Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруға қатысу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 12 ақпандағы № 77 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 наурызда № 10446 тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 94-6-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруға қатысу қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Климаттың өзгеруі жөніндегі департаменті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін оны күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналасуын;
      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен қарастырылған іс-шаралардың орындалауы туралы мәлімет беруді қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                             В. Школьник

Қазақстан Республикасы  
Энергетика Министрінің  
2015 жылғы 12 ақпандағы  
№ 77 бұйрығымен бекітілген

Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары
мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске
асыруға қатысу қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруға қатысу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 94-6-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленген және әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе олардың сіңірулерін арттыру бойынша жобаларды іске асыруға қатысу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) әкімшілендіру субъектілері - экономиканың: мұнай-газ, энергетика, тау-кен металлургиясы, химия, ауыл шаруашылығы, көлік, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы салаларында көлемі жылына көміртегі қостотығының жиырма мың тоннасына барабар мөлшерден аспайтын парниктік газдар шығарындыларымен байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
      2) жобаның инвесторы - жоба операторымен шарттың негізінде оның мақсатты қаржыландыруын жүзеге асыратын парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіруге бағытталған жобаға қатысушы;
      3) жобаның операторы - жобаның іске асырылу процесін басқаруды жүзеге асыратын парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіруге бағытталған оған қатысушы.
      3. Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыру тәртібі Кодекстің 17-бабының 29) тармақшасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы  уәкілетті органмен (бұдан әрі - уәкілетті орган) айқындалады.

2. Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдар шығарындылары
мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске
асыруға қатысу тәртібі

      4. Әкімшілендіру субъектілері бірлесіп жүзеге асыру, таза даму тетіктері бойынша жобаларға Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 4 мамырдағы № 2260 Жарлығымен ратификациялаған Климаттың өзгеруі жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Негізгі Конвенциясына сәйкес белгіленген мөлшерді анықтау жөніндегі халықаралық рәсімнен Қазақстан Республикасы өтіп, операцияларды халықаралық тіркеу журналына ел бойынша тиісті деректерді ұсынғаннан кейін ғана қатысады.
      5. Әкімшілендіру субъектілері Кодекс 17-бабының 29) тармақшасына сәйкес айқындалатын шығарындыларды ішкі азайту тетігі бойынша жобаларды Қазақстан Республикасының аумағында іске асыруға қатысады.
      6. Әкімшілендіру субъектілері парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша ішкі жобалардың операторлары немесе инвесторлары ретінде қатысады.
      7. Әкімшілендіру субъектілері жобалық тетіктерге қатысу қабылданған жағдайда жыл сайын 1 сәуірден кешіктірмей Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2013 жылғы 15 мамырдағы № 123-Ө «Парниктік газдарды түгендеу туралы есептің нысанын бекіту туралы» бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімінде № 8497 тіркелген) бекітілген нысан бойынша парниктік газдарды түгендеу туралы есепті береді.
      Әкімшілендіру субъектілері парниктік газдарды түгендеу туралы жыл сайынғы есебін есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне аккредиттелген тәуелсіз ұйымның растауынсыз тіркеуге тапсырады.
      Әкімшілендіру субъектілерінің парниктік газдарды түгендеу туралы есебін қарау кемінде 15 күнтізбелік күнді құрайды.
      8. Уәкілетті орган әкімшілендіру субъектісі ұсынған парниктік газдарды түгендеу туралы есеп негізінде Кодекстің 94-2-бабына сәйкес әкімшілендіру субъектісінің парниктік газдар шығарындыларын квоталау жөніндегі талаптарға сәйкестігін анықтайды. Егер парниктік газдар шығарындыларының көлемі жылына көміртегі қос тотығының жиырма мың тоннасына барабар мөлшерден асқан жағдайда, әкімшілендіру субъектісі Кодекстің 94-2-бабымен белгіленген тәртіппен уәкілетті органға ағымдағы жылдан бастап тиісті қондырғыға (қондырғыларға) парниктік газдар шығарындыларына квотаны ресімдеуге құжат тапсырады.
      9. Парниктік газдар шығарындыларының көлемі квоталау жөніндегі талаптарға жатқызылған заңды тұлғалар квоталауға жататын қондырғы (қондырғылар) бойынша парниктік газдар шығарындыларын ішкі азайту жобаларын іске асырмайды. Квоталауға жататын қондырғы бойынша парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі бұдан бұрын іске асырылған іс-шараларды тиісті қондырғы бойынша парниктік газдар шығарындыларына квотаны белгілеу кезінде уәкілетті орган есепке алады.