Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 12 ақпандағы № 76 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 наурызда № 10447 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 4 тамыздағы № 289 бұйрығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 04.08.2021 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 17-бабының 29) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Климаттың өзгеруі жөніндегі департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықты мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдануын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналасуын;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәлімет беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

В. Школьник


  Қазақстан Республикасы
Энергетика Министрінің
2015 жылғы 12 ақпандағы
№ 76 бұйрығымен
бекітілген

Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу
саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру қағидалары
1. Жалпы қағидалар

      1. Осы Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 17-бабының 29) тармақшасына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасында парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) базалық сценарий – парниктік газдар шығарындыларын және (немесе) сіңірулерін азайтудың қол жеткізілген көлемі салыстырылатын ұсынылған ішкі жоба болмаған жағдайда, парниктік газдар шығарындыларының деңгейін немесе парниктік газдар сіңірулерінің деңгейін бейнелейтін сценарий;

      2) жобалық кезең – жоба нәтижелерін мерзімді растау және бекіту негізінде көміртегі бірліктерінің жобалық шығарылымы жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін болатын мерзім;

      3) жобалық көміртегі бірліктері - шығарындыларды ішкі азайту бірліктері, шығарындыларды азайту бірліктері, шығарындыларды сертификацияланған азайту бірліктері;

      4) жобалық тетік - Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасында және/немесе Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген тәртіппен және өлшемшарттарға сәйкес парниктік газдар шығарындыларын азайтуға немесе сіңірулерін ұлғайтуға бағытталған жобаларды әзірлеу мен іске асырудың бірізді процесі;

      5) парниктік газдар сіңірулерінің базалық деңгейі - парниктік газдар сіңірулерін ұлғайтуға бағытталған жобаларды іске асырмастан пайдаланудың қолданыстағы жағдайларында белгілі бір кезеңде көміртегінің қостотығы баламасы тоннасында көрсетілген парниктік газдар сіңірулерінің шамасы;

      6) парниктік газдар сіңірулерін ұлғайту - базалық сценарийге қатысты парниктік газдар сіңірулерінің есептік ұлғаюы;

      7) парниктік газдар шығарындыларын азайту - базалық сценарийге қатысты парниктік газдар шығарындыларының есептік төмендеуі;

      8) парниктік газдар шығарындыларының базалық деңгейі - белгілі бір кезеңде осы объектіде қолданыстағы технологияларды, жабдықтарды пайдалану шартымен және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған жобаны іске асырмастан басқа да аса ықтимал жағдайларда осы газдар шығарындыларын объекті өндірген көміртегінің қостотығы баламасы тоннасында көрсетілген парниктік газдар шығарындыларының шамасы;

      9) 1 трэк - Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасында (бұдан әрі - Киото хаттамасы) белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда елдің өзінде осы жобаларды верификациялауға және шығарындыларды азайтудың тиісті бірліктер санын айналымға енгізуге мүмкіндік беретін бірлесіп жүзеге асыру тетігі бойынша жобаларды жүзеге асыру тәсілі;

      10) II трэк - бірлесіп жүзеге асыру тетіктері бойынша жобаларды жүзеге асыру тәсілі, оның шеңберінде аталған жобалар уәкілетті халықаралық органның қадағалауымен верификациялау рәсімінен өтеді;

      11) әкімшілендіру субъектісі - мұнай-газ, электр энергетикасы, тау-кен өндірісі, металлургия, химия, өңдеу сияқты реттелетін қызмет салаларында құрылыс материалдарын: цемент, әк, гипс және кірпіш өндіру бөлігінде парниктік газдар шығарындылары жылына көміртегі қостотығының оннан жиырма мың тоннасына дейін баламасын құрайтын қондырғы операторы.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің м.а. 17.11.2016 № 496 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу
саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру тәртібі

      3. Қазақстан Республикасында парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктер негізінде қызметті іске асыруды оларға қатысушылар ерікті негізде жүзеге асырады және оны мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру үшін негіздеме болып табылмайды.

      4. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірілуін реттеу саласында жобалық тетіктер Қазақстан Республикасында мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) шығарындыларды ішкі азайту тетігі;

      2) бірлесіп жүзеге асыру тетігі;

      3) таза даму тетігі.

      5. Парниктік газдар шығарындыларын ішкі азайтудың жобалық тетігін оның қатысушылары Кодекстің 94-10-бабының ережелері негізінде іске асырады.

      6. Бірлесіп жүзеге асыру тетіктері бойынша жобалар Киото хаттамасының шеңберінде көзделген белгіленген мөлшерді анықтау жөніндегі рәсімнен Қазақстан Республикасы өтіп, операцияларды халықаралық тіркеу журналына тиісті деректерді ұсынғаннан кейін ғана республика аумағында іске асырылады.

      7. Бірлесіп жүзеге асырудың және таза дамудың жобалық тетіктері Киото хаттамасының 6, 12-баптары ережесінің негізінде іске асырылады.

      8. Таза даму тетіктері бойынша жобалар Киото хаттамасын ратификациялаған және жобалар Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының (бұдан әрі - Конвенция) I қосымшасына енбейтін басқа мемлекеттер аумағында Қазақстан Республикасының қатысушылары жүзеге асырады.

      9. I трэк бойынша және II трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетіктері және таза даму тетіктері бойынша жобалар үшін рәсімдер Конвенция шеңберінде айқындалған.

      10. Қазақстан Республикасының аумағында I трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетігі бойынша жобаларды іске асыру үшін мынадай шарттар орындалады:

      1) көздерден шығатын антропогендік шығарындыларды бағалау және парниктік газдарды сіңіргіштермен абсорбациялауға арналған ұлттық жүйені құру;

      2) түгендеу жүргізу және парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңіруінің мемлекеттік кадастрын дайындау, бұл ел бойынша парниктік газдар шығарындыларымен және сіңірілуімен болатын істердің жай-күйін тұрақты негізде бағалауға мүмкіндік береді;

      3) Конвенцияның хатшылығына жыл сайын парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірілуінің мемлекеттік кадастры туралы баяндаманы, сондай-ақ оған нақты саналған қосымшалар және одан шегерімдерді Қазақстан Республикасы үшін белгіленген мөлшері туралы ақпарат ұсыну.

      11. Осы қағидалардың 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жобалық тетіктердің шарты негізінде жобаларды іске асыру туралы шешімдер қабылдаған кезде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) оларды Киото хаттамасы шеңберінде белгіленген белгілі бір халықаралық критерийлерге сәйкестігіне алдын ала іріктеу жүргізіледі.

      12. Жобалық тетіктер парниктік газдар шығарындыларын квоталау жөніндегі талаптарға жатқызылатын және парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарына енгізілген қондырғылар мен өндірістік объектілерде жүзеге асырылмайды.

      13. Парниктік газдар шығарындыларын азайтуды екі рет есепке алуды болдырмау мақсатында әрбір жеке қондырғыда парниктік газдар шығарындыларын азайтуға немесе парниктік газдарды сіңірілуін ұлғайтуға бағытталған біреуден көп жобалық тетіктер бір уақытта жүзеге асырылмайды.

      14. Жоба Киото хаттамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болған жағдайда, уәкілетті орган парниктік газдар шығарындылары және сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктердің бірінің шарттарында жобаны іске асыруды тану туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің м.а. 17.11.2016 № 496 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірілуін реттеу саласында жобалық тетіктерді іске асыру жобалық құжаттама және мониторинг жоспары негізінде жүзеге асырылады, оны дайындауды жобаға өтініш беруші жүзеге асырады.

      16. Жобалық тетіктердің жекелеген түрлері бойынша талаптарға сәйкестігіне жобаларды алдын ала іске асыру мақсатында Кодекспен белгіленген тәртіппен жобаның қысқаша сипаттамасы (жоба идеясы) алдын ала ұсынылады.

      17. Уәкілетті орган жобалық тетіктер бойынша есептерді есепке алуды және қарауды жүзеге асыратын ведомстволық бағынысты ұйымды тағайындайды.

      18. І трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетігі бойынша жобаларға және таза даму және II трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетіктері бойынша жобаларға арналған жобалық құжаттаманың нысаны Киото хаттамасы шеңберінде белгіленген талаптарға сәйкес қолданылады.

      19. Осы Қағидаларда көзделген жағдайларда жобалық тетіктердің тиісті түрі бойынша жобалық құжаттаманың және мониторинг жоспарының валидациясын валидация және верификация жөніндегі аккредиттелген орган жүргізеді.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің м.а. 17.11.2016 № 496 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Парниктік газдар шығарындыларын азайту және (немесе) сіңірулерін ұлғайту мониторингі базалық деңгейдің белгіленген жобалық ұсыныстарына қатысты мониторинг жоспары негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің м.а. 17.11.2016 № 496 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Уәкілетті органға жобаны іске асыру нәтижесі бойынша есептілік беру кезінде жобаның өтініш берушісі тиісті жобалық тетік бойынша осы Қағидалардың талаптарына сәйкес мақұлданған мониторинг жоспарынан кез келген елеулі ауытқулықтар туралы ақпарат береді.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің м.а. 17.11.2016 № 496 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      22. Таза даму мен бірлесіп жүзеге асырудың жобалық тетіктері бойынша мониторинг жүргізу үшін Конвенция шеңберінде қолданылу үшін анықталған әдістемелер пайдаланылады.

      23. Жобалық тетіктер бойынша жобаларды іске асыру нәтижесінде базалық деңгейлер мен парниктік газдардың нақты шығарындылары мен сіңірілуін есептеу үшін мынадай:

      1) бірлесіп жүзеге асыру және таза даму тетіктері бойынша ұқсас жобаларға қолданылатын;

      2) уәкілетті орган бекіткен парниктік газдар шығарындыларының коэффициенттері мен өзге де коэффициенттер пайдаланылады.

      24. II трэк бойынша таза даму және бірлесіп жүзеге асыру тетіктері бойынша жобаларды іске асыру нәтижелері бойынша есептілік жөніндегі талап Киото хаттамасы шеңберінде анықталады.

      25. І трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетігі бойынша жобаларды іске асыру нәтижелері бойынша есептердің жобасы, ресімдеу және ұсыну кезеңділігі жөнінде көміртегі бірліктерін шығару кезеңі жөніндегі талаптар тиісті жобалық тетік бойынша осы Қағидаларда белгіленеді.

      26. Парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе олардың сіңірулерін ұлғайту бойынша мерзімді есептерде мәлімделген нәтижелер Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылатын жобаларда кездескен жағдайда верификациялауға жатады.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің м.а. 17.11.2016 № 496 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      27. I трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетіктерінің жобалары бойынша верификацияны валидация және верификация жөніндегі аккредиттелген органдар жүзеге асырады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің м.а. 17.11.2016 № 496 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. I трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру тетіктері бойынша жобаларды Қазақстан Республикасының аумағында іске асыру туралы есептер уәкілетті органға бекітуге ұсынылады.

      29. Жобалық көміртегі бірліктерін шығару жоба бойынша ол үшін белгіленген көміртегі бірліктерін шығару кезеңі шегінде жүзеге асырылатын жобаны іске асыру нәтижелерін кезеңдік бағалау негізінде жүргізіледі.

      30. Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінің операторы бірлесіп жүзеге асыру тетігі бойынша жобалық көміртегі бірліктерін айналымға енгізеді.

      31. Бірлесіп жүзеге асыру тетігі бойынша жобаларды іске асыру нәтижелері жөнінде шығарындыларды азайту бірліктері енгізіледі.

      32. Уәкілетті органмен бекітілген жобаны іске асыру туралы есеп немесе операцияларды халықаралық тіркеу журналынан тиісті сұраныс алу Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімі операторының жобалық көміртегі бірліктерін айналымға енгізу үшін негіз болып табылады.

      33. Операцияларды халықаралық тіркеу журналынан алынған тиісті сұраныс бойынша шығарындыларды азайту бірліктерін айналымға енгізу II трэк бойынша бірлесіп жүзеге асыру жобасын іске асырған жағдайда жүргізіледі.

      34. Жобалық көміртегі бірліктерін айналымға енгізу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен жобаны іске асыру туралы есепке сәйкес парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірулерін ұлғайту көлемінде оларды Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде инвестордың немесе жоба операторының шотына орналастыру арқылы жүргізіледі.

      35. Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын жоба инвесторына жобалық көміртегі бірліктерін беру Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі оның шотында жүргізіледі.

3-тарау. Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруға қатысу тәртібі

      Ескерту. Қағида 3-тараумен толықтырылды - ҚР Энергетика министрінің м.а. 17.11.2016 № 496 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      36. Әкімшілендіру субъектілері бірлесіп жүзеге асыру, таза дамыту тетіктері бойынша жобаларға Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 4 мамырдағы №2260 Жарлығымен ратификацияланған Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі Негіздемелік Конвенциясына сәйкес белгіленген мөлшерді анықтау жөніндегі халықаралық рәсімнен Қазақстан Республикасы өтіп, операцияларды халықаралық тіркеу журналына ел бойынша тиісті деректерді ұсынғаннан кейін ғана қатысады.

      37. Әкімшілендіру субъектілері парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіруге бағытталған жобаның өтініш берушісі ретінде қатысады.

      38. Уәкілетті орган әкімшілендіру субъектісі ұсынған парниктік газдарды түгендеу туралы есеп негізінде Кодекстің 94-2-бабына сәйкес әкімшілендіру субъектісінің парниктік газдар шығарындыларын квоталау жөніндегі талаптарға сәйкестігін анықтайды. Егер парниктік газдар шығарындыларының көлемі жылына көміртегі қос тотығының жиырма мың тоннасына барабар мөлшерден асқан жағдайда, әкімшілендіру субъектісі Кодекстің 94-2-бабымен белгіленген тәртіппен уәкілетті органға ағымдағы жылдан бастап тиісті қондырғыға (қондырғыларға) парниктік газдар шығарындыларына квотаны ресімдеуге құжат тапсырады.

      39. Парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі жобалар парниктік газдар шығарындыларын квоталау жөніндегі талаптардың қолданысына түсетін қондырғыларға қатысты Қазақстан Республикасының аумағында жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырыла алмайды.