Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігін аудару нормативін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 134 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 27 наурызда № 10545 тіркелді

Қолданыстағы

      «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 140-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың таза табысының бір бөлігін аудару нормативi бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін:
      1) он күнтізбелік күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарын және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілсін;
      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырсын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық экономика министрі                  Е. Досаев

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрі
      ______________ Б. Сұлтанов
      2015 жылғы 26 ақпандағы

Қазақстан Республикасы  
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 25 ақпандағы  
№ 134 бұйрығымен      
бекітілген        

Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың таза табысының бір бөлігін аудару нормативі

      1. Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігін республикалық бюджетке аудару нормативі былайша айқындалады:

Таза табыс
3 000 000 теңгеге дейін

таза табыс сомасынан 5 пайыз

Таза табыс 3 000 001 теңгеден 50 000 000 теңгеге дейін

150 000 теңге + 3 000 000 теңге мөлшердегі таза табыстан асқан сомадан 10 пайыз

Таза табыс 50 000 001 теңгеден 250 000 000 теңгеге дейін

4 850 000 теңге + 50 000 000 теңге мөлшердегі таза табыстан асқан сомадан 15 пайыз

Таза табыс 250 000 000 теңгеден 500 000 000 теңгеге дейін

34 850 000 теңге + 250 000 000 теңге мөлшердегі таза табыстан асқан сомадан 25 пайыз

Таза табыс 500 000 001 теңгеден 1 000 000 000 теңгеге дейін

97 350 000 теңге + 500 000 000 теңге мөлшердегі таза табыстан асқан сомадан 30 пайыз

Таза табыс 1 000 000 001 теңге және одан жоғары

247 350 000 теңге + 1 000 000 000 теңге мөлшердегі таза табыстан асқан сомадан 50 пайыз

      2. Денсаулық сақтау саласында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорындар үшін таза табысының бір бөлігін аудару нормативі 5 пайыздан көп емес мөлшерінде белгіленеді.
      3. Қылмыстық-атқару жүйесі және сотталғандарды жұмыспен қамтуды ұйымдастыру саласында өндірістік қызметін жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорындар үшін аудару нормативі 2015 – 2018 жылдардың қорытындылары бойынша 0 пайыз мөлшерінде белгіленеді.