Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде жануарларды асырау қағидаларын бекіту туралы

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2014 жылғы 11 сәуірдегі N 19/219-V шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 13 мамырда N 3312 болып тіркелді.

Жаңартылған
       РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2 тармағына сәйкес Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШТІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 17.04.2015 № 27/328-V шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      1. Қоса беріліп отырған Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде жануарларды асырау қағидалары бекітілсін.
      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Сессия төрағасы Н. Түсіпова
      Шығыс Қазақстан облыстық
      мәслихатының хатшысы Г. Пинчук

  Шығыс Қазақстан облыстық
мәслихатының 2014 жылғы
11 сәуірдегі № 19/219-V
шешімімен бекітілді

Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде жануарларды асырау қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының 14.04.2017 № 10/109-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

1. Жалпы ережелер

      1. Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде жануарларды асыраудың осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2 тармағына, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді және облыс елді мекендерінде жануарларды асырау тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидалар меншігінде немесе басқа да иелігінде жануарлары бар жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

2. Жануарларды асырау тәртібі

      3. Жануарларды асыраған кезде иелеріне:
      1) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) және осы Қағидалардың талаптарын сақтау;
      2) жануарларды жеке қосалқы шаруашылықтарда елді мекендер шекаралары шегінде ветеринариялық нормативтерге сәйкес асырауды жүзеге асыру;
      3) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарымен белгiленген, жануарлар ауруларының алдын алуды және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің (жануарлар, жануарлардан алынатын өнiм мен шикiзат) қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелердi сақтай отырып, ветеринариялық iс-шараларды жүзеге асыруға жануарларды кедергісіз беру;
      4) аумақты, мал шаруашылығы қора-жайларын, сондай-ақ жемшөптi, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты сақтауға және өңдеуге арналған ғимараттарды ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес ұстау;
      5) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз ету;
      6) жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына:
      жаңадан сатып алынған жануар (жануарлар), алынған төл, оның (олардың) сойылғаны мен өткізілгенін;
      жануарлар қырылған, бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлау және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде, ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қолдану;
      7) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік мақсатында жануарларға уақтылы вакцина егуді және диагностиканы қамтамасыз ету;
      8) жануарлар ауруын немесе ауру жұқтыру қаупін болдырмау, сонымен қатар керексіз төлдің пайда болуын болдырмау бойынша уақытша оқшаулау және биостерилизациялау жолдары арқылы шаралар қолдану;
      9) үй-жайларды, мал жайылатын аулаларды механикалық тазарту, сондай-ақ мал иелерінің есебінен профилактикалық дезинфекциялау.
      Жануарларды ұстауға арналған үй-жайларды қоса алғанда, қолайлы аймақта орналасқан өндіріс объектілерінде профилактикалық дезинфекцияны жылына екі рет жүргізу;
      10) жануарларға мал иелерінің есебінен бруцеллезге қарсы вакцина егу;
      11) диагностикалық зерттеулер мен ветеринариялық дауалау жүргізу мақсатында жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған жануарларды оқшаулап ұстау;
      12) көлік жолының қасынан жануарлармен өткен кезде және олардың жолдан өтіп бара жатқандағы тәртібін тікелей қадағалау арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау қажет.
      4. Қараусыз немесе қаңғып жүрген жануарларды асырау, оларды иесіне қайтару Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 246-бабымен айқындалады.
      5. Елді мекен жерлерінде мал жаятын орындарды аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі айқындайды.
      6. Жануарларды асыраған кезде:
      1) жануарларға қатыгездікпен қарауға;
      2) жер асты суларын алуды қамтамасыз ететін құрылғылардан жиырма метрден жақын радиуста малдарды суаруға;
      3) су қорғау аймақтарының шегінде мал жаюға, малды шомылдыруға және санитариялық өңдеуге;
      4) жануарлардың елді мекендер шегінде, сонымен қатар автомобиль және теміржол жолдарына бөлінген жолақта қараусыз мал жайылатын орындардан басқа жерлерде жүруіне;
      5) қоршаған ортаны ластауға жол берілмейді.