Ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 7-1/394 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 4 маусымда № 11265 тіркелді

Қолданыстағы

      «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 45) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, ұсыну қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария және тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                               А. Мамытбеков

Қазақстан Республикасы   
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 30 сәуірдегі  
№ 7-1/394 бұйрығымен  
бекітілген          

Ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, ұсыну
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, ұсыну қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрi – Заң) сәйкес әзiрленді және ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, ұсыну тәртібін айқындайды.
      2. Ветеринариялық есепке алу мен есептiлiк эпизоотиялық ахуалға, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектiлерінің ветеринариялық-санитариялық жай-күйіне мониторинг жүргізу және бағалау, ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды Заңның 8-бабы, 9) тармақшасына сәйкес бекітілген, сондай-ақ жүргiзiлетiн iс-шаралардың көлемi мен тиiмдiлiгiн сақтау мақсатында жүзеге асырылады және оны мынадай тұлғалар:
      1) ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
      2) ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының бөлiмшелерi (бұдан әрi – ЖАО бөлiмшелерi);
      3) мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар;
      4) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалауды жүзеге асыратын ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосы (бұдан әрі – ведомство), оның аумақтық бөлімшелері, оның ішінде ветеринариялық бақылау бекеттері ұсынады.
      3. Ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жүргізу, табыс ету Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы
25 ақпандағы «Ветеринариялық есеп пен есептілік нысандарын бекіту туралы» № 16-07/114 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9342 болып тіркелген) бекітілген нысандары бойынша жүзеге асырылады.
      4. Ветеринариялық есептiлiкті жауапты адам толтырады және тиiстi мөрмен бекiтіледi.
      Ветеринариялық есептілік алушы(лар)ға электрондық нысанда (сканерлеген көшірме түрінде) немесе қағаз нысанында (түпнұсқа немесе көшірме түрінде) жіберіледі. Ветеринариялық есептiлiктің бір түпнұсқасы жауапты тұлғада (жіберуші) сақталады.
      5. Ветеринариялық есепке алу журналдарын:
      ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалардың;
      ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелерінің;
      мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың;
      ведомствосы, оның аумақтық бөлімшелері, оның ішінде ветеринариялық бақылау бекеттері журналды жүргізетін адамдары тігеді, нөмірлейді және тиісті мөрмен бекiтедi.
      Ветеринариялық есепке алу журналдарындағы жазбалар тиісті жұмыстың орындалу процесінде немесе тікелей ол аяқтала салысымен жүргізіледі.
      6. Ветеринариялық есепке алу журналының титулдық парағында журналдың атауы, жазбалардың басталған және аяқталған күндерi, тиiстi журналды жүргiзуге жауапты адамның тегі, аты, әкесінің аты, сондай-ақ лауазымы көрсетіледi.
      7. Ветеринариялық есепке алу журналдары жазбалардың аяқталған уақытынан бастап үш жыл бойы (әкімшілік-аумақтық бірліктің эпизоотиялық жағдайын жазуға арналған тұрақты сақталуға жататын журналды қоспағанда) сақталады.

2. Ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын
жеке және заңды тұлғалардың ветеринариялық есепке алуды жүргiзу
және есептiлiктi ұсыну тәртiбi

      8. Ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар олардың ветеринария саласындағы жүзеге асыратын кәсiпкерлiк қызметінiң түрiне қарай мынадай ветеринариялық есепке алу журналдарын жүргiзедi:
      1) ветеринариялық-профилактикалық iс-шараларды жазуға арналған журнал (ветесеп, № 1-вет нысан);
      2) жануарлардың ауруларын тiркеу журналы (ветесеп, № 2-вет нысан);
      3) жануарларды дайындау (сою), сақтау, өңдеу және сатуды жүзеге асыратын объектілердегі ет пен қосымша өнімдерді, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты ветеринариялық-санитариялық сараптауды есепке алу журналы (ветесеп, № 3-вет нысан);
      4) iшкi сауда объектiлерiндегі ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасында ет, балық, теңiз өнiмдерi және жұмыртқаларды ветеринариялық-санитариялық сараптау журналы (ветесеп, № 4-вет нысан);
      5) ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханасында сүт және сүт өнiмдерiн ветеринариялық-санитариялық сараптауды есепке алу журналы (ветесеп, № 5-вет нысан);
      6) ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханасында балды сараптау журналы (ветесеп, № 6-вет нысан).
      9. Осы Қағидалардың 8-тармағының 3) - 6) тармақшаларында көрсетiлген журналдарды жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың ветеринариялық-санитариялық сараптамасы жөніндегі кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын тұлғалар жүргiзедi.
      10. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетiлген есепке алу журналдарының деректерi негiзiнде жеке және заңды тұлғалар есептiлiктiң мынадай нысандарын ұсынады:
      1) жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты өндіруді, дайындауды (союды), сақтауды, өңдеудi және өткiзудi жүзеге асыратын объектiлердегі жануарлардан алынатын өнім мен шикізаттың ветеринариялық-санитариялық сараптамасы туралы есеп (№ 1-вет нысан).
      Бұл есептiлікті толтыру кезінде осы Қағидалардың 8-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген журналдың деректерi пайдаланылады;
      2) iшкi сауда объектiлерiндегі (базарлардағы) жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың ветеринариялық-санитариялық сараптамасы туралы есеп (№ 2-вет нысан). Осы Қағидалардың 8-тармағының 3) - 6) тармақшаларында көрсетiлген журналдар есептi жасау үшiн алғашқы деректер болып табылады;
      3) заңды тұлғалардың ветеринариялық биопрепараттарды өндiруi туралы есеп (№ 4-вет нысан);
      4) ветеринариялық препараттарды қолдану және жемшөп пен жемшөптік қоспаларды пайдалану туралы есеп (№ 6-вет нысан).
      11. Осы Қағидалардың 10-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көрсетiлген ветеринариялық есептiлiкті ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң ЖАО бөлiмшелерiне есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың бесiншi күнiне дейін береді.

3. Мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдардың ветеринариялық есепке
алуды жүргiзу және есептiлiктi ұсыну тәртiбi

      12. Мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар (бұдан әрi – мемлекеттiк ұйымдар) жүзеге асыратын функцияларына қарай ветеринариялық есепке алудың мынадай журналдарын жүргiзедi:
      1) Осы Қағидалардың 8-тармағының 1) - 6) тармақшаларында көрсетiлген ветеринариялық есепке алу журналдары;
      2) ветеринариялық зертханаға келіп түскен материалдарды тiркеу журналы (ветесеп, № 7-вет нысан);
      3) бактериологиялық зерттеулер журналы (ветесеп, № 8-вет нысан);
      4) вирусологиялық зерттеулер журналы (ветесеп, № 9-вет нысан);
      5) серологиялық зерттеулер журналы (ветесеп, № 10-вет нысан);
      6) гематологиялық зерттеулер журналы (ветесеп, № 11-вет нысан);
      7) гистологиялық зерттеулер журналы (ветесеп, № 12-вет нысан);
      8) былғары және үлбір шикiзатының сынамаларын сiбiр жарасына зерттеу журналы (ветесеп, № 13-вет нысан);
      9) жануарлардың паразитарлық ауруларына зертханалық зерттеулердi есепке алу журналы (ветесеп, № 14-вет нысан);
      10) жемшөп пен басқа материалдардың микотоксикологиялық зерттеулер журналы (ветесеп, № 15-вет нысан);
      11) химиялық-токсикологиялық зерттеулер журналы (ветесеп, № 16-вет нысан);
      12) биохимиялық және зертханалық-клиникалық зерттеулер журналы (ветесеп, № 17-вет нысан);
      13) балық шаруашылығының су қоймаларын гидрохимиялық және токсикологиялық зерттеулер журналы (ветесеп, № 18-вет нысан);
      14) ветеринариялық зертхананың радиологиялық бөлiмiнiң зерттеулердi есепке алу журналы (ветесеп, № 19-вет нысан);
      15) ветеринарияда пайдаланылатын микроорганизмдер штаммдарының қозғалысын тiркеу журналы (ветесеп, № 20-вет нысан);
      16) жануарлардың инфекциялық, инвазиялық және саңырауқұлақтық ауруларының қоздырғыштарымен залалданған зертханалық жануарларды есепке алу журналы (ветесеп, № 21-вет нысан);
      17) микроорганизм штаммдарын беру журналы (ветесеп, № 22-вет нысан);
      18) микроорганизм штаммдарының қасиеттерiн тексеру нәтижелерiн тiркеу журналы (ветесеп, № 23-вет нысан);
      19) биоматериалды, микроорганизм штаммдарының дақылдарын жоюды тiркеу журналы (ветесеп, № 24-вет нысан);
      20) жануарлардан алынатын тамақ өнiмдерiн, жартылай фабрикаттарды және шикiзатты сараптау нәтижелерiн тiркеу журналы (ветесеп, № 25-вет нысан);
      21) молекулярлы-генетикалық зерттеулердiң нәтижелерiн тiркеу журналы (ветесеп, № 26-вет нысан);
      22) ветеринариялық бақылау посттарындағы көлiк құралдарының дезинфекциясы туралы журнал (№ 27-вет нысан);
      23) ветеринариялық препараттардың республикалық қорының сақталуы және келiп түсуi жөніндегі журнал (№ 28-вет нысан).
      13. Республикалық мемлекеттiк кәсіпорындар нысанындағы мемлекеттiк ұйымдар жүзеге асыратын фукцияларына қарай есептiлiктiң мынадай түрлерiн ұсынады:
      1) ветеринариялық зертханалардың қызметі туралы есеп (№ 8-вет нысан);
      2) референттiк зертхананың қызметі туралы есеп (№ 9-вет нысан).
      14. Осы Қағидалардың 13-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ветеринариялық есептілікті мемлекеттік ұйымның аудандық филиалдары жасайды және есеп беру кезеңінен кейінгі айдың оныншы күніне қарай мемлекеттік органның облыстық филиалдарына және ЖАО бөлімшесіне ұсынылады.
      Мемлекеттік ұйымның облыстардағы, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы филиалдары есеп беру кезеңінен кейінгі айдың он бесінші күніне қарай мемлекеттік ұйымдардың орталық аппаратына ветеринариялық есептілікті ұсынады.
      Мемлекеттік ұйымның орталық аппараты ветеринариялық есептілікті жүргізеді, жинақтайды және талдауын жүргізеді, содан кейін оны есеп беру кезеңінен кейінгі айдың жиырмасыншы күніне қарай ведомствоға ұсынады.
      15. Осы Қағидалардың 13-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген ветеринариялық есептілікті мемлекеттік ұйымның республикалық маңызы бар қаладағы филиалы жасайды, есеп беру кезеңінен кейінгі айдың он бесінші күніне қарай мемлекеттік ұйымның орталық аппаратына ветеринариялық есептілікті ұсынады.
      Мемлекеттік ұйымның орталық аппараты ветеринариялық есептілікті жүргізеді, жинақтайды және талдауын жүргізеді, содан кейін оны есеп беру кезеңінен кейінгі айдың жиырмасыншы күніне қарай ведомствоға ұсынады.
      16. Мемлекеттiк мекеме нысанындағы мемлекеттiк ұйым орындалған жұмыстар актілерінің негізінде жануарлардың аса қауiптi ауруларының ошақтарын жою туралы есепті (№ 10-вет нысан) ұсынады.
      Ветеринариялық есептiлiкті мемлекеттiк ұйымның облыстық филиалдары жасайды және есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың он бесiншi күнiне қарай мемлекеттiк ұйымның орталық аппаратына ұсынады.
      Мемлекеттiк ұйымның орталық аппараты ветеринариялық есептiлiктi жинақтайды және талдау жүргiзедi, содан кейiн есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың жиырмасыншы күнiне қарай ведомствоға ұсынады.
      17. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы орғандары құрған мемлекетік ұйымдар (бұдан әрі – ЖАО мемлекеттік ұйымдары) осы Қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген ветеринариялық есепке алудың мынадай журналдарын жүргiзедi.
      18. ЖАО мемлекеттік ұйымдары есептiлiктiң мынадай түрлерiн ұсынады:
      1) мемлекеттiк тапсырыс бойынша алынған биологиялық препараттардың болуы және жұмсалуы туралы есеп (№ 3-вет нысан);
      2) жануарлардың аурулары туралы есеп (№ 5-вет нысан);
      3) осы Қағидалардың 10-тармағының 4) тармақшасында көрсетiлген есеп.
      19. Осы Қағидалардың 18-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген ветеринариялық есептілікті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округте ветеринариялық пункт жасайды және есеп беру кезеңінен кейінгі айдың бесінші күніне қарай аудандық ЖАО мемлекеттік ұйымдарының орталық аппаратына ұсынады.
      Аудандық ЖАО мемлекеттiк ұйымдарының орталық аппараты ветеринариялық есептiлiктi жинақтайды және талдау жүргiзедi, содан кейiн есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың оныншы күнiне қарай аудандық ЖАО бөлімшесіне ұсынады.
      Облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖАО мемлекеттiк ұйымдары ветеринариялық есептiлiктi жинақтайды және талдау жүргiзедi және өткізеді, содан кейiн есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың оныншы күнiне қарай облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖАО бөлімшесіне ұсынады.

4. Ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жергiлiктi
атқарушы органдар бөлiмшелерiнің ветеринариялық есепке алуды
жүргiзу және есептiлiктi ұсыну тәртiбi

      20. ЖАО бөлiмшелерi ветеринариялық есепке алудың мынадай журналдарын жүргiзедi:
      1) сойылған жануарларды қарап тексерудің және сою пункттерi (алаңдары) мен ет комбинаттарындағы ет және ет өнiмдерiнiң ветеринариялық-санитариялық сараптамасының нәтижелерiн есепке алу журналы (ветесеп, № 30-вет нысан);
      2) iшкi сауда объектiлерiнде (базарларда) өткiзiлетiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты тiркеу журналы (ветесеп, № 31-вет нысан);
      3) өндiрiс объектiлерiне есептiк нөмiрлер берудi тiркеу журналы (ветесеп, № 32-вет нысан).
      21. ЖАО бөлiмшелерi есептiлiктiң мынадай түрлерiн ұсынады:
      1) осы Қағидалардың 10-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген есеп;
      2) осы Қағидалардың 18-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көрсетiлген есептер;
      3) ветеринариялық-санитариялық объектiлердi салу, лицензиялау мәселелері, ветеринария және ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру саласында қызмет көрсететін ветеринариялық дәрігерлер саны туралы есеп (№ 7-вет нысан);
      4) жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты өндіруді, дайындауды (союды), сақтауды, өңдеудi және өткiзудi жүзеге асыратын өндiрiс объектiлерінде жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау және ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелерi туралы есеп (№ 12-вет нысан);
      5) ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жергiлiктi атқарушы органдардың анықталған бұзушылықтардағы қызметiне жүргiзiлген ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау есебін қоспағанда, ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар мен жергiлiктi атқарушы органдардың бөлiмшелерiн тексеру, сондай-ақ айқындалған ветеринария саласындағы заңнаманы бұзушылықтар туралы есеп (№ 13-вет нысан).
      22. ЖАО бөлiмшелерi есептiлiктi мынадай тәртіппен ұсынады:
      1) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖАО бөлiмшелерi ветеринария саласындағы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар және аудандық ЖАО-ның мемлекеттік ұйымдары ұсынған есептердi жинақтағаннан және талдағаннан кейін, есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың он бесінші күнiне қарай ветеринариялық есептілікті облыстың ЖАО бөлiмшелерiне және есептіліктің екінші данасын ведомствоның тиісті аумақтық бөлімшесіне (бұдан әрі – аумақтық бөлімше) береді;
      2) облыстардың ЖАО бөлiмшелерi жинақтауды және талдауды жүргiзгеннен кейін есепті кезеңнен кейінгі айдың жиырмасыншы күнiне қарай ветеринариялық есептiлiктi ведомствоға береді;
      3) Республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖАО бөлімшелері ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар және республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖАО мемлекеттік ұйымдары ұсынған ветеринариялық есептiлiктi жинақтайды және есепті кезеңнен кейінгі айдың жиырмасыншы күніне қарай ұсынады.

5. Ведомствоның және оның аумақтық бөлімшелерінің, оның ішінде
ветеринариялық бақылау бекеттерінің ветеринариялық есепке алуды
жүргізу және есептілікті ұсыну тәртібі

      23. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, областық маңызы бар қалалардың аумақтық бөлімшелері ветеринариялық бақылау бекеттерiмен бірге орны ауыстырылатын (тасымалданатын) жануарларды шекаралық ветеринариялық-санитариялық бақылау бекетінде қарап тексеру және есепке алу журналын (ветесеп, № 29-вет нысан) жүргізеді.
      24. Ведомствоның аумақтық бөлiмшелерi, оның ішінде ветеринариялық бақылау бекеттері есептiлiктiң мынадай түрлерiн ұсынады:
      1) мемлекеттiк шекара арқылы алып өтілетін мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау бақылауындағы орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектiлердi қарап тексерiп туралы есеп (№ 11-вет нысан);
      2) жеке және заңды тұлғалар мен жергiлiктi атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын бөлiмшелерiн тексеру, сондай-ақ өндiрiс объектiлерiне есептiк нөмiр беру туралы есепті қоспағанда, ветеринария саласындағы айқындалған заң бұзушылықтар туралы есеп (№ 13-вет нысан).
      25. Осы Қағидалардың 24-тармағында көрсетiлген ветеринариялық есептiлiктi аумақтық бөлiмшелер, оның ішінде ветеринариялық бақылау бекеттері жасайды және есепті кезеңiнен кейiнгi айдың он бесінші күнiне қарай облыстардың аумақтық бөлiмшелерiне ұсынады.
      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумақтық бөлiмшелерi есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың жиырмасыншы күнiне қарай ведомствоға ветеринариялық есептiлiктi ұсынады.
      Ведомство облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумақтық бөлiмшелерi, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖАО бөлiмшелерi және мемлекеттiк ұйымдар ұсынған есептердi талдайды.
      26. Ведомство алынған есеп деректерiнiң негiзiнде республика бойынша жиынтық есеп жасайды және оны есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың отызыншы күнiне қарай уәкiлеттi органға ұсынады.
      Есеп деректері ветеринариялық іс-шаралар жоспарларын жасағанда және жануарлар ауруларының пайда болуын болжау, дамуы және оларды жою кезінде пайдаланылады.