Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 137 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 27 наурызда № 10550 тіркелді.

Жаңартылған

      "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабының 39) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр В. Школьник

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 24 ақпандағы
№ 137 бұйрығымен
бекітілген

Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 13.01.2020 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 39) тармақшасына сәйкес әзірленді және электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) есеп айырысу ведомосы – орталықтандырылған сауда-саттық қорытындылары бойынша орталықтандырылған сауда-саттық нарығының операторы жасайтын және қызмет көрсетуші банкке орталықтандырылған сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша өзара есеп айырысуды жүзеге асыру үшін жіберілетін құжат;

      2) екі жақты аукцион әдісі – сұраныс пен ұсыныстың сараланған графиктерін салыстыру арқылы бағаны айқындауға негізделген электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу тетігі;

      3) жұптың ең аз саны – жасалған "сатушы-сатып алушы" жұптардың ең аз санына мәліметті қамтамасыз ететін тетік;

      4) клирингтік баға – "бір күн бұрын" режимінде спот-сауда-саттықтың қорытындылары бойынша электр энергиясын сатып алу-сатуды есептесу үшін сұраным мен ұсыныстың сараланған графигін салыстырумен анықталған операциялық тәуліктің әрбір сағаты үшін электр энергиясының бағасы;

      5) қызмет көрсететін банк – электр энергиясының орталықтандырылған саудасы нарығының операторы айқындаған және сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысушылардың міндеттемелерін қаржылық реттеуді жүзеге асыратын банк;

      6) мәміле бағасы – "операциялық тәулік ішінде" спот-сауда-саттықтың сауда сессиясы барысында айқындалған электр энергиясының бағасы (талап етілген ыңғайласпа өтінімде көрсетілген баға);

      7) сараланған график – сауда-саттыққа қатысушылардың өтінімдерінің оларда көрсетілген бағалар бойынша, ал біркелкі бағалар кезінде – олардың электрондық сауда жүйесіне түсу уақыты бойынша бір тәртіпке келтірілген тізімі;

      8) "сатушы-сатып алушы" жұбының тізімі – "сатушы-сатып алушы" жұбы қалыптастырылатын электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттық нарығының операторы жасайтын құжат;

      9) сауда-саттық қатысушысы – электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығына қатысуға шарт жасасқан және электрондық сауда жүйесінде нарық операторы тіркеуден өткізген электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісі;

      10) сауда-саттық операторы – электрондық сауда жүйесіндегі жұмыс бойынша электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы операторының оқытуынан өткен және парольдерге рұқсаты бар, сауда-саттыққа қатысуға байланысты ақпаратты енгізуге құқылы электр энергиясының көтерме нарығы субъектісінің жауапты қызметкері;

      11) сауда-саттықта жасалған мәмілелердің тізілімі – спот-сауда-саттықта мәмілелер жасасуды және орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдегі орталықтандырылған сауда-саттық бойынша мәмілелерді тіркеуді растайтын, орталықтандырылған сауда-саттық нарығының операторы жасайтын құжат;

      12) сауда сессиясы – сауда-саттыққа қатысу үшін өтінімдер беру жүзеге асырылатын, сондай-ақ электр энергиясының сатып алынған (сатылған) бағасын, көлемін және орталықтандырылған сауда-саттық қорытындылары бойынша "сатушы-сатып алушы" жұптарды белгілеу жүзеге асырылатын процесс;

      13) сауда-саттық лоты – энергия өндіруші ұйымдардың топтары бойынша электр энергиясына белгіленген шекті тарифтер шегінде орталықтандырылған сауда нарығының операторы қалыптастыратын баға диапазоны;

      14) табиғат қорғау тұрғысындағы су жіберу кезеңі – Қазақстан Республикасының су ресурстарын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес энергия өндіруші ұйымдар – су электр станциялары (бұдан әрі - СЭС) су жіберуді жүзеге асыратын уақыт кезеңі;

      15) төлемді қамтамасыз ету – жасалған мәміленің тиісті түрде орындалуын қамтамасыз етуші болып табылатын, берілген өтінімдегі электр энергиясы көлемі құнының мөлшерінде спот-сауда-саттықтардың өтуі басталғанға дейін қызмет көрсететін банкке салатын орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысушылардың ақшасы;

      16) үздіксіз ыңғайласпа сауда-саттық әдісі – келіп түскен өтінімдер қолда бар ыңғайласпа өтінімдер есебінен қанағаттандырылатын электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттықты өткізу тетігі;

      17) электр энергиясының бағасы – орта мерзімді, ұзақ мерзімді кезеңдерге орталықтандырылған сауда-саттық барысында айқындалған электр энергиясының бағасы;

      18) электрондық сауда жүйесі – электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттық өткізуді қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық, техникалық, бағдарламалық құрамдар кешені;

      19) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығына қатысу шарты – электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісі мен электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығы операторының арасында электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығына қатысу туралы жасалатын жазбаша шарт;

      20) электр энергиясының орталықтандырылған саудасына қатысуға берілетін өтінім – электр энергиясының бағасын, көлемін және жеткізу мерзімін көрсете отырып, электр энергиясын сатып алу (сату) үшін орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысуға арналған сауда-саттыққа қатысушының ресми мәлімдемесі (өтініші);

      21) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттық нарығы – электр энергиясын қысқа мерзімді (спот-сауда-саттығы), орта мерзімді (апта, бір ай) және ұзақ мерзімді (тоқсан, жыл) негізде сатып алу-сату үшін ұйымдастырылған сауда алаңы;

      22) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу графигі – электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу күнін, басталу және аяқталу уақытын көрсете отырып жасалатын график.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

      3. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығына мына ұйымдар үшін болуымен расталған, көтерме сауда нарығына рұқсаты бар электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері (бұдан әрі– Нарық субъектісі) жіберіледі:

      1) энергия өндіруші ұйымдар үшін:

      жүйелік оператормен электр энергиясын өндіру – тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттар;

      жүйелік оператормен электр энергиясын желіге жіберуді және тұтынуды техникалық диспетчерлендіру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарттар;

      2) энергия беруші ұйымдар үшін:

      жүйелік оператормен ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарттар;

      жүйелік оператормен электр энергиясын өндіру – тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттар;

      электр қуатының жүктеме көтеруге дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді ұсынуға бірыңғай сатып алушымен шарт жасасу;

      3) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар үшін:

      энергиямен жабдықтау мақсатында электр энергиясын сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия;

      жүйелік оператормен ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарттар;

      жүйелік оператормен электр энергиясын өндіру – тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттар;

      электр қуатының жүктеме көтеруге дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді ұсынуға бірыңғай сатып алушымен шарт жасасу;

      4) электр энергиясын тұтынушылар үшін:

      жүйелік оператормен ұлттық электр желісі бойынша электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарттар;

      жүйелік оператормен электр энергиясын өндіру – тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттар;

      электр қуатының жүктеме көтеруге дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді ұсынуға бірыңғай сатып алушымен шарт жасасу.

      4. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығына қол жеткізу шарттары мыналар болып табылады:

      1) электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығында қатысу шартын жасасу;

      2) орталықтандырылған сауда нарығының операторы әзірлеген нысандар бойынша сауда-саттыққа қатысушыны электрондық сауда жүйесінде тіркеуге өтінішті және сауда-саттыққа қатысушының тіркеу картасын толтыра отырып, орталықтандырылған сауда нарығының операторының электрондық сауда жүйесінде сауда-саттыққа қатысушыны тіркеу;

      3) осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген талаптарды орындау.

      5. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығы нарығына қатысу шарты мыналарды қамтиды:

      1) шарт мәні, орталықтандырылған сауда нарық операторы көрсететін қызмет түрлері, төлем уақытында төленбеген жағдайда қызмет көрсетуді тоқтату және төлеу мерзімдері мен тәртібі. Орталықтандырылған сауда нарығы операторының қызметтерін нарық субъектілері Қазақстан Республикасының Электр энергетикасы саласындағы және кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленген тариф бойынша төлейді;

      2) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысу және электрондық сауда жүйесіне қол жеткізу үшін нарық субъектісіне ұсынылатын өлшемдер мен талаптар;

      3) орталықтандырылған сауда-саттық өткізу әдістемесі, оның ішінде мәмілелерді тіркеу және сауда-саттық нәтижелері туралы сауда-саттық қатысушыларына хабарлау тәртібі;

      4) сауда-саттық қатысушысы сатып алған электр энергиясын төлеуді қамтамасыз ету сомасын, төлеу мерзімін айқындау тәртібі;

      5) шарт талаптарын бұзғаны үшін шарт қатысушыларының жауапкершілігі.

      6. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығы нарық операторының электрондық сауда жүйесінің интернет-ресурстарында Интернет желісін пайдалана отырып, жасырын, қашықтықтан жүргізіледі.

      7. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығы мыналардан тұрады:

      1) "бір күн бұрын" режимінде спот-сауда-саттығы;

      2)"операциялық тәулік ішінде" спот-сауда-саттығы;

      3) орта мерзімді (бір апта, бір ай) және ұзақ мерзімді (тоқсан, жыл) кезеңдерге арналған сауда-саттық.

      8. Орталықтандырылған сауда нарығының операторы табиғатты қорғау су жіберу кезеңінде СЭС өндіретін электр энергиясымен орталықтандырылған сауда-саттықты ұйымдастырады және өткізеді.

      9. Сауда-саттықты жүргізу рәсімі мыналарды қамтиды:

      1) сауда-саттыққа қатысушының электр энергиясының орталықтандырылған саудасына қатысуға өтінім (бұдан әрі – өтінім) беруі;

      2) бағаларды есептеу және орталықтандырылған сауда нарығы операторының "сатушы-сатып алушы" жұбы тізімін қалыптастыруы;

      3) орталықтандырылған сауда нарығы операторының "сатушы-сатып алушы" жұптарының тізімін қалыптастыруы және сауда-саттықта жасалған мәмілелер тізіліміне енгізуі;

      4) сауда-саттыққа қатысушыларды өткізілген сауда-саттықтың нәтижелері туралы хабардар ету.

      10. Нарық субъектісіне электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттық нарығына қатысу үшін мына талаптарды орындау қажет:

      1) электрондық сауда жүйесінің деректер базасымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін техникалық және бағдарламалық құралдармен сауда-саттық операторының жұмыс орнын жабдықтау;

      2) орталықтандырылған сауда нарығының операторына электрондық сауда жүйесінде жұмыс бойынша орталықтандырылған сауда нарығының операторынан нұсқаудан өткен уәкілетті тұлғалар – сауда-саттық операторларының тізімін ұсыну;

      3) электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері үшін электр энергетикасы саласында көзделген шарттар жасасу.

      Спот-сауда-саттығына қатысу үшін нарық субъектісі қызмет көрсетуші банкте банктік шот ашады және электр энергиясын сатып алуға төлем қамтамасыз етуді енгізеді.

2-тарау. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру тәртібі

1-параграф. Орталықтандырылған сауда нарығы операторының функциялары

      11. Орталықтандырылған сауда нарық операторы электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыруды жүзеге асыру мақсатында:

      1) спот - сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізуді жүзеге асырады;

      2) электр энергиясының орталықтандырылған саудасын орта мерзімді (апта, ай) және ұзақ мерзімді (тоқсан, жыл) кезеңдерге ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асырады;

      3) электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектілерінің электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығына қол жеткізуіне тең жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді;

      4) нарық субъектілерінің осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген талаптарға сай келуін айқындайды;

      5) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттықтарында электр энергиясын сатып алу-сату жөнінде жасалған мәмілелерді тіркеу мен есепке алуды жүзеге асырады;

      6) өз құзыреті шегінде электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектілерін орталықтандырылған сауда-саттықта қалыптасқан электр энергиясының индикативтік бағалары жөніндегі ақпаратпен және басқа да нарықтық ақпаратпен қамтамасыз етеді;

      7) спот-сауда-саттықта жасалған мәмілелер бойынша қаржылық өзара есеп айырысуды ұйымдастырады және жүргізеді;

      8) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру және өткізу бойынша әдістемелік нұсқауларды әзірлейді;

      9) электрондық сауда жүйесін электр энергиясының көтерме сауда нарығына электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізуге тұрақты дайындықта ұстайды;

      10) нарық субъектілерінің коммерциялық тәуекелдерін барынша төмендету мақсатында электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығында сатып алынған (сатылған) электр энергиясы үшін кепілдендірудің және өзара есеп айрысудың орталықтандырылған жүйесін әзірлейді және енгізеді;

      11) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу графигін қалыптастырады және бекітеді;

      12) сауда-саттық қатысушыларын сауда-саттық басталғанға дейін кемінде үш күнтізбелік күн бұрын электрондық жүйесінің интернет-ресурсында ақпарат орналастыру жолымен алдағы сауда-саттық туралы хабарлайды;

      13) электрондық сауда жүйесіндегі жұмыс бойынша сауда-саттық операторларына нұсқау жүргізеді;

      14) қызмет көрсетуші банкпен және сауда-саттық қатысушыларымен орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу және өзара есеп айрысу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;

      15) электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын жедел жасауда барлық нарық субъектілеріне жәрдем көрсетеді;

      16) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын ұйымдастырумен және өткізумен байланысты мәселелер бойынша жүйелік оператормен өзара іс-қимыл жасайды;

      17) жасалған орталықтандырылған сауда-саттық мәмілелерінің орындалу мониторингін жүзеге асырады;

      18) жүйелік оператор ұсынатын нақты теңгерімнің деректері бойынша электрондық сауда жүйесіне қатысушылар үшін орталықтандырылған сауда нарығында электр энергиясын өндіру-тұтынудың нақты көлемдері туралы ақпаратты ұсынады.

      12. Орталықтандырылған сауда нарығының операторы Қазақстан Республикасының электр энергетикасы, кәсіпкерлік саласындағы заңнамасының және азаматтық заңнаманың талаптарына сәйкес электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын жүргізу барысында жасалған "сатушы-сатып алушы" жұбы мәмілелерінің тізілімінде тіркеуді жүзеге асырады.

      13. Қазақстан Республикасының бірыңғай энергия жүйесі жұмыс істеген жағдайда энергия жүйесі аймақтары бойынша бөлек орталықтандырылған сауда нарығының операторы энергия жүйесінің әрбір аймағы үшін бөлек орталықтандырылған сауда-саттықты жүргізеді. Қазақстан Республикасының бірыңғай энергия жүйесінің аймақтары бойынша бөлек орталықтандырылған сауда-саттықты өткізуді орталықтандырылған сауда нарығының операторы осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.

      14. Орталықтандырылған сауда нарық операторы интернет-ресурсынде электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу графигін жариялайды.

2-параграф. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығында өтінімдер беру тәртібі

      15. Сауда-саттыққа қатысушылар электр энергиясын сатуға (сатып алуға) өтінім береді. Өтінім беру сауда сессиясы ашылған сәттен бастап және өтінімді қабылдау аяқталғанға дейін жүргізіледі.

      16. Сауда-саттыққа қатысушының өтінім беруі Интернет желісін пайдалана отырып жүзеге асырылады.

      17. Сауда-саттыққа қатысушының Интернет желісін пайдалана отырып берілетін өтінімдерін сауда-саттыққа қатысушы дербес қалыптастырады.

      18. Сауда-саттыққа қатысушы өтінімдерді қабылдау уақыты аяқталғанға дейін алдында берілген өтінімді жаңа өтінім беру жолымен өзгерте немесе оның күшін жоя алады.

      19. Сатуға өтінім берілген электр энергиясы басқа шарттық міндеттемелерден еркін.

      20. Экспорттық (импорттық) операцияларға арналған электр энергиясы Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасына сәйкес сауда-саттыққа қатысушының кедендік ресімдеуіне жатады.

      21. Өтінімде мынадай негізгі мәліметтер қамтылады:

      1) сауда-саттық қатысушысының атауы;

      2) өтінімнің түрі (сатып алуға немесе сатуға);

      3) қосылған құн салығын есепке алмағандағы электр энергиясының бағасы (бұдан әрі – ҚҚС);

      4) жеткізуді бастау мен аяқтау мерзімін көрсете отырып, электр энергиясын жеткізу (тұтыну) кезеңі (жыл, тоқсан, ай, апта, тәулік сағаттары);

      5) сатып алуға (сатуға) мәлімденген электр энергиясының сағаттық көлемі;

      6) сатып алуға (сатуға) мәлімденген электр энергиясының жиынтық көлемі;

      7) өтінімге қол қойған басшының немесе жауапты тұлғаның тегі мен аты-жөні;

      8) сауда-саттыққа қатысушының сатып алуға немесе сатуға мәлімделген электр энергиясының көлемі кемінде бір мың киловатт сағатты құрайды және бір мың киловатт сағатқа еселенген.

3-параграф. "Бір күн бұрын" режимінде спот-сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу

      22. Энергия өндіруші ұйым электр энергиясын спот-сауда-саттықта күнтізбелік айда өздері өндіретін электр энергиясы көлемінің 10% аспайтын көлемде электр энергиясына шекті тарифтен асатын тариф бойынша сата алады.

      23. "Бір күн бұрын" режимінде спот-сауда-саттық екі жақты аукцион әдісімен жүргізіледі.

      24. Электр энергиясын "бір күн бұрын" режимінде сатып алуға және сатуға арналған сауда-саттыққа қатысушылардың өтінімдерінен орталықтандырылған сауда нарығының операторы электр энергиясына сұраныс пен ұсыныстардың сараланған графигін жасайды:

      1) сатып алуға арналған өтінімдер өтінімдерде көрсетілген бағаның азаю тәртібінде, ал бағалар тең кезінде – олардың электрондық сауда жүйесіне түсу кезегі тәртібінде сараланады;

      2) сатуға арналған өтінімдер өтінімдерде көрсетілген бағаның өсуі тәртібінде, ал бағалар тең кезінде – олардың электрондық сауда жүйесіне түсу кезегі тәртібімен жүргізіледі.

      25. Операциялық тәуліктің әрбір сағатына арналған клирингтік бағаның анықтауы орталықтандырылған сауда нарығының операторымен сұраным мен ұсыныстың сараланған графигін салыстырумен жүргізіледі.

      26. Егер электр энергиясының сатуға немесе сатып алуға арналған түпкілікті талап етілген өтінімде электр энергиясының ең аз жол берілген сағаттық көлемі туралы шарт болса және бұл шарт қолда бар сұраныс (ұсыныс) кезінде орындалмаған жағдайда, онда мұндай сатуға (сатып алуға) өтінім келесі кезектегі сату (сатып алу) өтінімімен алмастырылады.

      27. Әрбір операциялық тәулікке арналған клирингтік бағаны есептеуден кейін орталықтандырылған сауда нарығының операторы электр энергиясын сатып алудың (сатудың) көлемін және осы көлемге өтінімдері (толық немесе ішінара) енген сауда-саттыққа қатысушылардың тізімін айқындайды. Оларға клирингтік бағадан төмен немесе оған тең сатуға баға мәлімдеген сатушылар және клирингтік бағадан жоғары немесе оған тең сатып алуға бағаны мәлімдеген сатып алушылар жатады. Клирингтік бағаны есептеу, осы көлемге өтінімдері енген сатып алудың (сатудың) көлемін және сауда-саттыққа қатысушылардың тізімін айқындау негізінде орталықтандырылған сауда нарығының операторы сауда-саттыққа қатысушылардың арасында өзара есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін "жұп сандарын неғұрлым азайту" қағидатына сүйене отырып, "сатушы-сатып алушы" жұптарының тізімдерін қалыптастырады.

      28. Қазақстанның біртұтас электр энергиясы жүйесіндегі электр энергиясын өндіру-тұтыну режимін жоспарлау кезеңінде Ұлттық электр желісінің жекелеген учаскелерінде артық жүктеме (техникалық шектеулер) анықталған жағдайда орталықтандырылған сауда-саттық нарық субъектілері резервтеген жүктелетін қиманың өткізу қабілеттігінің шегінде өткізіледі.

      29. Сауда сессиясы аяқталғаннан кейін орталықтандырылған сауда нарығының операторы жүйелік операторға электр энергиясын қабылдау (босату) есебінің нүктелерін көрсете отырып, электр энергиясын жеткізу (тұтыну) көлемдерін келісуге "сатушы-сатып алушы" жұптарының тізімін келісуге береді.

      30. Мәміле жүйелік оператордың оны іске асырғаны расталған сәттен бастап жасалды деп есептеледі. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығында қалыптасқан "сатушы-сатып алушы" жұбын орталықтандырылған сауда нарығының операторы сауда-саттықта жасалған мәмілелер тізілімінде тіркейді.

      31. Орталықтандырылған сауда нарық операторы жүйелік оператордан оған электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығында сатып алынған/сатылған көлемдерін енгізе отырып, бекітілген тәуліктік графикті алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қызмет көрсетуші банкке сауда-саттыққа қатысушылар арасында олардың сауда-саттықта жасасқан мәмілесі бойынша өзара есеп айырысуды жүргізу туралы көрсете отырып, есеп айырысу ведомосын жібереді.

      32. Орталықтандырылған сауда-саттықтың қорытындылары бойынша бекітілген тәуліктік графикке енгізілген электр энергиясын жеткізу мен тұтынудың барлық көлемдерін орталықтандырылған сауда нарығының операторы орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысушыларға сатылған және сатып алынғандар ретінде белгіленеді.

      33. Сауда-саттық егер:

      1) жүйелік оператор Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 3 желтоқсандағы № 691 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12562 болып тіркелген) бекітілген Жүйелік оператордың қызмет көрсету, жүйелік және қосалқы көрсетілетін қызметтер нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларына сәйкес бекітілген тәртіпте сауда-саттықтың нәтижелері бойынша электр энергиясын сатып алудың (сатудың) көлемдерін келіспеген;

      2) электр энергиясын сатып алуға (сатуға) өтінімдер болмаған;

      3) сауда-саттыққа 3 сауда-саттық қатысушысынан кем адам қатысқан;

      4) сұраныс пен ұсыныстың сараланған графиктері қиылыспаған және сұраныс графигінің сатып алуға берілген бірде-бір өтінімі ұсыныс графигінің сатып алуға берілген кез келген өтінімінің бағасына қарағанда, артық бағаны құрамаған жағдайда, өтпеді деп жарияланады.

      Сауда-саттықтың нәтижелері туралы орталықтандырылған сауда нарығының операторы сауда-саттыққа қатысушыларды сағат 18-00-ге дейін Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен хабарлайды.

4-параграф. "Операциялық тәулік ішінде" спот-сауда-саттығын ұйымдастыру және өткізу

      35. "Операциялық тәулік ішінде" сауда-саттық үздіксіз ыңғайласпа әдісі бойынша жүргізіледі.

      36. Сауда-саттыққа қатысуға өтінімдер операциялық тәулік ішінде сауда-саттық сессиясы ашылған сәттен бастап операциялық тәулікке қабылданады. Сауда-саттыққа қатысушылар электр энергиясын өндіру-тұтынудың бекітілген тәуліктік графигінің барлық сағаттарына операциялық тәулік ішінде сауда-саттыққа қатысуға өтінімдер беруді жүзеге асырады.

      37. Барлық қабылданған өтінімдер мынадай сатып алу мен сату қанағаттандырылмаған өтінімдер кезегінде жинақталады:

      1) сатып алуға берілген өтінімдер оларда көрсетілген бағаның азаю тәртібінде, баға тең кезінде – олардың электрондық сауда жүйесіне түсу кезегінің тәртібінде сараланады;

      2) сатуға берілген өтінімдер оларда көрсетілген бағаны көбейту тәртібінде, баға тең кезінде – олардың электрондық сауда жүйесіне түсу кезегінің тәртібінде сараланады.

      38. Электр энергиясын сатуға жаңадан келіп түскен өтінім сатып алуға қолда бар өтінімдер есебінен қанағаттандырылады, оларда сатып алу бағасы ең жоғары бағаны қамтитын сатып алуға арналған өтінімнен бастап түскен өтінімнің бағасынан жоғары немесе тең. Осы процесс не сатуға түскен осы өтінімді толық қанағаттандырғанға дейін, не болмаса баға бойынша қолдануға келетін өтінімдер таусылғанға дейін жалғасады.

      39. Электр энергиясын сатып алуға жаңадан келіп түскен өтінім, ең төмен бағаны құрайтын сатуға түскен өтінімнен бастап, сату бағасы келіп түскен өтінім бағасынан төмен немесе тең сатуға қолда бар өтінім есебінен қанағаттандырылады. Бұл үдеріс не сатып алуға түскен осы өтінімді толық қанағаттандырғанға дейін, не болмаса баға бойынша қолдануға келетін өтінімдер таусылғанға дейін жалғасады.

      Жаңадан келіп түскен өтінім негізінде сатып алуға (сатуға) түскен талап етілген ыңғайласпа өтінімдердің санына байланысты "сатушы-сатып алушы" жұптарының тізімі анықталады. Мәмілелер талап етілген ыңғайласпа өтінімде көрсетілген баға бойынша жасалады.

      40. Электр энергиясын сатып алуға (сатуға) арналған толық қанағаттандырылған өтінімдер бұдан әрі сауда-саттықта қатыспайды. Ішінара қанағаттандырылған өтінімдер электр энергиясын сатып алудың (сатудың) қанағаттандырылмаған көлемі бөлігінде сауда-саттыққа қатысуын жалғастырады.

      41. Толық қанағаттандырылған өтінімдер қабылдау (жіберу) нүктелерін көрсетумен электр энергиясын нақты жеткізудің операциялық сағатына дейін 2 сағаттан кешіктірілмей электр энергиясының жеткізу (тұтыну) көлемін келісуге жүйелік операторға жіберіледі.

      42. "Сатушы-сатып алушы" жұптарының тізімі қабылдау (жіберу) нүктелерін көрсетумен электр энергиясын нақты жеткізудің операциялық сағатына дейін 2 сағаттан кешіктірілмей электр энергиясының жеткізу (тұтыну) көлемін келісуге жүйелік операторға жіберіледі.

      43. Жүйелік оператор спот-сауда қорытындыларының "операциялық тәулік ішінде" техникалық іске асырылуын тексереді. Техникалық шектеулер болған жағдайда (толық немесе жеке сағат бойынша) жүйелік оператор әрбір операциялық сағат бойынша себептерді көрсете отырып, орталықтандырылған сауда нарығының операторын хабардар етеді.

      44. Мәміле жүйелік оператордың оны іске асырғаны расталған сәттен бастап жасалды деп есептеледі. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығында қалыптасқан "сатушы-сатып алушы" жұбын орталықтандырылған сауда нарығының операторы сауда-саттықта жасалған мәмілелер тізілімінде тіркейді.

      45. Орталықтандырылған сауда нарығының операторы үш жүмыс күні ішінде жүйелік оператордан электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығында сатып алынған (сатылған) электр энергиясы көлемдерінің тәуліктік графикке енгізілгендігі туралы растау алғаннан кейін банкке сауда-саттыққа қатысушылар арасындағы олардың сауда-саттықта жасалған мәмілелері бойынша банктің сатып алушының шотынан оның орталықтандырылған сауда-саттықта сатып алған электр энергиясына арналған сомасын акцептсіз тәртіппен есептен шығару жолымен өзара есеп айырысу жүргізу үшін есеп айырысу ведомосын жібереді.

      46. Сауда-саттыққа қатысушылар арасындағы мәміле жүйелік оператормен электр энергиясының жеткізу (тұтыну) көлемдері келісілмеген жағдайда жасалмайды, ол туралы орталықтандырылған сауда нарығының операторы жүйелік оператордан ақпаратты алған сәттен бастап 1 сағаттың ішінде сауда-саттыққа қатысушыларды хабарландырады.

5-параграф. Электр энергиясының орта мерзімді (апта, ай) және ұзақ мерзімді (тоқсан, жыл) кезеңдерге арналған сауда-саттығын ұйымдастыру және өткізу

      47. Электр энергиясының орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге орталықтандырылған сауда-саттығы үздіксіз қарсы сауда-саттық әдісімен жүргізіледі.

      48. Орталықтандырылған сауда нарығының операторы сауда лоттарын қалыптастырады.

      49. Энергия өндіруші ұйымдардың сатуға арналған өтінімдері энергия өндіруші ұйымдардың осы тобы үшін уәкілетті орган белгілеген электр энергиясына арналған шекті тариф шамасынан аспауға тиіс.

      50. Орталықтандырылған сауда нарығының операторы бір жыл мерзімге, бір тоқсанға, бір айға, бір аптаға, электр энергиясының түрі бойынша – аптаның барлық күндеріне біркелкі график бойынша (бұдан әрі – базалық электр энергиясы) базалық жүктемені жабу үшін электр энергиясын жеткізу (бұдан әрі – базалық электр энергиясы) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізеді.

      51. Сауда сессиясын өткізу рәсімі мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) орталықтандырылған сауда нарығы операторының сауда сессиясын ашуы;

      2) сауда-саттыққа қатысушылардан сатып алуға өтінімдерді қабылдау сауда сессиясы ашылғаннан кейін жүзеге асырылады;

      3) сауда-саттыққа қатысушылардан сатуға өтінімдер қабылдау сатып алуға өтінімдерді қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады;

      4) электр энергиясының бағасын есептеу және "сатушы-сатып алушы" жұптарын қалыптастыру;

      5) орталықтандырылған сауда нарық операторының сауда сессиясын жабуы және сауда-саттық қорытындыларын шығару.

      Сауда сессиясын өткізу мерзімі мен уақыты орталықтандырылған сауда нарық операторының ішкі құжаттарымен регламенттеледі.

      52. Сауда-саттыққа қатысушылардың сатып алуға қабылданған өтінімдері сауда-саттық лоттары бойынша бөлінеді және олардың электрондық сауда жүйесіне түсу кезектілігі тәртібімен сараланады. Орталықтандырылған сауда нарығының операторы белгілеген интервалға сәйкес сатып алуға өтінім беруді жүзеге асырмаған сауда-саттыққа қатысушылар электр энергиясының бағасын есептеуге және "сатушы-сатып алушы" жұптарын қалыптастыруға жіберілмейді.

      53. Сатып алуға өтінімдерді қабылдау уақыты аяқталғанға дейін сауда-саттыққа қатысушылар жаңа өтінім беру жолымен бұрын берілген өтінімді алып тастай алады немесе өзгерте алады. Сатып алуға өтінімдерді қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін сауда-саттыққа қатысушылар бұрын берілген өтінімнің бағасын ғана өзгерте алады, бұл ретте өтінім көлемі өзгертуге жатпайды.

      54. "Сатушы-сатып алушы" жұпты қалыптастыру және электр энергиясының бағасын есептеу сатуға арналған өтінімдер электрондық сауда жүйесіне түскеннен кейін жүргізіледі.

      55. Егер сауда-саттықтың электрондық сауда жүйесіне сатуға өтінімдер түскен кезде сауда-саттықтың барлық лоттары бойынша сатып алуға өтінімдер болмаса, орталықтандырылған сауда-саттық нарығының операторы сауда-саттық сессиясын жабады.

      56. Егер сауда-саттықтың электрондық сауда жүйесіне сатуға арналған өтінім (өтінімдер) келіп түскен сәтте сауда-саттық лоттары бойынша сатып алуға қарсы өтінімдер болмаса, онда бұл жағдайда сатуға арналған өтінім қанағаттандырылмаған өтінімдер кезегіне айналады. Сатуға өтінімдер олардың электрондық сауда жүйесіне түсу кезектілігі тәртібімен сараланады.

      57. Сауда-саттық лоттары бойынша бағаны есептеу және "сатушы-сатып алушы" жұбы қалыптастыру процесі өтінімдер түскен кезде сауда-саттық сессиясы барысында жүргізіледі:

      1) сатуға келіп түскен өтінім сатып алуға қолда бар өтінімдер есебінен қанағаттандырылады, оларда сатып алу бағасы сауда жүйесіне уақыттан бұрын келіп түскен сатып алуға арналған өтінімнен бастап түскен өтінімнің бағасынан жоғары немесе тең. Осы процесс не сатуға түскен осы өтінімді толық қанағаттандырғанға дейін, не болмаса баға бойынша қолдануға келетін өтінімдер таусылғанға дейін жалғасады. Ықтимал қарсылама өтінімдерді қайта іріктеу сауда-саттықтың барлық лоттары бойынша жүзеге асырылады;

      2) сатып алуға келіп түскен өтінім сатуға қолда бар өтінімдер есебінен қанағаттандырылады, оларда сату бағасы сауда жүйесіне уақыттан бұрын келіп түскен сатуға арналған өтінімнен бастап түскен өтінімнің бағасынан төмен немесе тең. Бұл үдеріс не сатып алуға түскен осы өтінімді толық қанағаттандырғанға дейін, не болмаса баға бойынша қолдануға келетін өтінімдер таусылғанға дейін жалғасады. Ықтимал қарсылама өтінімдерді қайта іріктеу сауда-саттықтың барлық лоттары бойынша жүзеге асырылады;

      3) келіп түскен өтінім негізінде сатып алуға (сатуға) түскен талап етілген ыңғайласпа өтінімдердің санына байланысты бір немесе одан артық "сатушы-сатып алушы" жұбы қалыптастырылуы мүмкін. "Сатушы-сатып алушы" жұбы сатуға талап етілген қарсы өтінімдерде көрсетілген бағалар бойынша қалыптастырылады.

      58. Электр энергиясын сатып алуға (сатуға) арналған толық қанағаттандырылған өтінімдер бұдан әрі сауда-саттықта қатыспайды. Ішінара қанағаттандырылған өтінімдер электр энергиясын сатып алудың/сатудың қанағаттандырылмаған көлемі бөлігінде орталықтандырылған сауда-саттыққа қатысуын жалғастырады.

      59. Сатуға өтінімдер беруді жүзеге асыратын сауда-саттыққа қатысушылар электр энергиясының шексіз өтінімдерін бере алады. Бұл ретте сауда-саттыққа қатысушы сауда-саттық сессиясы барысында берген кез келген өтінімді ол "сатушы-сатып алушы" жұбы тізімін қалыптастырғанға дейін алып тастауы мүмкін.

      60. Сауда-саттық сессиясының қорытындысы бойынша:

      1) электр энергиясының бағасы анықталады (ҚҚС қоспағанда);

      2) сауда-саттық қорытындылары бойынша өткізілген электр энергиясының көлемі айқындалады;

      3) "сатушы-сатып алушы" жұбының тізімі айқындалады;

      4) сауда-саттықта жасалған мәмілелердің тізілімі жасалады.

      61. Осы Қағидалардың 33-тармағының 2), 3), 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар басталған кезде "сатушы-сатып алушы" жұбын айқындау жүзеге асырылмайды және сауда-саттық өтпеді деп жарияланады.

      62. Сауда-саттыққа қатысушының сатылған өтінімдері туралы ақпарат нақты уақыт режимінде орталықтандырылған сауда нарығы операторының интернет-ресурсында бейнеленеді және тек осы сауда-саттыққа қатысушыға ғана қолжетімді.

      Сауда-саттық сессиясы аяқталғаннан кейін сауда-саттық қорытындысы бойынша тиісті хабарламалар сауда-саттыққа қатысушыға Нұр-сұлтан уақытымен сағат 18-00-ге дейін электрондық пошта арқылы жіберіледі.

      Сауда-саттық нәтижелері сауда-саттық жеңімпаздарының анонимдік шарттары сақтала отырып, сауда-саттық күнінен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірілмей орталықтандырылған сауда-саттық нарығы операторының интернет-ресурсында жарияланады.

      63. СЭС жыл сайын наурыздың үшінші онкүндігінде орталықтандырылған сауда нарығының операторына суды табиғатты қорғау арқылы жіберу кезеңінде СЭС өндіретін орталықтандырылған сауда-саттықта электр энергиясын сатудың жоспарланған көлемі туралы ақпарат береді.

      64. Жүйелік оператор сұрау салу бойынша орталықтандырылған сауда нарығының операторына табиғатты қорғау су жіберу кезеңінде өндірілетін электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығына қатысатын СЭС суының орташа жылдық шығыстары туралы ақпарат береді.

      65. СЭС өндіретін электр энергиясын сату кезеңі табиғат қорғау тұрғысындағы су жіберу кезеңімен анықталады.

      66. Су ағынының көлемі бойынша хаттаманың деректері негізінде СЭС табиғатты қорғау су жіберу кезеңінде электр энергиясын сатудың жоспарланған көлемін анықтайды. Табиғат қорғау тұрғысындағы су жіберу кезеңінде СЭС өндірілетін орталықтандырылған сауда-саттығында өткізілетін электр энергиясының көлемін жоспарлау кезінде, СЭС алдыңғы жылғы Жүйелік оператордың деректері бойынша орташа жылдық су шығыстары шеңберінде өндірілетін электр энергиясын қоспайды.

      67. Өнеркәсіптік кешеннің құрамына кіретін СЭС табиғат қорғау тұрғысындағы су жіберу кезеңінде орталықтандырылған сауда-саттықта өткізілетін электр энергиясының көлемін жоспарлау кезінде, Жүйелік оператордың алдыңғы жылғы деректері бойынша орташа жылдық су шығыстары шеңберінде өндірілетін электр энергиясының көлемін және өнеркәсіптік кешеннің ішкі қажеттілігін жабуға арналған электр энергиясының көлемін қамтымайды.

      68. Орталықтандырылған сауда-саттықта осы Қағидалардың 67 және 68-тармақтарына сәйкес айқындалатын орташа жылдық су шығыны шеңберінде өндірілетін көлемдерді қоспағанда, табиғат қорғау тұрғысындағы су жіберу кезеңінде СЭС өндіретін электр энергиясының көлемі сатылуға жатады.

      69. СЭС және жүйелік оператордан алдын ала ақпарат алғаннан кейін орталықтандырылған сауда нарығының операторы табиғатты қорғау су жіберу кезеңінде СЭС өндіретін электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу күнін белгілейді, электр энергиясының СЭС сатудың жоспарланған көлемі және электр энергиясын жеткізудің жоспарланған кезеңі туралы ақпаратты орталықтандырылған сауда нарығы операторының Интернет-ресурсында жариялайды.

      70. Орталықтандырылған сауда нарығының операторы екі кезеңде табиғат қорғау тұрғысындағы су жіберу кезеңінде СЭС өндіретін электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын жүргізеді:

      1) бірінші кезеңде табиғат қорғау тұрғысындағы су жіберу кезеңінде СЭС өндіретін электр энергиясының жоспарлы көлемнің өткізуі тиіс. Электр энергиясының осы көлемін өткізу осы Қағидалардың 47-тармағынан 63-тармағын қоса алғанға дейінгі тармақтарында айқындалған тәртіппен өтеді;

      2) екінші кезеңде орталықтандырылған сауда нарығының операторы Қағидалардың осы тармағының 1) тармақшасына сәйкес СЭС сатылған көлемін қоспағанда, су шығыстары бойынша түзетілген деректер негізінде қосымша сауда-саттық өткізуді жариялайды.

      71. Жоспарлы мәндерден жоғары су шығыны белгіленген СЭС осы Қағидалардың 47-тармағынан 63-тармағын қоса алғанға дейінгі тармақтарында айқындалған тәртіппен немесе өз таңдауы бойынша осы Қағидалардың 22-тармағынан 34-тармағын қоса алғанға дейінгі тармақтарында айқындалған тәртіппен орталықтандырылған сауда-саттықта қосымша көлемдерді өткізеді.

      Осы Қағидалардың 47-тармағынан 63-тармағын қоса алғанға дейінгі тармақтарына сәйкес электр энергиясының қосымша көлемін өткізу туралы шешім қабылданған жағдайда, СЭС табиғат қорғау тұрғысындағы су жіберу кезеңінде СЭС өндіретін электр энергиясының қосымша орталықтандырылған сауда-саттығын өткізу туралы ақпаратты интернет-ресурста орналастыру үшін бұл туралы орталықтандырылған сауда нарығының операторын алдын ала хабарлайды.

6-параграф. Сауда-саттыққа қатысушылардың арасында электр энергиясын сатып алу-сату (жеткізу) шарттарын жасасу

      72. Спот-сауда-саттықтың қорытындылары бойынша электр энергиясын жеткізу (сату) орталықтандырылған сауда-саттықта құжатсыз нысанда жасалған мәмілелердің негізінде сауда-саттыққа қатысушылар осы Қағидаларға және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүзеге асырады.

      73. Орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге электр энергиясының өткізілген сауда-саттығының қорытындылары бойынша электр энергиясын сатып алу-сату (жеткізу) шарттарын жасасуды сауда-саттыққа қатысушылар орталықтандырылған сауда нарығының операторынан алынған хабарламалар негізінде дербес жүзеге асырады. Орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге электр энергиясының өткізілген сауда-саттығының қорытындылары бойынша электр энергиясын сатып алу-сату (жеткізу) шарттарын жасасу кезінде сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттықтың қорытындылары туралы хабарламада көрсетілген ақпаратты (сатып алынған/сатылған электр энергиясының көлемі, сауда-саттық барысында анықталған баға, электр энергиясын жеткізу кезеңі) қолданады.

      74. Спот сауда-саттығында жасалған мәміленің орындалуы, сатып алынған (сатылған) электр энергиясының көлемін жүйелік оператор тәуліктік графикке енгізгеннен кейін жүзеге асырылады.

      75. Орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған электр энергиясы сауда-саттығының қорытындылары бойынша орталықтандырылған сауда нарығының операторынан сауда-саттыққа қатысушылар алған хабарлама қалыптастырылған "сатушы-сатып алушы" жұбы мәмілелер тізіліміне енгізілгенін растау болып табылады және электр энергиясын сатып алу-сатудың екі жақты шартын жасауға негіз болады.

      76. Электр энергиясының орта мерзімді (апта, ай) және ұзақ мерзімді (тоқсан, жыл) кезеңдерге орталықтандырылған сауда-саттығының қорытындылары бойынша жасалған мәмілелерді орындау сатып алу-сату шарты сауда-саттыққа қатысушылардың жасасқан шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. Қорытынды ережелер

      77. Орталықтандырылған сауда-саттықта жасалған мәмілелерді орындау мәселелері бойынша сауда-саттыққа қатысушылардың арасындағы даулар Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.