Кепілді және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидаларын, олардың мөлшерін бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 251 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 мамырда № 10994 тіркелді.

Қолданыстағы

      "Тауар биржалары туралы" 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңы 4-бабының 3-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Кепілді және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары;

      2) мына:

      тауар биржасының кепілді қорының мөлшері – тиісті қаржы жылына арналған Қазақстан Республикасының Республикалық бюджет туралы Заңында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он мың еселенген мөлшері;

      тауар биржасының сақтандыру қорының мөлшері – тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бесмың еселенген мөлшері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Сауда қызметін реттеу департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның ресми баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жариялауға жолдануын қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.

Министрдің


міндетін атқарушы

М. Құсайынов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
міндетін атқарушының
2015 жылғы 27 наурыздағы
№ 251 бұйрығымен бекітілген

Кепiлдi және сақтандыру қорларын қалыптастыру мен пайдалану қағидалары, олардың мөлшері
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Кепiлдi және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары және олардың мөлшері (бұдан әрі - Қағидалар) "Тауар биржалары туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 мамырдағы Заңының 4-бабының 3-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және кепiлдi және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) кепiлдi қоры – тауар биржасында жасалған мәмiлелердiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында биржаның өз қаражаты есебiнен қалыптастыратын ақша қоры;

      2) клирингтік ұйым (клирингтік орталық) – тауар биржасына, онымен жасалған шарт негізінде қызмет көрсететін тауар биржасынан тәуелсіз ұйым немесе тауар биржасы құрамындағы және фьючерстiк және опциондық мәмiлелер бойынша тараптардың талаптарын және (немесе) міндеттемелерін айқындауды, олар бойынша есеп айырысуды ұйымдастыруды қоса алғанда биржалық мәмілелерге клирингті жүзеге асыратын арнайы ұйымдастырылған құрылымдық бөлімше;

      3) сақтандыру қоры – биржада жасалған мәмiлелердiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тауар биржасы және (немесе) оның клирингтiк ұйымы тауар биржасы мүшелерiнiң мiндеттi жарналары есебiнен қалыптастыратын ақша қоры;

      4) тауар биржасы – акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, сауда-саттықтарды ұйымдық және техникалық қамтамасыз етуді тауар биржасының сауда жүйесін пайдалана отырып, оларды тікелей жүргізу жолымен жүзеге асыратын заңды тұлға.

      3. Биржалық мәмілелердің орындалмау тәуекелін төмендету шараларын қабылдау мақсатында:

      1) тауар биржасы және (немесе) оның клирингтік ұйымы сақтандыру қорын құрады;

      2) тауар биржасы кепілді қорын құрады.

      4. Cақтандыру және кепілді қорларының қаражаттары тауар биржасының және (немесе) оның клирингтік орталығының балансында жеке шоттарда есепке алынады.

2. Кепілді қорын қалыптастыру тәртібі

      5. Кепілді қоры тауар биржасының меншікті өз қаражаты есебінен қалыптастырылады.

      6. Кепілді қорын қалыптастырудың көздері тауар биржасы акцияларына төлемдер және (немесе) тауар биржасының табысы және Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 мамырдағы Заңымен тыйым салынбаған басқа түсімдер есебінен келіп түскен ақша болып табылады.

      7. Кепілді қорына аударымдарды тауар биржасы жүзеге асырады.

3. Сақтандыру қорын қалыптастыру тәртібі

      8. Тауар биржаның сақтандыру қоры тауар биржасы мүшелерінің міндетті жарналары есебінен қалыптастырылады. Клирингтік ұйым қалыптастырылатын сақтандыру қоры тауар биржасының клирингтік ұйымымен клирингтік қызмет көрсету шарты бар тауар биржасы мүшелерінің міндетті жарналары есебінен қалыптастырылады.

      9. Сақтандыру қоры ақшалай түрде қалыптастырылады және бөлек төмендетілмейтін қалдық түрінде тауар биржасының ағымдағы есебінде тұруы тиіс. Бұл ретте сақтандыру қоры тауар биржасы қызметін жүзеге асыру қүқығына арналған лицензияның қолданылуы ішінде калыптастырылады.

      10. Биржадан мүшеліктен шыққан жағдайда және биржа және (немесе) клирингтік ұйым алдында, сондай-ақ тауар биржасы және (немесе) клирингтік ұйымның қатысуымен орындалатын биржалық мәмілелер бойынша берешектері болмаған жағдайда, сақтандыру қорындағы қаражат биржаның мүшелеріне олардың өтініштер бойынша қайтарылуға жатады.

4. Кепілді және сақтандыру қорларын пайдалану тәртібі

      11. Тауар биржасының кепілд қоры және тауар биржасының және (немесе) оның клирингтік ұйымының сақтандыру қоры сауда-саттыққа қатысушылар жасаған биржалық мәмілелер бойынша өздерінің ақшалай міндеттемелерін орындамаған жағдайда тауар биржасы немесе оның клирингтік ұйымының өтімділігін жоғалту тәуекелінің орнын толтыруға арналған.

      12. Кепілді және сақтандыру қорларының қаражаты мынадай тәртіпте пайдалануға жатады:

      1) оларды жабу үшін құрылған кепілді жэне сақтандыру қорларындағы тәуекелдер іске асырылған жағдайда биржаның атқарушы органы (клирингтік ұйымы) оларды пайдалану туралы шешім қабылдайды;

      2) қор қаражаты тауар биржасында жасалған мәміле бойынша тек зардап шеккен тарапқа залалдарды төлеу үшін (жіберілген пайданы қоспағанда) пайдалануды рұқсат етіледі;

      3) бір биржалық мәміле бойынша шығындарды жабу үшін пайдаланатын қор қаражатының мөлшері тауар биржасының (клирингтік ұйымның) ішкі ережелерімен белгіленген шамадан аспайды және кез келген жағдайда осы қордың жиынтық активінен аспайды.

5. Кепілді және сақтандыру қорлары бойынша есептілік

      13. Тауар биржасы ай сайын кезекті есептік айдан кейінгі айдың жетінші жұмыс күнінен кешіктірмей тауар биржаларының қызметін реттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға есепті айдың соңғы күні бойынша кепілді және сақтандыру қорларының мөлшері туралы есепті оған тауар биржасының банк шотындағы қаражат қалдықтарын растайтын банктік көшірмені қоса отырып, қағаз тасығышта ұсынады.

      14. Кепілді және сақтандыру қорларының мөлшері туралы есеп тауар биржасының мөрімен міндетті түрде бекітіле отырып, тауар биржасының бірінші басшысы (ол жоқ болған кезеңде - оны алмастырушы тұлға) және оның бас бухгалтері қолы қойылған еркін нысанда беріледі.