысты жоспарлайды және оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.
      11. Бағалау осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттар негізінде жүргізіледі.
      12. Егер авиакомпаниямен ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген талаптарына сәйкес келмейтін жағдайда, онда олар комиссияның теріс қорытындысы негізінде уәкілетті органмен бас тартылады және кері қайтарылады.
      13. Өтініштері бас тартылған авиакомпанияларды уәкілетті орган бас тарту себептерін көрсете отырып, уәкілетті орган өтінішті алған сәттен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді.
      14. Авиакомпанияның тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауына рұқсат беруді ресімдеуді уәкілетті орган авиакомпанияның осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы комиссияның оң қорытындысы негізінде жүзеге асырады.
      Авиакомпанияның тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауына рұқсат беру пайдаланушы сертификатының арнайы ережесінің "В" бөлігінде тиісті белгілер түрінде ресімделеді.
      Уәкілетті орган авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарының түрлеріне рұқсат беру туралы ақпаратты өз интернет-ресурсында орналастырады, сондай-ақ өтінім берушіге уәкілетті орган шешімінің көшірмесін осы авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру Қағидалардың 10-тармағында белгіленген мерзім шегінде жібереді.