Қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жанындағы консультациялық-кеңесші орган туралы үлгі ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 28 қарашадағы № 853 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 30 желтоқсанда № 10050 тіркелді.

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.

      Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексiнiң 16-бабы 1-бөлігінің 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiлiп отырған Қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жанындағы консультациялық-кеңесші орган туралы үлгі ереже бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (Б.М. Бердалин):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және ресми бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің www.mvd.gov.kz интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция полковнигі Б.Б. Бисенқұловқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (Б.М. Бердалин) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жариялануы тиіс және 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Министр


полиция генерал-лейтенанты

Қ. Қасымов


  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2014 жылғы 28 қарашадағы
№ 853 бұйрығымен
бекітілген

Қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету
шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жанындағы консультациялық-кеңесші орган туралы үлгі ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабы 1-бөлігінің 17) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы облысының (республикалық маңызы бар қала, астана), ауданының (облыстық маңызы бар қала) жергілiктi атқарушы органдарының жанынан құрылатын консультациялық-кеңесші органның (бұдан әрi – консультациялық-кеңесші орган) мәртебесін және өкiлеттiктерiн айқындайды.

      2. Консультациялық-кеңесші орган қылмыстық жазалар өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмек көрсету, оларды оңалту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жергілiктi атқарушы органдарының құзыретiне жатқызылған қылмыстық-атқару жүйесi органдары мен мекемелерi қызметінiң мәселелерi бойынша ұсыныстар әзiрлеу үшiн құрылады.

2. Консультациялық-кеңесші органның мiндеттерi

      3. Консультациялық-кеңесші органның негізгі мiндеттерi:

      қылмыстық жазаларды және өзге-де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын қылмыстық-атқару жүйесi органдарының және мекемелерiнiң қызметiне көмек көрсету;

      "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесінің кәсіпорындарында тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алуға тапсырыстар орналастыру;

      сотталғандардың еңбегін, оның iшiнде бас бостандығынан айыру түрiнде қылмыстық жазаларын өтеп жатқан адамдарды еңбекпен қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметтер мен кәсiпорындардың қажеттіліктері үшiн қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерінің жанындағы өндiрiстi дамытуды ұйымдастыру;

      қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерi мен кәсіпорындарын Кодекске сәйкес сотталғандарды еңбекте пайдалану жолымен өңiрлiк және жергілiктi маңызы бар проблемаларды шешуге тарту;

      бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын ұйымдастыру;

      қайырымдылық концерттерін, кездесулер, дәрістер, сотталғандарға заң консультациялары мен өзге де құқықтық көмекті, спорттық, ағартушылық және мәдени iс-шараларды ұйымдастыруға, мекемелердің кітапхана қорларын толықтыруға көмек көрсету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

      4. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының жанындағы консультациялық-кеңесші органның мiндеттерiне:

      босатылатын сотталғандарды еңбекке және тұрмыстық орналастыруға көмек көрсету бойынша жергiлiктi атқарушы органдардың қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерімен өзара іс-қимыл жасасуын үйлестіру;

      қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмектi, оның iшiнде мүгедектер мен зейнеткерлерді мүгедектер және қарттар үйлерiне орналастыруды ұйымдастыру;

      сотталғандардың шағымдары мен өтiнiштерiн қылмыстық-атқару жүйесi мекемелері әкiмшiлiгiнің уақтылы және дұрыс шешуiне көмек көрсету;

      жергiлiктi атқарушы органдар өкiлдерiнiң қылмыстық-атқару жүйесi мекемелері комиссиясының қызметiне қатысуы;

      сотталғандарды ұстаудың коммуналдық-тұрмыстық және медициналық-санитарлық жағдайларын жақсартуға көмек көрсету;

      қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерінде жалпы бiлiм беретiн және кәсiптiк мектептердi ұйымдастыру бойынша ұсыныстарды да қарау жатады;

      қылмыстық жаза қолдану тәртiбiнде қоғамдық жұмыстарға тартылған адамдар үшiн қоғамдық жұмыс объектiлерiн белгілеу бойынша жергілiктi атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыру;

      қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерінен босатылған, сондай-ақ қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазасын өтеп жатқан адамдарға еңбекке және тұрмыстық орналасуға, әлеуметтiк және өзге де көмектiң басқа түрлерiн ұйымдастыруға көмек көрсету бойынша ұсыныстарды да қарау жатады.

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсету жұмыстарын жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттар бөлу бойынша жәрдемесу.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 22.08.2017 № 577 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

3. Консультациялық-кеңесші органның функциялары

      5. Консультациялық-кеңесші орган:

      1) мемлекеттiк органдарға құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша ұсыныстар енгізеді;

      2) мемлекеттiк органдардан консультациялық-кеңесші органның мiндеттерiн iске асыру үшiн қажеттi ақпаратты, материалдарды сұратады және алады;

      3) заңнамада белгiленген тәртiппен қылмыстық-атқару жүйесi мекемелеріне, түзеу жұмыстарындағы сотталғандардың жұмыс орындарына, мерзiмiнен бұрын шартты түрде, шартты түрде босатылғандарға және бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалау шараларына сотталған басқа да адамдарға барады;

      4) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнің басшыларын, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың басшыларын консультациялық-кеңесші органның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша алайда жылына кемінде екi рет тыңдайды.

4. Консультациялық-кеңесші органның жұмысын ұйымдастыру

      6. Консультативтік-кеңесші органның құрамы денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, білім беру, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, жер қатынастары, дене шынықтыру салаларында басқаруды және үйлестiрудi жүзеге асыратын жергiлiктi атқарушы орган басшыларының, сондай-ақ қылмыстық жазаларды орындау саласындағы қызметті жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен құрылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 22.08.2017 № 577 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      7. Консультациялық-кеңесші органның құрамына лауазымы бойынша аумақтық қылмыстық-атқару жүйесi органының бастығы кiредi.

      8. Консультациялық-кеңесші органның құрамына орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiністерiнiң басшылары, сондай-ақ келiсiм бойынша прокуратура өкiлдерi, мәслихат депутаттары да кiреді.

      9. Консультациялық-кеңесші органды жергiлiктi атқарушы орган басшысының орынбасары басқарады.

      10. Консультациялық-кеңесші органның отырыстары қажеттiлiгіне қарай, бiрақ тоқсанына кемінде бiр рет өткiзiледi.

      11. Консультациялық-кеңесші орган жыл сайын мәслихат алдында өз қызметінің нәтижелері туралы есеп береді.

      12. Консультациялық-кеңесші органның кезектi отырысының күн тәртiбiн, сондай-ақ оның өтетiн орнын, уақытын, тәртiбiн және мерзiмiн консультациялық-кеңесші органның басшысы белгілейдi.

      13. Консультациялық-кеңесші органның шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады.