Техникалық жабдыққа қойылатын талаптарды және оны қолдану тәртібін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 228 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 сәуірде № 10892 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 137 бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 27.02.2018 № 137 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексінің 34-бабының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Техникалық жабдыққа қойылатын талаптар және оны қолдану тәртібі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті (Д.Е. Ерғожин) заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімдік баспа басылымдарда және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Б. Сұлтанов


  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 30 наурыздағы
№ 228 бұйрығымен
бекітілген

Техникалық жабдыққа қойылатын талаптар және оны қолдану тәртібі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Техникалық жабдыққа қойылатын талаптар және оны қолдану тәртібі "Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексінің 34-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленген.

      2. Осы Техникалық жабдыққа қойылатын талаптарда және оны қолдану тәртібінде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) абоненттік терминал – байланыс желілері бойынша дабыл беру арқылы объектінің орналасу орнын айқындауға мүмкіндік беретін спутниктік навигация жүйесінің техникалық жабдығы;

      2) диспетчерлік орталық – Қазақстан Республикасында тіркелген спутниктік навигация қызметтерін көрсету операторы;

      3) штаттық режим – белгіленген уақыт параметрлеріне сәйкес көлік құралының орналасқан жері туралы дабыл берілетін абоненттік терминалдың жұмыс режимі;

      4) штаттан тыс режим – көлік құралының орналасқан жерін анықтау мүмкіндігі болмаған не дабыл беру белгіленген уақыт параметрлері бұзылған жағдайдағы абоненттік терминалдың жұмыс режимі.

2. Техникалық жабдыққа қойылатын талаптар

      3. Абоненттік терминал мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

      1) терминалдың пайдалану сапасын сыртқы жағдай әсерінен (атмосфера әсерінен, температураның ауытқуы, жоғары ылғалдылық, дірілдеу) жұмыс істеу қалпында сақтауына мүмкіндік беретін берік материалдардан жасалған корпусының болуы;

      2) рұқсатсыз алуды болдырмау мақсатында және оны көлік құралының ішіне стационарлық бекітуге сәйкестендіру құралдарын салуға мүмкіндік беретін конструкциясының болуы;

      3) кедендік бақылаудағы тауарлардың өткізілуіне бүкіл бағыт бойы тұрақты дабыл беруді қамтамасыз етуі.

3. Техникалық жабдықты қолдану тәртібі

      4. Кедендік тасымалдаушы кедендік бақылауда тасымалдау үшін пайдаланылатын әрбір көлік құралын абоненттік терминалмен жарақтандырады.

      5. Көлік құралына қондырылған абоненттік терминал көлік құралының орналасқан жері туралы дабыл беруді Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қамтамасыз етеді.

      6. Абоненттік терминал қондырылған көлік құралын пайдалану басталғанға дейін кедендік тасымалдаушыны тіркеген мемлекеттік кірістер органы абоненттік терминалға пломба салады.

      Кедендік тасымалдаушының осындай қызметті жүзеге асыру үшін Кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген шарттар мен міндеттерді сақтамауы, оның ішінде абоненттік терминалдың болмауы не оның ақаулы болуы, сонымен қатар сәйкестендіру құралдарын жою, алып тастау, өзгерту, зақымдау не жоғалту 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекісінің 523 бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

      7. Абоненттік терминал диспетчерлік орталықтардың біріне қосылады. Кедендік тасымалдаушы логин және ақпараттық жүйеге поролды ұсыну жолымен диспетчерлік орталық арқылы мемлекеттік кірістер органына көлік құралының өткізілуі туралы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      8. Кедендік тасымалдаушы мемлекеттік кірістер органына диспетчерлік орталық арқылы, нақты уақыт режимінде мынадай ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етеді:

      1) абоненттік терминалдың қабылданған дабылдары негізінде көлік құралының тұрған жерін анықтау;

      2) абаненттік терминалды қосу және сөндіру күні мен уақыты;

      3) көлік құралы туралы ақпарат;

      4) көлік құралының қозғалысы туралы аналитикалық есеп.

      9. Кедендік тасымалдаушы диспетчерлік орталық арқылы қамтамасыз етеді:

      1) көлік құралына орнатылған абоненттік терминалдың дабылдарын қабылдау мен өңдеуді;

      2) пароль белгілеу, есепке алу жазбаларын әкімшілендендіру арқылы ақпаратқа қол жеткізуді шектеуді;

      3) көлік құралы туралы ақпаратты 3 жыл ішінде мұрағаттау мен сақталуын қамтамасыз етеді.

      10. Абоненттік терминалдың техникалық параметрлері шығарушы зауыттың техникалық шарттары мен параметрлеріне сәйкес белгіленеді.

      11. Штаттық режимде жұмыс істейтін кедендік бақылаудағы тауарлар өткізілетін көлік құралдарына қондырылған абоненттік терминалдардың дабылы үшін көлік құралының орналасқан жері туралы абоненттік терминалдың дабыл беру арақашықтығы 10 минуттан аспайды.

      12. Абоненттік терминал штаттан тыс жұмыс істеу режимнің функциясын ұстайды, ол автоматты режимде мынадай жағдайларда енгізіледі:

      1) көлік құралының орналасқан жерін анықтау мүмкін болмаса;

      2) көлік құралында қондырылған абоненттік терминалдың белгіленген штаттық режимі бұзылғанда.

      Абоненттік терминалдың қауіпті дабылдар беруінің басталуы штаттан тыс режим енгізілген сәттен бастап 5 минуттан аспауға тиіс.

      13. Абоненттік терминал кедендік бақылаудағы тауарларды бүкіл өткізу кезеңіне жұмыс істейтін қалыпта және дабыл беру режимінде болады.

      14. Абоненттік терминалды қосу тауарлар кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастырылғаннан кейін қамтамасыз етіледі, ал кедендік транзит кедендік рәсімі аяқталғаннан кейін абоненттік терминалды сөндіруге жол беріледі.