Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген стационарлық автожанармай құю станциялары үшін бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 19 мамырдағы № 361 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 мамырда № 11165 тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 12.04.2023 № 140 (12.04.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 7-бабының 15) тармақшасына және 14-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 14.07.2022 № 241 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және күнтізбелік бір жүз сексен күн ішінде қолданылады) бұйрығымен.

      1. Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада стационарлық автожанармай құю станциялары арқылы өткізудің шекті бағалары қосылған құн салығы есебімен мынадай мөлшерде белгіленсін:

      1) Аи-80 маркалы бензин – 1 литр үшін 89 теңге;

      2) Аи-92 және Аи-93 маркалы бензин – 1 литр үшін 245 теңге;

      Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 1 тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде – 1 литр үшін 205 теңге;

      Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін және мотоциклдерге, жеңіл, жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде 1 тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде – 1 литр үшін 205 теңге;

      3) дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – 1 литр үшін 315 теңге;

      Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 1 тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде – 1 литр үшін 295 теңге;

      Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін және жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде 1 тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде – 1 литр үшін 295 теңге.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 04.05.2024 № 25 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. "Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 10 ақпандағы № 67 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімінде № 10222 болып тіркелген, 2015 жылғы 21 ақпандағы № 35 (27911)) "Казахстанская правда" газетінде жарияланған).

      3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;

      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдануын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы энергетика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оның мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

Қазақстан Республикасы


Энергетика министрі

В. Школьник

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      Е. Досаев _______________

      19 мамыр 2015 жыл