Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 139 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 сәуірде № 10916 тіркелді

Қолданыстағы

      «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 44-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидалары бекітілсін.
      2. «Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 58 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7496 тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінің 2012 жылғы 29 мамырдағы № 274-278 (27352) санында жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, халықаралық ынтымақтастық департаменті (Ж.Қ. Шаймарданов) белгіленген заңнамалық тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты ресми жариялауды қамтамасыз етсін;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау білім және ғылым вице-министрі Т.О. Балықбаевқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым министрі                         А.Сәрінжіпов

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы 27 наурыздағы 
№ 137 бұйрығымен      
бекітілген        

Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидалары (бұдан әрі - Қағида) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 44-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және білім беру ұйымдарында (эксперименттік алаң) эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын (бұдан әрі - эксперименттік бағдарлама) әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу тәртібін айқындайды.
      Осы Қағиданың әрекеті ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарында іске асырылатын эксперименттік білім беру бағдарламаларына қолданылады.

2. Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеу тәртібі

      2. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы білім беру ұйымы эксперименттік білім беру бағдарламаларын «Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысының негізінде әзірлейді.
      3. Эксперименттік білім беру бағдарламаларын әзірлеуді аталған бағдарламаның авторлары болып табылатын педагог қызметкерлер, ғалымдар, білім беру ұйымдарының ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлері жүзеге асырады.
      4. Эксперименттік білім беру бағдарламасымен білім алушыларды даярлау мазмұны мен деңгейіне қойылатын талаптар белгіленеді.
      5. Эксперименттік білім беру бағдарламасында:
      1) Қазақстанның білімдік-ақпараттық, ғылыми және әлеуметтік-мәдени кеңістігін қамтамасыз ету үшін проблемалардың көкейкестілігі мен мәнділігі;
      2) білімдік бастама авторларының инновациялық қызметінің білім беру мазмұнын жаңарту және жаңғырту, білім беру процесін ұйымдастыру құрылымын (оқыту мен тәрбиелеудің ұйымдастырушылық нысандарын, әдістерін, тәсілдері мен құралдарын) дамыту және жетілдіру жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталғандығы;
      3) білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілерге, білім мен ғылымның халықаралық даму үрдістеріне сәйкестігі ескерілуі тиіс.

3. Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларын сынақтан өткізу тәртібі

      6. Базасында инновациялық педагогикалық технологияларды, сондай-ақ біріктірілген оқу бағдарламаларын қоса алғанда, жаңа білім беру бағдарламаларын сынақтан өткізу үшін эксперименттік білім беру бағдарламаларын іске асыру жоспарланып отырған білім беру ұйымы эксперименттік алаң болып табылады.
      7. Эксперименттік білім беру бағдарламасы оқу-әдістемелік кеңесте алдын ала талқылаудан өтеді және мектепке дейінгі немесе орта білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңесінде мақұлданады (Педагогикалық кеңестің хаттамасы).
      8. Эксперименттік білім беру бағдарламасын келісу үшін білім беру басқармасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне (бұдан әрі - Министрлік) жазбаша өтінімді ұсынады:
      1) базасында эксперимент жүргізу жоспарланған білім беру ұйымының атауы, орналасқан жері (заңды, нақты мекенжайы, байланыс телефондары);
      2) эксперименттік бағдарламаның қысқаша түйіндемесі, оның ұлттық білім беру жүйесін дамытуға бағытталған әлеуметтік маңыздылығының ғылыми негіздемесі;
      3) эксперимент бағдарламасы (эксперименттің негізгі идеялары, мақсаты, бастапқы теориялық-әдіснамалық ережелері, эксперименттің кезеңдері және әр кезең бойынша болжанған нәтижелері, зерттеу әдістері, эксперимент жүргізуге қажетті шарттар, эксперимент нәтижесін бақылау, мониторингілеу және дұрыстығын қамтамасыз ету құралдары, эксперимент бағдарламасын қамтамасыз ететін оқу-әдістемелік әзірлемелер тізбесі);
      4) эксперименті кадрлық, экономикалық, материалдық-техникалық және ғылыми қамтамасыз ету бойынша алдын ала есептер, қаржыландыру көздері.
      9. Эксперименттік білім беру бағдарламасын сынақтан өткізу үшін жоғары оқу орындары Министрлікке мынадай мазмұндағы жазбаша өтінімді және құжаттар топтамасын ұсынады:
      1) базасында эксперимент жүргізу жоспарланған білім беру ұйымының атауы, орналасқан жері (заңды, нақты мекенжайы, байланыс телефондары);
      2) эксперименттік білім беру бағдарламасының аннотациясы, оның ұлттық білім беру жүйесін дамыту үшін әлеуметтік маңыздылығының ғылыми негіздемесі;
      3) жоғары оқу орнының ғылыми кеңесінің эксперименттік білім беру бағдарламасын іске асыруға ұсынымдары туралы шешімінен үзінді;
      4) эксперимент режимін жүргізу үшін мамандықтар бойынша ОӘБ отырысынан үзінді;
      5) эксперимент бағдарламасы (негізгі идеялары, мақсаты, бастапқы теориялық-әдіснамалық ережелері, эксперименттің кезеңдері және әр кезең бойынша болжанған нәтижелері, зерттеу әдістері, эксперимент жүргізуге қажетті шарттар, эксперимент нәтижесін бақылау, мониторингілеу және дұрыстығын қамтамасыз ету құралдары, эксперимент бағдарламасын қамтамасыз ететін оқу-әдістемелік әзірлемелер тізбесі).
      

4. Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру оқу бағдарламаларын енгізу тәртібі

      10. Министрліктің қорытындысы негізінде білім беру ұйымына эксперименттік алаң мәртебесін беру туралы Білім басқармасы басшысының бұйрығы шығарылады.
      11. Жоғары білім беру саласында жоғары оқу орындарының ұсынған құжаттарының негізінде Министрлік эксперименттік білім беру оқу бағдарламаларын іске асыру туралы бұйрық шығарады.
      12. Эксперименттік білім беру бағдарламаларын тиімді енгізу мақсатында білім басқармасы басшысының бұйрығымен сараптамалық топтардың құрамы бекітіледі.
      13. Сараптамалық топтардың құрамына білім беру ұйымдарының, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.
      14. Сараптаманың қорытынды кезеңінің нәтижелері бойынша сараптамалық топ аталған қорытындымен келіспеген пікірлерді көрсете отырып, сараптамалық топтың барлық мүшелерінің қолы қойылған қорытындыны еркін нысанда ресімдейді.
      15. Білім беру ұйымының мектепке дейінгі және орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы эксперименттік білім беру оқу бағдарламасын іске асыру құқығынан айыру туралы шешімді Министрлік:
      1) білім беру саласындағы мемлекеттік бақылау қорытындылары бойынша теріс қорытынды алған (лицензияның әрекетін тоқтату, заңды және/немесе лауазымды тұлғаға әкімшілік айыппұл салу, лицензияны кері қайтару);
      2) эксперименттік бағдарламалар бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалаудың нәтижелері төмен болған жағдайларда қабылдайды.
      16. Қорытынды аттестаттаудан өткен және эксперименттік білім беру бағдарламасын меңгергенін растаған білім алушыларға тиісті деңгейдегі білімі туралы құжат беріледі.

5. Қорытынды ережелер

      17. Эксперименттік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің жұмысын Министрлік жылына кемінде бір рет олардың қызметін реттейтін құжаттардың негізінде тыңдайды.
      18. Білім беру ұйымдарындағы эксперименттік режимнің іске асырылу нәтижесі ғылыми-әдістемелік кеңестерде және оқу-әдістемелік бірлестіктерде талқыланады, сондай-ақ өңірлік немесе республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
      19. Министрлік білім беру ұйымдарында эксперименттік білім беру бағдарламаларын одан әрі енгізу туралы шешім қабылдайды.