Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 299 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 5 ақпанда № 10188 тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!

      Бұйрыққа өзгеріс енгізу көзделген – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 06.01.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-2-бабының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті (А.Қ. Ержанов):

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін бұқаралық ақпарат құралдарында және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интернет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі А.П.Рауға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму


министрінің міндетін атқарушы

Ж.Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ______________ Е.Досаев

      2015 жылғы 16 қаңтар

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ______________ В.Школьник

      2015 жылғы 12 қаңтар



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрі
міндетін атқарушының
2014 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 299 бұйрығымен бекітілген

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге
аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-2-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге заңды тұлғаларды аттестаттау өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстардың мынадай түрлерін орындауға заңды тұлғаның құқылығын ресми тануы мақсатында жүргізіледі:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу;

      2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандарды, жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау;

      3) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу;

      4) қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын әзірлеу;

      5) газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүргізу.

2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына
аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      3. Мыналарға:

      қауіпті техникалық құрылғыларға;

      қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологияларға, техникалық құрылғыларға, материалдарға (құрылыс материалдарын қоспағанда);

      қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларацияларына;

      қауіпті өндірістік объектілердің өндірістік ғимараттарына, технологиялық құрылыстарына;

      заңды тұлғалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестат алуы кезінде мәлімделген жұмыс түрлеріне, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғаның:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу үшін қажетті нормативтік құқықтық актілері, нормативтік техникалық құжаттары, оқу- әдістемелік материалдары;

      2) технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізуге арналған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі материалдық- техникалық жарақталуы (сертификатталған аспаптар, өлшеу және бақылау құралдары);

      3) тұрақты жұмысқа ресімделген, жоғары техникалық білімі және өнеркәсіптің тиісті саласындағы қауіпті өндірістік объектілерде бес жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында, оның ішінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында тәуекелді бағалау бойынша даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маманы;

      4) мамандар және меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі бұзбай бақылау зертханасы болуы тиіс.

      4. Қауіпті өндірістік объектілердің өндірістік ғимараттарына, технологиялық құрылыстарына өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғаның осы Талаптардың 4-тармағында белгіленген талаптарға қосымша:

      1) меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі ғимараттар (құрылыстар) параметрлерінің жай-күйін анықтау жөніндегі диагностикалық аппаратурасы, фотожабдығы, навигациялық аспаптары, тахеометрлері, өлшеу аспаптары, ғимараттардың (құрылыстардың) конструкциялық элементтеріне қол жеткізу құрал-саймандары; сандық геофизикалық станциясы, зерттеулер деректерін өңдеуге арналған компьютерлік жарақталуы;

      2) тұрақты жұмысқа ресімделген, инженер-құрылысшы (инженер-геолог) біліктілігі бойынша жоғары техникалық білімі және өнеркәсіптің құрылыс саласындағы қауіпті өндірістік объектілерде бес жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маман болуы тиіс.

      5. Өзге де заңды тұлғалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестат алуы кезінде мәлімделген жұмыс түрлеріне және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғаның осы Талаптардың 4-тармағында белгіленген талаптарға қосымша:

      1) өнеркәсіптің және қызмет түрінің мәлімделген саласында қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізудің кемінде бес жылдық тәжірибесі;

      2) тұрақты жұмысқа ресімделген, жоғары техникалық білімі және өнеркәсіптің және қызмет түрінің мәлімделген саласындағы қауіпті өндірістік объектілерде он жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында, оның ішінде тәуекел менеджменті саласындағы халықаралық және мемлекеттік стандарттар (ИСО 31000-2010 ҚР СТ) бойынша даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маман болуы тиіс.

3. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды,
жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау құқығына аттестатталатын
заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      6. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандар мен жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау құқығына үміткер заңды тұлғаның:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды, жұмыскерлерді даярлауға, қайта даярлауға арналған нормативтік құқықтық актілері, нормативтік техникалық құжаттары, оқу-әдістемелік материалдары, құралдары;

      2) әрбір оқыту түрі бойынша оқу жұмыс жоспарлары және оқу бағдарламалары;

      3) оқыту сапасын бақылауды ұйымдастыру жүйесі;

      4) компьютерлік техникамен, көрнекі құралдармен жарақталған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі оқу сыныптары (аудиториялары), оқушылардың өндірістік практикасына арналған базасы;

      5) оқу ұйымының штатына кіретін кәсіби оқытушылары және (немесе) тиісті жоғары техникалық білімі бар мамандары болуы тиіс.

4. Жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу құқығына
аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      7. Жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғаның:

      1) тұрақты жұмысқа ресімделген, жоғары техникалық білімі және жарылыс жұмыстарында бес жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында оқытудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маманы;

      2) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізуге арналған сертификатталған аспаптармен, өлшеу және бақылау құралдарымен жарақталған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі материалдық базасы;

      3) жарылғыш заттарға сынақтар жүргізуге арналған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі полигоны болуы тиіс.

5. Қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік
декларациясын әзірлеу құқығына аттестатталатын заңды
тұлғаларға қойылатын талаптар

      8. Өнеркәсіптік қауіпсіздік декларацияларын әзірлеу құқығына үміткер заңды тұлғаның:

      1) тұрақты жұмысқа ресімделген, жоғары техникалық білімі, декларацияланатын объектілерде кемінде бес жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маманы;

      2) өнеркәсіптік қауіпсіздік декларацияларын әзірлеу кезінде қауіпті өндірістік факторлардың зақымдаушы әсерінің есептемелерін жүргізуге арналған меншік құқығындағы немесе шарттық негіздегі материалдық базасы болуы, техникалық жарақталуы тиіс.

6. Газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүргізу
құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға талаптар

      9. Газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету (газ пайдаланатын жабдықты диагностикалау, куәландыру) жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғаның:

      1) тұрақты жұмысқа ресімделген, тиісті техникалық білімі және газбен жабдықтау объектілерінде кемінде үш жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар, газбен жарақтау жүйесінің объектілерінде өнеркәсіптік қауіпсіздік, қысыммен жұмыс істейтін жабдықты қауіпсіз пайдалану саласында, газ қауіпті жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу бойынша оқытудан және білімін тексеруден өткен кемінде бес маманы;

      2) газбен жарақтау жүйелеріне тексеру, техникалық құрылғыларды, материалдарды пайдаланудың қалдық мерзімін анықтау бойынша есептемелер жүргізу және газбен жарақтау жүйелерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу әдістемесі;

      3) меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі өндірістік ғимараттар мен жабдықтары (цех, шеберхана), станок паркі, механизмдері, құрал-саймандары, бақылау-өлшеу аспаптары;

      4) мыналарды:

      көрсетілетін қызметтер сапасын өндірістік бақылауды;

      метрологиялық бақылауды (бақылау-өлшеу аспаптарын жөндеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі мамандар, бұзбай бақылау әдістерінің мамандары мен аспаптары) қамтамасыз ететін қызметі болуы тиіс.