Электр немесе жылу желілеріне қосылатын ең жақын нүктені айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 117 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 наурызда № 10476 тіркелді

Қолданыстағы

        «Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды қолдау туралы» 2009 жылғы 4 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Электр немесе жылу желілеріне қосылатын ең жақын нүктені айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықты мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдануын;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;
      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    В. Школьник

Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 20 ақпандағы
№ 117 бұйрығымен    
бекiтiлген      

Электр немесе жылу желілеріне қосылатын ең жақын нүктені айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Электр немесе жылу желілеріне қосылатын ең жақын нүктені айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі Заңының 6-бабының 8) тармақшасына, «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және Электр немесе жылу желілеріне қосылатын ең жақын нүктені айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі – жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және олармен өзара байланысты жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін пайдалануға беру үшін технологиялық тұрғыдан қажетті және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің меншік иесінің теңгеріміндегі құрылыстар мен инфрақұрылым;
      2) жүйелік оператор – орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды, басқа мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен қатарлас жұмыс iстеудi қамтамасыз етудi, энергия жүйесiндегi теңгерiмдi ұстап тұруды, жүйелiк қызметтер көрсетудi және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен қосалқы көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желiсi бойынша берудi, оған техникалық қызмет көрсетудi және оны пайдалану әзiрлiгiнде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұлттық компания;
      3) жылу желілеріне қосатын ең жақын нүктесі – жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен жылумен жабдықтаудың жалпы желісінде жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін параметрлермен елді мекенді жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіне құбыр ойығының ең жақын нүктесі;
      4) қолданыстағы электр немесе жылу желілерін күшейту – электр немесе жылу желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі жаңа объектіні қосқан кезде энергия беруші ұйым өткізетін, электр және жылу желілерінің техникалық жай-күйі тұрғысынан талап етілетін және техникалық шарттар негізінде өткізілетін бірқатар іс-шаралар;
      5) тапсырыс беруші (инвестор) – жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасын іске асыруға ниет білдірген және (немесе) кіріскен тұлға;
      6) электр желілеріне қосатын ең жақын нүктесі – энергия беруші ұйымның кернеу класы бойынша сәйкес келетін жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым энергетикалық қондырғысының электр желілерімен нақты қосылатын ең жақын жері.
      3. Жаңадан салынған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері, сондай-ақ пайдалануға берілу мерзіміне қарамастан, реконструкцияланған объектілер кернеу класы бойынша немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін энергия беруші ұйымның электр немесе жылу желілерінің ең жақын нүктесіне қосылады.

2. Электр желілеріне қосылатын ең жақын нүктені айқындау тәртібі

      4. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін электр желілеріне қосылатын ең жақын нүктені айқындау техникалық-экономикалық есеп негізінде инвестор анықтайтын тоқтың экономикалық негізделген тығыздығын сақтай отырып, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің белгіленген қуатын беру шарттарына сәйкес келуі қажет.
      5. Инвестордың жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін электр желілеріне қосатын ең жақын нүктені айқындауға арналған еркін нысандағы өтінімі энергия беруші ұйымға беріледі және жаңартылатын энергия көздері қондырғысы туралы мынадай мәліметтерді қамтиды:
      1) қондырғының атауы және түрі;
      2) учаскенің артықшылықпен орналасуы (олардың географиялық картада алдын ала орналастырылуын көрсете отырып, агрегаттарды орналастырудың балама нұсқаларының тізбесі);
      3) барлық қондырғының рұқсат етілген қуаты (Соs көрсете отырып, ең жоғары мегаватта және (немесе) мегаваттарда (бұдан әрі – МВт), мегавольтамперлерде);
      4) күтілетін өнімділігі (айына МВт/сағат);
      5) қосалқы жүйенің, оның ішінде реактивтік қуаттың күтілетін энергия тұтынуы;
      6) қондырғының конструкциясы (конфигурациясы);
      7) кез келген ұйытқу жүктемесінің жаратылысы;
      8) ұсынылған энергия қондырғысы пайдаланатын технология;
      9) пайдалануға берудің болжамды іске қосу күні;
      10) белсенді қуаттың МВт-ғы ең аз өндірілуі;
      11) мегавольтампердің, МВт-ның атаулы мәні, бойлық осі бойынша өтпелі реактивтік кедергісі, қысқа тұйықталу қатынасы, үйлестірілген генераторлары (қозғалтқыштары) бар энергия қондырғысының тұрақты серпіні;
      12) арттырушы трансформатордың мегавольтамперінің атаулы мәні және тікелей тізбектелген реактивті кедергі (mах/mіn тармақтануы кезінде);
      13) қоздырғыштың түрі және санаты.
      6. Энергия беруші ұйым инвестордан өтінім түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде электр желілеріне қосатын ықтимал ең жақын нүктелерін тиісті жобалау қызметіне лицензиясы бар мамандандырылған жобалау ұйымдары әзірлейтін «Электр станциясының қуат беру схемасында» қарау үшін инвесторға хат түрінде хабарлайды.

3. Жылу желілеріне қосылатын ең жақын нүктені айқындау тәртібі

      7. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін жылу желілеріне қосылатын ең жақын нүктені айқындау инвестордың техникалық-экономикалық есебінің негізінде айқындалатын экономикалық негізделген гидравликалық режимдерін сақтау кезінде жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіндегі жылу көздерінің тиісті параметрлеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің жылу көздері параметрлерінің шарттарына сәйкес келуі қажет.
      8. Инвестордың жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін жылу желілеріне қосатын ең жақын нүктені айқындауға арналған еркін нысандағы өтінімі энергия беруші ұйымға беріледі және мынадай мәліметтерді қамтиды:
      1) пайдаланылатын жаңартылатын энергия көзінің түрі, жылу желілеріне қосудың ұсынылатын нүктесі, берілетін жылу энергиясының мөлшерін реттеу тәсілі;
      2) жылу көздерінің параметрлері және басқа тұтынушылардың жүктемелерін ескере отырып қосатын нүктелердегі гидравликалық режимі;
      3) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату бойынша талаптар;
      4) жылу желілерін салу тәсілі (жерүсті немесе жерасты);
      5) жылыту-желдеткіш және технологиялық жүктемелерді және ыстық сумен жабдықтау жүктемесін қосудың жылу схемасы;
      6) температуралық кесте және желілік судың шығыны;
      7) салынатын немесе қайта жаңартылатын жылу желілерінің теңгерімдік және пайдалану тиесілігі және тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекаралары.
      9. Энергия беруші ұйым инвестордан өтінім түскен күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмейтін мерзімде жаңартылған энергия көздерін пайдалану объектісін жылу желілеріне қосатын ең жақын нүктені айқындау туралы шешім қабылдайды және еркін нысанда акт ресімдейді.
      Акт жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін ең жақын нүктеге қосу туралы ақпаратты, қосу бойынша жұмыстың аяқталу мерзімдері туралы ақпаратты қамтиды.

4. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу тәртібі

      10. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін электр және жылу желілеріне қосу үшін инвестор жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін қосатын ең жақын нүктені айқындау туралы шешім алғаннан кейін, жаңартылған энергия көздерін пайдалану объектісін электр желілеріне қосу схемасын және (немесе) жаңартылған энергия көздерін пайдалану объектісін жылу желілеріне қосу схемасын қоса бере отырып, техникалық шарт алуға еркін нысандағы өтінімді энергия беруші ұйымға береді.
      11. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін электр желілеріне қосуға арналған техникалық шартты мамандандырылған жобалық ұйым әзірлеген және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін электр желілеріне қосу схемасын қамтыған электр станциясының қосылу схемасы (қуатты беру) негізінде энергия беруші ұйым береді.
      12. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарт инвестор ұсынған мамандандырылған жобалық ұйым әзірлеген және жылу желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің қосылу схемасын қамтыған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің қосылу схемасы негізінде беріледі.
      13. Егер қосылатын құрылғының параметрлері электр немесе жылу желілерінің шекті параметрлерінің жоғарылауына алып келмесе, энергия беруші ұйым жаңартылған энергия көздерін пайдалану объектісін қосуға арналған қажетті техникалық шарттарды әзірлейді.
      14. Инвестордың техникалық шарт алуға арналған өтінімін энергия беруші ұйым, егер қолданыстағы электр немесе жылу желілерін күшейтуді талап етпесе, он бес жұмыс күнінен кешіктірмей қарайды. Қосу желілерді күшейтуді талап еткен жағдайда, өтінімді қарау мерзімі өтінім түскен күнінен бастап кем дегенде бір айды құрайды.
      Техникалық шарттарды электр беруші ұйым техникалық шарттарды алуға арналған өтінімді қарау мерзімі өткен соң үш жұмыс күн ішінде береді.
      15. Егер өңірлік электр желілеріне жүктемесі немесе шығару қуаты 0,1-ден 10 МВт-ға дейін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі қосылса, энергия беруші ұйым өтініш түскен күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде жүйелік операторға хабарлайды және қосуға арналған өтінімнің көшірмесін жібереді. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін 10 МВт-тан асатын қуатқа қосқан кезде энергия беруші ұйым өтінімді жүйелік оператормен келісуге жібереді.
      Жүйелік оператор өтінімді өтінім түскен күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде келіседі.
      16. Инвестордың техникалық шарттарды алуға арналған өтінімді қарау нәтижесі бойынша энергия беруші ұйым өтінім түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күнінен кешіктірмей, энергия беруші ұйым айқындаған қосу нүктесін, қосу бойынша жұмысты аяқтаудың болжамды күнін көрсете отырып, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін электр немесе жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды береді.
      Техникалық шартты беру және қайта ресімдеу үшін ақы алынбайды.
      17. Қосуға арналған техникалық шарттардың қолданылу мерзімі, оны инвестор қабылдағаннан кейін, тараптардың уағдаластығы бойынша, бірақ қолданыстағы жобалау және құрылыс нормалары негізінде айқындалған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінің жобалау алдындағы зерттеулер, жобалау және салу кезеңдері үшін қажетті мерзімнен кем емес мерзім белгіленеді және 3 жылдан аспайды.
      18. Энергия беруші ұйымдардың желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу алынған техникалық шарттар негізінде объектіні пайдалануға бергеннен кейін жүргізіледі.