"Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысына толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 70 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 11 маусымда № 11297 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 257 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Қаулының күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 257 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Екінші деңгейдегі банктердің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4602 тіркелген, Қазақстан Республикасының Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың актілер жинағында 2007 жылғы, "Заң газеті" газетінде 2007 жылғы 25 сәуірде № 62 (1091) жарияланған) мынадай толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесінде:

      мынадай мазмұндағы 10-2 және 10-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "10-2. Ипотекалық қарыздарды Ереженің 10-3-тармағында көзделген талаптар бойынша қайта қаржыландырылған кезде, жаңа кредиттік досье ашу талап етілмейді, бұл ретте қолданыстағы кредиттік досьеге мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) қарыз алушы (тең қарыз алушы) қол қойған және банктің кіріс құжаттамасын тіркеуді жүзеге асыратын бөлімшесінде тіркелген, ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру туралы нұсқауы бар қайта қаржыландыруға өтініш;

      2) қарыз алушының (тең қарыз алушының), қарыз алушының (тең қарыз алушының) зайыбының (жұбайының) жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасымен салыстырып тексерілген, ол туралы белгісі бар көшірмесі;

      3) қарыз алушының (тең қарыз алушының), қарыз алушының (тең қарыз алушының) зайыбының (жұбайының) 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында жылжымайтын мүлкінің болуы (болмауы) туралы мәліметтер (тиісті уәкілетті мемлекеттік органның анықтамасы);

      4) түпнұсқалары банктің ішкі құжаттарымен белгіленген талаптармен және тәртіппен банктің қоймасында сақталуы тиіс қарыз беру туралы шарттың көшірмесі немесе банктік қарыз шартының қосымша келісімнің көшірмесі;

      5) тәуелсіз бағалаушының қарызды беру сәтінде (оның нарықтық құнын анықтайтын және дәлелдейтін) жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есебі, сондай-ақ банк жаңа қарызды берген кезде қарыздың қамтамасыз етуі болып табылатын жылжымайтын мүлікті қарыз алушы ауыстырған кезде ұсынылатын банктің ішкі құжаттарында белгіленген талаптарға сәйкес жасалған банктің кепілді қамтамасыз ету жөніндегі қорытындысы;

      6) 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушыны (тең қарыз алушыны) халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылуын растайтын құжаттар (қарыз алушы (тең қарыз алушы) халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылған жағдайда);

      7) кредиттік тарих субъектісінің ол туралы ақпаратты кредиттік бюроға ұсынуға келісімінің көшірмесі (оның түпнұсқасы банктің ішкі құжаттарында белгіленген талаптар мен тәртіпте банктің қоймасында сақталуға тиіс);

      8) кредиттік тарих субъектісінің кредиттік есепті алушыға кредиттік есепті беруге келісімінің көшірмесі (оның түпнұсқасы банктің ішкі құжаттарында белгіленген талаптар мен тәртіпте банктің қоймасында сақталуға тиіс);

      9) банктің уәкілетті органының арнайы есепке алу журналында тіркелген (нөмірі және шешімді қабылдау күні бойынша) ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруды мақұлдау жөніндегі банктің уәкілетті органының шешімінен үзінді-көшірме немесе тігілген, мөр басылған, әр парағы нөмірленген электронды түрде қайталанған көшірмесі.

      10-3. Осы Ереженің 10-2-тармағының мақсаттары үшін ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру банктің ипотекалық қарызды өтеу үшін жаңа қарыз беруі немесе қарызды өтеу талаптарын жақсарту мақсатында мынадай талаптармен ипотекалық қарыздың талаптарын өзгертуі болып танылады:

      1) қарыз алушы ипотекалық қарызды 2004 жылғы 1 қаңтар - 2009 жылғы 31 желтоқсан аралығы кезеңінде Қазақстан Республикасының банкінде және (немесе) ипотекалық ұйымында алған;

      2) ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру, 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі борыш бойынша берешек қалдығы мынадай болады:

      ұлттық валютамен (90 (тоқсан) күннен астам) мерзімі өткен берешегі бар - 36 470 000,00 (отыз алты миллион төрт жүз жетпіс мың) теңгеден аспайтын, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылар бойынша;

      шетел валютасында - 2015 жылғы 1 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми бағамы бойынша 36 470 000,00 (отыз алты миллион төрт жүз жетпіс мың) теңгеден аспайтын теңге баламасында, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылар бойынша;

      ұлттық валютамен - 36 470 000,00 (отыз алты миллион төрт жүз жетпіс мың) теңгеден аспайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылар бойынша;

      3) ипотекалық қарыз қарыз алушы және оның жұбайы (зайыбы) үшін 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында жалғыз болып табылған тұрғын үй немесе жер учаскесі түрінде кепілмен қамтамасыз етілген.

      Тұрғын үйдің жалпы көлемі 120 (бір жүз жиырма) шаршы метрден аспайды.

      Жер учаскесінің ауданы 0,1 (нөл бүтін оннан бір пайыз) гектардан аспайды.".

      2. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті (Терентьев А.Л.) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Досмұхамбетов Н.М.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Қ.Б. Қожахметовке жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк

Төрағасы

Қ. Келімбетов