Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекіту туралы

Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 2014 жылғы 27 қарашадағы № 279 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 25 желтоқсанда № 5247 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Заңының 97-бабына сәйкес Федоров аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса берілген тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы бекітілсін.

      2. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Федоров аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессияның төрайымы С. Сералинова
      Аудандық мәслихаттың хатшысы Б. Бекенов

  Мәслихаттың
2014 жылғы 27 қарашадағы
№ 279 шешімімен бекітілген

Тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы 1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі Қазақстан Республикасында жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда Федоров ауданының аумағында тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      1) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды;

      2) коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;

      3) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 26.05.2020 № 445 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.01.2020 бастап туындаған қатынастарға өз әрекетін таратады).

      2. Тұрғын үй көмегін "Федоров ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) тоқсанына бір рет көрсетеді.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) (не нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қостанай облысы бойынша филиалына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) және/немесе www.egov.kz "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) өтініш;

      2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (көрсетілетін қызметті алушының жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы ұсынылады);

      3) отбасының кірісін растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтерді қоспағанда);

      4) жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтерді қоспағанда);

      5) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;

      6) банктік шоты;

      7) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;

      8) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;

      9) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      10) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.

      Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 26.05.2020 № 445 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.01.2020 бастап туындаған қатынастарға өз әрекетін таратады).

      3. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін көрсету нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға құжаттар топтамасын тапсырған күнінен бастап ұсынады, порталға өтініш берген кезде – 8 (сегіз) жұмыс күні.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 26.05.2020 № 445 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.01.2020 бастап туындаған қатынастарға өз әрекетін таратады).

      4. Өтініш беруші өтініш жасаған тұрғын үй көмегін өтініш беру айынан бастап тағайындалады және көрсетілетін қызметті алушы өтініш жасаған ағымдағы тоқсанға көрсетіледі.

      5. Тұрғын үй көмегін алушы тұрғын үй көмегін төлеу мөлшерінің өзгеруіне негіз бола алатын мән-жайлары, сондай-ақ олардың дұрыс есептелмегені туралы уәкілетті органға хабарлайды.

      6. Тұрғын үй көмегі мөлшеріне ықпал ететін мән-жайлар туындаған жағдайда, (көрсетілетін қызметті алушы қайтыс болуын қоспағанда) көрсетілген мән-жайлар түскен күнінен бастап қайта есептеу жүргізіледі.

      Артық төленген сомалар бюджетке қайтарылуға жатады, ал көрсетілетін қызметті алушы өз еркімен қайтарудан бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган аударылған төлемдерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте өндіріп алады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 26.05.2020 № 445 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.01.2020 бастап туындаған қатынастарға өз әрекетін таратады).

      7. Көрсетілетін қызметті алушымен ұсынылған табыстардың сәйкессіздігі анықталған жағдайда ақпараттық жүйелерден алынған табыстар туралы мәліметтер есепке алынады.

      8. Жалғыз тұратын тұрғын үй көмегін алушы қайтыс болған жағдайда, тұрғын үй көмегін төлеу қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Тұрғын үй көмегін алушы отбасы мүшесінің бірі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болған айдан кейінгі айдан бастап қайта есептеу жүргізіледі.

      Қайтыс болғанға байланысты төлемдерді тоқтату немесе қайта есептеу қайтыс болған адамдардың тізімдері негізінде немесе отбасы мүшелері берген мәліметтер бойынша жүргізіледі.

      9. Тұрғын үй көмегін көрсету мәселелері жөнінде туындаған келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін анықтау

      10. Тұрғын үй көмегінің мөлшері отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының нормалары шегінде және шекті жол берілетін деңгейде кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстар, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтыну, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасының арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      Қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үй көмегін тағайындауға өтінішпен жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанына уәкілетті органмен отбасының (азаматтың) жиынтық табысы есептеледі.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Федоров ауданы мәслихатының 26.05.2020 № 445 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 10.01.2020 бастап туындаған қатынастарға өз әрекетін таратады).

      11. Белгіленген нормалар шегіндегі отбасының (азаматтың) шекті жол берілетін шығыстар үлесі жиынтық табыстың 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      12. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде алаңның нормасы есепке алынады:

      1) отбасы мүшесіне – көп бөлмелі тұрғын жайларда (пәтерлерде) тұратын үшін пайдалы алаңның 18 шаршы метрі және 9 шаршы метрін қосымша; бір бөлмелі тұрғын жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін – тұрғын жайдың жалпы алаңы;

      2) жалғыз тұратын азаматтар үшін – пайдаланатын алаңына қарамастан нақты алаңынан 30 шаршы метр, осы норма жатақханалар үшін де қолданылады.

      13. Есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін өтем шараларымен қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленеді.

      Егер шығыстарға тарифтер мен нормативтер заңмен белгіленген тәртіпте анықталмаса, шығынды өтеу нақтылы шығыстар бойынша жүргізіледі.

      14. Коммуналдық қызметтерді туындайтын есептегіш құралдары бар тұтынушыларға есеп айырысу үшін, өткен тоқсанның немесе қызмет толық көлемде көрсетілген соңғы тоқсандағы есептегіш құралдардың көрсеткіштері негізінде, бірақ есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін белгіленген коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларынан аспайтын нақтылы шығынмен анықталады.

      15. Электр қуатын төлеу бойынша шығындарды өтеу бір адамға 100 киловатт; электр плитасы, электр су жылытқыштары бар жатақханалар мен үйлерде бір адамға, 130 киловатт есебінен, бірақ нақты шығындардан асырмай жүргізіледі.

      16. Телекоммуникациялар желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің көтерілуіне өтемақы "Әлеуметтік тұрғыдан корғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген, Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің ережелеріне сәйкес жүргізіледі.

      17. Осы қағидамен белгіленген нормалардан тыс ақысы тұрғын жайдың меншік иелерімен немесе жалдаушыларымен (қосымша жалдаушыларымен) жалпы негізінде жүргізіледі.

3. Қаржыландыру және тұрғын үй көмегін төлеу тәртібі

      18. Тұрғын үй қаржыландыру тиісті аудан бюджетінде қарастырылған, тұрғын үй көмегін қаржыландыру қаржы шегінде жүзеге асырылады, сондай – ақ ағымдағы нысаналы трансферттер қаражаты есебінен (олар бөлінген жағдайда) жүзеге асырылады.

      19. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін алушының өтініші бойынша тұрғын үй көмегін алушының, қызмет көрсетушілердің, кондоминимум объектілерін басқару органдарының банктік шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады.

      Шоттарға ақшалай сомаларды аудару уәкілетті органмен ай сайын өткен айға жүргізіледі.

  Мәслихаттың
2014 жылғы 27қарашадағы
№ 279 шешіміне қосымша

Федоров аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Мәслихаттың 2010 жылғы 22 қазандағы № 380 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9-20-183 тіркелген, 2010 жылғы 4 қарашада "Федоровские новости" газетінде жарияланған).

      2. Мәслихаттың 2011 жылғы 26 қазандағы № 498 "Мәслихаттың 2010 жылғы 22 қазандағы № 380 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9-20-201 тіркелген, 2011 жылғы 17 қарашада "Федоровские новости" газетінде жарияланған).

      3. Мәслихаттың 2012 жылғы 24 тамыздағы № 63 "Мәслихаттың 2010 жылғы 22 қазандағы № 380 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3835 тіркелген, 2012 жылғы 4 қазанда "Федоровские новости" газетінде жарияланған).

      4. Мәслихаттың 2013 жылғы 18 қаңтардағы № 92 "Мәслихаттың 2010 жылғы 22 қазандағы № 380 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4009 тіркелген, 2013 жылғы 21 ақпанда "Федоровские новости" газетінде жарияланған).

      5. Мәслихаттың 2014 жылғы 27 қаңтардағы № 191 "Мәслихаттың 2010 жылғы 22 қазандағы № 380 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4427 тіркелген, 2014 жылғы 20 ақпанда "Федоровские новости" газетінде жарияланған).