Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 17-бабының 29) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдарды түгендеу мониторингі мен оны бақылау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Климаттың өзгеруі жөніндегі департаменті:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықты мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдануын;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналасуын;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалауы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр В. Школьник
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 19 наурыздағы
№ 221 бұйрығымен
бекітілген
Парниктік газдарды түгендеу мониторингі мен оны бақылау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Парниктік газдарды түгендеу мониторингі мен оны бақылау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 17-бабының 29) тармақшасына сәйкес әзірленген және парниктік газдарды түгендеу мониторингі мен оны бақылау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалардың әрекеті парниктік газдар шығарындыларына квоталарды бөлу субъектілеріне қолданылады.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) белгісіздік (дәлсіздік) – сандық шамасына қатысты мәндер шашыраңқылығын сипаттайтын сандық анықтау нәтижесімен ассоцияланатын параметр;
2) қондырғы операторы – Қазақстан Республикасының аумағында меншігінде немесе заңды пайдалануында жұмыс істеуі парниктік газдар шығарындыларын көздейтін қондырғысы бар заңды тұлға;
3) қышқылдану коэфиценті – көміртегінің көміртегі қостотығына толық қайта түзілуін есептеу үшін отынды жағу кезінде пайдаланылатын көбейткіш;
4) мониторинг жоспары – қондырғы бойынша парниктік газдар шығарындыларының көздерін, мониторингілеу әдістері мен әдістемелерін, парниктік газдар шығарындылары бойынша қосымша деректерді жинау және өңдеу бойынша ақпарат көздерін және мәліметтерді анықтайтын және оларды пайдаланған жағдайда сынамаларды алу әдістерін, өлшеу жүйесін, сондай-ақ қондырғы операторы деңгейінде сапаны бақылау және сапаны қамтамасыз ету бойынша рәсімдерді сипаттайтын құжат;
5) нетто-мәннің жылу шығару коэффициенті – жағылатын отынды энергетикалық бірліктерге ауыстыру үшін қолданылатын көбейткіш, ол жағылатын отынның бір тоннасына терраджоульмен беріледі;
6) өзгерту коэффициенті – өнеркәсіптік процестерде көміртегінің парниктік газдарға толық өзгермеуін есепке алу үшін пайдаланылатын көбейткіш;
7) парниктік газдар бойынша бекіту – қондырғы операторымен, оның ішінде парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есеп шеңберінде жасалған декларация немесе нақты және объективті өтініш;
8) парниктік газдар бойынша қызмет туралы деректер – ұйымдар қызметінің сандық өлшемі, оның нәтижесі парниктік газдар шығарындылары болып табылады;
9) парниктік газдар шығарындыларын мониторингілеу – шығарындылар көлемдерін және парниктік газдарды жою немесе парниктік газдар бойынша қосымша деректерді үздіксіз немесе дүркін-дүркін бағалау;
10) парниктік газдар шығарындыларының коэффициенті – қондырғының қызметі туралы деректердің негізінде парниктік газдар шығарындыларының көлемін айқындау үшін қажетті көбейткіш;
11) парниктік газдарды түгендеуді бақылау – парниктік газдарды түгендеу нәтижелерін және қондырғы операторының жыл сайынғы есептерінің Кодекстің 94-11-бабының талаптары мен мониторингілеу жоспарларына сәйкестігін бағалау бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) қызметі;
12) растау деңгейі – деректер дәйектілігінің дәрежесі, ол парниктік газдарды түгендеу туралы есепті растау кезінде ондағы айтарлықтай қателіктерді, кемшіліктерді немесе қате түсіндірулерді анықтау үшін және Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2013 жылғы 15 мамырдағы № 123-ө бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8497 тіркелген) Парниктік газдарды түгендеу туралы есептің нысанға сәйкестігін аккредиттелген тәуелсіз ұйымнан талап етіледі;
4. Қондырғылар деңгейінде парниктік газдарды түгендеуді мониторингілеу және бақылау көміртегі қостотығының, метанның, азоттың шала тотығының, перфторкөміртектердің шығарындылары бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте олардың жалпы көлемі көміртегі қостотығының бір тоннасына баламамен белгіленеді.
5. Қондырғылар деңгейінде парниктік газдарға мониторинг жүргізу барысында парниктік газдарды жасыл желек биомассасы мен өзге де табиғи жинақтауыштардың сіңіруі ескерілмейді.
2. Парниктік газдарды түгендеу мониторингінің тәртібі
6. Оператор қондырғы паспортының құрамында әрбір қондырғы бойынша мониторинг жоспарын Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2012 жылғы 10 мамырдағы бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7710 тіркелген) Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу кезінде субъектілердің мониторинг жоспарларын әзірлеу жөніндегі әдістемеге сәйкес әзірлейді және уәкілетті органға ұсынады.
7. Қондырғы операторы парниктік газдар мониторингін мониторинг жоспарына сәйкес жүзеге асырады. Мониторинг жоспарынан кез келген ауытқулар, парниктік газдар шығарындыларының көлемін анықтауда табылған қателерді қондырғы операторы парниктік газдарды түгендеу туралы есепті растауды жүзеге асыратын тәуелсіз аккредиттелген ұйымдарға қолжетімді болып табылатын оның ішкі құжаттамасында тіркейді.
8. Мониторинг жоспарын қондырғы операторы парниктік газдар шығарындыларына берілген сертификат қолданысының бүкіл кезеңінде пайдаланады.
9. Қондырғы операторы мониторинг жоспарына өзгерістерді мынадай жағдайларда енгізеді:
1) парниктік газдар шығарындыларын есептеу әдісінен оларды өлшеу әдісіне және керісінше көшу;
2) қондырғы бойынша парниктік газдар шығарындыларын мониторингілеу үшін қолданылатын әдістеме деңгейінің өзгеруіне әкелетін, парниктік газдар немесе басқа параметрлер бойынша қызмет туралы деректер белгісіздігінің ұлғаюы.
10. Уәкілетті орган мониторинг жоспарына өзгерістерді өзгерістер енгізілген мониторинг жоспары берілген күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қарайды.
11. Парниктік газдарды мониторингілеуді қондырғы операторы есептеу әдісін немесе өлшеу әдісін, сондай-ақ уәкілетті органға таңдалған әдісті ұсына отырып, екі әдісті біріктіру арқылы жүзеге асырады.
12. Парниктік газдар шығарындыларын есептеуді қондырғы операторы Кодекс 17-бабының 29) тармақшасына сәйкес уәкілетті органмен бекітілген қызмет түрі бойынша арнаулы әдістемелерде немесе халықаралық келісімдер мен ұйымдар шеңберінде қабылданған парниктік газдар шығарындыларын есептеу әдістемелерінде көрсетілген формулалар бойынша жүзеге асырады.
Парниктік газдардың шығарындыларын есептеу арқылы мониторингілеу жағдайында ол мынадай деректер мен коэффициенттерді қолдану негізінде жүзеге асырылады:
1) парниктік газдар шығарындылары жөніндегі қызмет немесе шығарылған өнім туралы деректер;
2) шығарындылар коэффициенттері; тотығу коэффициенттері; өзгеру коэффициенттері.
13. Жоғарыда аталған ауысулардың әрқайсысын мониторингілеуді уәкілетті орган бекіткен мониторинг жоспарына сәйкес қондырғы операторы жүзеге асырады.
14. Қондырғылар бойынша өз коэффициенттерін қолдану қондырғы операторларында қажетті сараптамалар жүргізу үшін мүмкіндіктері бар және қондырғы операторы үшін осындай есептерді жүргізу шығындары бойынша қолжетімді аккредиттелген зертханалары болған жағдайда уәкілетті органмен реттеледі.
15. Парниктік газдар шығарындыларын мониторингілеу нәтижелері бойынша қондырғы операторы бекітілген мониторинг жоспарымен белгіленген рәсімдерге сәйкес жазбаларды, деректерді құжаттау мен мұрағаттауды жүргізеді.
16. Қондырғы операторы парниктік газдарды түгендеуді мониторингілеу бойынша мынадай деректерді он жыл бойы сақтайды:
1) мониторинг жүргізілген көздердің тізбесі;
2) парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарын әзірлеу үшін пайдаланылған парниктік газдар шығарындылары бойынша қондырғы паспортының деректері;
3) парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есептер;
4) парниктік газдар шығарындыларын есептеу үшін пайдаланылған парниктік газдар шығарындылары жөніндегі қызмет немесе шығарылған өнім туралы деректер;
5) өзгертулері мен толықтырулары бар парниктік газдарды мониторингілеу жоспары;
6) парниктік газдар бойынша қызмет туралы деректерді жинау үдерісі жөніндегі құжаттама;
7) қолдануға жарайтын жағдайда мониторинг әдісі ретінде өлшеу әдісін таңдауды негіздеу;
8) өлшеу әдісін пайдаланған жағдайда дәлсіздіктерді талдау үшін пайдаланылған деректер;
9) өлшеу жүйелерін толық жете сипаттау және ондағы кез келген өзгерістерді сипаттау;
10) өлшеулердің бастапқы және жиынтық нәтижелері, оның ішінде өлшеу әдісін пайдаланған жағдайда сынамаларды сұрыптау журналы.
17. Парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есепте күнтізбелік жылға реттелетін қондырғыдан тасталатын парниктік газдар шығарындылары көрсетіледі және мынадай ақпарат қамтылады:
1) қондырғы және оның операторы жөніндегі сәйкестендірме деректері, оның ішінде атауы, мекенжайы, есептілік бойынша байланыс жасайтын тұлға, парниктік газдар шығарындылары квоталанатын қызмет түрі, есептік жыл және парниктік газдар шығарындыларына сертификат нөмірі;
2) қондырғы операторының Қазақстан Республикасы аумағында меншігіндегі немесе заңды пайдалануындағы парниктік газдардың барлық көздері бойынша, парниктік газдар шығарындылары есептелетін немесе өлшенетін параметрлер және парниктік газдарды түгендеу нәтижелері, оның ішінде парниктік газдар бойынша қызмет деректері, жылу шығарудың нетто-мәндерінің коэффициенттері, шығарындылар коэффициенттері, тотығу коэффициенттері, өзгеру коэффициенттері, шығарындылар көлемдері;
3) қолданылатын өлшеу әдісі жөнінде деректер (қолданылған жағдайда), оның ішінде оның сенімділігі мен өлшеу құралдарының дәлсіздігі туралы деректер.
18. Парниктік газдарды түгендеу туралы қондырғы операторларының жыл сайынғы есептерін растауды уәкілетті орган аккредиттеген тәуелсіз ұйымдар жүргізеді. Бұл ретте әкімшілендіру субъектілерімен ұсынылатын парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есептер растауға жатпайды.
19. Парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есепті растау келесі есепті жылдан кейінгі 1 қаңтар мен 1 сәуір аралығындағы кезеңде жүргізіледі.
20. Тәуелсіз аккредиттелген ұйыммен растау жүргізу нәтижесі бойынша қондырғы операторы пайдаланатын, кейіннен уәкілетті органға және басқа мүдделі тараптарға ұсынылатын қорытынды жасайды.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның
парниктік газдарды түгендеуді бақылау тәртібі
21. Парниктік газдарды түгендеуді бақылау уәкілетті органмен парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есептің Кодекс 17-бабының 29) тармақшасына сәйкестігін, онда көрсетілген деректер мен ақпараттардың толықтығын қарау, сондай-ақ ол бойынша тәуелсіз аккредиттелген ұйымның оң қорытындысының болуы арқылы жүзеге асырылады.
22. Қондырғы операторы парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есепті және тәуелсіз аккредиттелген ұйымның осы есеп бойынша қорытындысын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейін ұсынады.
23. Уәкілетті орган парниктік газдарды түгендеу туралы есептерді оларды тапсырған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қарайды және тіркейді.