Жерлерді резервте қалдыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 178 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 12 маусымда № 11337 тіркелді.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 2-2) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жерлерді резервте қалдыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық даму министрлігінің Экономика инфрақұрылымын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Е. Досаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрі

      _________________ Б. Сұлтанов

      14 мамыр 2015 жыл



  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылы 2 ақпанда
№ 178 бұйрығымен бекітілген

Жерлерді резервте қалдыру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 14-бабының 1-тармағының 2-2) тармақшасына және 49-2-бабына сәйкес әзірленді және республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерiн резервте қалдыру жағдайларынан басқа, жерлерді резервте қалдыру тәртібін айқындайды.

      2. Кодекстің 16-18-баптарына сәйкес жерлерді резервте қалдыру туралы шешімді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары, ал республикалық маңызы бар қалаларды, астананы қоспағанда, елді мекендердің шекараларында - аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.

      3. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар - жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандарың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшесі;

      2) Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін беру жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің электрондық нысанда көрсетілуін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      3) мемлекеттік жер кадастры - Қазақстан Республикасы жерiнiң табиғи және шаруашылық жағдайы, жер учаскелерiнiң орналасқан жерi, нысаналы пайдаланылуы, мөлшерi мен шекарасы, олардың сапалық сипаттамасы туралы, жер пайдаланудың есепке алынуы мен жер учаскелерiнiң кадастрлық құны туралы мәлiметтердiң, өзге де қажеттi мәлiметтердiң жүйесi;

      4) мемлекеттік органдар – құзыреттеріне аумақтарды қала құрылысы үшін жоспарлаудың белгіленген тәртіппен бекітілген кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары, автомобиль жолдары мен теміржолдар өтуінің жобалары (схемалары), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру кіретін мемлекеттік органдар.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Жерлерді резервте қалдыру тәртібі

      4. Мемлекеттік органдар аумақтарды қала құрылысы үшін жоспарлаудың белгіленген тәртіппен бекітілген кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары, автомобиль жолдары мен теміржолдар өтуінің жобалары (схемалары), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарының (бұдан әрі – Құжаттар) қабылданған немесе заңды күшіне енген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде оларда көрсетілген жер учаскелерінің орналасқан жері бойынша оларды одан әрі резервте қалдыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдарына хабарлайды.

      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары Құжаттарды қарайды және резерте қалдырылатын жер учаскелері республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан басқа елді мекендердің шекараларында орналасқан жағдайда хабарлама түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде аудандарың, облыстық маңызы бар қалалардың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдарына жолдайды.

      6. Жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар хабарлама түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оның көшірмесін белгіленген тәртіпте жер-кадастры ақпаратын алу үшін Мемлекеттік корпорацияға жолдайды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Мемлекеттік корпорация бес жұмыс күні ішінде жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға резервте қалдырылатын жер учаскелері бойынша мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерді, сондай-ақ орналасқан ахуалдық сұлбасын ұсынады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар жер-кадастры ақпаратын алған соң бес жұмыс күні ішінде өзінде бар және алынған мәліметтердің негізінде жерлердің резервте қалдырылуы туралы ұсыныс әзірлейді және оны хабарлама жолдаған мемлекеттік органдарға келісуге жолдайды.

      жерлердің резервте қалдырылуы туралы ұсыныста мынадай мәліметтер:

      1) резервте қалдырылатын жерлердің орналасқан жері, олардың жалпы көлемі, экспликациясы;

      2) резервте қалдырудың мақсаттары мен мерзімі;

      3) учаскелері резервте қалдырылатын жерлердің аумағында орналасқан меншік иелері, жер пайдаланушылар мен сервитут иеленушілері туралы (олар болған кезде);

      4) аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылар туралы;

      5) ахуалдық сұлбасы көрсетіледі.

      9. Мемлекеттік органдар жерлерді резервте қалдыру туралы ұсыныс түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдарға тиісті қорытындыны ұсынады.

      10. Мемлекеттік органдармен жерлерді резервте қалдыру туралы ұсыныс келісілген жағдайда, жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар тиісті қорытынды түскен күннен соң үш жұмыс күні ішінде оны жергілікті атқарушы органға қарауға жолдайды.

      11. Жергілікті атқарушы орган көрсетілген ұсынысты қарау үшін жергiлiктi атқарушы органның, жергілікті өкілді орган депутаттарының, жер қатынастары жөніндегі органдардың, тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің, қоршаған ортаны қорғау, ауыл және орман шаруашылығы, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органдардың, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары (олар болған кезде) өкілдерінің құрамында комиссия құрады.

      Жергілікті атқарушы органның қалауы бойынша комиссияның құрамына басқа да адамдар енгiзiлуi мүмкiн.

      12. Жерлерді резервте қалдыру туралы ұсынысты комиссия ол түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды. Комиссияның қорытындысы хаттамалық шешім нысанында екі данада рәсімделеді.

      13. Резервте қалдырылатын жер учаскелері жеке және заңды тұлғалардың жеке меншігінде болған жағдайда, комиссияның теріс қорытындысы шығарылады.

      14. Жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген комиссияның теріс қорытындысы шығарылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде аумақтарды қала құрылысы үшін жоспарлаудың белгіленген тәртіппен бекітілген кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары, автомобиль жолдары мен теміржолдар өтуінің жобалары (схемалары), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыруға өкілетті мемлекеттік органдарға қорытындының көшірмесін қоса, тиісті хабарлама жолдайды.

      15. Комиссияның оң қорытындысы жағдайында, оның шығарылған мерзімінен бастап жеті жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы орган жерлерді резервте қалдыру туралы шешім қабылдайды.

      16. Жерлерді резервте қалдыру туралы жергілікті атқарушы органның шешімінде:

      1) резервтеудің мақсаттары мен мерзімдері;

      2) резервте қалдыру оларға сәйкес жүзеге асырылатын құжаттардың деректемелері;

      3) жерлердің жалпы көлемі мен санаты (экспликациясы);

      4) резервте қалдырылатын жерлердің шекараларында толық немесе жартылай орналасқан жер учаскелерінің жер пайдаланушылары мен сервитут иеленушілері туралы (олар болған кезде) мәліметтер, кадастрлық нөмірлерінің тізбесі;

      5) шектеулер көрсетіледі.

      17. Жерлерді резервте қалдыру туралы шешім бір әкімшілік - аумақтық бірлік шегінде орналасқан жер учаскелеріне қатысты қабылданады.

      18. Жерлерді резервте қалдыру туралы жергілікті атқарушы орган шешімінің көшірмесі ол қабылданған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдарға және Мемлекеттік корпорацияға оны мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректер базасына енгізу үшін жолдайды.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Кодекстің 49-2-бабының 5-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган жерді резервте қалдыру туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде учаскелері резервте қалдырылған жерлердің құрамына енгізілген жер пайдаланушылар мен сервитут иелерін хабардар етеді, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялау арқылы жерді резервте қалдыру туралы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

      20. Жерлерді резервте қалдыру бойынша әрекеттерді тоқтату туралы шешім тиісті әкімшілік - аумақтық бірлік шегінде таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында, сондай-ақ арнайы ақпарат ақпараттық стендтерде және осындай шешім қабылдаған жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында жариялануға жатады.

      21. Жерлерді резервте қалдыру бойынша іс-қимылды тоқтату туралы шешімнің көшірмесі, оның қабылданған күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорацияға резервте қалдырылған жерлер туралы мәліметтерді мемлекеттік жер кадастрының мәліметтер базасынан алып тастау үшін жолданады.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.