"Ұлттық компанияның күзет ұйымын құруға уәкілетті органның келісуі" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы № 238 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 20 мамырда № 11100 тіркелді

Қолданыстағы

      «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған «Ұлттық компанияның күзет ұйымын құруға уәкілетті органның келісуі» мемлекеттік қызмет стандарты бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (И.В. Лепеха):
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
      3) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында осы бұйрықты орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Облыстардың, Астана және Алматы қалалары ішкі істер департаменттерінің бастықтары осы бұйрықты тиісті қызметтер қызметкерлерінің зерделеуін ұйымдастырсын және оны бұлжытпай орындауды қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Е.З. Тургумбаевқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                              Қ. Қасымов

      «КЕЛІСІЛДІ»:
      Қазақстан Республикасының
      Инвистициялар және даму министрі
      __________________Ә. Исекешев
      201 жылғы «___» _____________

      «КЕЛІСІЛДІ»:
      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық экономика министрінің
      міндетін атқарушы
      __________________М. Құсайынов
      201 жылғы «___» _________

Қазақстан Республикасы   
Ішкі істер министрінің  
2015 жылғы 16 наурыздағы
№ 238 бұйрығымен бекітілген

«Ұлттық компанияның күзет ұйымын құруға уәкілетті
органның келісуі» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет – «Ұлттық компанияның күзет ұйымын құруға уәкілетті органның келісуі» (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).
      2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірледі.
      3. Мемлекеттік қызметті Министрлік (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
      Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерін беру:
      1) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі;
      2) «электрондық үкімет» веб-порталы: www.egov.kz (бұдан әрі - портал) арқылы жүзеге асырылады

2. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі

      4. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдері:
      1) көрсетілетін қызметті берушінің құжаттар топтамасын алу сәтінен бастап – 20 жұмыс күні;
      2) құжаттар топтамасын тапсыру үшін рұқсат берілетін ең ұзақ уақыт – 15 (он бес) минут;
      3) қызмет көрсетудің рұқсат берілетін ең ұзақ уақыты – 30 (отыз) минут.
      Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеруге міндетті. Ұсынылған құжаттардың толық еместік фактісі анықталған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші көрсетілген мерзімдерде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тарту туралы жауап береді.
      5. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нысаны: электрондық.
      6. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесі – ұлттық компанияның күзет ұйымын құруға келісім-хат.
      Көрсетілетін қызметті берушінің берген рұқсаты туралы мәліметтер «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы» ақпараттық жүйесіне енгізіледі.
      Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін ұсыну нысаны: қағаз түрінде.
      7. Мемлекеттік қызмет заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) тегін көрсетіледі.
      8. Жұмыс кестесі:
      1) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 9-00-ден 18-30-ға дейін түскі үзіліспен сағат сағат 13-00-ден 14-30-ға дейін.
      Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерін беру сағат 13-00-ден 14-30 дейін түскі үзіліспен сағат 9-00-ден 17-30 дейін жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік көрсетілетін қызмет кезек тәртібімен, алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусіз көрсетіледі;
      2) порталда – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда тәулік бойы (көрсетілет қызметті алушының жұмыс уақыты аяқталған соң, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өтініштерді қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерін беру келесі жұмыс күнінде жүзеге асырылады).
      9. Көрсетілетін қызметті алушы (немесе сенімхат бойынша оның өкілі) жүгінген кезде мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі:
      1) күзет ұйымын құруға келісім үшін еркін нысанда өтініш;
      2) «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ұлттық компания құратын күзет ұйымын құруға монополияға қарсы органның алдын ала келісімі;
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 4 тамыздағы № 909 қаулысының 3-тармағымен белгіленген көрсетілетін қызметті алушының сәйкестігін растайтын құрылтай құжаттардың көшірмелері;
      4) объектілердің (атауы, орналасқан орны), оның ішінде құрылатын күзет ұйымдарының күзетіне тапсырылуға жоспарланған еншілес ұйымдар объектілерінің тізбелері.

3. Орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ көрсетілетін
қызметті берушілердің және (немесе) олардың лауазымды
адамдарының мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша
шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      10. Министрліктің және (немесе) оның лауазымды адамдарының мемлекеттік көрсетілетін қызмет мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым:
      1) Министрліктің Әкімшілік полиция комитеті (бұдан әрі – ӘПК) басшысының атына;
      2) осы Мемлекеттік көрсетілетін стандарттың 12-тармағында көрсетілген Министрлік басшысының атына беріледі.
      Шағым жазбаша нысанда пошта арқылы немесе қолданыстағы заңнамада көзделген жағдайларда электрондық түрде, не болмаса көрсетілген қызметті берушінің кеңсесі арқылы қолма-қол қабылданады.
      Шағымның қабылданғанын растау көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде шағымды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөнін, берілген шағымға жауап алу мерзімі мен орнын көрсете отырып, тіркеу (мөртабан, кіріс нөмірі және күні) болып табылады.
      Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Шағымды қарау нәтижелері туралы дәлелді жауап көрсетілетін қызметті алушыға пошта байланысы арқылы жолданады не көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде қолма-қол беріледі.
      Портал арқылы жүгінген кезде шағымдану тәртібі туралы ақпаратты Бірыңғай байланыс-орталығының 1414 телефоны арқылы алуға болады.
      Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті көрсету сапасына бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгіне алады.
      Мемлекеттік қызметті көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы ол тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралады.
      11. Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.

4. Мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып
қойылатын өзге де талаптар

      12. Мемлекеттік қызметті көрсету мекенжайы Министрліктің www.mvd.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылады.
      13. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет туралы ақпарат Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс-орталығының телефоны (1414) арқылы ұсынылуы да мүмкін.