"Химиялық өнімді тіркеу және есепке алу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 520 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 16 маусымда № 11367 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Химиялық өнімді тіркеу және есепке алу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті (А.Қ. Ержанов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ______________ Е. Досаев

      2015 жылғы 16 мамыр



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2015 жылғы 28 сәуірдегі
№ 520 бұйрығымен
бекітілген

"Химиялық өнімді тіркеу және есепке алу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты 1. Жалпы ережелер

      1. "Химиялық өнімді тіркеу және есепке алу" мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).

      2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірледі.

      3. Мемлекеттік қызметті Mинистрліктің Инвестициялар даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетi (бұдан әрi – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

      Өтінішті қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін беру:

      1) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі;

      2) www.еgov.kz, www.elicense.kz "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттiк қызметті көрсету тәртiбi

      4. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі:

      1) құжаттардың топтамасы тапсырылған сәттен бастап, сондай-ақ порталға өтініш берілген кезде – 5 (бес) жұмыс күні;

      2) құжаттардың топтамасын тапсыру үшін күтудің рұқсат берілген ең ұзақ уақыты – 20 (жиырма) минут;

      3) қызмет көрсетудің рұқсат берілген ең ұзақ уақыты – 15 (он бес) минут.

      Көрсетілетін қызметті беруші құжаттарды алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Ұсынылған құжаттардың толық емес фактісі анықталған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші көрсетілген мерзімдерде өтінішті одан әрі қарастырудан жазбаша дәлелді бас тартуды береді.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 24.11.2017 № 815 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны: электрондық (ішінара автоматтандырылған) және (немесе) қағаз түрінде.

      6. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – Химиялық өнімді тіркеу туралы куәлік (бұдан әрі – куәлік) немесе осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-1-тармағында көзделген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы жазбаша дәлелді жауап.

      Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру нысаны: электрондық.

      Куәлікті қағаз тасығышта алуға жүгінген жағдайда, мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесі электрондық нысанда ресімделеді, басып шығарылады және көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының қолымен расталады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 24.11.2017 № 815 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) тегін негізде көрсетіледі.

      8. Жұмыс кестесі:

      1) көрсетілетін қызметті берушіде – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін.

      Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 17.30-ға дейін жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусіз кезек тәртібімен көрсетіледі.

      2) порталда - жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызмет алушы Қазақстан Республикасының еңбек заңдарына сәйкес демалыс және мейрам күндері немесе жұмыс күні аяқталғаннан кейін жүгінген жағдайда, өтінішті қабылдау және көрсетілетін қызмет нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады).

      9. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі:

      1) көрсетілетін қызметті берушіге:

      осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына қосымшаға сәйкес нысан бойынша химиялық өнімді тіркеуге арналған өтініш;

      химиялық өнімнің қауіпсіздігі заңнамасының талаптарына белгіленген тиісті талаптарға мемлекет және орыс тілдерінде химиялық өнімнің қауіпсіздігі паспорттары;

      2) порталға:

      көрсетілетін қызметті алушының электронды цифрсың қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш;

      химиялық өнімнің қауіпсіздігі заңнамасының талаптарына белгіленген тиісті талаптарға мемлекет және орыс тілдерінде химиялық өнімнің қауіпсіздігі паспорттарының электрондық көшірмелері;

      Көрсетілетін қызметті беруші жеке басын куәландыратын, лицензия туралы, заңды тұлғаны, және кәсiпкерді мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы құжаттардың мәлiметтерiн уәкiлеттi адамдардың ЭСҚ-сымен куәландырылған электрондық құжат нысанында портал арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісімін береді.

      Көрсетілетін қызметті алушы барлық қажетті құжаттарды тапсырған кезде:

      1) көрсетілетін қызметті берушіге – көшірмесінде құжаттардың топтамасын қабылдау уақыты мен күнін көрсете отырып, көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде тіркеу туралы белгі қағаз тасығыштағы өтініштің қабылданғанын растау болып табылады;

      2) портал арқылы – көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетінде" мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алатын күнді көрсете отырып, мемлекеттік қызмет көрсету үшін сұрау салудың қабылдануы туралы мәртебе көрсетіледі.

      9-1. Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту негіздері:

      1) көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;

      2) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, деректердің және мәліметтердің "Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабымен белгіленген, талаптарға сәйкес келмеуі болып табылады.

      Ескерту. 2-тарау 9-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 24.11.2017 № 815 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша орталық мемлекеттік органның, көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      10. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану: шағым көрсетілетін қызметті берушінің басшысының атына мынадай мекенжай бойынша беріледі: 010000, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 32/1, "Транспорт Тауэр" ғимараты, № 1711 кабинет, телефоны: 8 (7172) 75-48-62, немесе Министрлік басшысының атына мынадай мекенжай бойынша беріледі: 010000, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 32/1, "Транспорт Тауэр" ғимараты, № 1003 кабинет, телефоны: 8 (7172) 75-44-11, 75-45-46.

      Шағым жазбаша нысанда пошта арқылы не көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің кеңсесі арқылы қолма-қол қабылданады.

      Көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің кеңсесінде шағымның қабылданғанын растау оны тіркеу (шағымдың екінші данасында немесе шағымдаға ілеспе хатта мөртаңба, кіріс нөмірі және тіркеу күні қойылады) болып табылады.

      Заң тұлғаның шағымында оның атауы, пошталық мекенжайы, шығыс нөмірі мен күні көрсетіледі.

      Көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оны тіркеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Шағымды қарау нәтижесі туралы дәлелді жауап көрсетілетін қызметті алушыға пошта байланысы арқылы жіберіледі не көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің кеңсесінде қолма-қол беріледі.

      Шағымдану тәртібі туралы ақпаратты Бірыңғай байланыс орталығының 1414 телефоны арқылы алуға болады.

      Шағымды портал арқылы жіберген кезде көрсетілетін қызметті алушыға "жеке кабинеттен" көрсетілетін қызметті беруші өңдеу (жеткізу, тіркеу, орындау туралы белгілер, шағымды қарау немесе қараудан бас тарту туралы жауап) барысында жаңарып тұратын шағым туралы ақпарат қолжетімді болады.

      Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгіне алады.

      Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      11. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар.

4. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті, оның ішінде электрондық
нысанда көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын
өзге де талаптар

      12. Мемлекеттік қызмет көрсету орнының мекенжайлары:

      Министрлік: www.mid.gov.kz;

      Көрсетілетін қызметті беруші: www.comprom.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған.

      13. Көрсетілетін қызметті алушының ЭСҚ-сы болған жағдайда, мемлекеттік көрсетілетін қызметті электрондық нысанда портал арқылы алуына мүмкіндігі бар.

      14. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдағы "жеке кабинеті" арқылы, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы қашықтықтан қол жеткізу режимінде алуға мүмкіндігі бар.

      15. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша анықтама қызметінің байланыс телефондары: 8 (7172) 75 48 89, 75 48 90. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: (1414).

  "Химиялық өнімдерді тіркеу
және есепке алу" мемлекеттiк
көрсетілетін қызмет
стандартына қосымша

      Қазақстан Республикасы Инвестициялар

      және даму министрлігінің Индустриялық

      даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік

      комитеті

      ______________________________________

      (көрсетілетін қызметті алушының

      толық атауы)

      Мекенжайы ____________________________

      (индекс, қала, аудан, облыс, көше,

      үйдің №, телефон)

      Көрсетілетін қызметті алушының

      деректемелері ________________________

      (ЗТ/ДК мемлекеттік тіркеу туралы

      куәлік №, БСН, ЖСН)

Химиялық өнімді тіркеу туралы куәлікті алуға арналған
Өтініш

      _______________________________________________________________

      химиялық өнімді тіркеу туралы куәлік беруді сұраймыз.

      Қағаз тасығышта ______ (егер, күәлікті қағаз

      тасығышта алу керек болса, Х таңбасын қояды)

      Қосымша: ____ парақта.

      Ақпараттық жүйелерде жазылған заңмен қорғалатын құпияны

      құрайтын мәліметті пайдалануға келісемін

      20___ жылғы "___"___________ _____________ (қолы)