Кепілдік беру және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 251 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 мамырда № 10994 тіркелді.

Жаңартылған

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 10.08.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Тауар биржалары туралы" 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңы 4-бабының 3-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Кепілдік беру және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 10.08.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Сауда қызметін реттеу департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның ресми баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жариялауға жолдануын қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.

      Министрдің
міндетін атқарушы
М. Құсайынов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
міндетін атқарушының
2015 жылғы 27 наурыздағы
№ 251 бұйрығымен бекітілген

Кепілдік беру және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. Қағиданың және 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 10.08.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Кепiлдi және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидалары және олардың мөлшері (бұдан әрі - Қағидалар) "Тауар биржалары туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 мамырдағы Заңының 4-бабының 3-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және кепiлдi және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) кепiлдi қоры – тауар биржасында жасалған мәмiлелердiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында биржаның өз қаражаты есебiнен қалыптастыратын ақша қоры;

      2) клирингтік ұйым (клирингтік орталық) – тауар биржасына, онымен жасалған шарт негізінде қызмет көрсететін тауар биржасынан тәуелсіз ұйым немесе тауар биржасы құрамындағы және фьючерстiк және опциондық мәмiлелер бойынша тараптардың талаптарын және (немесе) міндеттемелерін айқындауды, олар бойынша есеп айырысуды ұйымдастыруды қоса алғанда биржалық мәмілелерге клирингті жүзеге асыратын арнайы ұйымдастырылған құрылымдық бөлімше;

      3) сақтандыру қоры – биржада жасалған мәмiлелердiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тауар биржасы және (немесе) оның клирингтiк ұйымы тауар биржасы мүшелерiнiң мiндеттi жарналары есебiнен қалыптастыратын ақша қоры;

      4) тауар биржасы – акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, сауда-саттықтарды ұйымдық және техникалық қамтамасыз етуді тауар биржасының сауда жүйесін пайдалана отырып, оларды тікелей жүргізу жолымен жүзеге асыратын заңды тұлға.

      3. Биржалық мәмілелердің орындалмау тәуекелін төмендету шараларын қабылдау мақсатында:

      1) тауар биржасы және (немесе) оның клирингтік ұйымы сақтандыру қорын құрады;

      2) тауар биржасы кепілді қорын құрады.

      4. Cақтандыру және кепілді қорларының қаражаттары тауар биржасының және (немесе) оның клирингтік орталығының балансында жеке шоттарда есепке алынады.

2-тарау. Кепілдік беру қорын қалыптастыру тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 10.08.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Кепілді қоры тауар биржасының меншікті өз қаражаты есебінен қалыптастырылады.

      6. Кепілді қорын қалыптастырудың көздері тауар биржасы акцияларына төлемдер және (немесе) тауар биржасының табысы және Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 мамырдағы Заңымен тыйым салынбаған басқа түсімдер есебінен келіп түскен ақша болып табылады.

      7. Кепілді қорына аударымдарды тауар биржасы жүзеге асырады.

3-тарау. Сақтандыру қорын қалыптастыру тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 10.08.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Тауар биржаның сақтандыру қоры тауар биржасы мүшелерінің міндетті жарналары есебінен қалыптастырылады. Клирингтік ұйым қалыптастырылатын сақтандыру қоры тауар биржасының клирингтік ұйымымен клирингтік қызмет көрсету шарты бар тауар биржасы мүшелерінің міндетті жарналары есебінен қалыптастырылады.

      9. Сақтандыру қоры ақшалай түрде қалыптастырылады және бөлек төмендетілмейтін қалдық түрінде тауар биржасының ағымдағы есебінде тұруы тиіс. Бұл ретте сақтандыру қоры тауар биржасы қызметін жүзеге асыру қүқығына арналған лицензияның қолданылуы ішінде калыптастырылады.

      10. Биржадан мүшеліктен шыққан жағдайда және биржа және (немесе) клирингтік ұйым алдында, сондай-ақ тауар биржасы және (немесе) клирингтік ұйымның қатысуымен орындалатын биржалық мәмілелер бойынша берешектері болмаған жағдайда, сақтандыру қорындағы қаражат биржаның мүшелеріне олардың өтініштер бойынша қайтарылуға жатады.

4-тарау. Кепілдік беру және сақтандыру қорларын пайдалану тәртібі

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 10.08.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Тауар биржасының кепілд қоры және тауар биржасының және (немесе) оның клирингтік ұйымының сақтандыру қоры сауда-саттыққа қатысушылар жасаған биржалық мәмілелер бойынша өздерінің ақшалай міндеттемелерін орындамаған жағдайда тауар биржасы немесе оның клирингтік ұйымының өтімділігін жоғалту тәуекелінің орнын толтыруға арналған.

      12. Кепілді және сақтандыру қорларының қаражаты мынадай тәртіпте пайдалануға жатады:

      1) оларды жабу үшін құрылған кепілді жэне сақтандыру қорларындағы тәуекелдер іске асырылған жағдайда биржаның атқарушы органы (клирингтік ұйымы) оларды пайдалану туралы шешім қабылдайды;

      2) қор қаражаты тауар биржасында жасалған мәміле бойынша тек зардап шеккен тарапқа залалдарды төлеу үшін (жіберілген пайданы қоспағанда) пайдалануды рұқсат етіледі;

      3) бір биржалық мәміле бойынша шығындарды жабу үшін пайдаланатын қор қаражатының мөлшері тауар биржасының (клирингтік ұйымның) ішкі ережелерімен белгіленген шамадан аспайды және кез келген жағдайда осы қордың жиынтық активінен аспайды.

5-тарау. Кепілдік беру және сақтандыру қорлары бойынша есептілік

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 10.08.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Тауар биржасы ай сайын есепті айдан кейінгі айдың жетінші жұмыс күнінен кешіктірмей тауар биржаларының қызметін реттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға есепті айдың соңғы күніндегі жағдай бойынша кепілдік беру және сақтандыру қорлары жөніндегі есепті тауар биржасының банк шотында көрсетілген ақша қалдықтарын растайтын банктік көшірмені қоса отырып, қағаз тасығышта ұсынады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 10.08.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Кепілдік беру және сақтандыру қорлары жөніндегі есеп тауар биржасының бірінші басшысының (ол жоқ болған кезеңде – оны алмастыратын адамның) және оның бас бухгалтерінің қолы қойылып, еркін нысанда беріледі.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 10.08.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.