"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар табыс ететін мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарының пайдалануы қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 229 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 5 мамырда № 10931 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 26 шілдедегі № 776 бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 26.07.2019 № 776 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 581-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар табыс ететін мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдырының пайдалануы қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасын Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (Д.Е. Ерғожин):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Қаржы министрі

Б. Сұлтанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық Банкі Төрағасының

      міндетін атқарушы

      ___________Қ. Қожахметов

      2015 жылғы 31 наурыз


  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 30 наурыздағы
№ 229 бұйрығымен бекітілген

"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар табыс ететін мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарының пайдалануы қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінің (Салық кодексі) 581-бабына сәйкес әзірленді және Салық кодексіне сәйкес банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар мемлекеттік кірістер органдарына табыс ететін мәліметтерді пайдалануға қойылатын негізгі талаптарды белгілейді.

      2. Мемлекеттік кірістер органдарына Салық кодексіне сәйкес банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар табыс еткен мәліметтер (бұдан әрі – Мәліметтер) Салық кодексінің 557-бабында және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, салық құпиясын құрайды және оны мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдары жария етпеуге тиіс.

2. Салық кодексіне сәйкес банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар табыс ететін мәліметтерді пайдалану тәртібі

      3. Мемлекеттік кірістер органдары алған Мәліметтер тек қана салықтық әкімшілендіру мақсатында пайдаланылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 19.02.2019 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Мәліметтерді салықтық әкімшілендіру мақсатында мемлекеттік кірістер органдарымен мынадай жағдайларда:

      1) Салық кодексі 611-бабының 1-тармағында белгіленген жағдайларда, сонымен қатар "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында және "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2003 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрғанда;

      2) Салық кодексінің 615-бабында белгіленген тәртіппен салық берешегін банк шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алғанда, сонымен қатар "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешекті агенттердің банк шоттарынан өндіріп алған кезде және "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайда әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өндіріп алған кезде;

      3) жеке тұлағаға, дара кәсіпкер, жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор, ретінде тіркеу есебінде тұрған, заңды тұлғаға және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесіне салықтық бақылауды жүзеге асырғанда;

      4) Салық кодексінде белгіленген тәртіппен салықтық өтініш берген жағдайда салық төлеуші қызметін тоқтату кезінде заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге қатысты салықтық бақылауды жүзеге асырғанда;

      5) орналасқан жері бойынша шын мәнінде жоқ екендігі Салық кодексінің 558-бабында белгіленген тәртіппен расталған не салық есептілігін табыс етудің Салық кодексінде белгіленген мерзімнен кейін, Салық кодексінде көзделген жағдайларда осындай мерзімді ұзарту кезеңін қоспағанда, алты ай өткенге дейін осы есептілікті табыс етпеген, заңды тұлғаның және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесінің, дара кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның қызметін тоқтату бойынша мәселені қарастырғанда;

      6) салықтарды, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды төлеу кезінде салық міндеттемесін орындау бойынша есеп жүргізгенде;

      7) туындаған күнінен бастап төрт ай бойы айлық есептік көрсеткіштің 10000 еселенген мөлшерінен асатын мөлшерде өтелмеген салық берешегі бар салық төлеушілердің қаржылық жағдайының өзгеруіне және төлем қабілетсіздігіне алып келген мәмілелерді, жасырын мүлікті және мүліктік міндеттемелерді анықтағанда;

      8) Салық кодексінің 46-бабында белгіленген талап ету мерзімінен аспайтын уақыт кезеңі үшін оңайлатылған тәртіппен дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған жеке тұлғаларды бақылауды жүзеге асырғанда;

      9) бақылау мемлекеттік кірістер органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының салық заңнамасының және өзге де заңнамасының нормаларын орындауы мәселесі бойынша дара кәсіпкерге, жекеше нотариуске, жеке сот орындаушысына, адвокатқа, кәсіби медиаторға, заңды тұлғаларға қатысты салықтық тексеру жүргізуде пайдаланады;

      10) заңда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің және мәслихаттың депутаттығына, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидат ретінде тіркелген адамға және оның жұбайына (зайыбына), мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидат болып табылатын адамға және оның жұбайына (зайыбына), өз өкілеттіктерін орындаған кезеңде мемлекеттік қызметті атқаратын адамға және осы кезеңде оның жұбайына (зайыбына) және жазаны өтеу орнынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға қатысты салықтық бақылауды жүзеге асыру барысында;

      11) Қазақстан Республикасы қол қойған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бар шетел мемлекеттердің немесе мемлекеттердің бірліктік әкімшілік аумақтарының құзыретті органдарымен ақпарат алмасуда қолданылады.