РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз
«Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» 2000 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 3-тармағын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әскери басқару органдарының қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрық 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми түрде жариялануға тиіс.
И. Тасмағамбетов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
______________ А. Дауылбаев
2014 жылғы 5 қараша
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2014 жылғы 4 қарашадағы
№ 511 бұйрығымен
бекітілген
Әскери басқару органдарының қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру
кағидалары
Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» 2000 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 1-бабы 3-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді және әскери басқару органдарының қылмыстық процеске қатысушы адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Әскери басқару органдары – бұл стратегиялық, жедел-стратегиялық, жедел-аумақтық, жедел-тактикалық, тактикалық және жергілікті әскери басқару органдары.
3. Әскери басқару органдары қауіпсіздік шараларын әскери қызметшiлерге, запастағы азаматтарға олардың әскери жиындардан өтуi кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi әскери бөлімдерінің, құрамаларының немесе республикалық мемлекеттік мекемелерінің азаматтық персонал адамдарына қатысты қолданады, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдеріндегі, құрамаларындағы немесе мемлекеттік мекемелеріндегі, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда әскери қызметті өткеру және жұмыстың ерекшеліктерін ескере отырып, Заңда белгіленген қауіпсіздік шараларын қолдану жолымен қамтамасыз етіледі (бұдан әрі – әскери бөлімдер мен мекемелер).
Одан басқа, қорғалатын адамға қатысты қорғалатын адамды әскери бөлімдерге немесе мекемелерге жаңа әскери қызмет орнына ауыстыру, шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан қорғалатын адамға қатер төндіруі мүмкін әскери қызметшіні, егер оның әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болса, басқа әскери бөлімге және мекемеге іссапарға жіберу немесе ауыстыру түрінде қауіпсіздік шаралары да қолданылады.
4. Қауіпсіздік шаралары қорғалатын адам және оған қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтердің құпиялылығын сақтаумен жүзеге асырылады.
5. Қорғалатын адамды іссапарға жіберу немесе ауыстыру оның жазбаша түрде берілген келісімі бойынша жүзеге асырылады. Ауыстыру кезінде әскери қызметші тең әскери лауазымға тағайындалады, бұл ретте мерзімді қызмет әскери қызметшілері мен әскери оқу орындарының курсанттарынан басқа, оны негізгі немесе бірдей бейінді әскери-есепке алу мамандығы бойынша пайдалану қамтамасыз етіледі.
Қорғалатын адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Ықтимал қызмет және тұрғылықты орындарын кадр органы қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органның қолдаухаты бойынша қорғалатын адамға қатысты қатердің сипатын ескере отырып таңдайды.
7. Қорғалатын адамды іссапарға жіберу немесе ауыстыру кезінде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган уақытша немесе тұрақты қызмет, оқу немесе тұрғылықты орнын таңдауға және орналастыруға жәрдем көрсетеді және Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 12-тарауының талаптарына сәйкес дәлелді қаулы шығарады және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тиісті құрылымдық бөлімшесіне жолдайды.
8. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган әскери бөлімнің командирін және мекеме басшысын қорғалатын адамға қатысты оларға сеніп тапсырылған немесе белгілі болған мәліметтерді жарияламау туралы жазбаша түрде ескертеді.
9. Қорғалатын адамды басқа әскери бөлімге және мекемеге іссапарға жіберу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 22 қыркүйектегі № 1428 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасы аумағындағы қызметтік іссапарлары туралы ережелерде белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.
10. Ауыстыру (жаңа қызмет немесе оқу орнына ауыстыру) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес тең лауазым ұсынумен, зейнетақыға құқық беретін әскери өтілін және еңбек сіңірген жылдарын сақтаумен жүзеге асырылады.
11. Қорғалатын адамның бұрынғы қызмет немесе оқу орнына қайта ауысуы туралы өтініш жазбаша түрде беріледі және қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган оны тіркейді.
Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган мекеменің кадр органы алдында қорғалатын адамды тең бос не оның келісімі бойынша төмен лауазымға тағайындау туралы қолдау көрсетеді.