Есірткі заттарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорлардың айналымы саласындағы объектілерді және үй-жайларды пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 11 сәуірдегі № 334 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 мамырда № 11171 тіркелді

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 25) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Есірткі заттарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорлардың айналымы саласындағы объектілерді және үй-жайларды пайдалану қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаменті (С.Т. Құсетов) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының ішкі істер департаменттерінің бастықтары осы бұйрықты тиісті қызметтер қызметкерлерінің зерделеуін ұйымдастырсын және оның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-майоры М.Ғ. Демеуовке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
      полиция генерал-лейтенанты                 Қ. Қасымов

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау және
      әлеуметтік даму министрі
      ____________ Т. Дүйсенова
      20 ___ жылғы «____»

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі 
      _______________ Е. Досаев
      2015 жылғы 24 сәуір

Қазақстан Республикасы   
Ішкі істер министрінің   
2015 жылғы 11 сәуірдегі  
№ 334 бұйрығымен      
бекітілген        

Есірткі заттарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың
айналымы саласындағы объектілерді және үй-жайларды пайдалану
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Есірткі заттарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы объектілерді және үй-жайларды пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» 1998 жылғы 10 шілдедегі және «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» 2014 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан Республикасының заңдарына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және есірткі заттарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды пайдалану тәртібін айқындайды.
      2. Пайдаланылуына байланысты объектілер мынадай түрлерге бөлінеді:
      объектілер – ғимараттар, жер учаскелері, технологиялық құрал-жабдықтардың бөлігі болып табылатын ыдыстар, плобыланған контейнерлер, цистерналар, теміржол вагондары, теміржол тұйықтары;
      үй-жайлар – есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтауға арналған қоймаларық және сейфтік бөлмелері бар құрылыстар.
      3. Объектілер мен үй-жайлар функциялық қызметтері мен пайдаланылуы бойынша бірыңғай жүйені құрайды және үш топқа бөлінеді:
      1) бірінші топ – есірткі заттарын, психотроптық заттарды өндіруші кәсіпорындар, дәріханалар, сынақ зертханалары, ғылыми-зерттеу институттары, көтерме сауда кәсіпорындары, есірткі заттары, психотроптық заттар айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілері;
      2) екінші топ – құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру мен дайындау жөніндегі объектілер;
      3) үшінші топ – прекурсорларды өндіруші және/немесе көтерме сауданы жүзеге асырушы, сондай-ақ оларды өзінің өндірістік қызметінде пайдаланатын кәсіпорындар.
      4. Есірткі заттарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтауға арналған объектілер мен үй-жайлар есірткі заттары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы заңнама талаптарына сәйкес пайдаланылады.
      5. Объектілер мен үй-жайларды пайдалану жеке меншік, жалға алу, жалдау негізінде жүзеге асырылады.
      6. Объектілер мен үй-жайларды мәніне сәйкес емес мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.
      7. Объектілер мен үй-жайларды жоспарлау:
      1) қолда бар есiрткi заттарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды, сондай-ақ олардан дайындалған өнiмнің сақталуын;
      2) технологиялық байланысқан үй-жайлар арасындағы қысқа арақашықтығы бар үдерістің ағынын;
      3) технологиялық ағындар жолының кесiлуiн болдырмауды;
      4) тазалық дәрежесi бiрдей үй-жайларды барынша топтастыруды;
      5) бастапқы шикiзаттың, жартылай дайын өнiмдер мен дайын өнімдердің алуан түрлерi мен серияларының араласып кетуiн болдырмауды;
      6) бастапқы шикiзаттың, жартылай өнiмдер мен дайын өнімдердің орнын ауыстыру кезінде ластанудан қорғауды қамтамасыз етеді.
      8. Объектілер мен үй-жайларды ғимараттың жапсарлас конструкцияларының бүтіндігін бұзуға немесе қиратуға, қасбеттің сақталуы мен сыртқы бөлігінің нашарлауына, өртке қарсы нормалардың бұзылуына әкеп соғатын қайта жабдықтауға және қайта жоспарлауға жол берілмейді.
      9. Есірткі заттарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтауға арналған объектілер мен үй-жайларды пайдалану кезінде:
      1) тәулік бойы күзет және күзет дабыл жүйесімен жабдықтау;
      2) аумақты қоршау және түнгі уақытта жарықтандыру;
      3) өрт қауіпсіздігімен;
      4) ішкі және сыртқы байланыспен, бекеттік және өрт дабыл жүйесімен қамтамасыз етілуін ескере отырып, телефондау жүйесімен қамтамасыз етіледі.
      10. Объектілер мен үй-жайларды пайдалану кезінде мынадай құжаттар:
      1) меншікке құқықты белгілейтін немесе үй-жайларды жалға алу құжаттарының көшірмелері;
      2) күзетке арналған шарттардың көшірмелері;
      3) есірткі заттарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру үшін пайдаланылатын құрал-жабдықтар, аспаптар тізбесі болуы қажет.
      11. Объектілер мен үй-жайларға рұқсат олармен тікелей жұмыс жасайтын адамдарға беріледі. Бақылаудағы заттармен жұмыс iстеуге рұқсаты бар адамдардың тiзiмi iшкi iстер органдарымен келiсiлген соң және олардың нашақорлықпен, уытқұмарлықпен және созылмалы маскүнемдiкпен ауруының жоқтығы туралы дәрiгерлердiң (психиатр мен наркологтың) қорытындысын алғаннан кейін заңды тұлға басшысының бұйрығымен бекітіледі.
      12. Есірткі заттары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласындағы үй-жайлар жұмыс күнi аяқталғаннан кейiн мөрленеді немесе пломбыланады.
      Кiлттер, мөр немесе пломбир заңды тұлға басшысының бұйрығымен тағайындалған жауапты адамда сақталады.
      13. Заңды тұлғаның басшысы осы Қағидалардың сақталуына жауап береді.