Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға "Академиялық" мәртебе берудің қағидалары мен шарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 5 наурыздағы № 85 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 сәуірде № 10619 тіркелді

Қолданыстағы

      2006 жылғы 15 желтоқсандағы «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 11-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған «Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға «Академиялық» мәртебе берудің қағидалары мен шарттары» бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуінен кейін он күнтізбелік күннің ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» құқықтық-ақпараттық жүйесінде ресми жариялануға жолдауын;
      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
      4) осы тармақпен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді іс-шараларды орындағаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ғ. Ахмедьяровқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Мұхамедиұлы

Қазақстан Республикасы    
Мәдениет және спорт министрінің
2015 жылғы 5 наурыздағы   
№ 85 бұйрығымен бекітілген 

Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем
және шығармашылық ұжымдарға «Академиялық» мәртебе берудің
қағидалары мен шарттары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға (бұдан әрі - ұйымдар) «Академиялық» мәртебе берудің қағидалары мен шарттары мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға «Академиялық» мәртебесін беру тәртібі мен шарттарын айқындайды.

2. «Академиялық» мәртебесін беру тәртібі

      2. Республикалық мемлекеттік мәдениет ұйымдарының, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының басшылары Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне (бұдан әрі - Министрлік) «Академиялық» мәртебесін беру туралы қолдаухат (бұдан әрі - қолдаухат) ұсынады. Қолдаухатқа мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) ұйымның ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға, насихаттауға және қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі мен құрылу туралы анықтама (өз қызметінде кәсібилікті, жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін инновациялар енгізу, талантты жас кадрларды анықтауды және тәрбиелеуді жүзеге асыру, жаңа қойылымдарды қоса алғанда, жылына спектакльдердің немесе концерттердің саны);
      2) дипломдарының көшірмелері қоса берілген мәдениет пен өнер саласындағы жоғары білімі бар шығармашыл қызметкерлер туралы мәліметтер;
      3) КСРО-ның және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталған шығармашыл қызметкерлер туралы мәліметтер және оларды растайтын құжаттардың көшірмелері;
      4) республикалық, халықаралық конкурстардың, фестивальдердің лауреаттары мен дипломанттары болып табылатын шығармашыл қызметкерлер және (немесе) жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдар туралы мәліметтер және оларды растайтын құжаттардың көшірмелері;
      5) соңғы үш жылда қызметі туралы республикалық және (немесе) шетелдік мерзімді баспа басылымдарында жарияланған басылымдардың тізімі және олардың көшірмелері;
      3. Қолдаухаттар ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Министрлікке жіберіледі.
      4. Министрлік Қолдаухаттарды қарау үшін тұрақты қолданыстағы арнайы комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
      5. Комиссия Қазақстан Республикасының көрнекті мәдениет қайраткерлері қатарынан қалыптасады.
      6. Комиссия отырыстары Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса заңды болып саналады.
      7. Комиссияның шешімдері Комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
      8. Комиссияның шешімі хаттамамен рәсімделіп, ұсынымдық сипатта болады.
      9. Министрлік Қазақстан Республикасының Үкіметіне 1 қарашаға дейін ұйымдарға «Академиялық» мәртебесін беру туралы ұсынысты келесі құжаттар қосымшасымен енгізеді:
      1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулы жобасы және «Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң Регламентi туралы» Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысына сәйкес құжаттар;
      2) қолдаухатты;
      3) Комиссияның хаттамасы.
      10. «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңының 21-бабының 2-тармағына сәйкес «Академиялық» мәртебесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен беріледі.

3. «Академиялық» мәртебесін беру шарттары

      11. «Академиялық» мәртебесі өз саласында жетекші болып табылатын, Қазақстан Республикасының ұлттық мәдениеті мен өнерін қалыптастыруға, дамытуға және насихаттауға елеулі үлес қосқан ұйымдарға беріледі. Олардың елеулі үлес қосқаны келесі негізге сүйеніп анықталады:
      кемінде жиырма бес жыл үздіксіз қызметті жүзеге асырады;
      өз қызметінде кәсібилікті, жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін инновациялар енгізеді;
      талантты жас кадрларды анықтауды және тәрбиелеуді жүзеге асырады;
      жаңа қойылымдарды қоса алғанда, жылына кемінде екі жүз спектакльді көрсетуді жүзеге асырады немесе жылына кемінде алпыс концерт өткізеді;
      шығармашыл қызметкерлерінің кемінде сексен пайызы мәдениет саласындағы жоғары білімі бар мамандардан құралған кәсібі білікті құрамы бар, шығармашыл  қызметкерлерінің  кемінде  жиырма  бес  пайызы  КСРО-ның және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталған, шығармашыл қызметкерлерінің кемінде жиырма бес пайызы республикалық, халықаралық конкурстардың, фестивальдердің лауреаттары мен дипломанттары және (немесе) жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдар кемінде он республикалық, халықаралық конкурстардың, фестивальдердің лауреаттары мен дипломанттары болып табылады;
      соңғы үш жылда қызметі туралы республикалық және (немесе) шетелдік мерзімді баспа басылымдарында жарияланған кемінде он басылымдар бар.