Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 78-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар мен медициналық техниканы сақтау мен тасымалдау қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті заңнамамен белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімдік баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі |
Т. Дүйсенова |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 262 бұйрығымен бекітілген |
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау мен тасымалдау қағидалары
Ескерту. Қағиданың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау мен тасымалдау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 78-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген, олар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау мен тасымалдау тәртібін айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) айқаспа контаминациясы – өндіру немесе сақтау процесінде бастапқы материалдың, аралық өнімнің немесе соңғы өнімнің өзге бастапқы материалмен немесе өніммен ластануы;
2) аймақ – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қабылдау, сақтау және өткізу процесінде әртүрлі функцияларды арнайы орындау үшін арналған үй-жай немесе үй-жайдың бөлігі.
3) белгілі бір температура кезінде сақтау:
терең салқындату -150С төмен;
тоңазытқышта +20С-ден +80С-ге дейін;
салқын жерде +80С-ден +150С-ге дейін;
бөлме температурасы жағдайында +150С-ден +250С-ге дейін;
4) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау – жарамдылық мерзімі ішінде олардың қауіпсіздігінің, тиімділігі мен сапасының сақталуын қамтамасыз ететін жағдайларда өнімді орналастыру (қоймаға жинау;
5) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі нормативтік құжат – дәрілік зат пен медициналық бұйымдардың сапасына, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен сапасының бірдей өлшемдерін қамтамасыз ететін оны анықтау әдістемелеріне қойылатын талаптар кешенін белгілейтін құжат;
6) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тасымалдау – олардың сақталуы мен тұтастығын, қоршаған орта факторларының әсерінен қорғауды, қажетті температуралық режимнің (сақтау талаптарының) сақталуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ жалған өнімге жол бермейтін жағдайларда көлік құралының көмегімен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бір тұтынушыдан екіншісіне тасымалдау, жеткізу;
7) дәрілік заттың жарамдылық мерзімі - мерзімі өткеннен кейін дәрілік затты қолдануға болмайтын күн;
8) дәрілік заттың қаптамасы - дәрілік затты бүлінуден және шығынынан қорғауды қамтамасыз ететін, сондай-ақ қоршаған ортаны ластаудан сақтайтын құрал немесе құралдар кешені;
9) дәрілік субстанция - шығу тегіне қарамастан, дәрілік препараттарды өндіруге және дайындауға арналған белгілі бір фармакологиялық белсенділігі бар зат немесе заттардың қоспасы;
10) дезинфекция – бұйымның үстіңгі қабатындағы немесе бұйымдағы микроағзалардың патогенді түрлерін термиялық, химиялық әдістермен және құралдармен жою процесі;
11) денсаулық сақтау субъектісі – денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жекеше медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;
12) дератизация – инфекциялық аурулардың көзі немесе оларды тасымалдаушы болып табылатын кеміргіштерді жою;
13) қараңғы жерде сақтау – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жарық түспейтін жерде сақтау;
14) құрғақ жерде сақтау - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ауаның салыстармалы ылғалдылығы 65 пайыздан аспайтын үй-жайларда сақтау;
15) медициналық көрсетілетін қызметтер – нақты адамға қатысты профилактикалық, диагностикалық, емдік немесе оңалту бағыты бар денсаулық сақтау субъектілерінің іс-әрекетт;
16) медициналық ұйым – медициналық көрсетілетін қызметтерді көрсететін денсаулық сақтау ұйымы;
17) медициналық техниканы пайдалану құжаты – медициналық техниканы өндіруші тұтынушылар үшін әзірлейтін, медициналық техниканың, оның құрамдас бөліктерінің құрылымы, іс-әрекет қағидаттары, өлшемдері, сипаттамалары (қасиеттері) туралы мәліметтерді; медициналық бұйымды дұрыс және қауіпсіз пайдалану (мақсатты пайдалану, техникалық қызмет көрсету, сақтау және тасымалдау) үшін қажетті нұсқауларды; кәдеге жарату жөніндегі мәліметтерді; бұйымды өндіруші, жеткізуші және олардың кепілдікті міндеттеру туралы ақпаратты қамтитын құжат;
18) сақтау үй-жайы - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтауға арналған, арнайы бөлінген және жабдықталған өндірістік үй-жай;
19) таңбалау - тұтынушыға арналған ақпарат бар және дәрілік заттардың затбелгілеріне (жапсырмаларына), контрзатбелгілеріне, кольереткаларына, жазба белгілеріне, қаптамасына және тікелей медициналық бұйымға жазылған мәтін, тауарлық белгілер, шартты белгілер және суреттер;
20) термоконтейнер - жоғары температураның әсерінен қорғауды қажет ететін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тасымалдауға арналған жылу өткізбейтін қасиеті және тығыз жабылатын қақпағы бар контейнер (жәшік немесе сөмке), мұнда оңтайлы температуралық режим (+20С-ден +80С дейін) оның қуысына орналастырылған мұздатылған тоңазытқыш элементтерінің көмегімен қамтамасыз етіледі;
21) тоңазытқыш бөлме (камера) - 00С жоғары қажетті температуралық режимді сақтап тұруды қамтамасыз ететін тоңазытқыш жабдықпен жабдықталған арнайы герметиктелген камера;
22) тоңазытқыш элемент (бұдан әрі - тоңазытқыш элемент) - тығынмен тұмшаланып жабылатын, су құюға арналған және қолданар алдында мұздатылып, контейнерлерде +20С-ден +80С-ге дейінгі шекте температураны ұстап тұру үшін қызмет ететін төртбұрышты нысандағы пластик немесе металл ыдыс;
23) шатыстыру – дәрілік заттардың бірнеше түрлерін әртүрлі серияларын/партияларын араластыру немесе сақтау, тасымалдау кезінде өнімнің бір түрін басқасымен ауыстыру.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау мен тасымалдау:
1) сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі нормативтік-техникалық құжатта (бұдан әрі – нормативтік құжат) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 19 қарашадағы № 754 бұйрығымен бекітілген Дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі нормативтік-техникалық құжатты жасау, келісу және сараптау ережесінің 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 5915 болып енгізілді), дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға арналған медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта, пайдалану құжаттарында (медициналық техника үшін) өндіруші белгілеген шарттарға сәйкес, қаптамаларының таңбалануында көрсетілетін олардың толық жарамдылық мерзімі ішінде қауіпсіздігінің, тиімділігінің және сапасының сақталуын қамтамасыз ететін;
2) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сақталуын қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылады.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.4. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар оларға қандай да бір әсер етуге жол бермеу үшін басқа өнімнен бөлек сақталады, жарықтың, температураның, ылғалдың және басқа да сыртқы факторлардың әсерінен қорғалады.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.5. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтауды жүзеге асыратын объектілерде денсаулық сақтау субъектісінің басшысы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сапасының сақталуын қамтамасыз етуге жауапты тұлғаны тағайындайды.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.6. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау процесінде кемінде айына бір рет дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қаптамасының (ыдысының) жағдайын және олардың сыртқы өзгерістерін көзбен қөру арқылы сапасын бақылау жүзеге асырылады.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.7. Дәрілік заттар менмедициналық бұйымдарды сақтауды жүзеге асыратын субъектілер қағаз және электрондық жеткізгіште жарамдылық мерзімдерін есепке алуды жүргізеді.
Жарамдылық мерзімі өткен, сондай-ақ жарамсыз, кері қайтарылған немесе қайтарылған дәрілік заттар бөлек немесе оқшауланып сақталады.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.8. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау:
медициналық-санитариялық алғашқы және (немесе) консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәріхана, дәріхана пункттерінің, жылжымалы дәріхана пункттерінің, оптика, медициналық бұйымдар дүкендерінің;
медициналық ұйымның – бөлімшелердегі, кабинеттердегі және мейіргерлердің посттарындағы;
дәріхана қоймаларының, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды уақытша сақтау қоймаларының, медициналық бұйымдар қоймасының, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру жөніндегі ұйымдарының сақтау үй-жайларында жүзеге асырылады.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.9. Барлық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар олардың физикалық және физикалық-химиялық қасиеттеріне, оларға әр түрлі сыртқы орта факторларының әсер етуіне байланысты мыналарға:
1) жарық әсерінен сақтауды талап ететін;
2) ылғалдан сақтауды талап ететін;
3) буланып ұшудан сақтауды талап ететін;
4) жоғары температураның әсерінен сақтауды талап ететін;
5) төмен температураның әсерінен сақтауды талап ететін;
6) қоршаған ортадағы газдардың әсерінен сақтауды талап ететін;
7) иісі бар, бояғыш;
8) өртке қауіпті және жарылуға қауіпті болып бөлінеді.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2-тарау. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сақтау тәртібі
Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
10. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау үй-жайларын (аймақтарын) жобалау, салу, олардың құрамы, аудандарының көлемі, жарақтандырылуы және оларды пайдалану дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың әртүрлі топтарының сақталуын, оларды сақтау және олармен жұмыс істеу шарттарын қамтамасыз етеді.
Орындалатын жұмыстарға байланысты, сақтау үй-жайлары (аймақтары) өзара байланысты, шатыстыруға, сондай-ақ бөгде адамдардың кіріуне жол берілмейді.
Сақтау үй-жайлары (аймақтары) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қабылдау, сақтау, түсіру операцияларының жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Жүргізілетін барлық операциялардың дәлдігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сақтау үй-жайлары (аймақтары) жарықпен қамтамасыз етіледі.
Сақтау үй-жайларында орналастырылған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бір уақытта сақтауға болатын көлемі сақтау үй-жайлары ауданының 75 пайызынан аспауға тиіс.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.11. Дәрілік заттарды сақтау үй-жайларын (аймақтарын) әрлеу тегіс болуға және ылғалды тазалау мүмкіндігіне жол берілуге тиіс. Үй-жай едендерінің үстіңгі қабаты механизация құралдарының және дезинфекциялаушы құралдарды пайдалана отырып, ылғалды жинау әсеріне төзімді болуға тиіс.
Үй-жайлардың және сақтауға арналған жабдықтың тазалығы сақталады. Жинау (тазарту) үшін қолданылатын жабдық, мүккәмал және материалдар, сондай-ақ жуғыш және дезинфекциялаушы құралдар бөлек сақтау үй-жайында (аймағында) сақталады және олар контаминация көзі болмайтындай етіп қолданылады.
12. Сақтау үй-жайларында (аймақтарында) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар зауыт немесе көлік қаптамасында сақталады.
Зауыт немесе көлік қаптамасы бұзылған жағдайда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар материалдық шкафтарда, сөрелерде, паллеттерде, сейфтерде сыртқы затбелгісімен (таңбасымен) тұтыну және/немесе ашық зауыт қаптамасында сақталады.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.13. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттарға арналған қосымша материал желдетілетін құрғақ үй-жайларда бөлек шкафтарда зауыт қаптамасында сақталады. Зауыт қаптамасы ашылғаннан кейін қосымша материалдың бөліп салынған немесе қалған саны полиэтилен, қағаз пакеттерде немесе қалың қағаздан жасалған қаптарда сақталады.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.14. Сақтау үй-жайлары (аймақтары) жәндіктердің, кеміргіштердің немесе басқа жануарлардың кіруінен сақтауды қамтамасыз ететіндей етіп жобаланады және жабдықталады, зиянкестерді профилактикалық бақылау бағдарламасы бар.
15. Жұмысшыларға арналған демалыс бөлмелері, киім ілгіштер, жуынатын бөлмелер мен дәретханалар сақтау үй-жайларынан (аймақтарынан) бөлінген. Сақтау үй-жайларында (аймақтарында) тамақ өнімдері, сусындар, темекі бұйымдары, сондай-ақ жеке пайдалануға арналған дәрілік заттар сақталмайды.
Сақтау аймағында жұмыс істейтін қызметкерлер атқаратын жұмысына сәйкес келетін қорғау немесе жұмыс киімін киеді. Қауіпті дәрілік заттармен, соның ішінде жоғары белсенді, уытты, аллергиялық материалдармен жұмыс істейтін қызметкерлерге жеке қорғау құралдары беріледі. Қауіпті дәрілік заттармен жұмыс істейтін персонал арнайы нұсқаулықтан өтеді.
Сақтау үй-жайларында, соның ішінде тоңазытқыш бөлмелерде (камераларда) температуралық ауытқу аймақтарына (салқындату жүйесіне тікелей жақын орналасқан немесе салқын ауа ағыны бар аймақтар) алдын ала тестілеу жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша құжаттар ресімделіп, температура мен ылғалдылық сақталып отырады.
16. Дәрілік заттарды сақтау үй-жайлары қажетті жабдықпен және мүккәмалмен:
дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтауға арналған стелаждармен, поддондармен, шкафтармен;
температуралық режимді ұстайтын технологиялық жабдықпен;
температура мен ылғалды тіркеуге арналған аспаптармен;
жүкті арту-түсіру жұмыстарына арналған механизация құралдарымен;
санитариялық режимді қамтамасыз етуге арналған дезинфекциялық құралдармен және жинау мүккәмалымен;
санитариялық-гигиеналық режимді, еңбекті қорғауды, қауіпсіздік техникасын, өрт қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауды және дәрілік заттардың сақталуын қамтамасыз ететін басқа да жабдықпен және мүккәмалмен қамтамасыз етіледі.
Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.17. Тоңазытқыш камералары, тоңазытқыш құрылғылары, тоңазытқыштар жабдық ішіндегі температураны бақылауға арналған аспаптармен (электрондық аспаптар, термометрлер) жарақтандырылған.
18. Дәрілік заттарды сақтау шарттарын бақылау немесе мониторингілеу үшін қолданылатын жабдық (өлшеу құралдары) калибрленеді (тексеріледі). Жабдықты (өлшеу құралдарын) тексеру "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" 2000 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 18)-тармақшасына сәйкес кемінде жылына бір рет жүргізіледі.
19. Жабдықты жөндеу, қызмет көрсету, тексеру және калибрлеу бойынша операциялар дәрілік заттардың сапасы теріс әсерге ұшырамайтындай етіп жүзеге асырылады.
Тоңазытқыш жабдығы, тоңазытқыш бөлмесі (камерасы) жарамсыз болған немесе электр қуаты өшкен жағдайларда, төтенше жағдайларда шұғыл іс-шаралар жоспары әзірленеді және бекітіледі.
20. Жабдық жарамды күйінде қолданылады және тиісті тазалықта ұсталады. Жабдықты тазарту және дезинфекциялау әзірленген және бекітілген нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
21. Сақтау үй-жайлары ауа температурасын, ылғалдылығын бақылауға арналған тиісті жабдықпен (термометрлермен, гидрометрлермен, ауа температурасы мен ылғалдылығын бақылайтын құралдардың басқа түрлерімен) қамтамасыз етіледі. Жабдық үй-жайлардың ішкі қабырғаларында жылдың суық және жылы мезгілдеріндегі температуралық ауытқу аймақтарын тестілеу нәтижелері бойынша қызатын аспаптардан алысырақ орналастырылады. Жабдықты пайдалану оған қоса берілген нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
22. Сақтау үй-жайларындағы ауа температурасы мен ылғалдылығының бақылануын тексеру мерзімділігі кемінде тәулігіне бір рет жүзеге асырылады. Әрбір сақтау үй-жайында осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ауа температурасы мен салыстырмалы ылғалдылығын есепке алу журналы жүргізіледі.
23. Сақтай үй-жайларында дәрілік заттар:
1) фармакологиялық топтары бойынша;
2) қолданылу тәсіліне қарай (ішкі, сыртқы);
3) агрегаттық жағдайына қарай;
4) физикалық-химиялық қасиеттеріне және сыртқы ортаның әр түрлі факторларының әсеріне сәйкес бөлек сақталады.
Дәрілік заттар, дәрілік субстанциялар, материалдар ластауға, шатыстыру және айкаспа контаминациясына жол бермейтіндей етіп сақталады.
24. Сапа мен қауіпсіздікке сәйкес келмейді деп танылған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар (жарамсыз, жарамдылық мерзімі өткен, жалған, қолдануға тыйым салынған, медицинада қолдануды тоқтата тұружәне басқалар) қалған өнімнен оқшауланған және заңсыз қолдану рұқсатынан қорғалған арнайы бөлінген жерде сақтауға орналастырылады. Мұндай өнім "Одан әрі пайдалануға жатпайды" деп белгіленеді.
Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.25. Дәрілік препараттарды дайындауға құқығы бар дәріханалардың өндірістік үй-жайларында дәрілік субстанциялар температуралық режим сақтала отырып, эмаль немесе шыны ыдыста сақталады.
26. Дәрілік заттар құқығы бар персоналға ғана кіруге рұқсат етілген, бөлінген және нақты белгіленген аймақтарда тиісті түрде сақталады.
27. Айналысы туралы шешім әлі қабылданбаған, жарамдылық мерзімі өткен, қайтарылған, жеткізу үшін жарамды санатынан алынған, оларға қатысты жалған деген күмән бар, кері қайтарылған және бас тартылған дәрілік заттарды қалған өнімнен заңсыз қолдану рұқсатынан қорғалған, арнайы бөлінген жерде (аймақта) физикалық оқшауландырылған немесе басқа сенімді балама тәсілінде (мысалы, электрондық) сақтау қажет.
Өнімнің және оларды сақтау орындарының нақты белгілері бар.
28. Қабылдау, карантин, жарамсыз, түсіру және сақтау аймақтарының бөлінуі қамтамасыз етіледі.
29. Қабылдау және түсіру аймақтарында ауа райы жағдайларының әсерінен қорғау қамтамасыз етіледі.
Қабылдау және түсіру аймақтары жабдықпен (желдету/кондиционер жүйесі, гигрометр, термометр) қамтамасыз етіледі.
Қабылдау аймағында сақтауға орналастырар алдында келіп түсетін өнімді контейнерлерден тазартуға арналған аймақ пен жабдық көзделген.
Алынған өнімді тексеру үшін пайдаланылатын бақылау аймақтары бөлінген және тиісті жабдықпен қамтамасыз етілген.
30. Дәрілік заттар карантинде сақталатын үй-жайдың нақты белгілері бар, оған кіру шектеулі. Физикалық оқшаулауды алмастыратын кез келген жүйе қолдану рұқсатының шектелуін қорғауды қамтамасыз етеді.
31. Бастапқы материалдардың сынамаларын іріктеу үшін тиісті бақылау жағдайлары бар жеке үй-жай бөлінеді. Өнімді сақтау үй-жайында сынамаларды іріктеу жағдайында ластанудың немесе айқаспасу контаминациясының алдын алу жөніндегі іс-шаралар белгіленеді. Сынамаларды іріктеуге арналған үй-жайларды жинау бойынша тиісті рәсімдер бар.
32. Жарық әсеріне сезімтал дәрілік субстанцияларды қараңғы үй-жай ішіндегі жарықтан қорғайтын материалдардан жасалған ыдыста (сарғылт түсті шыны ыдыста, металл ыдыста, алюминий фольгадан немесе қара, қоңыр не сарғылт түстерге боялған полимер материалдардан жасалған қаптамада) немесе жарықтың өтуінен қорғайтын тығыз жабылатын есіктері бар шкафтарда сақтау қажет.
Жарықтың әсерінен қорғауды талап ететін дәрілік заттар табиғи жарықтан қорғауды қамтамасыз ететін үй-жайларда немесе арнайы жабдықталған орындарда сақталады, бірінші немесе екінші қаптамада қапталған дәрілік заттарды көрсетілген дәрілік препараттарға тікелей күн жарығының түсуіне жол бермеу үшін шаралар қабылданған жағдайда шкафтарда немесе сөрелерде сақтау қажет.
33. Жарыққа ерекше сезімтал дәрілік субстанцияларды (күміс нитраты, күміс препараттары, прозерин, физостигмин салицилаты және оларға ұқсастар) сақтау үшін шыны ыдысқа жарық түспейтін қара қағаз жабыстырады және іші қара бояумен боялған, тығыз жабылатын шкафқа салады.
34. Атмосфералық су буларының әсерінен қорғауды талап ететін дәрілік субстанцияларды құрғақ, салқын жерде, су буларын өткізбейтін материалдардан (шыны, металл, алюминий фольгасы, қабырғасы қалың пластмасса ыдыста) жасалған тығыз бекітілген ыдыста сақтайды.
35. Анық гигроскопиялық қасиеттері бар дәрілік субстанцияларды құрғақ үй-жайда үстіне парафин құйылған, герметикалық тығыны бар шыны ыдыста сақтайды. Мұндай дәрілік заттары бар ыдысты жабу кезінде мойны мен тығыны дұрыстап сүртіледі.
36. Дәрілік заттардың сақталуын дәрілік заттың екінші қаптамасына жазылған сақтандыру жазбалары түріндегі талаптарға сәйкес ұйымдастыру қажет.
37. Құрамында ұшпатын заттары бар дәрілік субстанциялар салқын жерде, ұшпалы заттарды өткізбейтін материалдардан жасалған герметикалық тығындалған ыдыста (шыны, металл, алюминий фольгада) сақтайды.
38. Құрамында ұшпалы заттары бар дәрілік субстанцияларды қаптау, тығындау нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келетін ыдыста жүзеге асырылады.
39. Жоғары температура әсерінен қорғауды талап ететін дәрілік заттар бөлмедегі (+15 - +250С), салқын (+8 - +150С) температурада сақталады. Кейбір жағдайларда сақтаудың анағұрлым төмен температурасы талап етіледі (00 - +100С), бұл затбелгіде, медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта, нормативтік құжатта көрсетіледі.
40. Төмен температура әсерінен қорғауды талап ететін дәрілік заттардың санына қатқаннан кейін физикалық-химиялық жағдайы өзгеретін және кейін бөлме температурасына дейін жылытқан кезде қалпына келмейтін дәрілік заттар жатады.
Төмен температураның әсерінен қорғауды талап ететін дәрілік заттарды сақтау дәрілік заттың бірінші және екінші қаптамасында көрсетілген температуралық режимге сәйкес жүзеге асырылады.
41. Формальдегидтің (формалин) 40 пайыздық ерітіндісі +90С төмен болмайтын температурада сақталады. Тұнба пайда болған кезде бөлме температурасында ұстайды, кейін ерітіндіні ағызып, формальдегидтің нақты құрамына сәйкес пайдаланады.
42. Мұзды сірке қышқылы +90С төмен болмайтын температурада сақталады. Тұнба пайда болған кезде қышқылды тұнба ерігенге дейін бөлме температурасында ұстайды. Тұнба ерімеген жағдайда қышқылдың сұйық бөлігін ағызып жібереді және сірке қышқылының нақты құрамына сәйкес пайдаланады.
43. Медициналық қою майлар +100С төмен болмайтын температурада сақталады. Тұнба пайда болған кезде оларды бөлме температурасында ұстайды, деканттайды және нормативтік құжаттың барлық талаптарына сәйкестігіне тексереді.
44. Қоршаған ортадағы газдардың әсерінен өзгеретін дәрілік заттар тобына мыналарды жатқызады:
1) ауадағы оттегімен әрекеттесетін дәрілік заттар: шектеусіз оттегі арасында байланысы бар алифаттық қатардағы түрлі қосындылар, шектеусіз оттегі арасында байланысы бар жанама алифаттық топтардағы циклдық заттар, фенольдық, полифенолдық, морфии және оның алмастырылмаған гидроксильді топтары бар туынды заттар, құрамында күкірт бар гетерогенді және гетероциклдық қосындылар, ферменттер мен органикалық препараттар;
2) ауаның көмір қышқыл газымен әрекеттесетін дәрілік заттар: сілтілі металдар мен әлсіз органикалық қышқылдардың тұздары (барбитал-натрий, гексенал және басқалары), құрамында көп атомды аминдері бар препараттар (эуфиллин), магний оксиді және магний пероксиді, натрий гидроксиді, калий гидроксиді және басқалар;
3) газдардың әсерінен қорғауды талап ететін дәрілік субстанцияларды және дәрілік заттардың балк-өнімін газ өтпейтін материалдардан тұмшаланып тығындалған, мүмкіндігінше лық толтырылған ыдыста сақтайды;
4) ауадағы оттегімен жеңіл қышқылданатын дәрілік субстанцияларды және дәрілік заттардың балк-өнімін құрғақ үй-жайда тұмшаланып тығындалған, парафин құйылған шыны ыдыста сақтайды;
5) дәрілік субстанциялар мен дәрілік заттардың балк-өнімін және барбитур қышқылдарының натрий тұздарын сақтау жағдайларын жасауға ерекше назар аудару қажет, оларды тұмшаланып тығындалған, парафин құйылған, судың атмосфералық булары мен көмір қышқылы газын өткізбейтін материалдардан жасалған ыдыста сақтайды.
45. Иісті дәрілік заттардың дәрілік субстанциялары мен олардан дайындалған дәрілік нысандарды дәріханаларда оқшауланған тұмшаланып жабылған, иіс өткізбейтін ыдыста атаулары бойынша бөлек сақтау қажет.
46. Бояйтын дәрілік заттар тобына ыдыста, тығындалатын құралдарда, жабдықтар мен басқа заттарда әдеттегі санитариялық-гигиеналық өңдеу кезінде жуылмайтын боялған із қалдыратын заттар, олардың ерітінділері, қоспалары, препараттары және басқалары жатады.
47. Бояйтын заттардың дәрілік субстанцияларын арнайы шкафта тығыз тығындалған ыдыста, атаулары бойынша бөлек сақтайды. Бояйтын дәрілік заттармен жұмыс істеу үшін әрбір атау үшін арнайы ұнтақтағыш, басқа мүлік бөлінеді. Дәріханаларда бояйтын заттардың дәрілік субстанцияларынан дайындалған дәрілік нысандар тығыз тығындалған ыдыста бөлек сөреде сақтайды.
48. Құрамында эфир майлары бар дәрілік өсімдік шикізаты жақсы тығындалған ыдыста оқшауланып сақталады.
49. Гигроскопикалық қасиеттері бар шөптерді, жапырақтарды, жемістер мен тамырлар тұмшаланып тығындалған және қажет болған жағдайда парафин құйылған (жалбыз жапырақтары, бүйрек шайы, тікенек тамыры) шыны немесе металл ыдыста сақтайды.
50. Өсімдік жиналымдарын дәрілік шикізатты сақтаудың жалпы қағидаларын сақтай отырып, сақталады.
51. Дәрілік өсімдік шикізаты нормативтік құжат талаптарына сәйкес мерзімдік бақылауға жатады. Қалыпты бояуын, иісін және әсер ететін заттарының талап етілетін мөлшерін жоғалтқан, сондай-ақ көгерген шөптер, тамырлар, тамыр сабақтары, тұқымдар, жемістер жарамсыз болады. Қамба зиянкестері болған кезде шикізатты зақымдану деңгейіне байланысты жарамсыз болып табылады немесе қайта өңдеу мен бақылаудан кейін пайдаланады.
52. Сақтау кезінде құрамында жүрек гликозидтері бар дәрілік өсімдік шикізатына ерекше назар аудару қажет. Олар үшін сақтаудың анағұрлым қатаң мерзімдері белгіленген және биологиялық белсенділігін қайта бақылау көзделген.
53. Улы және күшті әсер ететін дәрілік өсімдік шикізатын жеке үй-жайда немесе құлыпталған бөлек шкафта сақтайды.
54. Өлшеніп оралған дәрілік өсімдікті дәрілік өсімдік шикізатын сақтау ерекшеліктерін және қаптамада және тұтынушыларға арналған дәрілік затты қолдану жөніндегі нұсқаулықта (аңдатпа-қосымша парақ) көрсетілген сақтау шарттарын сақтай отырып сақтайды.
Өлшеніп оралмаған дәрілік өсімдік шикізаты құрғақ (ылғалдылық 50%-дан аспайды), жақсы желдетілетін үй-жайда, тығыз жабылған ыдыста сақталады.
Өлшеніп оралмаған, құрамында эфир майлары бар дәрілік өсімдік шикізаты жақсы тығындалған ыдыста оқшау сақталады. Құрамында жүрек гликозидтері бар дәрілік өсімдік шикізатын сақтау биологиялық белсенділікке қайта бақылау туралы талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
Өлшеніп оралмаған, құрамында улы заттары бар дәрілік өсімдік шикізаты жеке үй-жайда немесе құлыпталған бөлек шкафта сақталады.
55. Отқа қаупі бар, жарылу қаупі бар, жеңіл тұтанатын және тез жанғыш дәрілік заттар және араластырғанда, ысқылағанда және жоғары температураның әсерінен тұтану және жарылыс тудыратын қосындыларды түзетін дәрілік заттар олардың физикалық-химиялық және өртке қауіпті қасиеттері мен қаптама сипатына сәйкес бір-бірінен қалың, отқа төзімді қабырғалармен (қалқалармен) оқшауланған үй-жайларға (бөліктерге) бөлінетін қойма үй-жайларында біртектілік принципі бойынша сақталады.
56. Жеңіл тұтанатын заттарды сақтауға арналған жеке қоймалар болмаған жағдайда оларды көрші үй-жайлардан міндетті түрде оқшауланған және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келетін жалпы жанбайтын құрылыстарда сақтауға рұқсат беріледі. Бұл үй-жайлар сору-шығару желдеткіштерімен қамтамасыз етіледі.
57. Өртке қаупі бар дәрілік заттарды сақтау басқа дәрілік заттардан бөлек жүзеге асырылады.
Отқа қаупі бар және жарылу қаупі бар дәрілік заттарды сақтауға арналған үй-жайлар жанбайтын және орнықты сөрелермен және тұғырлармен қамтамасыз етіледі. Жеңіл тұтанғыш және тез жанғыш сұйықтықтарды ені кемінде 0,7 метр және биіктігі кемінде 1,2 метр есіктері бар қосымша салынған жанбайтын шкафтарда сақтауға рұқсат беріледі.
Тез тұтанатын дәрілік заттарды сұйықтықтардың ыдыстардан булануының алдын алу үшін тығыз жабылған, берік, шыны немесе металл ыдыста сақтайды.
Жарылу қаупі бар дәрілік заттарды сақтау кезінде олардың шаңмен ластануына қарсы шараларды қабылдау қажет.
58. Жеңіл тұтанатын сұйықтықтар басқа топтардан бөлек ғимаратта шыны немесе металл ыдыста сақталады.
Ескерту. 58-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.59. Өндірістік сақтау үй-жайларында жеңіл тұтанғыш және тез жанғыш сұйықтарды арнайы металл жәшікте жылыту аспаптары мен шығатын жерлерден оқшау жалпы 3 килограмнан аспайтын мөлшерде сақтауға рұқсат етіледі.
60. Жеңіл тұтанғыш сұйықтарды сақтауға арналған контейнерлер шыныдан немесе металдан жасалады, сұйықтың ұшып кетуін болдырмау үшін олар қақпақтармен тығыз жабылады. Жеңіл тұтанғыш және жанғыш заттарды ашық контейнерлерде және басқа материалдардан жасалған контейнерлерде сақтауға болмайды.
61. Жеңіл тұтанғыш және жанғыш сұйықтар толтырылған бөтелкелерді, баллондар мен басқа да ірі сыйымдылықтарды соққылардан қорғайтын ыдыста баллон тұғырларда бір қатарда сақтайды.
Оларды әр түрлі төсеу материалдарын пайдалана отырып, биіктігі бойынша бірнеше қатарда сақтауға жол берілмейді. Көрсетілген дәрілік заттарды жылыту аспаптарында сақтауға жол берілмейді. Сөреден немесе штабельден жылыту элементіне дейінгі арақашықтық 1 м-ден кем болмауы тиіс.
Жұмыс орындарында бұл заттарды тығыз жабылған контейнерлерде ауысымдық қажеттіліктен аспайтын мөлшерде сақтайды.
62. Жеңіл тұтанғыш және жанғыш дәрілік заттарды:
1) толтыру деңгейі көлемнің 90 пайызынан аспайтын лық толтырылған контейнерде сақтауға болмайды. Yлкен мөлшердегі спирттер көлемнің 95 пайызынан аспайтындай етіп толтырылатын металл ыдыстарда сақталады;
2) минералды қышқылдармен (күкірт, азот және басқа қышқылдармен), тығыздалған және сұйытылған газдармен, жеңіл жанатын заттармен, сондай-ақ органикалық заттармен қосылғанда жарылғыш қаупі бар қоспалар (калий хлораты, калий перманганаты) беретін органикалық емес тұздармен бірге сақтауға болмайды.
63. Жанғыш және жарылғыш қаупі бар заттар қалың қабатты сыйымдылықтарда (бөтелкелерде, банкілерде, барабандарда) сақталуы тиіс, қажет болған жағдайда тығындарға парафин құйылады.
64. Медициналық эфир мен наркозға арналған эфирді фабрикалық қаптамада, қараңғы салқын жерде, отпен жылыту аспаптарынан алыста сақтайды.
65. Кальций гипохлориді жанбайды, бірақ сұйық май тәрізді органикалық өнімдермен байланысқан кезде олардың жануына әкелуі мүмкін, ал аммиакпен және аммоний тұздарымен байланысқан кезде жарылуға әкелуі мүмкін, сондықтан оны сақтау сипатталған қасиеттері ескеріле отырып, оқшау жүзеге асырылады.
66. Жеңіл тұтанғыш сұйықтарды сақтау кезінде контейнерлердің жай-күйін, олардың тұмшалануы мен дұрыстығын тұрақты бақылап отыру керек. Бастапқы қаптаманың бұзылғаны анықталған жағдайда ондағы зат дереу басқа ыдысқа қайта құйылады.
67. Жеңіл тұтанғыш сұйықтардан босаған ыдысты біраз уақыт жақсы желдетілген үй-жайда немесе көшеде ашық қалдырған жөн.
68. Жарылғыш қаупі бар дәрілік заттарға жарылыс пайда болуына бейім дәрілік заттар жатады.
Жарылғыш қаупі бар дәрілік заттарды оқшау қоймада өртке қарсы қабырғалармен және бөліктермен бөлінген арнайы үй-жайларда (бөліктерде), тығыз жабылған контейнерлерде сақтайды.
69. Жарылғыш қаупі бар дәрілік заттарды сақтаған кезде олардың жарылуын туғызуы мүмкін шаңмен ластануына қарсы шараларды қолдану қажет.
70. Өлшеніп оралмаған калий перманганатын арнаулы бөліктерде, қаңылтыр контейнерлерде, жұмыс орындарында - тығындары сүртілген штангластарда, басқа органикалық заттардан бөлек сақтайды.
Калий перманганатын күкіртпен, органикалық майлармен, эфирлермен, спиртпен, глицеринмен, органикалық қышқылдармен және органикалық заттармен, сондай-ақ жеңіл тұтанғыш және жанғыш заттармен бірге сақтауға болмайды.
71. Өлшеп оралмаған нитроглицерин ерітіндісін шағын, жақсы тығындалған шыны немесе металл контейнерлерде оттан алыс, сақтық шараларын сақтай отырып салқын, қараңғы жерде сақтайды. Нитроглицеринмен жұмысты теріге тигенде улануды және нитроглицерин төгілгенде туындайтын жарылысты болдырмау мақсатында ерекше сақтықпен жүргізу қажет. Нитроглицерин сілкуден, соғудан және спирт ерітінділерін төгуден жарылуға әкелуі мүмкін. Нитроглицерині бар ыдысты жылжытуды және осы препаратты өлшеуді нитроглицериннің төгілуіне және булануына, сондай-ақ оның теріге тиіп кетуіне жол бермейтін ерекше жағдайларды жүзеге асыру қажет.
72. Эфирді сақтаған жағдайда (әсіресе ауа кірген жағдайда) сілкігенде, ұрылғанда, үйкелгенде немесе температура артқан жағдайда жарылыс туғызуы мүмкін пероксидтер қалыптасады, сондықтан жарылуға жол бермеу мақсатында эфирмен жұмыс істеу ерекше сақтықпен жүргізіледі.
73. Жарылғыш қаупі және жанғыш қаупі бар заттарды қышқылдармен және сілтілік заттармен бірге сақтауға болмайды.
74. Азот және күкірт қышқылдарын сақтаған кезде олардың ағашпен, сабанмен және басқа органикалық заттармен жанасуына жол бермейтін шаралар қабылданады.
75. Жарылғыш қаупі және жанғыш қаупі бар заттарды сақтау үй-жайларына керосин шамдармен және балауыздармен кіруге жол берілмейді. Электр шамдарын ғана пайдалануға болады.
76. Оттегі және жанғыш газдары бар баллондарды бірге сақтауға, сондай-ақ бұл баллондарды материалдық бөлмелер мен дәріхана қоймаларында сақтауға болмайды.
77. Оттегі мен жанғыш газдары бар баллондарды жылу көздерінен, оларға май мен басқа да майлы заттардың түсуінен қорғайды және оқшауландырылған үй-жайларда немесе жабық қалқаларда сақтайды.
78. Медициналық бұйымдар физикалық және физикалық-химиялық қасиеттеріне қарай мынадай топтарға бөлінеді:
1) резеңке бұйымдары;
2) пластмассадан жасалған бұйымдар;
3) таңу, тігу және қосалқы құралдары;
4) көзге салынатын және оны түзейтін линзалар;
5) медициналық аспаптар, құрылғылар, аспаптар, аппаратура.
Ескерту. 78-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.79. Сақтау үй-жайларында резеңке бұйымдардың сапасын сақтау үшін мынадай шарттарды сақтау қажет:
1) кебуден, өзгеруден және түрін өзгертуден сақтау үшін ауаның салыстырмалы ылғалдылығын кемінде 65 пайызда ұстау;
2) мынадай химиялық заттардың: йодтың, хлороформның, хлорлы аммонийдің, лизолдың, формалиннің, қышқылдардың, органикалық ерітінділердің, майлайтын майлардың, сілтілердің, дезинфекциялайтын құралдардың, нафталиннің әсерінен оқшаулау;
3) жарықтан, әсіресе тікелей күн сәулесінен қорғау;
4) ауаның жоғары (+200С-дан астам) және төмен (00С-ден төмен) температурасынан қорғау;
5) ауа ағынынан (өтпе желден, механикалық желдетуден) қорғау;
6) механикалық бүлінуден (оның ішінде жаншылудан, иілуден, оралудан, созылудан және тағы басқадан қорғау қажет.
80. Резеңке бұйымдардың жекелеген түрлерін сақтауда мынадай ерекшеліктер ескеріле отырып, жүзеге асырылады:
1) медициналық бұйымның жиынтығына кіретін, алынатын резеңке бөліктері медициналық техника қаптамасының тұтастығы бұзылмай басқа бөлшектерден оларды бөлек алу мүмкін болған жағдайда басқа материалдан жасалған бөліктерден бөлек сақталады;
2) атмосфералық факторларды ерекше сезінгіш бұйымдарды (созылғыш катетерлер, буждар, қолғаптар, саусаққа кигіштер, резеңке бинттер, резеңке тығындар) бөлек үй-жайларда тығыз жабылған қораптарда сақтайды;
3) резеңкеленген матаны (бір жақты және екі жақты) арнаулы тұғырларға ілінген рулондарда көлбеу күйде сақтайды. Резеңкеленген матаны сөрелерде, паллеті бар сөрелерде бес қатардан асырмай жатқызылған күйде сақтауға болады;
4) созылғыш лак бұйымдарын (катетерлерді, буждарды, сүңгілерді) резеңкеге қарағанда құрғақ үй-жайда сақтайды. Ескіру белгісі үстіңгі қабатының жұмсаруы және желімінің ашылуы болып табылады. Мұндай бұйымдар жарамсыз деп танылады.
Ескерту. 80-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.81. Дәріхана қоймаларының сақтау үй-жайларында (аймақтарында) резеңке бұйымдарды зауыт қаптамасында сақтауға болады.
82. Пластмасс бұйымдары ашық от жанбайтын, ұшатын заттардың булары жоқ, желдетілетін, қараңғы, құрғақ үй-жайларда, жылыту жүйесінен бір метрден кем емес қашықтықта сақталады. Электр құралдары мен ажыратқыштар ұшқынға қарсы (өртке қарсы) болып дайындалады. Целлофан, целлулоидтық, аминопласт бұйымдары сақталатын үй-жайларда ауаның салыстырмалы ылғалдығы 65 пайыздан аспауы тиіс.
83. Көзге салынатын және оны түзейтін линзаларды сақтау нормативтік-техникалық құжатта, медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілген жағдайларда тұтыну қаптамасында жүзеге асырылады.
84. Таңу құралдарын құрғақ, желдетілетін үй-жайда тазалықты сақтай отырып шкафтарда, жәшіктерде, сөрелерде, паллеттері бар сөрелерде және тұғырларда сақтайды.
Зарарсыздандырылған таңу материалдары (бинттер, дәке салфеткалар, мақта) зауыттық ыдыста бүлінбеген алғашқы қаптамада сақталады.
Зарарсыздандырылмаған таңу материалы зауыт ыдысында немесе тығыз қағазға қапталған түрде сақталады.
85. Медициналық құралдар, құрылғылар, аспаптар жылытылатын құрғақ үй-жайларда бөлме температурасында сақталады. Сақтау үй-жайларындағы температура мен ауаның салыстырмалы ылғалдылығы күрт ауытқымауы қажет. Салыстырмалы ауа ылғалдылығы 60 пайыздан аспауға тиіс. Ылғалдылығы жоғары климатты аймақтарда сақтау үй-жайындағы салыстырмалы ауа ылғалдылығына 70 пайызға дейін рұқсат етіледі.
86. Дәріхана ұйымдарында, медициналық бұйымдар дүкендерінде:
медициналық аспаптар атаулары бойынша жәшіктерде, шкафтарда, қақпақтары бар қораптарда оларда сақталған құралдардың атаулары көрсетіле отырып сақталады;
мыс, жез, нейзельбер және қалайыдан жасалғандарды қоспағанда коррозияға қарсы майлаусыз алынған медициналық аспаптар мен металл бұйымдарын вазелиннің жұқа қабатымен немесе өзге жақпа материалымен майлайды. Медициналық аспаптарда оларды қарау, сүрту, майлау және тазалау кезінде коррозияның пайда болуына жол бермеу үшін оларды қорғалмаған және дымқыл қолмен ұстауға болмайды. Барлық жұмысты құралды дәке салфеткамен, пинцетпен ұстап жүргізу қажет. Майланған құралдар жұқа парафинирленген қағазға оралып сақталады;
кесетін құралдарды (скальпельдер, пышақтар) тотығу мен өтпей қалуды болдырмау үшін жәшіктердің немесе пеналдардың арнаулы ұяшықтар салып сақтайды;
қаптамасыз сақталатын аспаптар механикалық бүлінуден қорғалуы керек, ал өткір кесетін детальдар қағазға оралып іргелес заттардың жанасуынан қорғалуға тиіс;
металл бұйымдарын суық жерден жылы жерге ауыстырғанда оларды сақтау үшін өңдеуді (сүрту, майлау) және орналастыруды аспаптар "кепкеннен" кейін жүргізу қажет;
боялған металл бұйымдарында тот басу пайда болған жағдайда олар алынып тасталады, ал бұйым қайта боялады;
күміс және нейзильберлі аспаптардың үстіңгі жағы қарайған жағдайда резеңкемен, күкіртпен және күкірті бар қоспалармен бірге сақтауға жол берілмейді;
металл медициналық аспаптарды бір бірінің үстінде, сондай-ақ резеңке бұйымдары олардың ажырамас бөлігі болып табылатын жағдайларды қоспағанда, дәрілік заттармен және резеңке бұйымдармен бірге сақтауға болмайды.
Ескерту. 86-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3-тарау. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тасымалдау тәртібі
Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
87. Тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдары мен жабдық оларды пайдалану мақсаттарына сәйкес келеді және өнімді сапасының жоғалуына әкелетін немесе қаптамасының тұтастығын бұзатын теріс әсерлерден қорғау үшін, сондай-ақ:
1) оларды сәйкестендіру және қауіпсіздігін бағалау мүмкіндігінің жоғалмауы;
2) басқа дәрілік құралдармен (дозалармен), заттармен контаминацияланбауы және өздері контаминацияланбауы;
3) қорғалуы және сыртқы орта факторларының әсеріне ұшырамауы үшін тиісті түрде жинақталған.
Көлік құралы мен оның жабдығы тазалықта ұсталады және қажеттілігіне қарай жуғыш және дезинфекциялаушы құралдарды қолдана отырып өңдеуге жатады.
88. Тасымалдау кезінде дәрілік заттардың сапасын, қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жалған дәрілік заттардың жеткізу тізбегіне өту қаупінің алдын алу үшін қажетті сақтау шарттары сақталады.
89. Тасымалдаудың ерекше жағдайларын талап ететін дәрілік заттарды жеткізу жағдайында көлік құралы температураны бақылауға арналған аспаптармен жабдықталады. Аспаптардың көрсеткіштері тасымалдаудың барлық кезеңінде белгіленеді және құжаттандырылады.
90. Тасымалдау үшін дайындалған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар топтық ыдысқа (картон қораптар немесе бумалар) қапталады, кейіннен нормативтік құжат талаптарына сәйкес келетін және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сыртқы орта факторларынан (атмосфералық жауын-шашын, шаң, күн сәулелері, механикалық зақымдану) қорғауды қамтамасыз ететін көлік қаптамасына (жәшіктер, қораптар, орау қағазы) қапталады.
Көлік және тұтыну қаптамаларының, тығындау құралдарының барлық түрлері дәрілік заттың қасиеттеріне, тағайындалуына және санына, сондай-ақ қаптау материалының тасымалданатын өніммен сыйымдылығына байланысты таңдалады.
Ескерту. 90-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.91. Жоғары температура әсерінен қорғауды талап ететін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тасымалдау тоңазытқыш элементтері бар термоконтейнерде немесе тоңазытқышпен жабдықталған арнайы көлікте жүргізіледі.
Құрғаз мұзды пайдалана отырып дәрілік заттарды тасымалдау кезінде өнімнің құрғақ мұзбен жанаспауы қадағаланып отырады, себебі бұл өнімнің сапасына теріс әсер етеді (мысалы, қатып қалуға әкеледі).
Ескерту. 91-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.04.2019 № ҚР ДСМ-44 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.92. Ұшатын, иісі бар, улы дәрілік заттарды бір көлік қаптамасына бір атаудан артық қаптауға болмайды.
93. Аэрозольді қаптамалар тасымалдау кезінде соққылар мен механикалық зақымданулардан сақталады.
Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сақтау мен тасымалдау қағидасына қосымша |
Нысан
Ауаның температурасы мен салыстырмалы ылғалдылығын
есепке алу журналы
Күні | Уақыты | Температураны өлшеу аспабының (термометр) көрсеткіші | Ылғалды өлшеу аспабының (психрометр, гигрометр) көрсеткіші | Қолы | ||
Құрғақ аспаптың көрсеткіші | Ылғалданған аспаптың көрсеткіші | Салыстырмалы ылғалдылық | ||||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |