Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 299 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 5 ақпанда № 10188 тіркелді.

Жаңартылған

      "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-2-бабының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті (А.Қ. Ержанов):

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін бұқаралық ақпарат құралдарында және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интернет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі А.П.Рауға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму


министрінің міндетін атқарушы

Ж.Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ______________ Е.Досаев

      2015 жылғы 16 қаңтар

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ______________ В.Школьник

      2015 жылғы 12 қаңтар



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрі
міндетін атқарушының
2014 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 299 бұйрығымен бекітілген

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге
аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 06.01.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-2-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге заңды тұлғаларды аттестаттау өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстардың мынадай түрлерін орындауға заңды тұлғаның құқылығын ресми тануы мақсатында жүргізіледі:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу;

      2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандарды, жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау;

      3) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу;

      4) қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын әзірлеу;

      5) газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүргізу.

      6) лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды, сондай-ақ мүгедектерге арналған көтергіштерді монтаждау, оларға техникалық қызмет көрсету, оларды техникалық диагностикалау, техникалық куәландыру және жөндеуді жүргізу.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 06.01.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 06.01.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Мыналарға:

      қауіпті техникалық құрылғыларға;

      қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологияларға, техникалық құрылғыларға, материалдарға (құрылыс материалдарын қоспағанда);

      қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларацияларына;

      қауіпті өндірістік объектілердің өндірістік ғимараттарына, технологиялық құрылыстарына;

      заңды тұлғалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестат алуы кезінде мәлімделген жұмыс түрлеріне, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғаның:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу үшін қажетті нормативтік құқықтық актілері, нормативтік техникалық құжаттары, оқу- әдістемелік материалдары;

      2) технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізуге арналған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі материалдық- техникалық жарақталуы (сертификатталған аспаптар, өлшеу және бақылау құралдары);

      3) тұрақты жұмысқа ресімделген, жоғары техникалық білімі және өнеркәсіптің тиісті саласындағы қауіпті өндірістік объектілерде бес жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында, оның ішінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында тәуекелді бағалау бойынша даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маманы;

      4) мамандар және меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі бұзбай бақылау зертханасы болуы тиіс.

      4. Қауіпті өндірістік объектілердің өндірістік ғимараттарына, технологиялық құрылыстарына өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғаның осы Талаптардың 4-тармағында белгіленген талаптарға қосымша:

      1) меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі ғимараттар (құрылыстар) параметрлерінің жай-күйін анықтау жөніндегі диагностикалық аппаратурасы, фотожабдығы, навигациялық аспаптары, тахеометрлері, өлшеу аспаптары, ғимараттардың (құрылыстардың) конструкциялық элементтеріне қол жеткізу құрал-саймандары; сандық геофизикалық станциясы, зерттеулер деректерін өңдеуге арналған компьютерлік жарақталуы;

      2) тұрақты жұмысқа ресімделген, инженер-құрылысшы (инженер-геолог) біліктілігі бойынша жоғары техникалық білімі және өнеркәсіптің құрылыс саласындағы қауіпті өндірістік объектілерде бес жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маман болуы тиіс.

      5. Өзге де заңды тұлғалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестат алуы кезінде мәлімделген жұмыс түрлеріне және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғаның осы Талаптардың 4-тармағында белгіленген талаптарға қосымша:

      1) өнеркәсіптің және қызмет түрінің мәлімделген саласында қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізудің кемінде бес жылдық тәжірибесі;

      2) тұрақты жұмысқа ресімделген, жоғары техникалық білімі және өнеркәсіптің және қызмет түрінің мәлімделген саласындағы қауіпті өндірістік объектілерде он жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында, оның ішінде тәуекел менеджменті саласындағы халықаралық және мемлекеттік стандарттар (ИСО 31000-2010 ҚР СТ) бойынша даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маман болуы тиіс.

3-тарау. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды, жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 06.01.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандар мен жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау құқығына үміткер заңды тұлғаның:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды, жұмыскерлерді даярлауға, қайта даярлауға арналған нормативтік құқықтық актілері, нормативтік техникалық құжаттары, оқу-әдістемелік материалдары, құралдары;

      2) әрбір оқыту түрі бойынша оқу жұмыс жоспарлары және оқу бағдарламалары;

      3) оқыту сапасын бақылауды ұйымдастыру жүйесі;

      4) компьютерлік техникамен, көрнекі құралдармен жарақталған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі оқу сыныптары (аудиториялары), оқушылардың өндірістік практикасына арналған базасы;

      5) оқу ұйымының штатына кіретін кәсіби оқытушылары және (немесе) тиісті жоғары техникалық білімі бар мамандары болуы тиіс.

4-тарау. Жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 06.01.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғаның:

      1) тұрақты жұмысқа ресімделген, жоғары техникалық білімі және жарылыс жұмыстарында бес жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында оқытудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маманы;

      2) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізуге арналған сертификатталған аспаптармен, өлшеу және бақылау құралдарымен жарақталған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі материалдық базасы;

      3) жарылғыш заттарға сынақтар жүргізуге арналған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі полигоны болуы тиіс.

5-тарау. Қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын әзірлеу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 06.01.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Өнеркәсіптік қауіпсіздік декларацияларын әзірлеу құқығына үміткер заңды тұлғаның:

      1) тұрақты жұмысқа ресімделген, жоғары техникалық білімі, декларацияланатын объектілерде кемінде бес жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маманы;

      2) өнеркәсіптік қауіпсіздік декларацияларын әзірлеу кезінде қауіпті өндірістік факторлардың зақымдаушы әсерінің есептемелерін жүргізуге арналған меншік құқығындағы немесе шарттық негіздегі материалдық базасы болуы, техникалық жарақталуы тиіс.

6-тарау. Газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      Ескерту. 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 06.01.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету (газ пайдаланатын жабдықты диагностикалау, куәландыру) жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғаның:

      1) тұрақты жұмысқа ресімделген, тиісті техникалық білімі және газбен жабдықтау объектілерінде кемінде үш жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар, газбен жарақтау жүйесінің объектілерінде өнеркәсіптік қауіпсіздік, қысыммен жұмыс істейтін жабдықты қауіпсіз пайдалану саласында, газ қауіпті жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу бойынша оқытудан және білімін тексеруден өткен кемінде бес маманы;

      2) газбен жарақтау жүйелеріне тексеру, техникалық құрылғыларды, материалдарды пайдаланудың қалдық мерзімін анықтау бойынша есептемелер жүргізу және газбен жарақтау жүйелерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу әдістемесі;

      3) меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі өндірістік ғимараттар мен жабдықтары (цех, шеберхана), станок паркі, механизмдері, құрал-саймандары, бақылау-өлшеу аспаптары;

      4) мыналарды:

      көрсетілетін қызметтер сапасын өндірістік бақылауды;

      метрологиялық бақылауды (бақылау-өлшеу аспаптарын жөндеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі мамандар, бұзбай бақылау әдістерінің мамандары мен аспаптары) қамтамасыз ететін қызметі болуы тиіс.

7-тарау. Лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды, сондай-ақ мүгедектерге арналған көтергіштерді монтаждау, оларға техникалық қызмет көрсету, оларды техникалық диагностикалау, техникалық куәландыру және жөндеуді жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар.

      Ескерту. Талаптар 7-тараумен толықтырылды – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 06.01.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Бір немесе бірнеше қауіпті техникалық құрылғыларды (эскалаторлар, лифтілер, траволаторлар, сондай-ақ мүгедектерге (мүмкіндігі шектеулі адамдарға) арналған көтергіштер және (немесе) диспетчерлік бақылау жүйесіне арналған жабдықтар) монтаждау жұмыстарын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада мыналар бар:

      1) жоғары техникалық білімі бар кемінде бір маман (немесе жоғары білімі және осы саладағы еңбек өтілі бес жылдан кем емес бір маман) және орта техникалық білімі бар екі маман немесе жоғары техникалық білімі бар екі маман (немесе жоғары білімі және осы саладағы еңбек өтілі бес жылдан кем емес екі маман);

      2) жоғары техникалық білімі бар жұмыскерлер үшін екі жылдан кем емес; орта техникалық білімі бар жұмыскерлер үшін - үш жылдан кем емес жұмыс өтілі;

      Ескертпе:

      Мәлімделген жұмыскелердің жалпы санынан кем дегенде бір жұмыскердің көтергіш құрылыстардың (лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіштер) құрылыс құрылымдарын монтаждау бойынша жұмыстарды атқарған құрылымдық бөлімше басшысының лауазымында жұмыс тәжірибесі бар және осы лауазымда кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар.

      Мәлімделгендердің ішінен жұмыскерлер өтініш берушінің штатында ресімделген (еңбек шартымен расталады, жұмыскердің біліктілігі білімі туралы дипломның көшірмесімен расталады).

      Қоса атқару бойынша ресімделген жұмыскер өтінімге енгізілген кезде еңбек шартының көшірмесі немесе негізгі жұмыс орнынан жұмыс берушімен расталған еңбек кітапшасының көшірмесі ұсынылады.

      3) меншік құқығына немесе өзге де заңды негізге жататын өндірістік үй-жайлар, ғимараттар мен құрылыстар.

      4) монтаждау жұмыстарын жүргізуге қажетті құрылыс механизмдері, көлік құралдары, технологиялық жарақтау құралдары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары, бақылау және өлшеу құралдары:

      жұмыстарды орындауға арналған құралдар, механизмдер мен құрылғылар (дәнекерлеу аппараты, монтаждау шығыры, жүк қапсыру құрылғылары, слесарлық құрал-сайман, биіктіктегі жұмыстарды жүргізуге арналған жеке қорғаныс құралдары);

      5) заңды тұлғада орындалатын монтаждау жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін ішкі құжаттардың болуы;

      6) заңды тұлғада мамандар мен жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйыммен жасалған шарттың болуы;

      7) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 359 бұйрығымен бекітілген "Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10332 болып тіркелген) сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын қамтамасыз ету бөлігінде жұмыскерлердің біліктілігі мен кәсіби сәйкестігі деңгейін анықтау тәртібін белгілейтін құжаттардың болуы тиіс.

      11. Бір немесе бірнеше қауіпті техникалық құрылғыларды (эскалаторлар, лифтілер, траволаторлар, сондай-ақ мүгедектерге (мүмкіндігі шектеулі адамдарға) арналған көтергіштер және (немесе) диспетчерлік бақылау жүйесіне арналған жабдықтар) жөндеу және (немесе) техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада мыналар бар:

      1) жоғары техникалық білімі бар кемінде бір маман немесе жоғары білімі бар және осы саладағы жұмыс өтілі бес жылдан кем емес бір маман;

      2) орта техникалық білімі бар кемінде бір маман;

      3) жоғары техникалық білімі бар жұмыскерлер үшін екі жылдан кем емес үздіксіз жұмыс өтілі;

      4) орта техникалық кәсіптік білімі бар жұмыскерлер үшін жұмыс өтілі - кемінде үш жыл үздіксіз еңбек өтілі.

      Ескертпе:

      Жұмыскерлердің жалпы еңбек өтілі ішінде жүк көтергіш механизмдері, лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар және мүгедектерге (мүмкіндігі шектеулі адамдарға) арналған көтергіштер аясында құрылыс-монтаждау, іске қосу-жөндеу жұмыстары саласындағы мамандығы бойынша жұмыс өтілі қарастырылады.

      Мәлімделген жұмыскерлердің жалпы санынан бір қызметкер жүк көтергіш механизмдерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі құрылымдық бөлімшенің басшысы лауазымында жұмыс тәжірибесі бар және осы лауазымда кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар.

      Мәлімделгендердің ішінен жұмыскерлер өтініш берушінің штатында ресімделген (еңбек шартымен расталады, жұмыскердің біліктілігі білімі туралы дипломның көшірмесімен расталады).

      Қоса атқару бойынша ресімделген жұмыскер өтінімге енгізілген кезде еңбек шартының көшірмесі немесе негізгі жұмыс орнынан жұмыс берушімен расталған еңбек кітапшасының көшірмесі ұсынылады.

      5) меншік құқығына немесе өзге де заңды негізге жататын өндірістік үй-жайлар, ғимараттар мен құрылыстар;

      6) техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша жұмыстарды жүргізуге қажетті механизмдер, көлік құралдары, технологиялық жарақтау құралдары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары, бақылау және өлшеу құралдары:

      тиісті жұмыс түрлерін орындауға арналған құралдар, механизмдер мен құрылғылар (монтаждау шығыры, слесарлық құрал-сайман, бақылау-өлшеу аспаптарының жинағы, биіктіктегі жұмыстарды жүргізуге арналған жеке қорғаныс құралдары).

      7) авариялық-диспетчерлік қызметтің болуы:

      мамандарға еңбек шарттары және бұйрықтар (екі электр механиктен кем емес);

      меншік құқығындағы немесе жалға алу шарты бойынша көлік құралы;

      меншік құқығындағы немесе жалға алу шарты бойынша диспетчерлік бақылау пункті;

      8) заңды тұлғада техникалық қызмет көрсету және (немесе) жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін техникалық құжаттардың болуы.

      9) заңды тұлғада мамандар мен жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйыммен жасалған шарттың болуы;

      10) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 359 бұйрығымен бекітілген "Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10332 болып тіркелген) сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын қамтамасыз ету бөлігінде жұмыскерлердің біліктілігі мен кәсіби сәйкестігі деңгейін анықтау тәртібін белгілейтін құжаттардың болуы тиіс.

      12. Бір немесе бірнеше қауіпті техникалық құрылғыларды (эскалаторлар, лифтілер, траволаторлар, сондай-ақ мүгедектерге (мүмкіндігі шектеулі адамдарға) арналған көтергіштер) техникалық диагностикалау, техникалық куәландыру жұмыстарын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада мыналар бар:

      1) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 117-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілетін Қазақстан Республикасының кәсіби стандартының талаптарына сәйкестігіне даярлықтан өткен алтыншы деңгейлі кемінде бір маман, бесінші деңгейлі кемінде бір маман;

      Ескертпе:

      Қоса атқару бойынша ресімделген жұмыскер өтінімге енгізілген кезде еңбек шартының көшірмесі немесе негізгі жұмыс орнынан жұмыс берушінің мөрімен расталған еңбек кітапшасының көшірмесі ұсынылады. Жұмыскердің біліктілігі білімі туралы дипломның көшірмесімен расталады.

      2) алтыншы деңгейдегі мәлімделген мамандардың жүк көтергіш механизмдерді, экскалаторларды, траволаторларды, мүгедектерге (мүмкіндігі шектеулі адамдарға) арналған көтергіштерді монтаждаумен және пайдаланумен байланысты жұмыстарды атқаратын құрылыс саласындағы құрылымдық бөлімшелердің басшылары лауазымында жұмыс тәжірибесі бар және осы лауазымда кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар;

      Бесінші деңгейдің мәлімделген мамандары өздерінің еңбек қызметін жүк көтергіш механизмдермен, экскалаторлармен, траволаторлармен, мүгедектерге (мүмкіндігі шектеулі адамдарға) арналған көтергіштермен байланысты жүзеге асырады және осы лауазымда кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар.

      3) меншік құқығына немесе өзге де заңды негізге жататын өндірістік үй-жайлар, ғимараттар мен құрылыстар;

      4) технологиялық жарақтау құралдары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары, лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіштерді техникалық куәландыру жұмыстарын жүргізуге қажетті құралдар:

      бақылау сынақ жүктері;

      бағыттаушыларды бақылауға арналған құрылғылар;

      динамометриялық кілт;

      бақылау-өлшеу аспаптарының жинағы;

      жеке қорғаныс құралдары;

      5) техникалық құрылғының түрі мен типіне байланысты зауыт әзірлеушінің техникалық құжаттамасының болуы;

      6) заңды тұлғада жұмыскерлердің кәсіби дайындығы жүйесінің, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 359 бұйрығымен бекітілген "Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10332 болып тіркелген) сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын қамтамасыз ету бөлігінде жұмыскерлердің біліктілігі және кәсіби сәйкестігі деңгейін анықтау тәртібін көздейтін және белгілейтін құжаттардың болуы тиіс.