Табиғи монополиялар субектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің (тауарларының, жұмыстарының) тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 186 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 наурызда № 10469 тіркелді

Жаңартылған

      «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңының 4-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің (тауарларының, жұмыстарының) тізбесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрықты «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінде және мерзімдік баспасөз басылымдарында ресми жариялауды;
      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Е. Досаев

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ауыл шаруашылығы министрі
      ____________А. Мамытбеков
      201__жылғы «__» _________

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму
      министрі
      ______________Ә. Исекешев
      201___жылғы «__»_________

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Энергетика министрі
      _______________В. Школьник
      201___жылғы «__»_________

Қазақстан Республикасы  
Ұлттық экономика министрінің
2014 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 186 бұйрығымен бекітілген

Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің (тауарларының, жұмыстарының) тізбесі

      1. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін транзиттеу және экспорты мақсатында тасымалдауды қоспағанда, оларды магистральдық құбыржолдары арқылы тасымалдау саласында:
      мұнайды магистральдық құбыржолдары арқылы тасымалдау жөнінде көрсетілетін қызмет;
      бірыңғай маршруттау бойынша операторлық қызмет;
      мұнайды магистральдық құбыржол жүйесі арқылы қайта айдау;
      мұнайды теміржол цистерналарынан құйып алу;
      мұнайды теміржол цистерналарына құю;
      мұнайды танкерлерге құю;
      мұнайды автоцистерналардан құйып алу;
      мұнайды автоцистерналарға құю;
      мұнайды сақтау;
      мұнайды ауыстырып құю;
      мұнайды араластыру.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 24.07.2015 № 567 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      2. Тауарлық газды сақтау, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы оны транзиттеу және экспорты мақсатында оны тасымалдауды қоспағанда, жалғастырушы магистральдық газ құбырлары және (немесе) газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалану, сондай-ақ шикі газды жалғастырушы газ құбырлары арқылы тасымалдау саласында:
      тауарлық газды жалғастырушы газ құбыржолдары арқылы тасымалдау;
      тауарлық газды магистральдық газ құбыржолдары арқылы тасымалдау;
      тауарлық газды Қазақстан Республикасының тұтынушылары үшін газ таратушы жүйелері арқылы тасымалдау;
      сұйытылған газды топтық резервуарлық қондырғыдан тұтынушыны қосатын кранға дейін газ құбыржолдары арқылы тасымалдау;
      тауарлық газды сақтау;
      шикі газды жалғастырушы газ құбыржолдары арқылы тасымалдау;
      топырақтың жылуын, жерасты суларды, өзендерді, су айдындарын өнеркәсіптік кәсіпорындардың және электр станцияларының, кәріздік-тазарту құрылыстарының сарқынды суларын пайдалана отырып, өндірілген жылу энергиясын қоспағанда, жылу энергиясын;
      жылу энергиясын өндіру;
      жылу энергиясын беру және тарату;
      жылу энергиясымен жабдықтау;
      жылу энергиясын өндіру, беру және тарату;
      жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) онымен жабдықтау.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 24.07.2015 № 567 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      3. Электр энергиясын беру және (немесе) бөлу саласында:
      электр энергиясын беру және (немесе) бөлу.
      4. Жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және (немесе) онымен жабдықтау саласында:
      жылу энергиясын өндіру;
      жылу энергиясын беру және бөлу;
      жылу энергиясымен жабдықтау;
      жылу энергиясын өндіру, беру және бөлу;
      жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және (немесе) онымен жабдықтау.
      5. Электр энергиясын желіге босатуды және тұтынуды техникалық диспетчерлендіру саласында:
      электр энергиясын желіге босатуды және тұтынуды техникалық диспетчерлендіру.
      6. Электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру саласында:
      электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру.
      7. Магистральдық темір жол желілері саласында:
      магистральдық темір жол желісін пайдалануға беру;
      жылжымалы құрамды магистральдық темір жол желісі арқылы өткізуді ұйымдастыру;
      магистральдық темір жол желісін пайдалануға беру және ол арқылы жылжымалы құрамды өткізуді ұйымдастыру.
      8. Бәсекелес теміржол болмаған жағдайда, концессия шарттары бойынша теміржол көлігі объектілері бар теміржолдар қызметін көрсету саласында:
      бәсекелес теміржол болмаған жағдайда, концессия шарттары бойынша теміржол көлігі объектілері бар темір жолдарды пайдалануға беру.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 24.07.2015 № 567 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      9. Бәсекелес кірме жол болмаған жағдайда, кірме жолдар саласында:
      бәсекелес кірме жол болмаған жағдайда, жылжымалы құрамның өтуі үшін кірме жолды беру;
      бәсекелес кірме жол болмаған жағдайда маневрлік жұмыстар, тиеу-түсіру, тасымалдау процесінің басқа да технологиялық операциялары үшін, сондай-ақ тасымалдау процесінің технологиялық операцияларында көзделмеген жылжымалы құрамның тұрағы үшін кірме жолды беру.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 24.07.2015 № 567 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      10. Аэронавигация саласында:
      халықаралық ұшуды жүзеге асыратын әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсетуді қоспағанда, Қазақстан Республикасының әуе кеңестігіндегі әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету;
      халықаралық ұшуды жүзеге асыратын әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсетуді қоспағанда, әуеайлақ маңындағы әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету.
      11. Порттар, әуежайлар саласында:
      теңіз портының көрсетілетін қызметтері:
      кейіннен порттан шығып жүк операцияларын жүргізу және/немесе өзге мақсаттар үшін кеменің теңіз портына кіргені үшін (кеменің кіруі) көрсетілетін қызметтер;
      әуежайлардың көрсетілетін қызметтері:
      Қазақстан Республикасының әуежайларында коммерциялық емес мақсаттарда техникалық қонуды жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының әуе кеңестігі арқылы транзиттік ұшып өтуді жүзеге асыратын авиатасымалдарға қызмет көрсетуді қоспағанда, әуе кемесінің ұшуы мен қонуын қамтамасыз ету;
      Қазақстан Республикасының әуежайларында коммерциялық емес мақсаттарда техникалық қонуды жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының әуе кеңестігі арқылы транзиттік ұшып өтуді жүзеге асыратын авиатасымалдарға қызмет көрсетуді қоспағанда, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      Қазақстан Республикасының әуежайларында коммерциялық емес мақсаттарда техникалық қонуды жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының әуе кеңестігі арқылы транзиттік ұшып өтуді жүзеге асыратын авиатасымалдарға қызмет көрсетуді қоспағанда, қонатын әуежайда өңдеуге (тиеуге және/немесе түсіруге) жататын жүктер (пошталар) болған жағдайда, жолаушылар тасымалдайтын әуе кемесіне қонғаннан кейін үш сағаттан және жүк тасымалдайтын және жүк-жолаушылар тасымалдайтын әуе кемелерінің сертификатталған үлгілері үшін алты сағаттан астам тұрақ орнын беру;
      әуе кемесіне базалық әуеайлақта тұрақ орнын беру.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 24.07.2015 № 567 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      12. Алып тасталды - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 24.07.2015 № 567 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      13. Телекоммуникация желілерін жалпы пайдаланудағы телекоммуникация желісіне қосуға технологиялық жағынан байланысты кәбілдік кәріздер мен өзге де негізгі құралдарды мүліктік жалдауға (жалға) немесе пайдалануға беру жөніндегі салада:
      телефон кәрізін пайдалануға беру.
      14. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласында:
      сумен жабдықтау қызметтері:
      суды магистральдық құбыржолдары арқылы беру;
      суды таратушы желілер арқылы беру;
      суды арналар арқылы беру;
      гидротехникалық сүйеу құрылыстарының көмегімен жер үстіндегі ағынды суды реттеу;
      су бұру қызметтері:
      сарқынды суларды бұру;
      сарқынды суларды тазарту.
      15. Алып тасталды - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 24.07.2015 № 567 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.