Кедендік декларацияны электрондық құжат түрінде ұсыну, пайдалану және сақтау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 226 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 сәуірде № 10857 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 859 бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы министрінің 28.09.2018 № 859 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексінің 281-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Кедендік декларацияны электрондық құжат түрінде ұсыну, пайдалану және сақтау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (Д.Е. Ерғожин) заңнамамен белгіленген тәртіпте:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімдік баспа басылымдарда және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Б. Сұлтанов


  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 30 наурыздағы
№ 226 бұйрығымен бекітілген

Кедендік декларацияны электрондық құжат түрінде ұсыну,
пайдалану және сақтау қағидалары

      1. Осы Кедендік декларацияны электрондық құжат түрінде ұсыну, пайдалану және сақтау қағидалары (бұдан әрі – Қағида) кедендік декларацияны электрондық құжат түрінде ұсыну, пайдалану және сақтау тәртібін регламенттеу мақсатында, "Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексінің 281-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген.

      2. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде тауарларға арналған декларация электрондық құжат (бұдан әрі – ТД ЭҚ) түрінде электрондық нысанда пайдаланылады. ТД ЭҚ-да көрсетілуге жататын негізгі мәліметтер Кодекстің 279-бабының 2-тармағында қарастырылған.

      3. ТД ЭҚ мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелері (бұдан әрі – МКО АЖ) арқылы қалыптастырылады және беріледі.

      4. Кодекстің 281 және 282-баптарына сәйкес кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті тауарларды кедендік декларациялау кезінде декларант не кеден өкілі ұсынатын ТД ЭҚ мен құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген электрондық цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылады және МКО АЖ-да беріледі.

      5. МКО АЖ-да пайдаланушыны авторландыру ЭЦҚ-сы болған кезде "Салық төлеушінің кабинеті" Web-қосымшасы арқылы жүргізіледі. Одан кейінгі барлық іс-қимыл кезінде декларант не кеден өкілі ТД ЭҚ-ға, тауарларға арналған декларациясын түзетудің электрондық көшірмесіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес МКО АЖ-дағы электрондық түрдегі кедендік құжаттарға қол қою үшін ЭЦҚ-ны пайдаланады.

      6. МКО АЖ "Кедендік декларацияны және кедендік декларацияның нысандарын толтыру жөніндегі нұсқаулық туралы" Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 257 шешімімен бекітілген Тауарларға арналған декларацияны толтырудың тәртібі туралы нұсқаулыққа сәйкес ТД ЭҚ-ның бағандары мен жолдарының дұрыс толтыруын форматтық-логикалық бақылауды (бұдан әрі – ФЛБ) жүргізу жолымен автоматты түрде жүзеге асырады.

      7. ФЛБ-да қателер болған кезде МКО АЖ декларантқа не кеден өкіліне қателер туралы хабарламаны жолдайды және ТД ЭҚ пысықтау сатысына қайтарады. ТД ЭҚ ФЛБ-дан сәтті өткен жағдайда декларанттың не кеден өкілінің ЭЦҚ-мен куәландырылады және аумақтық мемлекеттік кірістер органына беріледі.

      8. ТД ЭҚ-да мәлімделген мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдары мынадай мақсатта пайдаланады:

      кедендік төлемдердің және салықтардың өндіріп алуын, олардың дұрыс есептелуіне және уақтылы төленуіне бақылауды қамтамасыз ету;

      тыйым салулар мен шектеулерді қоса алғанда кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларымен байланысты шарттардың сақталуын қамтамасыз ету;

      кедендік статистиканы қалыптастыру;

      Кеден одағының кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының және олардың орындалуына бақылау мемлекеттік кірістер органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының өзге заңнамаларының орындалуын қамтамасыз ету.

      9. МКО АЖ ТД ЭҚ-ның, ТДТ ЭК-ның және декларант пен кеден өкілі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық түрде беретін кедендік құжаттардың Кодекстің 187-бабының 5-тармағына сәйкес кедендік бақылаудағы тауарлардың болуы аяқталған сәттен бастап бес жылдан кем емес сақталуын қамтамасыз етеді.