Жануарларды еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 25 ақпандағы № 18-03/125 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 1 сәуірде № 10602 тіркелді

Қолданыстағы

      «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 9-бабының 1 тармағының 69) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Жануарларды еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің
      міндетін атқарушы                          С. Омаров

Қазақстан Республикасы 
Ауыл шаруашылығы министрдің
міндетін атқарушы    
2015 жылғы 25 ақпандағы 
№ 18-03/125 бұйрығымен 
бекітілген       

Жануарларды еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жануарларды еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау қағидалары «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 9-бабының 1 тармағының 69) тармақшасына сәйкес әзірленді және жануарларды еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) жануарларды еріксіз жағдайларда ұстау – жануарларды торларда, шарбақтарда, аквариумдарда, террариумдарда, бассейндерде және басқа да арнаулы үй-жайларда ұстау;
      2) жануарларды жартылай ерікті жағдайларда ұстау – жануарларды табиғи мекендеу ортасына жақын жағдайларда ұстау.
      3. Жануарларды еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстауға:
      1) шаруашылық мақсаттарда (аңшылық және балық аулау объектілеріне жатпайтын жануарларды);
      2) ғылыми, мәдени-ағарту, тәрбие және эстетикалық мақсаттарда;
      3) олардың тыныс-тіршілігінің пайдалы қасиеттері мен өнімдерін;
      4) өсімін молайту мақсатында пайдалану үшін жүзеге асырылады.

2. Жануарларды еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау тәртібі

      4. Жабдықталған торларды, аквариумдарды, террариумдарды, бассейндерді, шарбақтарды және басқа да арнаулы учаскелер мен (немесе) үй-жайларды (бұдан әрі – үй-жайлар) қоса алғанда, жануарларды ұстау үшін жағдайлар болған кезде олар еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұсталады.
      5. Еріксіз немесе жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарлар түріне, жынысына, физиологиялық жай-күйіне байланысты өздерінің биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес:
      1) демалу, орын ауыстыру және табиғи қалпын қабылдау мүмкіндігі үшін кеңістік көлемімен (індер, ұялар, жасырын баспаналар, қалқалар, тоғандар);
      2) қажет болған жағдайда олардың қозғалу, ұйықтау, табиғи белсенділік таныту, табиғи ортамен байланыс жасау, қоректену және су ішу қажеттілігін қанағаттандыру мүмкіндігімен;
      3) астаулармен, суаттармен, құстар келіп қонатын сырықтармен және олардың табиғи қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған жабдықтармен;
      4) жем-шөппен және ішетін сумен;
      5) зоотехникалық және ветеринариялық іс-шаралармен қамтамасыз етіледі.
      6. Еріксіз жағдайда ұсталатын жануарлар:
      1) үй-жайды тыныс-тіршілік өнімдерінен тазарту жүйесімен;
      2) үй-жайды лас ауаны сыртқа шығарып, желдету және суды аэрациялау жүйесімен, артық суды ағызып жіберетін жабық дренаж жүйелерімен қамтамасыз етіледі.
      7. Еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарларға күтім жасау басқа жануарларға зиян келтірмеудің алдын алу шаралары қолданылып және қызмет көрсететін персонал мен келушілердің қауіпсіздік жағдайлары қамтамасыз етіле отырып жүргізіледі.
      8. Үй-жайлар оңай ашылатын құлыптармен, ілмектермен оқшаулау құрылғыларымен, олардың өздігінен ашылып кетіп, жануарлардың үй-жайдан тысқары жерлерге кетіп қалуына жол бермейтін бекіткіштермен жабдықталады.
      9. Аквариум әйнектерін қабырғаларға, темір және металл жақтауларға жұмсақ амортизатор төсемдерімен орнатылады.
      10. Террариумдарда тамашалау терезелері сынбайтын шыныдан немесе басқа да сынбайтын мөлдір полимер материалдардан жасалады.
      11. Торлар, бассейндер және шарбақтар, үй-жайлардың ішкі және сыртқы қоршаулары жануарлардың өмірі мен саулығына тиіс.