Авариялық броны бар тұтынушыларды энергиямен жабдықтау қағидалары мен талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 245 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 12 мамырда № 11025 тіркелді.

Қолданыстағы

      "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Авариялық броны бар тұтынушыларды энергиямен жабдықтау қағидалары мен талаптары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін оны күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында жариялануын;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Энергетика министрі

В. Школьник

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ____________ Б.Сұлтанов

      2015 жылғы "____"________

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ____________ Е.Досаев

      2015 жылғы "____"________



  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 30 наурызда
№ 245 бұйрығымен
бекітілген

Авариялық броны бар тұтынушыларды энергиямен жабдықтау
қағидалары мен талаптары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Авариялық броны бар тұтынушыларды энергиямен жабдықтау қағидалары мен талаптары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы "Электр энергетикасы туралы" Заңының (бұдан әрі – Заң) 21-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және авариялық броны бар тұтынушыларды энергиямен жабдықтау тәртібі мен талаптары тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) үздіксіз энергиямен жабдықтау объектілері (бұдан әрі – ҮЭО) - оларды ажыратып тастау адамдардың өліміне, тіршілікті қамтамасыз ету объектілері жұмысының бұзылуына, апаттық экологиялық, әлеуметтік немесе экономикалық зардаптарға апарып соғуы мүмкін, технологиялық себептеріне байланысты үздіксіз энергиямен жабдықтауды қажет ететін жеке және заңды жеке тұлғалардың шаруашылық инфрақұрылым объектілері;

      2) электр энергетикасы объектiлері жұмысының айрықша режимi - электр энергетикасы объектiлерiнде iрi технологиялық бұзылулар кезiнде енгiзiлетiн мәжбүрлі режим.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы және мемлекеттік мүлік саласындағы заңнамаларға сәйкес қолданылады.

2. Тұтынушыларды энергиямен жабдықтау тәртібі мен талаптары
Параграф 1. Авариялық бронмен қамтамасыз етілетiн объектiлер

      3. Олар үшiн авариялық бронның шамасы белгiленетiн үздiксiз энергиямен жабдықтау объектiлерiнiң тiзбесiне мыналар кiреді:

      1) мемлекеттің қауiпсiздігін қамтамасыз ететiн объектiлер;

      2) теле-радиокоммуникациялар;

      3) сумен жабдықтау, кәрiз және жылумен жабдықтау кәсiпорындары;

      4) емдеу мекемелерi;

      5) олардың ұсталуы бюджетте көзделген өртке қарсы қауiпсiздiктi қамтамасыз ететін объектілер;

      6) титан және магний электролизі тәсілімен үздіксіз өндіретін металлургиялық кәсіпорындардың объектілері;

      7) әуе қозғалысына қызмет көрсетудi қамтамасыз ететiн аэронавигациялық ұйым объектiлерi;

      8) құс фабрикаларының объектілері.

      4. YЭО тізбесіне қосу шарты объектінің сыртқы электрмен жабдықтау схемасы сенімділік дәрежесі бойынша электрмен жабдықтауы Заңның 5 бабы 19) тармақшасына сәйкес бекітілетін Электр қондырғыларын орнату қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес келуі болып табылады.

      5. Объектілер республикалық және жергілікті маңызы бар ҮЭО болып бөлінеді.

      6. YЭО объектiлерiнiң тiзбесiне енгізiлген әрбiр объекті үшiн энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдар YЭО өкiлімен бiрлесе отырып, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 11 ақпандағы бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10510 тіркелген) белгіленген Электрмен жабдықтаудың авариялық және технологиялық броны актісін жасау жөніндегі нұсқаулықтарғы сәйкес авариялық бронның актiсiн жасайды.

      Авариялық бронның актiсi электр энергетикасы саласында жетекші уәкілетті органға және жергiлiктi атқарушы органға жiберiледi. Авариялық бронның актісi энергиямен жабдықтау шартына және электр энергиясын беру шартына мiндетті қосымша болып табылады.

      7. Жергiлiктi атқарушы орган авариялық бронь актiлерiн алған соң тиiсiнше әрбiр өңiр үшiн авариялық бронды жабуға арналған қажеттi жиынтық электр қуатын айқындайды.

      8. Әрбiр YЭО үшін авариялық бронның шамаларын көрсете отырып, YЭО тiзбелерi жүйелік операторға берiледi.

Параграф 2. YЭО үшін электр энергиясын беру

      9. Әрбiр YЭО қалыпты жұмыс iстеуi үшін қажеттi көлемдегi электр энергиясын жеткiзудi энергиямен жабдықтаушы және энергия берушi ұйыммен YЭО екiжақты шарттың негiзiнде жүзеге асырады.

      Шарт жасасу кезiнде:

      1) мемлекеттік мекемелер объектісі болып табылатын YЭO энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымға облыстық қаржы басқармасының осы ұйымның электр энергиясын тұтыну жөнiндегi шығыстарына бюджетте көзделген қаражаты туралы жазбаша растау бередi;

      2) заңды немесе жеке тұлға объектісі болып табылатын ҮЭО энергиямен жабдықтаушы және энергия берушi ұйымға Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен ресiмделген банкiлiк кепiлдемені бередi.

      Облыстық қаржы басқармасының жазбаша растауы және банкiлiк кепілдеме энергиямен жабдықтауға және электр энергиясын беруге арналған шарттардың ажырамас бөлiгі болып табылады.

      10. ҮЭО энергиямен жабдықтаушы ұйымның берген электр энергиясы үшін шоттарына төлем жасамаған кезде, энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйым ҮЭО-ге электр энергиясын жеткiзудi авариялық бронь деңгейiне дейiн шектейді, бұл туралы өзiнiң құрамында ҮЭО бар ұйымға кемiнде 15 (он бес) күнтізбелік күн бұрын ескертедi.

      11. YЭО-ге электр энергиясы объектiлерi жұмысының айрықша режимi кезiнде электр энергиясын жеткiзу өңiрдiң авариялық бронын өтеу үшiн қажеттi электр энергиясы мөлшерiн YЭО үшiн жеткiзудi қамтамасыз ететiн энергия беруші ұйымдар әзiрлеген схемалар бойынша жүзеге асырылады.

Параграф 3. ҮЭО үшін электр энергиясын беру бойынша есеп
айырысу

      12. YЭО үшiн шарттар бойынша берiлетін электр энергиясы үшiн энергиямен жабдықтаушы ұйыммен есеп айырысулар Заңнның 18-бабы 1-тармағына сәйкес жасалған екi жақты шарт негiзiнде жүргізiледi.

      13. YЭО-нiң электр энергетикасы объектiлерi жұмысының айрықша режимi кезеңiндегі авариялық бронды өтеуге тұтынылатын және (немесе) берiлетiн электр энергиясы үшiн есеп айырысуларды электр энергиясын iс жүзiнде беруші жеткiзуші жүргiзедi.

      14. YЭО авариялық бронь деңгейiне дейiн шектеу жағдайы туындаған кезде, авариялық бронь бойынша тұтынылған және (немесе) берiлген электр энергиясы үшiн есеп айырысулар:

      мемлекеттiк мекемелер үшiн электр энергиясын тұтынуға арналған шығыстарда көзделген бюджеттiк қаражаттың есебiнен;

      жеке немесе заңды тұлғалар үшiн - жасасылған шарттардың және банкiлiк кепілдеменiң шеңберiнде жүзеге асырылады.